Қазақстанның ғылымы мен өмірі. №3 2020
298
Х.Досмұхамедовтің өзі жаратылыстану цикліндегі пәндер бойынша алғашқы қазақ мектептеріне
арналған оқулықтардың авторы болды.
Мемлекеттік ғылыми кеңестің қолдауымен 1920 ж. оқу орнының мұғалімі А.Байтұрсыновтың
«Қырғыз әліппесі», И.Тоқтыбаевтың «Алғашқы басқыш мектептеріне арналған бастапқы геогра-
фия», Х.Досмұхамедовтың «Табиғаттану», Ә.Диваевтың «Қырғыз ертегілері» жарық көрді. Бұл алаш
зиялыларының өз дарын-қабілеттерін өз ұлтының жарқын болашағы үшін сарқа жұмсаған ең өнімді
кезең болғанының бір көрінісі. Түркістан өлкесі, оның орталығы Ташкент қаласының Орынборға
қарағанда кеңес билігінің құрығынан шеткерірек тұрғанының арқасында қазақтың алашшыл зиялы
қауымы осындағы мерзімді баспасөз құралдары арқылы өздерінің негізгі идеяларын жарыққа шығарып
тұрды, табиғат сыйлаған қарым-қабілетінің арқасында көптеген ғылым салаларында жұмыс жасап,
елді сауаттандыруға қажетті оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бұрын-соңды болмаған ғылым
салаларын қалыптастырды. Әрине, бұл да уақытша еді. Дегенмен де мұның бәрі қазақ халқы үшін
жасалған өлшеусіз қызмет болды. Алайда, алаш қайраткерлерінің адымын ашқызбай, қудалау әрекеті
кезінде дәл осы Түркістандық кезеңдегі қызметтері де олардың басты күнәлары ретінде танылды. Бұл
жағдай тарихшы ғалым Х.Тұрсұнның еңбегінде былай беріледі:
«Таптық-әлеуметтік қағидаларды басшылыққа алған партноменклатура жүйесі нығайған сайын
өз қатарын «таптық жат элементтерден» тазарту түрінде саяси күресті күшейте түсті. Ал билік ин-
сти- туттарындағы ұлттық элитаның жоғарыда аталған алғашқы буын өкілдерінің ықпалы азая берді.
Осы топ өкілдерінің үстінен жүргізілген алғашқы сот үдерісі 1930 ж. наурызында Алаш қозғалысының
өкілдеріне қатысты жүргізілді. А.Байтұрсынов, М.Дулатов және тағы басқа 44 адамды айыптау қоры-
тындысы (№ 78754-іс) бойынша Түркістанда қызмет жасаған немесе қызметтері Түркістанға қатысты
болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек
Бірімжанов, Хайреддин Болғанбаев, Мағжан Жұмабаев, Дінмұхамед Әділов, Абдулла Байтасов (САГУ
студенті), Кәрім Жәленов (Ташкентте жастар ұйымының хатшысы болған), Дамула Битлеуовтер (Гер-
манияда оқыған, Валидовтың хатын әкелген) айыпталады. Саяси қуғын-сүргіннің екінші толқыны
М.Тынышпаев, Халел Досмұхамедов және Жанша Досмұхамедовтер бастаған топқа байланысты
жүргізілді. Бұл іс бойынша істі болғандардың да көпшілігі түркістандықтар болды» [4,128].
Ташкентке келген әрбір Алаш қайраткерлерінің осында келу себептері, мерзімі, осында атқарған
өлшеусіз қызметтерінің әрқайсысы жеке-жеке мақала жүгін көтереді. Мысалы, Х.Досмұхамедов 1920
жылы Ташкентке келіп, Халық ағарту институтында оқытушы бола жүріп ғылыми-педагогикалық
жұмыстармен айналысады. Түркістандағы шығармашылық элитаның көрнекті өкілдерінің бірі
Қ.Кемеңгерұлы Ташкент қаласына 1924 ж. жазында келген. Ол Ташкентте «Ақ жол» газетінің қызметіне
араласып, «Сана» ғылыми-танымдық журналына редакторлық жасап, ағартушы-педагог ретінде Орта
Азия университетінде, Түркістан әскери училищесінде дәріс оқыған. Әсіресе, М.Жұмабаев үшін оның
Ташкентте болған кезі жемісті болды. 1922-1924 жылдар аралығында Мағжанның жеке жыр кітабы,
«Қорқыт», «Батыр Баян» дастандары, ондаған өлеңдері жарық көрді. Бұлардың бәрі де қазақ әдебиетіне
қосылған мол үлес еді [5,24].
Ұлттық шығармашылық элитаның осындай қуатты тобы Ташкентте ұлт мүддесіне қызмет
жасаудың негізгі бағыттарын айқындап, ілгерішіл міндеттерді іске асырды.
Достарыңызбен бөлісу: