М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі байырғы жоғары оқу орындарының бірі, Батыс Қазақстан аймағындағы алғашқы білім ордасы. Оқу орнының негізі 1932 жылы қаланды. Біздің оқу орнының құрылу және даму тарихы Қазақстан тарихының қалыптасу сатыларын көрсетеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары республика алдында халық арасындағы сауатсыздықты жою өткір мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Осы мақсатта бастауыш және толық емес орта мектептер ашылды. Бұл мектептерде білім беретін педагог кадрлар қажет болды, алайда бұл уақытта олардың тапшылығы анық байқалып тұрды. Мысалы, отызыншы жылдары Батыс Қазақстан облысындағы мектептерде еңбек еткен 996 мұғалімнің ішінде бірде-бірінің жоғары білімі болған жоқ. Аз құрамды жоғары оқу орындары қажетті кадрлармен қамтамасыз ете алмады. Жоғары оқу орындарын ашу қажеттілігі туындады. Сол себепті 1932 жылдың 9 шілдесінде Қазақ аудандық комитеті 1 қазанда Орал қаласында республикадағы тұңғыш жоғары оқу орны саналатын Қазақ педагогикалық институтынан кейінгі екінші педагогикалық жоғары оқу орнын – педагогикалық институтты құру жөнінде қаулы қабылдады. Жоғары оқу орнына КСРО-ның ағарту ісі жөніндегі халық комитетінің орынбасары М.Н.Покровскийдің есімі беріліп, ал 1937 жылы институт орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің есімімен аталды.
Қалыптасу және даму кезеңіндегі, соғыс жылдарындағы қиындықтарға қарамастан Орал педагогикалық институты соғыс жылдарынан кейін 18 мамандық бойынша жыл сайын 700-ден аса түлегін ұшырып, елдегі ірі жоғары оқу орындарының біріне айналды. Осы жылдар аралығында студенттердің құрамы 72-ден 4500-ге дейін өсті. Институт ұжымының педагогикалық кадр дайындаудағы еңбегін Кеңес Одағының Үкіметі жоғары бағалап, 1982 жылы институттың 50 жылдығы мерейтойына орай «Құрмет белгісі» орденімен марапаттады.
А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жоғары ғылыми әлеуетін, мамандықтардың кең бағдарлылығын, жақсы материалдық базасын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 1996 жылдың мамыр айында А.С.Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті ретінде қайта құрылды. 2000 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №236 Қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып құрылып, 2003 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Махамбет Өтемісов есімі берілді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2003 жылғы 10-желтоқсандағы №822 «Жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарында сапа менеджменті жүйесін құру және енгізу жөніндегі» бұйрығына сәйкес және 2004-2005 жылдарға қазақстандық кәсіпорындарды ИСО 9000 халықаралық стандарттарына сай жеделдетіп ауыстыру жөніндегі жұмыс жоспарын жүзеге асыру аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өз қызметіне сапа менеджменті жүйесін енгізіп, оның жұмыс жасауын жүзеге асырды.
2005 жылдың қыркүйегінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарының ішінде алғашқы болып әлемдік білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған Болондық декларацияға қол қойды. Бұл аталған жетістіктердің барлығы университеттің халықаралық деңгейдегі беделін айқындайды.
2005 жылы Париж қаласында университет Халықаралық өнеркәсіпке жәрдемдесу ассоциациясының «SPI алтын медалінің» лауреаты атанды. Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «EUROPEAN QUALITY» («Еуропалық сапа») марапатына ие болды. Оксфорд қаласында (Ұлыбритания) өткен халықаралық конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚМУ білім беру бағдарламаларының жоғары деңгейі үшін «EuroEducation 2006: integration of European experience» және еуропалық интеграцияның дамуына қосқан үлесі үшін «THE UNITED EUROPE» («Бірлескен Еуропа») марапаттарының иегері атанды. 2006 жылы БҚМУ Мәскеу қаласындағы халықаралық саммитте «Ұлттық экономиканың көшбасшысы» атанып, Құрмет грамотасымен және медальмен марапатталды. Университеттің инновациялық белсенділігі «ТМД елдері мен Қазақстанның білім беруді ақпараттандыруы» атты халықаралық форумда аталып көрсетілді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Алматы қаласында өткен халықаралық көрмеде «Жоғары білікті мамандарды даярлағаны үшін» номинациясын жеңіп алды. 2006 жылы Астана қаласында өткен «ХХІ ғасырдағы білім және ғылым» ІІІ Қазақстандық халықаралық көрмесінде «Интеграциялық білім беру бағдарламаларын құрып енгізгені үшін» және «Жоғары оқу орнын басқарудағы үздік автоматтандырылған жүйесі үшін» дипломдарымен марапатталды. 2007 жылы университет Астана қаласында өткен «ХХІ ғасырдағы білім және ғылым» ІV Қазақстандық Халықаралық көрмесінде «Жоғары оқу орнындағы үздік басылым» дипломына ие болды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» премиясы үшін өткізілетін ұлттық байқаудың белсенді қатысушысы. 2002 жылдан бастап біздің жоғары оқу орны университеттердің Еуразиялық Ассоциациясының мүшесі болып табылады.
Университет ресейлік «Рейтор» тәуелсіз агенттігінің қорытындысы бойынша (2009 ж.) Қазақстандағы 7 жоғары оқу орнымен қатар әлемдегі танымал 500 университеттің рейтингісіне енді.
Университет өз қызметі барысында жоғары оқу орнының қалыптасу және даму жолының айқын көрінісін көрсетіп, өзіндік дәстүрлері мен құндылықтарын қалыптастыра білді. Бұл, ең алдымен, қазақстандық ғылымның майталмандары құрған ғылыми-педагогикалық мұра, олардың қатарына Орал өңіріндегі ботаникалық мектебінің негізін қалаушы - профессор В.В.Иванов, Батыс Қазақстан облысындағы қазақ және орыс филология мектептерінің негізін салушылар – профессорлар М.М.Тлеужанов пен Р.А.Абузяров, Республикадағы археологиялық мектептің негізін қалаушы – доцент Г.А.Кушаев және т.б.
Оқу ордамыздың атақты түлектерінің қатарында Қазақстанның және шет мемлекеттердің ғылыми және саяси зиялы өкілдері: ғалым-математик - А.Д.Тайманов; Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, ұшқыш - Л.И.Беда; Татарстанның Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы – Р.И.Нафигов; КСРО Ғылым Академиясының Поволжье археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы – Б.Железчиков; Қазақ ғылыми-зерттеу гидрометеорологиялық институтының директоры – Х.А.Ахмеджанов; биология ғылымдарының докторы, профессор – Е.А.Ағелеуов; филология ғылымдарының докторы, профессор – М.М.Тлеужанов; педагогика ғылымдарының докторы, профессор – С.Р.Рахметова; Парламент Сенатының бұрынғы депутаты – Ж.Ш.Какишев; ҚР-дың бұрынғы Білім және ғылым министрі, БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі – Б.С.Әйтімова; Астана қаласының әкімі, саясаттану ғылымдарының докторы, БҚМУ-дың құрметті профессоры – И.Н.Тасмағамбетов; Парламент Мәжілісінің депутаттары – Ш.Ә.Өтемісов және Е.И.Тарасенко және тағы да басқалары.
Қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Орал өңірінің ғана емес, Қазақстанның барлық жоғары мектебінің жүйесінде интеллектуалдық, ғылыми, білім беру, қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде ерекше орын алады.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы мен ұжымы кадр даярлауда Қазақстанның батыс аймағына әлеуметтік-экономикалық дамуына қажеттіліктерді игеруде сай келетін көп деңгейлі және бәсекеге қабілетті жүйенің инновациялық тетіктерін құру бойынша маңызды міндеттерді шешу жұмыстарымен айналысуда.
Университет қызметінің негізгі бағыты шетелдік аккредиттелген агенттіктер мен білім беруді бағалаудың халықаралық жүйесінің сапа бойынша талаптарымен және жоғары оқу орнының 2020 жылдарға дейін Даму тұжырымдамасымен анықталған.
2010 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өңірде алғашқылардың бірі боп институционалды аккредиттеуден сәтті өтті;
2011 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінде көпсалалы жоғары оқу орындарының арасында еліміздің үздік он оқу орнының қатарына енді.
2012 жылы оқу орнының 12 білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті.
2013 жылы БҚМУ мемлекеттік аттестаттаудан сәтті өтіп, бірқатар білім беру бағдарламасы Еуропаға белгілі германдық «ACQUIN» агенттігімен халықаралық аккредиттелді.
2013 жылы университет Қазақстанның көп салалы жоғары оқу орындарының арасындағы ұлттық рейтингісі бойынша үздік ондық қатарына еніп, 7-ші орынды иеленді.
2014 жылдың мамыр айында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті АРТА Аккредиттеу кеңесімен институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті.
2015 жылы республикалық пән олимпиадаларына университетімізден 17 команда қатысты. Оның 11-і командалық және жеке сынақта жүлделі орындарға ие болды. 2015 жылы ЖОО аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің (АРТА) рейтингісіне қатысты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің дайындық деңгейлері мен бағыттарына сәйкес білім беру бағдарламалары мен мамандықтары бойынша университет 19 жүлделі орынға ие болды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының 55 жоғары оқу орны рейтингісінің нәтижелері бойынша, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 9-шы орынға ие болды. 2015 жылдың қаңтар айының Webometrix рейтингісінің қорытындысы бойынша, университет сайты Қазақстанның 111 ЖОО-нан 22-ші орын алады.
2016 жылы дайындық бағыты бойынша (бакалавриат) университет 34 қатысушыдан Білім беру бағыты бойынша 4-ші орынды, Гуманитарлық ғылымдар бойынша 22 қатысушыдан 7-ші орынды, Өнер бағыты бойынша 23 қатысушыдан 5-ші орынды, Әлеуметтік ғылымдар, Экономика және Бизнес бойынша 45 қатысушыдан 6-шы орынды, Жаратылыстану ғылымдары бойынша 27 қатысушыдан 7-ші орынды иеленді. Республикалық пән олимпиадаларына М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен 17 команда қатысты, оның 11-і командалық және жеке сынақта жүлделі орындарға ие болды.
2017 жылдың сәуір-мамыр айларында АРТА Аккредиттеу кеңесінің шешімімен БҚМУ тағы 46 білім беру бағдарламасы аккредитациядан өтті.
2018 жылы Аккредиттеу жәнерейтингтің тәуелсіз Агенттігімен өткізілген ЖОО Ұлттық рейтингіне сәйкес М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 11 орын алды. Жоғары оқу орындарының институционалдық рейтингісінде БҚМУ мамандарды даярлау бағыттары бойынша "Білім беру" бағыты бойынша 10-шы орын, "Музыкалық өнер" бағыты бойынша 2-ші орын алды.
Webometrix рейтингісінің қорытындысы бойынша, университет сайты Қазақстанның 101 ЖОО ішінен 38-ші орынды алады.
Осы жетістіктердің барлығы университеттің халықаралық мойындалғанын, жоғары оқу орнының оқу сапасын арттыруға және дамудың оң динамикасына бағытталған нәтижелерге қол жеткізгенін куәландырады.
Бүгінгі таңда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті тек Орал өңірінің интеллектуалдық, ғылыми-білім беру, қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның барлық жоғары мектебі жүйесінде ерекше орын алады.
Оқу орнының құрылымында – жеті факультет (экономика және басқару, мәдениет және өнер, физика-математика және жаратылыстану-географиялық, филология, тарих және құқық, педагогикалық), бакалавриат бойынша – 50, магистратура бойынша – 24 мамандық иелерін дайындайтын 23 кафедра бар.
БҚМУ-дың білім беру қызметі № 0026241 сериясы АБ мемлекеттік лицензиясына сәйкес жүзеге асырылады (2012 ж.БҚМУ лицензияларын ауыстыруға байланысты 11.12.2012 ж. ҚР Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті берген № 12019665 лицензия алды).
Әкімшілік – кадр бөлімі, академиялық мәселелер жөніндегі департамент, инновациялық-әдістемелік жұмыстар жөніндегі департамент, кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталығы, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді дамыту орталығы, экология және биогеохимия сынау зертханасы, ғылыми кітапхана, халықаралық ынтымақтастық қызметі, «БҚМУ Хабаршысы» ғылыми жинағы және студенттік «Өркен» газеті шығарылатын БАҚ және баспа орталығы қызмет етеді. Жоғары оқу орнында білім және ғылымды игеруге ғана қолайлы жағдай туғызылып қоймай, сонымен қоса демалуға да үлкен мүмкіндіктер жасалған. 1 миллионнан аса кітап қорын құрайтын ғылыми кітапхана, барлық оқу ғимараттарында орналасқан 8 оқу залы, агробиостанция, спорт сарайы, балет студиясы, шеберлік зертханасы, мұражай кешені, студенттік кафе, жатақхана және демалыс орны – осылардың барлығы оқытушылар мен студенттердің құзырында.
ЖОО құрылымы үнемі жетілдіріліп отырады. МӨБЖ талаптарын, институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу стандарттарын іске асыру мақсатында "Рухани жаңғыру" институты, "Қыз Жібек" рухани - адамгершілік даму институты, қосымша білім беру институты, студенттерге қызмет көрсету орталығы және т.б. бірқатар бөлімшелер құрылды.
ЖОО-да мамандықтың МЖМБС (дайындық бағыттары) сәйкес оқу процесін қамтамасыз ететін оқу және ғылыми зертханалық базасы бар. 4 ғылыми зертхана, 18 оқу зертханасы, 7 виртуалды зертхана бар. Тілдік мамандықтар үшін оқу зертханаларының қызметін 4 лингафондық және мультимедиялық кабинет атқарады. Университетте гуманитарлық мамандықтар үшін ғылыми-әдістемелік база болып табылатын 18 ғылыми-әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Ғылыми-әдістемелік кабинеттер компьютерлік техникамен және әдебиеттермен қамтамасыз етілген, оқу және электрондық басылымдар, практика бойынша құжаттар, дипломдық және курстық жұмыстар, үлестірмелі материалдар, экспонаттар ұсынылған. Университеттің бағдарламалық қамтамасыз етілуі жетілдірілуде. Оқытушылар мен студенттерге арналған Android мобильді құрылғыларынан электрондық кестені көру үшін "Кесте" мобильдік қосымшасы іске қосылған. ЖОЖ қалыптастыру үшін студенттерді және оқытушыларды электрондық тіркеудің автоматтандырылған жүйесі жұмыс жасайды.Өңдеу және тестілеу командаларын қолдану үшін, күрделі емес электрондық оқу құралдарын жасау үшін BookCollector электрондық бағдарламасы қолданылады. Университетіміздің гербар қорының цифрланған материалдарын орналастыру және каталогтауға арналған «М.Өтемісов атындағы БҚМУ электронды гербарийі» http://rbf.wksu.kz/ веб-қосымшасы іске қосылған. «М. Өтемісов атындағы БҚМУ сирек кітаптар қоры» http://rbf.wksu.kz / сервисінде сирек кітаптар қорының сандық нұсқалары орналастырылған. 3-D экспонаттарды сканерлеу арқылы БҚМУ мұражайы бойынша виртуалды тур жүргізу әзірленуде.
Университет танымалдығы өсуде - М. Өтемісов атындағы БҚМУ бүгін шетелде танымал.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ТМД жоғары оқу орындарымен және алыс шет елдермен (Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Германия, Польша, Португалия, Италия, Литва, Болгария, Түркия, Үндістан, Швейцария, Ресей, Беларусь Республикасы, Украина, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) халықаралық ынтымақтастық туралы 120-дан астам келісім шартқа қол қойды.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті халықаралық ынтымақтастық аясында 16 халықаралық қауымдастықтар мен жобалардың серіктесі болып табылады:
1. Еуропалық ғылыми қоғам (Ганновер, Германия);
2. Еуразия университеттер ассоциациясы (Мәскеу, Ресей);
3. Американдық заңгерлер қауымдастығы (АҚШ);
4. REGENA жоғары оқу мекемелерінің қауымдастығы;
5. "Education Network" білім беру мекемелерінің қауымдастығы;
6. Erasmus Mundus;
7. Magna Charta Observatory;
8. Түркия Стипендиясы;
9. SES жобасы (Бонн, Германия);
10. АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы;
11. Edmund Muskie;
12. DAAD (Deutscher Akademischer Austausch Dienst, Германия);
13. Erasmus +; 14. "Болашақ" халықаралық бағдарламалар орталығы;
15. Еуропалық университеттер ассоциациясы (Eua, Бельгия);
16. Азия университеттерінің қауымдастығы.
Әрине, оқу ордамыздың зор әлеуеті ұжымның білікті кадр даярлау бойынша алда тұрған маңызды міндеттерін шешуге және Қазақстанның интеллектуалды зиялы қауымын қалыптастыра отырып, халықаралық білім беру және ғылыми қоғамдастығына ықпалдасуға мүмкіндік берері сөзсіз.