Шешеге қарап қыз өсер
Тақырыбы: Шешеге қарап қыз өсер
Мақсаты:”Қыз баланы тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз” қағидасымен қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасы мәртебесін нығайту.
Әдісі:қыз балалар жиналысында әңгіме арқылы тақырыпты ашу
Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек екен оның үстіне жүрек тербер, сезім қоздырар қазақтың халық әндеріне, немесе мақал –мәтелдеріне бір сәт көңіл аударып көрелікші. Нені меңзеп нені айтар екен. Бұларда аналарға, қыздарға тән әрі тәрбиелік, әрі тағылымдық мәні ерекше толғамдар бар. Соларды саралай келе мынадай сөз үйірлерін байқадым. Қазақ қауымында қыз баланың орны ерекше болған. Оны мынадай мақал мәтелдерден анық аңғарамыз. Ата – бабаларымыз қызды қонақ деп есептеген, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген.
«Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «Қызға қырық үйден тыйым» жасайды. Қыз тәрбиесіндегі жеңге ролі де көзден таса болмайды. «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді».
Өйткені әке – шеше айта алмаған сырды жеңге жеткізеді. Қыздың балғын болмыс бітімі мен тәрбиесінің басы қасында аяулы жеңгелер жүреді.Сүйген жігіті мен екі арадағы әдепті қарым – қатынастың табиғи өрбуіне сеп болатын осы жеңгелер.
Ата-ана қызынан ешнәрсені аямайды. Оның ешнәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі. Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай өсіруды парыз санайды. Олардың ар ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан «қыз бен жылқы жаудыкі» деп қыз тәрбиесіне мейілінше сақ қарайды. «Қыз баққанан қысырақ баққан оңайлығын» жадынан шығармай баянды отанын тап
қанша өзінің, жауапты екенін еш ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтеді.
«Күйеу жаман болса қызыңнан» деуінде үлкен мән бар. Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейді. «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» мұның көбі, негізінен қыздың шешесіне байланысты дүниелер. Сондықтан, қыз көретін жігіттер, алдымен жеңгесі арқылы шешесінің қандай адам екенін анықтағысы келеді. «Шешесі жаманның қызын алма, немесе «шешесін көріп қызын ал» деуге осындай мақсат бар.
Заманның бағыт бағдарына қарай мақал мәтелдер де түрленіп, өзгеріске түсіп отырады. «Шешесі отырып, сөйлеген қыздан безін» деп келе, қыздың жақсысын іздейді. «Ақылды қыз білімге жүгінер, ақылсыз қыз сөзге ілігер» деп біледі. Осындай негізгі тәрбиелік жұмыстарды жүргізіп алған соң, қазекеңнің құдайдан тілейтіні қызының барған жеріне тастай батып судай сіңуі. Барған жерінде бағының ашылғанына қатты қуанады, бағы тайса қатты күйінеді. Қорқатыны – «қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» екені.
«Шыққан қыз шиден тысқары» қыз баланың ендігі жердегі тіршілігі шектеулілеу болатыны. Ол келіндік және әйелдік дәуір. Бұл қыз бала үшін мейілінше жауапты кезең. Жаңа түскен келінге сыншы да, мінші де көп. Ол енді төркінінде алған тәрбиенің қаншалықты екенін көрсетуге тиіс. Жеңгесі мен шешесінің көргенін істеп, қайын жұртының көңілінен шығуға тырысады.
Қазақ қыздың өз жұрты мен бірге қайын жұртының да тәрбиеге жауапты екенін қатты сезінеді. Оның қандай елге, қандай отбасына келін болып түсуіне көп нәрсе байланысты. «Жақсы елге түскен келін, келін, жаман елге түскен келін келсап». Бұл жерде қайын ененің ролі көріне бастайды. Көбінесе «Келіннің қайын ене топырағынан жаралғандай» болып келуін қалайды. Шынында көргенді елден шыққан қыздың көсегелі елге тап болуы зор бақыттың кепілі.
Сонымен бірге келген келін татулық жаршысындай болса деп армандайды. Әсіресе абысындар арасының ынтымақты болуы көзделеді. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса, ас көп». «Ағайынның азары болса да, безері жоқ», «ағайынға қарап, мал өсер, ағашқа қарап тал өсер» .
Қыз,әйел, абысын ажын, ағайын туралы мақал мәтелдерді саралай отырып, халық даналығына қайран қаласың. Атам қазақ ешбір жарғы, нұсқау жазып әуре болмай ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымнаң тамаша үлгісін түйіп айтып отырған.
Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отырған.
Ал қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, түрлі кинофильмдер жан-жақты әсер етуде.
Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады.
«Баламды молдаға оқытамын деп кәпір етіп алдым» дегендей, тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгелі, кейбір жастарымыз «тәуелсіз» деген ұғымды түсінбей, ата-анадан тәуелсіз, ұстаздардан тәуелсіз болу деп түсініп жүр. Әрине, бұрынғы кездегідей әр үйде 8-10-нан бала жоқ, үлкендері кішісін бағып-қағып отыратын. Ал қазіргі отбасыларында әрі кетсе 2 бала тәрбиеленіп отыр. Сондықтан «бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» демекші, сол жалғыздың асты-үстіне түсіп дегенін жасап отырғаны. Уақыт өте келе қызының жаман қылығын көрген анаға тізе соғудан басқа ештеңе қалмайды. Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, өз бойын күтуі, киім киісі, үлкен-кішіге ұшырамы мүлдем өзгеше. Жастар тәрбиесінде «ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені айдан анық. Құрбы қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жаның түршігеді. Осындай әрекеттердің салдарынан қыздар жүкті болып, онан соң жасанды түсік жасатып, аналық құқығынан айырылып жатады. Батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт-санамызға өз әсерін тигізіп отыр. Мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, 1643 бала ата-ана қамқорынсыз қалады екен. Ал тағы да тарих беттерін парақтасақ, халқымызда, «жетім, жесір» деген ұғымдар айтылмаған.
Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Сондықтан да бүгін жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алғандығы негізгі мақсатым: адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару. Бұл бағыттағы жұмыстардың көпшілігі ата аналармен қоян-қолтық араласуды тікелей қажет етеді.
«Анасын көріп қызын ал» дейтін халық мақалы текке айтылмаса керек. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Өзінің ана тілін қадірлемейтін қыздардан жақсы ана шығады деп айта алмаймын. Тілін қадірлемеген адам, ол ұлттың салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет. Бойжеткендеріміз осыны ұмытпаса деймін.
Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балалрының анасы. Олардың бойында имани тәрбие болғанын қалаймын. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.
Сөз соңын Елбасымыздың: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қорытындылағым келіп отыр. Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білгей.
Достарыңызбен бөлісу: |