«Шымкент уезінің бастығынан. Жетісу облыстық басқармасы біздің 1905 жылы 17-желтоқсанда 18374 нөмірлі телеграммамызға жауапты жеделдетуіңізді өтінеді. Киргизка Ізбайша Жылқайдарова өз күйеуі Рысқұл Жылқайдаровпен бірге каторгаға баруға келісе ме, жоқ па ? Вице-губернатор Осташкин». * * * Шығыс-Талғар болысын жиырма жылдан астам мекендеген Тау-Шілмембеттен туған жері Түлкібасқа тұңғыш оралған Омар болды. Баяғы көзкөргендердің көбі жоқ. Мұны білетіндер қатары селдіреп қалған. Арып-ашып, қайыршылық халге жеткен Омарды түлкібастықтар әрең таныды. Қанша айтқанмен, өз жұрты ғой, жылу жиып, босағасынан сығылысып орын берді.
Қарақойынның қырқасындағы бұрынғы мекеннен тек шоңайна басқан төмпешік қана қалған екен. Омар сол тоқал тамнан қалған, сидиған қурай басқан үйіндінің үстіне шығып, бір кезде балалық шағы, балаң кезі өткен үйдің енді моладай томпайып жатқанын көріп, өкіріп тұрып жылады. Жылағанмен көзіңе ғана әлің жетеді, басқа қылар дәрмен жоқ, белді бекем буып, дәт қылып, Дауылбай болыстың алдына барып, айыбын кешуді сұрап, аяғын құшты.
Болыс та қартаяйын деген екен, бірақ тақтан таймапты. Мекені баяғы сол Күмісбастау. Дауылбай Омарды есіркеген болды.
– Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң, – деп мейірім білдірді. Баяғыдай ақиланбай, байсал танытады. – Жат жарылқамас, өзің өлтірмес, басқанды былай қойғанда, алдыма айыптымын деп келсе, Рысқұлды да кешер едім. Есіл ер ақыры түрмеде шіритін болған екен. Өзінен болды. Басқа ешкімнің кінәсі жоқ. Қанша жанды азғырып, соңынан ертіп қанша қатын-баланың көз жасына қалды. Жә, Омар, өз еліңе келген екенсің, енді есің кірген шығар. Қолыңнан келгенше қызмет қыл да бұйырған наныңды жеп жүре бер. Енді бұзықтардың тіліне азып, адаспассың.
Дауылбайдың рақымына риза болған Омар басы жерге жеткенше иіліп:
– Өле-өлгенше құлың болып өтейін, Дәуке! – деп ант етті.
Оған сонда дүниеде Дауылбайдан дархан, әділ адам жоқ сияқты көрінді. Жиырма бес жыл бойы елден безіп, Дауылбайды жау тұтып, қателескеніне өкінді. Елден жиған жылумен түтін түтетіп, басына лыпа тұрғызып, жұрт санатына қосыла бергенде, Омарды шабарман келіп, шапшаң болысқа алып барған. Дауылбай бұл жолы алғашқыдай емес, оны ызғар шаша қабылдады.
– Ант ұрған алсай, сендердің қырсықтарың қырық есекке жүк болғандай. Жиырма жылдан астам құлақ тыншып еді, енді тағы басталды бәлелерің.
Омар түкке түсінбей, «не жазып қалдым?» – деп дегбірі кетті.
– Рысқұлдың Ізбайша деген қатыны бар ма еді?–деп сұраққа алды болыс.
– Бар, Дәуке.
– Бар болса, сол қаншық қайда қазір?
– О жағын біле алмадым, Дәуке. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен бір заман өтті бізден. Мен кеткенде Ізбайша Саймасайдың інісі Анарбай болыстың адамдарының қарауында қалған. Қашып кетсе, қайдан білейін!
– Алматының оязы, Жетісудың губернаторы іздеп жатыр. Демек, ол жақта Рысқұлдың қатыны жоқ. Шымкент оязы арқылы біздің Майлыкент болысынан іздетіпті. Кылмыскер болып, Алматыға сыймай қашқан екенсіңдер, Түлкібаста нелерің бар, басбұзар, қаны бұзықтар? Бір күні сені де іздеген қағаз келіп әуре салар. Тыныш жатқан ел едік. Қайдан ғана келдің тентіреп! Кетсең қайтеді келген жағыңа, бәлең жұғып жүрер?
Омардың дәу денесі опырылып, көктем қарының суы бұзған жарқабақтай морып бара жатты.
– Дәуке, айналайын, Дәуке, менің жазығым жоқ. Жатсынба! Мен сенің құлақ кесті құлыңмын. Өлімтігімді сүйрелеп, әрең жеттім туған жеріме. Қума мені! Менің басым даудан аман. Ешбір шатағына қатысқан жоқпын. Қалдыр мені! Ая мен пақырды!
– Ал Ізбайша қайда сонда? Не деп жауап беремін мына ояздың хатына?
– Ізбайша бір болса – Қырғызбайдың қолында болар, Дәуке. Баяғы Соқырдың Қырғызбайын білесіз бе? – Соқыр атын естігенде Дауылбай селк ете қалды.
– Білесіз, Дәуке, сол Қырғызбай баяғыда біз елден кеткенде Меркеде қалған. Әлі сонда. Рысқұл інісі Молдабек те, Ізбайша жеңгесі де сол Қырғызбайды паналап барар-ау деп шамалаймын.
Дауылбай алдында бүк түсіп тұрған Омарды ұмытқандай, өз ойына өзі бөгіп отырып қалды. Кәрілік жеңе бастаған шымыр дене бір шөкім болып шөмиіп аянышты көрінер. Рысқұлдың қолынан ажал табатын болыс алдымен Саймасай емес, Дауылбай еді, тағдыр екен, алыстағы Шығыс-Талғар управителі жер жастанды. Ал Рысқұл Бердіқұл ағасының кегін ұмытпай, Дауылбайға деген оғын әлі жанып жүрсе ше? Түрмеде шынжырлаулы жатқаны қандай жақсы. Оның итжеккенге айдалуы Ізбайшаның табылуына іліктес болып тұр екен. Өкіметті сол Ізбайшаның ізіне тезірек салып, құтылу керек бұл бәледен. Дауылбай писаріне әмір етіп, оязға жауап жазды.
* * * Аспараның Алатауы алшысынан түскен асықтайын алшайып тұрғалы қай заман: миллиондаған жылдар өткен шығар. Не көрмеген Аспара. Ширек ғасыр бұрын Түлкібастан босып шыққан жиырма үй Алсай-Сарыны да көрген. Сол жиырманың ішінен Соқыр батырдың баласы Қырғызбай бұтаға ілінген қаңбақтай осы Аспара бауырында қалып қойып еді. Басқалары Меркеге тұрақтай алмай Алматы асып кеткен.
Әкеге тартып ұл тумас. Соқыр батырдың баласы Қырғызбай зұлымдық-зорлықпен ашық айқасқа жоқ, күштіменен күреспейтін, мықтыменен тіреспейтін жалтақ жан болды. Бауырларынан орта жолда бөлініп қалып, қалт-құлт етіп, текені – жезде, ешкіні – әпке деп жүріп, Меркенің базарында делдалдық қылып, можантомпай шаруа құрып алған. Мекені Аспара болысына қарасты Мықан өзенінің бойында болатын.
Тау-Шілмембеттің басына зобалаң төнгенде, Молдабек сол шала ұмыт болған ағайын Қырғызбайды тауып, Ізбайша мен Түйметайды да ала келіп еді. Бірден Түлкібасқа тартуға батылы бармаған. Қырғызбай қашқын туысты паналатуға қорықса да, кет деп айта алмады. Тау-Шілмембеттің бар бәлесін Рысқұл өзімен бірге алып қалса, қалғандарына өкімет қаһарын төкпес деп өзін-өзі жұбатты.
Сөйтіп шықпа жаным, шықпа деп жүргенде, бір күні Аспара болысы Бектен бастаған мықтылар мұның Мықандағы үйіне сау ете қалды. Ашық аспанда найзағай сартылдағандай, Қырғызбайдың зәресі зәр түбіне кеткен. Болыстың жанында Меркенің приставы, қасқабас урядник те бар еді. Қару асынғандардан қорыққан Молдабек Мықан бойының үкілі қамысының арасына барып тығылды.
Бірақ бұл келіс сұсты болғанмен, тасыр-тұсырсыз, ашусыз сияқты. Бектен болыс Қырғызбайға қалжыңдап:
– Ал, делдал, көп болса, бір базардың табысы шығын болар. Қонақтарды күтіп ал, – деді.
Қырғызбай құрақ ұшып, тайдай қызыл қойды табанда атып ұрды. Ac үстіне Бектен Ізбайшаны шақырып алды. «Ізбайшаны іздегені несі?» – деп Қырғызбай онан бетер безек қақты. Істің мән-жайын түсінген соң барып, жүрегі орнына түскендей болды.
Бектен болыс босаға жақта қырын қарап, кішкентай қыз баланы бауырына басып отырған Ізбайшаға тіл қатты.
– Сірә, маған жеңге боларсың немесе замандас құрбы шығарсың. Рысқұл біз құралпы ғой. Солай емес пе, Қырғызбай?
– Иә, солай-солай, – деп Қырғызбай отырған орнынан желп-желп етіп көтеріліп, көтеріліп қойды. – Қырықтың ішінде болар.
– Қырық бес жаста, – деп тоқ етерін айтты пристав сөмкесінен бір қағазға қарап қойып.
Қырғызбай тағы селкілдеді: «Рысқұлдың туған жылына дейін Меркенің приставына белгілі болғанда, жан-жағымыздан мықтап шырмалған екенбіз де».
– Ал келген шаруамызды бітірейік, – деді Бектен болыс, – Ізбайша замандас, сенің Алматы түрмесінде жатқан күйеуің Рысқұл Жетісудың губернаторына арыз айтыпты: Сібірге өзіммен бірге қатын-баламды ала кетемін деп. Он жылға кесіліпті ғой сабазың. Қалай? Итжеккенге бірге баруға ықтиярлысың ба? Сені іздеп өкіметтің шарламаған, іздеу салмаған жері жоқ. Жауабын жедел беру бізге жүктеліпті. Ойланып айт.
Ізбайша ақ жаулықтың ұшымен көзінен тырс-тырс тамған жасты сүртіп болып, тізесіне монтиып қисайып отырған Түйметайдың басын сипады.
– Тағдыр шығар, болыс-еке, ерімнің айтқаны болсын. Етегінен ұстап жүрсем Барсакелмеске кетуге де разымын, – деді Ізбайша жас жуған бетін бері бұрып.
Үй іші тым-тырыс. Алдағы ас та желінбей қалды. Мына бетінің шырайы таймаған, тозаң тұтқан қызғалдақтай ғана тотыққан ажарлы әйелдің мұнша қажырына бәрі де қайран қалған сәт. Тек сәлден соң пристав шыдай алмай, Ресей империясы Бас түрме бастығының 1890 жылғы № 10 циркулярлы ережесін түсіндіре бастады.
– Егер күйеуіңізбен бірге Сібірге айдауға ықтиярлы болсаңыз, қазына сізге және балаларыңызға жол қаражат қана төлейді. Ал айдалу пунктіне жеткен соң күйеуіңіз түрме жағдайында тұрады да, сізге және балаларыңызға қазына қаржы бермейді. Өз күніңізді өзіңіз көруге мәжбүр боласыз. Түсіндіңіз бе?
Үйдегілердің бәрінің көздері Ізбайшаға қадалған. Бәрі де демдерін ішінен алып отырған сияқты. Ізбайша Түйметайдың бетін өзіне қаратып, маңдайындағы кекілін кері қайырып отырып:
– Мейлі, мырза. Бір күнімізді көрерміз. Біз қай бір байлыққа бөгіп жүрген жан дейсіз. Жоқтыққа үйренгенбіз. Рысқұлдың қалауы болсын, – деді. Өз көзінен Түйметайдың бетіне тырс етіп тамған жасты алақанымен сүртті. – Есіл ер, бізді ұмытпаған екен. Қимайды екен. Басына мың батпан іс түсіп жатса да, бізді ұмытпапты. Жердің түбіне, тозақтың отына айдаса да бірге болайық. Бізге рұқсат етіңіздер.
Қырғызбайдың қатыны көңілі босап, алдындағы сорпа құйған дәу шараны әрі итере салып:
– Айналайын мырзаға-оу, ардағым-оу, аһ! – деп дауысы барқыраңқырап шығып кетті. Қырғызбай қызған көсеу тілін қарығандай баж ете қалды:
– Жап аузыңды! Рысқұл тірі ғой, малғұн! Байғыз құсаған тілеуің құрғыр!
Қырғызбайдың қатыны Салиха салдырлап қалған, әрі ашушаң, әрі ақкөңіл аңқылдақ кісі еді. Қазір Рысқұлдың жақындары қылпылдаған ұстараның жүзінде шықпа жаным, шықпа деп тұрған мына шақта, ойында арамдығы жоқ, адам, атамзаманнан бері көрмей кеткен қайнысының халіне қайғырып, дауыс шығарып еді, онысы көзі тірі азаматты жоқтау болып шықты.
Тағдырдың толқыны айдап келіп, қолына қарап кіріптар болған келіні Ізбайша мынау анайылау абысынына тіксіне қарап қалған.
– Қайнаға дұрыс айтады, жеңеше. Жамандық шақырмаңыз. Мен білетін Рысқұл төтеннен ажал жетпесе, оңайлықпен жан беріспейді. Жауына ерегескенде, бір күн болса да тірі жүруге тырысатын адам. Мен соның қасында боламын. Пешенедегіні көреміз.
Ізбайша әуелдей көз жасын көлкіте бергенді қойды. Ширығып, біртүрлі тәуекелге белді бекем байлап алды.
Бектен болыс та, пристав та мына бір тозаң тұтқан асыл тастай аяулы әйелге не айтарға білмей аңтарылып қалған. Болыс пен приставтың ояздан алған тапсырмасы бұл әйелден қалайда теріс жауап алу. Ізбайша бармаймын деп бас тартуы керек. Ал енді екеуі де: шіркін, әйелің осындай болса, деп әм таңданып, әм сүйсініп қалған. Олар да пенде. Олар да кейбір сәтте тебіренер. Бірақ бұл қыламықтап өтетін қауқарсыз сезім. Ендігі сәтте қазына адамының қатыгездігі бас көтереді. Аяныш, тебіреніс дегенін айдалада қалады.
Әуелі Бектен болыс басын көтеріп, қақырынып, тамағын кенеп алып сөз бастады.
– Шырағым, құдай адалынан жаратқан адам екенсің. Сендей жары бар Рысқұлда арман болмаса керек. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ деген. Әйелдің жолы жіңішке. Жас бала, жал-құйрықсыз әйел заты, сен Сібірге Рысқұлмен ілесіп барғанда, күнің қараң болады екен. Оныңды қой. Біз де жатың емеспіз. Мына Қырғызбай қайнағаңның қолында тұра бер. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, күндеріңді көріп кетесің. Кебенек кигеннен түңілме, кебін кигеннен түңіл деген де бар. Тұз-дәм бұйырса, ерің қайтып оралар. Біздің ақылымызды алсаң, сол. Өзіңді өзің тозаққа тастама. Жас балаңның да обалын ойла. Мына лауазымды кісінің сөзі – жанашырдың сөзі сияқты. Ақылға салсаң, айтып отырғаны рас. Ақылға салсаң, Рысқұлдың етегінен ұстап өткен өмір қасіретті өмір.
Дүниенің әділетсіздігіне шыдай алмай, дүниенің рахатынан безген сол бір саяқ ерден көтерген баласы да жоқ. Сонда арасын дәнекерлеп тұрған не бар? Несін қимайды? Әлі басы жас. Жерде жатқан тесік моншақты да біреу көтеріп алады. Сонда неге зар?
Ізбайшаның үндемей отырып қалғанын байқаған Бектен болыс:
– Бара алмаймын деп қолыңнан бір жапырақ тілхат бер. Біз де жолымыздан қалмайық. Әңгіме осымен бітті дейік. Қалай хат білуші ме едің? Білмесең жақының ғой, қайнағаң Қырғызбай жазсын, – деді.
Ізбайша бір сәт өзінің тілхатын әлдекімге оқытып отырған Рысқұлды көз алдына елестетті. Ізбайша түрме көрмеген. Ол түрмені қиссадағы зындан деп біледі. Зындан түбіне лақтырған тастай болып жатқан Рысқұл мұның тілхатын алады. Өзі хат танымайды. Біреуге оқытады. Тілхатты оқып берген адамға сенбей, өзінің өр мінез, құлық-сұмдығы жоқ туралығымен тік келіп:
– Әй, не оттап тұрсың? Мұны жазған Ізбайша емес! – дейді. Бірақ көңіліне күдік кіреді. – Шынымен Ізбайша менен безгені ме? О, опасыз қаншық! Қойныңдағы қатыныңа, астыңдағы атыңа сенбе деген осы, атасына нәлет! Менімен бірге бармасаң, – бадал! Басқа бай тауып ал! Көрермін көгергеніңді! – дейді.
Ізбайшаның тізесінде момақан жатқан кішкентай қыз бала кенет басын көтеріп алып, өгей шешесінің көзіне бейкүнә жәудір, жәдігер көздерін қадап:
– Жеңеше, көкеме барам, көкеме барам, – деп кемсең-кемсең етіп, дауысы бірте-бірте көтеріліп жылап қоя берді. Ізбайша Түйметайды бауырына қысты:
– Жылама, барамыз көкеңе. Көкенді тастап біз қайда кетуші едік, – деді. Кішкене сәби жылағанын қоя қойды. Ізбайша сонда болысқа бұрылып:
– Мырза, бізді босатыңыз. Рысқұлға жетейік. Бізді аясаңыз, құдай сізді аясын, – деді.
Бектен болыс кенет шытынап, шарт етіп:
– Үйден шыға тұр! Біздің оңаша әңгімеміз бар, – деп зекіп айтты. Бағанадан бергі сыпайылық пердесін біреу сыпырып алғандай, дөрекі.
– Жеңеше, сен де шыға тұр, – деді Қырғызбайдың қатынына. Ол байғұс болысқа ажырая бір қарады да, ернін сылп еткізіп, оқпақ құстай ордаңдай, өз есігін өзі тарс еткізіп қатты жауып шығып кетті.
Бектен болыс сонда барып Қырғызбайға шүйілді.
– Ал, делдалым, қолыңа қағаз-қалам ал.
Қырғызбай сандық жаққа қарап қалбалақтап қалып еді, пристав сөмкеден бір парақ қағаз бен қалам ұсына берді.
– Жаз, – болыс бұйыра сөйлеп. –
«Мен Жылқайдаров Рысқұлдың әйелі Ізбайша Жетісу губернаторына мынаны мәлімдеймін. Рысқұлдың соңынан еріп, ссылкаға баруға келісім бермеймін! Қазір Әулие-Ата уезі, Аспара болысында Соқыров Қырғызбайдың қолында тұрып жатырмын.
Сауатсыз Жылқайдарова Ізбайша үшін қол қойған Соқыров Қырғызбай. 20-ақпан 1906 жыл».
– Делдал емес молда болуға лайықты адамсың-ау, Қырғызбай. Кәне енді қолыңды қой. Дұрыстап қой. Анау-мынау, жаман-жәутік емес, губернатордың өзі оқиды бұл хатты. Сенің арбашаңды ол түсіне алмас, әрине тілмашы бар ғой. Бәлкім, Рысқұл туысқаныңа да көрсетер. Ол сенің қолыңды танитын шығар.
«Рысқұлға көрсетер» дегенде Қырғызбай шошып кетті. Қолын қояйын деп ыңғайланып жатқанда қайтадан тартып алды.
– Но-но! – деді пристав түсін суытып. – Базарда жүрген жеріңнен ұстап алып, түрмеге тығып тастармын бәлем.
– Менің қолым жүре ме, әйелдің өз қолы керек, – деді Қырғызбай болыс пен приставқа кезек-кезек жалтақтап.
– Ол сауатсыз, білдің бе? «Сауатсыздығы үшін» деп жаздың ғой жаңа, – деп пристав тағы тұқыртып тастады.
Пристав тұрмақ, Меркедегі төрткүлдің базарында пиянкеш урядник бопсаласа, бір сөзге келмей бір сөлкебай беріп құтылатын Қырғызбай, мына төренің ызғарына көп төтеп бере алмай, жүрегі мұздап отырып хатқа қолын қойды. «Кешір, бауырым», – деді ішінен Рысқұлмен тілдесіп. – Кеш мен бейбақты. Баяғыда саған ілеспей, орта жолда Меркеде қалып қалғанымды қаламап едің. Енді тағы бір опасыздық болды. Оның есесіне сенің әйелің мен балаңды бағып, қағуға ант етейін, бауырым. Сенің алдында арым таза болсын».
– Ну, Киргизбай, – деді пристав тілхатты ыждағаттап сөмкеге салып жатып. – Енді бұл әйелге әзір бол. Қашып кетіп жүрмесін. Айырылып қалсаң, ух! Рысқұлдың артынан ол емес, сен кетесің.
Төрелер үйден шықты. Жас төлдің кіндігі қатпаған ерте көктем еді. Күн едәуір кешкіріп қалыпты. Аспараның басындағы сәуле малған майда бұлт қоянның жон арқасындай жұмыр, жұмсақ. Аспан кеуілім жай, мөлдір көк. Мықанның арғы бетінде бір салт атты қырғыз тауды бетке алып, әндетіп кетіп барады:
– Ишь ты, қара-киргиз,– деді пристав әндеткен салт аттыға қарап:
Мықанның арғы беті – қырғыздар. Әулие-Ата оязына қарайтын Шалдуар болысы. Қазақты – «киргиз», қырғызды «қаракиргиз» дейтін әдетіне басып тұр пристав.
Алатауға приставтың көзімен қарасаң, қиқы-жиқы үйілген тастар. Көктем алдында қуанышы кішкентай кеуделеріне сыймай шықылықтаған шымшықтардың қазіргі беймаза тіршілігінен; кешегі алтын күректен кейін жұмыртқа қабығын тесіп шыққан балапан құсап, тоңы жібіген топырақты түртінектеп шығып келе жатқан көктің сыбдырынан; бетіңді қыз алақаны сипағандай саф самалдың лебінен; осының бәріне шала мас болып бара жатқан анау қырғыздың сағынышты ән сазынан мына болыс пен пристав бейхабар. Көкіректе сезім қылы дың етпеген кәркеуделердің табиғаты тасыр, тілі докір. Верныйдың түрмесінде әкесімен бірге жатқан Тұрар Рысқұловпен енді он жылдан соң бетпе-бет кездесетіндерін бұл екеуі қазір білмейді. Аспара болысы Бектен Медеров пен Мерке приставы Афанасий Сокольский. Терек басында қураған жапырақ қалтырайды. Олар бұған назар салған жоқ.
– Поехали, – деді пристав.
* * * Алматының аспанында да жаңа көктемнің толғағы бар. Көгілдір, түпсіз көк әлем. Бір қылау жоқ, бір қылпық жоқ. Жаратқан құдірет бар екені рас болса, дәл қазір аспанда ол жасырынар жер жоқ. Жаратқан құдірет бар болса, дәл қазір ол адамдардың көзіне көрінер еді. Бір жылдан астам уақыттан кейін күннің көзіне бірінші рет шыққан Рысқұлды көрер еді...
Айдауыл камераның есігін ашып:
– Рысқұл, ағаң келді, далаға шық, – деп сүйінші сұрағандай болды.
– «Менің қандай ағам бар еді?» – деп Рысқұл дағдарыңқырап қалған. «Ағаң» дегенде алдымен ойына оралғаны баяғы марқұм Бердіқұл болды. Су түбінен көрінген суреттей болып Бердіқұлмен қатар көз алдына Дауылбайдың сүлдері тұра қалды. «Дауылбай да ағам, – деді Рысқұл. – Ол да алыс емес. Бірақ жазықсыз Бердіқұл жер жастанып, Дауылбайдың әлі осқырып отырғаны жаман».
Айдауыл Рысқұлды далаға шығарардың алдында аяғына кісен салды. Түрменің ауласына шыға бергенде жерге күн құлап түскендей дала жарқ ете қалды. Рысқұл еріксіз екі көзін басып тұрып қалды. Күн екеш жарық күнді де жатырқауға болады. Күндіз-түні тас шыңыраудың ішінде жатқан адам, ақ сәулеге көзі үйрене алмай әз соқырдай түртінектеп әйтеуір алға жылжи берді. Бірте-бірте көзі жарыққа үйренген соң әуелі, ауланың ішін таныды. Тақыр қораның ішінде мүмкіндігі бар жерге қылтиып көк шығыпты. Биік дуалдың сыртындағы нау теректер бүршік жарып, ашаң жасыл алқа тағынып қалған екен. Аш адамның тоқ тамақты көтере алмай қалатыны сияқты, кілең қапырық, тымырсық ауаға дағдыланып кеткен өкпе мына таза ауаға шыдай алмай сетінегендей.
Екеуі қақпа алдында құшақтасып көрісті. Ахат екі көзі жасаурап, немере інісіне қайта-қайта қарады. Қара нардай қайратты бұрынғы Рысқұл жоқ. Бұрынғы қарақошқыл өңі бит сорғандай боп-боз. Сүзектен тұрғандай, буыршын еті сылынып түскен.
– Құлыны құдыққа құлаған мама биедей сенің мына абақтыңды айналшықтап шыға алмай жүрмін, шырағым. Әлгі бастығыңа қайта-қайта барып, сенімен көрісуге әрең мұрсат алдым. Жолатпайды, әбілет басқырлар.
Ахат қызыл жиек көзін тағы сүртті:
– Тұрар қалай? Тымау-сымаудан аман ба? Сол қозымды сағындым.
– Аман, Аха. Күндіз жұмысына кетеді, түн баласы біргеміз. Бірақ бұл күнді де көпсініп тұр ғой. Жақында айыратын шығар. Қатын, баланы қатырғыға бірге ала кетемін деп губірнатырға арыз айтқаныма талай болды. Әлі жауап жоқ. Соған қарағанда созбаққа салды-ау деймін. Иә, өздерің қалайсыңдар? Не болып жатыр ағайын? Ізбайша қайда? Молдабек қайда?
– Ағайын елге ауған. Молдабек өз үй ішімен бірге Ізбайшаны, Түйметайды алып Меркеге барамын деп кетті. Жұртта қалған жалғыз мен. Өзің мұнда жатқанда тұра тұрайын дедім, шырағым. Қайда асығамын? Сенімен қайыр-хош айтыспай тұрғанда, ешқайда кетпеймін.
Рысқұл тұнжырап қалды.
– Апыр-ай, бәсе, Ізбайшадан жауап жоқ. Меркеге кеткен екен ғой. Мыналардың менің арызыма үн қатпай қалғаны сол шығар. Таба алмай жүрмесін. Бірақ таппаушы ма еді. Әйтеуір, кешікті.
– Ізбайшаны іздетіп, біздің болыс пен старшынды біраз қысса керек бұларың, – деді Ахат. – Әуелі тоз-тозымызды шығарып еді. Әйтеуір, құдай рахымы түсіп, мені мазалағанды қойды. Сенің Шолақ Шабдарыңды маған қайтарып берді. Әне, сыртта байлаулы тұр. Оны ұмытып кетіппін ғой. Жүр, көресің бе?
«Шолақ Шабдар» дегенде Рысқұлдың құлағы елен етіп, боп-боз өңіне қызыл рең жүгіріп, кәдімгідей қуанып қалды. Ежелгі досын көрмекші болып қақпадан мойын соза беріп еді, айдауыл алдын орап:
– Қайт! – деді.
Бүкіл өмірі ат үстінде өткен адам. тақымы ер-тоқымға тимегелі де жылдан асыпты. Інісі атты сағынғанын сезген қарт бүкшеңдеп барып, терекке байлаулы тұрған Шолақ Шабдарды қақпаның алдына жетелеп алып келді. Рысқұлдың есігіне біткен жалғыз малы. Рысқұл «тәк-тәк» деп тұмсығынан сипап еді, жануар иесін таныды ма, кеберсіген үстіңгі ерні қыбырлап, тұтқынның қолын талмай берді. Бұл сірә, жылқы баласының біреуді жақсы көргенде істейтін ізеті шығар, сонысымен өз мейірімін білдіргені шығар. Не де болса, Рысқұлдың жүйкесі бір жібіп кетті, шыдамы берік азамат тебіренгеннен көмейіне өксік тығыла берді:
– Е, Шолағым, ризамын саған, – деп сыбырлады. – Шіркін, саған мініп алып, Талғар мен Түргеннің тауларын, Шелек пен Есіктің алқабын аралап, жортып жүрген жоқшылық күндердің өзі бір ғанибет екен-ау?!
– Е, шырағым, үмітсіз шайтан ғана болсын. Әлі кім білген. Дәм-тұз таусылмаса, Шолағыңа да мінерсің, – деп сезімтал қарт інісін жұбатқан болды.
– Ой, Аха, сіз де айта бересіз, – деп күлді Рысқұл. – Бұл Шолақ оннан асып қалды. Енді мен оралғанша он жыл өтсе, бұл байғұстың басы қурап қалмай ма?! Бірақ, кім біледі, кімнің басы бұрын қурарын. Менің жаураған жанымды қазір тек үзілмес үміт оты ғана жылытады. Адам сорлы қызық екен ғой. Айдалатыныңды, құлақ естімеген, көз көрмеген, қиянға кететініңді біліп отырып, әлденеден үміт етесің. Не екенін өзің де білмейсің. Бірақ әйтеуір дәметесің.
– Үмітсіз шайтан ғана болсын, шырағым. Үмітіңді үзбе, адамның үміті үзілгені – үні өшкені. Сен тұрмақ, мына жетпістен асып, басы жерге жеткен менің де жарық дүниеден үмітім бар. Енді маған не дауа. А бірақ кеудеден шыбын жан шықпай тұрғанда, қыбырлап жүре бергің келеді. А сондықтан жасыма, шырағым. Мына тірі көлеңкең тықыршып тұр ғой. – Ахат айдауылға қарады. – Сөзді көп созбай, қоштасайын. Тұрарды бір көрсем деп едім...
– Ізбайшадан жауап болмаса, өзіммен бірге Тұрарды ала кетпекпін. Ал алда-жалда рұқсат етпесе, бір құдайға, одан соң өзіңе тапсырдым, Аха. Оған жаны ашитын басқа бір адам жоқ. «Ағайының көп болса адам тимес, көсеуің ұзын болса қолын күймес», – деуші еді. Мен ағайынсыз емес едім, бірақ азаматы аз болды, атасына нәлет. Мен оларды кінәламаймын. Олардан кінә жоқ шығар. Жалаң қолмен от көсеп, аяғы күйген тауықтан тарығып қалған шағымда, Алматының абақтысын, Мекке айналғандай сырттан торып, жанымнан шықпай жүрген жалғыз сенсің. Ризамын, Аха. Екі дүниеде де ризамын. Әлдеқалай заман болса, Тұрарды тастама.
Қарт ағасы Рысқұлды құшақтап, төсіне төсін басып, жел шайқаған кәрі емендей теңселіп, көп тұрды. Сонда кәріліктен шаршаған, үздіксіз соғудан мезі бола бастаған жалқау жүрегі қайтадан жанданып, өлімсіреген өзенге таудан тасқын құлағандай, тулап, дүрсілдеп қоя берді. Шыдамы біткен айдауыл Ахатты иығынан тартып:
– Уақыт бітті! – деп қалды.
Еті қашқан қу сүйек иықтың тынымсыз діріл қаққанын қолымен сезген айдауыл амалсыз тағы аялдаған.
Кім білген, бөдененің құйрығындай тұқыл тіршілікте түрменің құлпы мен темір торынан басқа, аш қандала мен атала быламықтан басқа, ақсиған тістер мен ақырған бұйрықтан басқа, бұл тіршілікте туысқандық, қимастық, қиыспастық, өзек өртенер сезімді айдауыл пақыр сонда бір сәтке өз басынан кешкен де болар...
* * * «Есен-сау барсыз ба, Тұрардың көкесі? Біз бір-бірімізді көрмегелі міне, екі жылға жақындапты. Өзіміздің Бесағаштағы жеркепеден сіз аттап шыққалы бері екі жаз, екі қыс өтті. Міне, тағы да көктем шықты. Кеше мен наурыз көкті көрдім. Көзіме жылы ұшырады. Сізден бір хабар берер деп дәметкен едім, тілсіз құс түк айтпады. Сөйтсем, ол жылы жақтан, оңтүстіктен ұшып келеді екен ғой. Ал, сіз болсаңыз Алматының абақтысында, қазір біз Түйметай екеуміз паналап жүрген Меркеден алыстасыз. Мен көрген наурыз көк, сірә мына Меркеден өтіп, Алматыға да барар. Анда-санда абақтыдан сізді далаға шығарғанда сол наурыз көкті сіз де көресіз. Түйметай екеуміздің сәлемімізді, сағынышымызды жеткізер ме сізге жәудір көз, көгілдір құс? Біз сіздің етегіңізден ұстап, қиянға кетуге де ықтиярлымыз. Ол басында құдайдың пешенеге жазғаны сізбен бірге өмір кешу болған. Есіңіздеме, Тұрардың көкесі? Мен сіздің жер кепеңіздің табалдырығын таудай биікке балап, ыс басқан жертөленің аласа төбесін шаңқаң ақ орданың шаңырағындай санап, өз еркіммен аттап едім ғой, Онда мен жасым жиырмаға толмаған жас бала едім. «Қатыны өлген қаңғыбасқа тиген інесі?» – деді жұрт сонда. Ауылнай Таубай сөз салып еді алдында. Тағдыр екен, оған көнбей, сізге көзсіз ілесе бердім. Үйіміз жеркепе болса да, қарлығаштың ұясындай еді. Енді ол қаңырап қалды. Енді мен үш таған ошақты, түбінің жарығы жез шегемен жамалған қара қазанды, қос уыс дән табылғанда талқан тартатын тac диірменді сағынамын. Қалды бәрі де. Тұрар кілтін бұрап сылдырлата беретін ескі әбдіра да қалды. Оның ішінде ақ шүберекке ораулы жататын ақ бәкіні ала кеттік. Сізден тапқан баланың кіндігін сол бәкімен кесуді құдай маған қимады. Жанымыздағы терең сайдан екі шелек су көтеріп келе жатқанда түсік тастап, содан қайтып бала көтермей қалдым мен бейбақ. Бірақ алты айлығында бауырыма салған Түйметай менің өз өзегімді жарып шыққандай. Құдай куә, мені Түйметайдың өгей шешесі деп ешкім айтпас. Тұрардың жөні бір басқа. Ол да менің өз балам. Бірақ менің ақ төсімнің иісін алмаған. Сонда да қатты сағынамын. Не күйде жүр ол қазір? Мені есіне ала ма ? Тірі болсын құлыным. Менен сәлем айтыңыз, анасымын мен оның. Тұрардың көкесі-ау! Азғырған жұрттың айтқаны келді. Мені сіз үлдемен бүлдеге ораған жоқсыз. Біз ерлі-зайыпты болып қосылған бес жылдың ішінде менің иініме бір-ақ рет жаңа көйлек ілініпті. «Батыр байымас» деген рас екен. Бүйіріміз томпайып, тоя тамақ ішкен күніміз аз болды. Бір уыс талқан табылса Тұрар мен Түйметайдың аузына тостым. Өйткені мысық екеш мысық та, қанша аш болса да, ұстаған тышқанын алдымен балаларына әкеліп береді. Таубайға тисем, ақ майы ақтарылған қара шараны өзім ұстар едім. Кеше сіз түрмеге түскенде, Бесағаштағы ауылымыз ойран болғанда Таубай мұны бетіме салық қылып, табалады ғой. Бірақ мен тағдырыма налымаймын, Тұрардың көкесі. Сіздей ер азаматтың әйелі екеніме шүкіршілік етіп, еңсемді түсірмей, жұрттың жүзіне қымсынбай қараймын. Бір елі аузына екі елі қақпақ қоя алмаған жұрт не десе, о десін, менің пірім сізсіз, Тұрардың көкесі. Мен сізге сенемін. Өзіңізбен бірге Сібірге бізді де ала кетпек болғаныңызды есіткенде, менің іші-бауырым елжіреп, сізге – еріме, піріме деген ынтық, мына адасқан қаздай қаңқылдап жүрген сәтте, жаныма сая, іргеме ық болды. Сізге ілесіп, қыстың қыспағында омбылап қалған жаралы киіктей, қиыншылық көрсек те арман жоқ,. Тәңірі қос көріп, төрелердің рақымы түссе, бізді аждаһаның аузына апарсаңыз да, ала кетіңіз, Тұрардың көкесі...». Баланың басындай сом құлыптың сақыр-сұқырынан Рысқұл шошып оянған. Ояна салып өз қолына қарады, жан-жағын сипалады. Ізбайшаның жанағы хаты үшті-күйлі жоқ. Аңырып, есеңгіреп отырып, есін жиғанда барып, әлгінің түсі екеніне көзі жетті. Кенет күн тұтылғандай, көзінің алды қарауытып бара жатты. Түсінде жайраңдаған қайран көңіл бір сәтте талқан болды.
Айдауылдың құлыпты салдыратқанын Рысқұл зарыға күтіп, сағынып жататын. Атуға алып шықпақшы болса да, есіктің бір ашылғаны жақсы. Ал бірақ мына бір ынтызар шақтың шырқын бұза, камераның ішін жарқыратқан күнді сөндіре, әдемі түстен адастыра келген айдауылды қазір Рысқұл екі көзімен есікке шегелеп жібере жаздады.
Айдауылдың соңынан түрменің бастығы Приходько мырзаның өзі кірді. Бастықтың өзі кірсе, тегін келіс емес.
– Қалай, Рысқұл? – деді Приходько шала-пұла қазақша, ескі досымен сөйлескендей.
– Қалай болушы еді, мырза. Сендерден хабар күтіп жатқан.
– Хабар жақсы емес, Рысқұл, – деді Приходько жаны ашығансып. – Сеники қатын отказ берген. Хат мынау. – Приходько қағазды Рысқұлдың қолына ұстатпай қашықтан көрсетті де, баяғы Қырғызбай қолымен арабша жазылған тілхаттың әуелі орысша аудармасын оқып, оны тілі жеткенше қазақшалап берді.
– Сенбеймін! – деп Рысқұл орнынан атырыла түрегелді. – Маған атбекет болған қазақ жігіті қайда? Сол оқып берсін. Менің әйелім емес мұны жазған. Мынау жалған!
Рысқұл ар жағын айта алмай алқынып, демі таусылып барып кенет тоқтады.
– Сеники ақмақ, Рысқұл, – Приходько қауға сақалын талдап тұрып. – Қандай қатын өз еркімен каторгаға барады? Қатындар бәрі сондай. Сенбеу керек.
– Өтірік айтасың, қатындардың бәрі опасыз емес. Опасыз болса, патшаны өлтірмек болған орыстардың қатындары байларының соңынан Сібірге неге барған?
– Оһо, сенің сауатың ашылып қалған екен. Мұны кім айтты саған? А! Кім айтты? Әлгі оңбаған Бронников қой. Солай ғой, ә? Оныкі сандырақ. Сенің жаныңнан оны дұрыс алып кеткен екенбіз. Ал, о басында қасыңа бекер орналастырғанбыз. Көрдің бе, жабайы киргизге декабристердің кім болғанын үйретуін. Ақымақ, сен декабрист емессің ал сенің әйелің артыңнан Сібірге ілесіп баратын дворянка емес. Трубецкая мен Волконская бұзық күйеулерінің соңынан іздеп барса, олар бай болған, қалтасы қалың болған. Өз қаражатымен көшіп-қонған. Ал сенің қатыныңның қалтасында қара бақыр да жоқ. Жолда бір жерде арам қатып қалса, обалына кім қалмақ? Соны білген сенің қатының. Ол сенен ақылдырақ екен. Міне, тілхаты. Көп күйсемей, жолға жинал!..
Приходько есік жаққа бұрыла бергенде, Рысқұлдың жан дауысы шығып:
– Мырза! Онда маған Тұрарды ала кетуге рұқсат ет! – деп ышқынды.
– Жасы жетпеген баланы каторгаға жіберуге заң жоқ, – деді Приходько ашуланып.
– Онда мен губірнатырға арыз айтамын. Гүбірнатырға! – деп қайталады Рысқұл, түрме бастығы губернатордан сескенеді-ау деген үмітпен.
– Айт, айт. Арыз жаз, өзің жаза алмайсың. Анау Бронников деген досыңа жаздыруға рұқсат бергізейін!..
Приходько кетісімен, камераның ішін күдік жайлады. «Сенейін бе, сенбейін бе», – деді Рысқұл сілейіп тікесінен тік тұрған күйі терезеден көрінген айға қарап.
Ай жарықтық толықсып тұр екен. Оның бетіндегі мең Рысқұлға таныс адамның сүлдесіндей болып көрінді. Күндізгіден гөрі түн баласы жортуылда көп жүрген Рысқұлдың ай бетіне анықтап тұрып қарағаны осы болар. Бесағаштағы сайдың табанынан иін ағашпен су көтеріп келе жатқан баяғы Қалипа марқұм мына түрме терезесінен қарап тұрғандай екен. Аспандағы айдың меңі Қалипа болып елестегені Рысқұлды сәл сескендірді. Неге Ізбайша емес, Қалипа еске түсті?
Қалипа марқұм Тұрар мен Түйметайдың анасы еді ғой. Тірі адам тіршіліктің құлы. Тырбанып жүріп, өзектес жан жолдасы болған адамның бейнесін көңілінен өшіріп ала жаздапты... «Қайран Қалипа, сен болсаң маған ілесер едің. Ақ қар, көк мұзда да бірге болар едің. Менің Тұрарымның анасы, Түйметайымның анасы. Аруағың риза болғаны ма? Қысылтаяңда неге елестедің көзіме? Кінәлі болсам, кеш мені!».
Тар терезеден ай қиғаштай берді. Ай бетіндегі мең үндемеді. Үнсіз қоштасу шығар.
Ай тасаланып, камераның іші түнекке толды. Рысқұл еденге жантайып, көзін жұмды. Әлгіде түсінде оқыған Ізбайшаның хаты көңілінде қайта сайрай бастады. Көкірек көзіне Ізбайша елестеген қалпында, кірпігі айқасып, Рысқұл қалғып кетті.
Ізбайша оны жаңа көргендей, түн қараңғысында танымай қалғандай жұмсақ алақанымен бетін сипалады. Маңдайының сызықтарына дейін түгелдеп, құлағының сырғалығын ұстап көрді. Ақыры Рысқұл екеніне көзі жеткендей, бетіне бетін тақап, ерінің мойнынан құшақтап, күрсініп қойып, көп жатты. Тәтті түс Ізбайшаны ғайыптың ісімен Сібірге де, Сахалинге де алып барады.
Сахалин сапарында жүріп, Рысқұл туған елін, Ақсу-Жабағылының аршасын, Алатаудың ақ шыңдарын, жәдігері Тұрарын, тұлымшағы селтиген Түйметайын өзегі үзіліп сағынғанда, Ізбайшаны да аңсайтын болады. Жалған хат пәк көңілді жаңылдыра алмайды.
Приходько үйінде Наташаның бәсіре бөлмесі болар еді. Бөлме тап-тұйнақтай таза, шап-шақ қана. Бір қабырға кітап толы шкафтар, екінші жақ іргеде жап-жалтыр қара пианино тұрады. Жалтырағаны сонша, суретің көрінеді. Наташа гимназиядан келген бойы, портфелін тастай салып, формалы киімін ауыстыруға да шыдамы жетпей, пианиноның ауыр қақпағын ашып, нәзік саусақтарымен піл сүйекті аппақ клавиштарды басып-басып қалғанда, кішкентай жүрегіңнің қылдарын біреу шертіп-шертіп жібергендей сиқырлы үн төгіліп жүре береді.
Ахат атаның қотыр ағаш домбырасынан өзге аспап көрмеген Тұрар үшін пианино дегенің тек ертектің елесі. Бірақ ертек те емес, түс те емес, жалтыр қара ағашын сипауға да жасқанып, сиқырлы күй сандықтың қасында тұр.
– Ойнап көрші, – деді кенет Наташа Тұрарға айналмалы дөңгелек орындықты ұсына беріп.
– Жоқ, мен білмеймін, – деп Тұрар шегіншектеп еді, Наташа оны жеңінен тартты.
– Ұялмай-ақ қой, мүмкін, үйреніп кетерсің. Мүмкін, сенен үлкен музыкант шығар. Сен өте алғырсың ғой. Аз уақытта жазуды да, оқуды да үйреніп қалдың.
Тұрарға мына қыздың боямасыз шын сөзі жігер берді ме, именбей барып орындыққа отырып, әуелі қаз-қатар аппақ клавиштарға бір қарап алып, оң қолының сұқ саусағымен ғана біреуін басып байқады. Дәу күйсандық мұны жатырқағандай гүр ете қалды. Тұрар қысылыңқырап Наташаға қарап еді, қыз сықылықтап күліп жіберді. Сонан соң басқа орындық әкеліп, Тұрармен қатар отыра қалып:
– Кәне, бір ән айтып көрші. Мейлі қазақша бола берсін. Ыңылдап, нобайын келтірсең болғаны, – деді. – Мен қосылайын.
– Ән білмеймін.
– Қойшы. Бірде-бір ән білмейсің бе?
Бесағашта әншілер бар-ақ еді. Бірақ әндері мұңды келетін. Той-томалақта, боза жорада екеу-екеу қосылып айтысқанда, сөздері мына сарындас келетін:
Жиырмаға жиырма жуық дейді
Шаңырақты көтерген уық дейді, ғашық жар.
Оралыңның барында ойна да күл,
Өлгеннен соң қара жер суық дейді, ғашық жар.
Неге екені белгісіз, сол көп әндерден қазір Тұрардың есіне түскені «Елім-ай» болды. Ахат та ұдайы осы әуенді домбырамен тыңқылдатып отырар еді. Қазір Наташа қолқалап қоймаған соң, бала сол әуенді ыңылдап айта бастап еді, Наташа ілезде қағып алып, пианино тіліне түсірді. – Қазақша бір сөз білмейсің, қалайша тез түсініп қойдың? – деп Тұрар таң қалды.
– Музыкаға тілдің, тілмаштың керегі жоқ, жақсы музыка кімге болса да түсінікті, – деді қыз қазақ әуенін бірден ұғып алғанына қуанып.
Хат танымайтын Рысқұлға қатын-баламды өзіммен бірге ала кетемін деп арыз жазып бергені үшін, түрме бастық Александр Бронниковты қайтадан саяси тұтқындар камерасына ауыстырған. Әу бастағы үміті ақталмады. Бір камераға діні басқа орыс пен қазақты қатар жатқызып, ырылдастырып қоймақшы еді, қайта бұлар бірі нағашы, бірі жиендей бауырласып кетті. Рысқұлды қойшы, ол енді қақпанға түскен қасқыр, бүлікшіл Питердің бұзығы бала Тұрарды большевиктердің идеясымен ауыздандырып жүрер деп, Приходько кәнігі революционердің іргесін аулақ салған. Бірақ ақылы түстен кейін кірді. Приходько Тұрардың санасын шіркеудің шырмауығымен шатыстырамын деп жүргенде, Бронников Лениннің есімін оның балғын жүрегіне жазып қойған.
Приходько Тұрарға бір емес, екі мұғалім тауып бергенін де білген жоқ. Бірі өзінің қызы Наташа да, бірі – Александр Бронников. Наташадан Тұрар орыстың тілі мен әліппесін үйренсе, Бронниковтен өміртану ғылымынан, қоғамтану ғылымынан ауызданып, сауат алды. Наташадан ол Пушкиннің атын есітті. Бронников арқылы Ленин есімі жатталып қалды.
Аркаша мен Наташаны Тұрар күймеге салып, гимназиядан алып қайтқанда, Наташа Тұрарды жібермей, екеуі отыра қалып, Пушкиннің ертегілерін оқушы еді. Бір күні Наташа Пушкиннен «Тұтқын» деген өлең оқыды.
«Сижу за решеткой в темнице сырой.
Вскормленный в неволе орел молодой.
Мой грустный товарищ, махая крылом,
Кровавую пищу клюет под окном.
Клюет и бросает, и смотрит в окно.
Как будто со мною задумал одно.
Зовет меня взглядом и криком своим
И вымолвить хочет: «Давай, улетим!
Мы вольные птицы: пора, брат, пора!
Туда, где за тучей белеет гора,
Туда, где синеют морские края,
Туда, где гуляем лишь ветер... да я!..».
– Тұра тұршы, Наташа! – Тұрар қараторы жүзіне қан шапшығандай күреңітіп. – Ол менің көкемді қайдан біледі?
– Кім? – деді Наташа түкке түсінбей, шашыраңқы гүліндей көгілдір көздері тандана кең ашылып.
– Пушкин. Мынау жазып отырғаны менің көкем той. Жуан темір тордың ар жағында, дымқыл түнекте отырған менің көкем. Ол темір торға мұңая қарағанда:
«Әттең, қанат бітіп, мына тесіктен ұшып шығып, ақбас шыңдарға, тек самал ескен кең дүниеге кетсек», – дегендей болып отырады.
– Ой, Тұрарка! – деп күліп жіберді Наташа. Үні ботақанның мойнындағы күміс қоныраудай сыңғырлайды. – Пушкинді алдақашан атып өлтірген. Ол сенің көкеңді қайдан білед?
– Жоқ, Наташа. Мынау менің көкем туралы, – деп Тұрар көнбеді. Көнгісі де, сенгісі де келмеді. Пушкин оның санасына пайғамбар болып енді.
– Енді көкемді алысқа-алысқа алып кетеді. Ол жақта жаз болмайтын көрінеді. Шанаға ит жегіп жүреді екен. Ақ аюы болады екен. Ал, менің көкемнің жыртық шекпенінен басқа киімі де жоқ, – деп мұңайды кенет.
Наташа өзінің кішкентай досын аяп кетті. Оның қам көңілін немен көтерерін білмей, қайтіп қана көмектесерін білмей қиналды. Жүгіріп асүйге барып, ішіне алма салып пісірген аппақ нан әкеліп:
– Мә, Тұрарка, – деді.
Тұрар нанды қағазға орап қалтасына салды.
– Жесеңші, – деді Наташа көкшіл көздері мейірленіп.
– Көкеме апарып беремін. Мүмкін, оны таяуда әкететін шығар. Жолға азығы да жоқ.
– Бишара Тұрарка, – деп Наташа баланың қап-қара шашынан сипап қойды.
Кенет Наташа бөлмесіне Приходько мырзаның өзі кіріп келді. Қорқып кеткен Тұрар орнынан ұшып тұрды. Ұрлық қылған адамдай, қалтасындағы нанды сипалады.
– А, Наташенька, шефке алған шәкіртіңнің табысы қалай? Не оқып отырсыңдар?
– Пушкинді, папа, – деді Наташа жарқылдап.
Приходько қабағы түйіліп, тұнжырап қалды.
– Құдай заңын оқыт оған демеп пе едім? Закон Божий, ол сабақтан өзің де нашар үлгеріп жүрсің, Наташенька. Жақсы емес.
– Мейлі, папа, үйретейін. Өзім де үйренейін. Міне, қазір отырайық, – деп Наташа Закон Божий кітабын іздеп бәйек бола қалды. – Бір тілек айтсам, орындайсың ба, папа? Орындасаң, айтқаныңның бәрін-бәрін істейін.
– Ол не, айта ғой, қызым, – Приходько Наташаның ықыласына риза болғандай қабағы ашылып.
– Тұрардың әкесін каторгаға айдатпай-ақ қойшы. Осында бола берсін, сонда Тұрар да бізбен бірге болады. Екеуміз Закон Божий оқимыз. Жарай ма, папа?
Періште бейнелі нәзік қыз папасының бұғы мойнынан құшақтап, оның сақал басқан топырақ түстес бетіне мөлие қарады. Әкесі қызынын қолын мойнынан босатып:
– Қызым, мұндай әңгімеге араласпа. Бұл бала-шаға араласатын іс емес. Тұрардың әкесі сотталған адам. Оған менің пәрменім жүрмейді. Мен әлгінде оған жолығып қайттым. Тұрарды өзіммен бірге ала кетемін деп жоғары жаққа арыз бермекші. Онысынан түк те шықпайды. Өйткені жасы он төртке жетпеген баланың ссылкаға айдалушының соңынан ілесуіне заң жоқ. Бірақ әкесі кетсе де, Тұрар біздің үйде тұра береді. Солай ма, Тұрарка? Мүмкін, оқуға түсіп кетерсің. Саған құдай әкеңнің жолын бермесін. Құдай жолын қалап ал. Қор болмайсың. Оқып, адам болып, патшаға адал қызмет етсең, бәлкім, кейін әкеңді айдаудан босаттырып аларсың. Сен өте зерек баласың. Әйтпесе, сені үйге кіргізбес те едім. Ал құдай берген қабілетті қор етпеу керек. Аздап сауатың ашылған соң, егер айтқанымды бұлжытпай орындап жүрсең, Духовная семинарияға түсіремін. Сонда жабайы басурмандарды шын құдай жолына бастайтын сен боласың. Әне, адасқан әкеңе сонда қол ұшын бере аласың. Әкеңді жақсы көретінің рас болатын болса, оған көмектесіп, оны шыңыраудан шығарып алудың бірден-бір жолы осы. Ойлан. Мен саған шын ниеттен жақсылық тілеп тұрмын. Құдайға сенсең, құдай сенің тілеуіңді береді. Басқаның шарапаты шамалы. Құдайға сен, бала!
– Тұрарка, кел, тез оқиықшы Закон Божийді. – Періште пейілдес бейкүнә қыз кішкентай досының тұйықтан шығар жолы табылғандай, тез-тез Закон Божийді оқыса, Тұрардың әкесі тез-тез түрмеден босанатындай қуанып, сеніп қалды.
Алтын түстес әдемі шашы толқынданып, ақсары жүзі албырап, шашыратқы гүл көздері жәудіреп, бар ынта-ықыласымен жанашыр болған періште пішіндес қыздың мына бір қызба әрекетіне Тұрар да нанып қалғандай.
Баланың илігейін дегенін көрген Приходько жүзі жылып, түкіс қабағы жадырап:
– Молодцы, – деп бөлмеден шығып бара жатты.
Приходько – патша тәртібінің құлақкесті құлы. Ал оның пәруана түсінігі бойынша, шіркеу патша тағының ең сенімді сақшысы. Патшаға қарсы қастандық пиғыл жайлаған адамдар шіркеуге бармайтындардың, құдайға нанбайтындардың арасынан шығады. Олардың жүрегіне дию-шайтан ұялаған. Ал қазақтың қаршадай баласын, әм зерек баласын христиан дінінің насихатшысы етіп баули алса, онда оның қазақтарға деген ықпалы орыс попының ықпалынан он есе, жүз есе пәрменді болмақ. Татарлардың бірсыпырасы, якут-сахалар, тіпті алыстағы жапондардың едәуірі христиан дініне кіріп, шоқындырылды емес пе? А неге қазақтарды шоқындырмасқа? Бұларды қашанғы мылтықтың күшімен, найзаның ұшымен ұстап тұрарсың. Бұл да керек, әрине. А дінге, қасиетті православие дініне кіргізсең, уысында ұстау оңайырақ. Осы саясатты ояз болып, губернатор болып, түбегейлі қолға алмайтыны өкінішті. Ничего, православие шіркеуінің адал пәруанасы Приходько мырза түбінен ойлайды.
Осындай ойдың толғағында тебіренген Приходько өз бөлмесінің төрінде тұрған иконның алдына барып қайта-қайта шоқынды. Икондағы құдай-ананың қолындағы нәресте оның көзіне Тұрар болып елестей берді. Приходько шошып кетіп, қайтадан жұлқынып шоқына берді.
* * * Тұрар кешкі апақ-сапақта камерасына қайтып келгенде, камерада әкесімен бірге отырған Бронниковты көріп, әрі таңданып, әрі қуанып қалды.
– О, Саша ағай, сіз бізге қайтып келдіңіз бе?
– Иә, Тұрар, сағындым сендерді. Бірақ мені қазір әкетеді. Сен жоқта көкең екеуміздің бітірген шаруамыз мынау, – деп Тұрардың қолына бір тарақ қағазды ұстата берді. Тұрар қағазды өлеусіреген шырағданның әлсіз жарығына тосып тұрып, ежелеп оқи бастады.