Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі Абылай хан атындағы №140 мектеп



Дата28.03.2023
өлшемі54,23 Kb.
#76895
Байланысты:
шерхан мұртаза


Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі
Абылай хан атындағы №140 мектеп
Ғылыми жоба

Автор: 9 «в» сынып оқушысы Ерсейітова Мадина


Тақырыбы: «Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас»
Жетекшісі: Ахметова Жазира Амангелдіқызы
Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының кандидаты : А Мусабаева
Қызылорда 2022 жыл

Мазмұны


КІРІСПЕ....................................................................................................................3
І.Тағылымы мол тарихи тұлға Шерхан Мұртазаның өнегелі өмірі мен еңбек жолы.......................................................................................................................3-5
ІІ.Шерхан Мұртаза –Ұлт жанашыры
Саяси көзқарастар ................................................................... 6-13
ҚОРЫТЫНДЫ................................................................ ......................................14
Пайдаланылған әдебиеттер.......................................................................... ........16

Тағылымы мол тарихи тұлға Шерхан Мұртазаның өнегелі өмірі мен еңбек жолы.



Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Әулиеата уезі, қазіргі Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ топырағында дүниеге келген.
Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Шерхан 1941 жылы Талапты мектебінде бірінші кластың табалдырығын аттаған кезден бастап-ақ оқумен бірге еңбекке де араласты. Балалық шағы соғыстың қиямет, қиын-қыстау кезеңіне тұспа-тұс келді.
1950 жылы Жамбыл қаласында интернат үйінде жүріп, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң әуелі Мәскеу полиграфия институтыңда, үшінші курстан бастап Мәскеудің мемлекеттік Ломоносов атындағы университетінде оқып, журналистика факультетін 1955 жылы бітіріп шығады. Сол жылдардың өзінде-ақ ол башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің бір повесін, Л. Лагиннің «Хоттабыч қарт» романын қазақшаға аударады.
Шерхан Мұртазаның ел, қоғам, мемлекет, әдебиет үшін істеген еңбектері өте көп. Оның бәрін бір мақалада қамтып шығу мүмкін де емес. Алдымен өзі әдебиетке келген аударма ісінен бастасақ. Шерағаң әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың негізгі шығармаларын қазақ тіліне аударыпты. Иә, Шыңғыстың сан-қилы пәлсапалық тұжырымдарға толы шығармаларын аудару кез келген қалам ұстаған адамға оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Осының өзінен жазушының көп ізденгендігі, әрі жазушының ойын терең түсіне білгені анық көрініс береді. Шерағаң Шыңғыс Айтматовтың «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды. Осы шығарманың кез-келгенін екі тілде алып оқып отырсаңыз, шығарманың шұрайлы тілмен өте көркем аударылғанын байқайсыз. Мен бұл жерде Шерағаңның тек жазушы, қоғам қайраткері ғана емес, үлкен аудармашы екенін де айтқым келеді.
Шерхан Мұртаза өзінің шығармаларында адам бейнесін табиғаттың сұлулығымен астастыра өте көркем бейнелейді әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете біледі.
Шерағаңның «41-жылғы келіншек» атты әңгімесінде Хадишаның өмір бойы күткен Мақсұт есімді жары майданға кеткеннен оралмады. Хадиша күні-түні Мақсұтты күтумен болды;
«Сорлысың, сорлы, - деп Ақшай ернін шығарды, ерніңе күйдіргі шыққыр.
- Тағы отыз жыл күт, келеді Мақсұт,- деп кекетті.
- Күтемін, - дедім. - Жүз жыл күтемін, -дедім.
Сөйттім де, ызаға шыдай алмай, айқай салып далаға атып шықтым.
- Қайдасың, Мақсұт! – деп айқайладым.
Үйге енді кіріп отырғаным да осы еді, сен келіп қалдың, Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен, бәлем.
Ол үндемеді. Бәрін үнсіз тыңдап босағада әлі тұр.
- Неге үндемейсің, Мақсұт?! - деп, Хадиша сонда шыңғырып жіберді.
- Хадиша өз даусынан өзі шошынып оянды. (Шерхан Мұртаза. Алты томдық шығармалар жинағы, Алматы, Қазығұрт, 2002. 41 жылғы келіншек. 301-бет)

Бұндай эпизод Шыңғыс Айтматовтың шығармаларындағы әйелдер бейнесімен де үндесіп, сабақтасып жатады. Жазушының адам, әйел бейнесін жасаудағы шеберлігі, таным, түсінігі Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақшаға аудару үстінде де үнемі сезіліп отырады. Бұдан қорытынды: таланттар ұқсастығы, әдебиеттер байланысы, қазақ-қырғыз әйелдерінің әдеби толыққанды бейнесі ұқсас екені анық байқалып отырады.


Жазушының кең құлашты, өзекті шығармасы - бес кітаптық «Қызыл жебе» эпопеясы. Қазақ халқының бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы бұл көлемді туынды Тұрар тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтиды. «Қызыл жебе» халықтың ыстық ықыласына бөленген шығарма. Тағы бір айта кететін жай, «Қызыл жебе» романындағы Тұрар Рысқұловтың туған, жүрген жерін, әсем табиғатын аса бір шеберлікпен, керемет көркем оймен шынайы суреттеуі.
Әрбір адам дөңгеленген тарихта әртүрлі оқиғаларға куә болып қана қоймай, сол күрделі оқиғаларға тікелей қатысты және жасаушы болып тарихта қалатынын оқырманның алдына тартады. Тұрар Рысқұлов сияқты күрделі тұлғаны әдебиетке әкелу жазушының үлкен ізденімпаздығы, тарихи оқиғаларды таразылауы үлкен ерлікке пара-пар деп айтсақ, асырып айтқандық емес. Шын мәнінде Шерхан Мұртаза Тұрар Рысқұлов сияқты ел тұтқасы бола білген азаматты әдебиеттендіру арқылы қазақ әдебиетіне үлкен бір сом туынды қоса отырып танытып берді. М. Әуезов «Абай жолы» романы арқылы қазақ халқының ғасырлық тарихын дүниеге паш етсе, Шерхан Тұрар бейнесі арқылы қарама-қайшылыққа тұнып тұрған қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, ең ауыр кезеңін шынайы суреттей білді.
Ал, проза саласында жазушының әдеби тұлғасын айқындай түскен шоқтығы биік шығармасы, көлем жағынан да мазмұны
Шерхан Мұртазаның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында 6-томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Бұл оқиға жазушының 70 жылдық мерейтойына науқангершілікпен қарау емес, оның әдебиеттегі еңбегін бағалағандық деп айтуымыз орынды. Біздің ойымызша, жазушының аударма туындыларын жеке жинақ етіп шығарса да, артық болмаған болар еді. Себебі, аудармашылық қызмет әр жазушының қолынан келе бермейтін тіршілік. Аудармашылық - әдеби саладағы үлкен шығармашылық құбылыс. Оны жеке басылым етіп шығару, оған талдау жасау, жазушының төл туындысымен қатар санау, қадірлеу жазушының шығармашылық тұлғасын аша түседі.
Шерхан Мұртаза 70 жасқа үлкен табыспен келді. Жазушының еңбектерінде үлкен саналы да сындарлы ой жатыр, ізденіс жатыр, еңбек жатыр, талант жатыр. Жазушының 70 жылдық тойы Тараздың 2000 жылдығымен қатар келіп отыр. Мұны бекер айтып отырған жоқпын, Шерағаң жазушы ретінде де, қайраткер ретінде де ой-санасымен де, жекелеген ісімен де қаланың, өңіріміздің гүлденуіне, өсуіне, еңбеккерлерінің рухани жағынан бай болуына үнемі күш салып келе жатқанын тараздықтар жақсы біледі. Оған бір мысал, қаланың орталық Төле би көшесінің бойынан арнайы өз қамқорлығымен Ш. Мұртаза деген тараздықтардың жиі баратын кітап дүкенінің ашылуы. Бұл біз үшін үлкен қуаныш десек, артық болмас.

Бұл жасқа жазушы үлкен қаламгер, прозашы, публицист, аудармашы, ірі қоғам қайраткері, халықтың жанашыры, жоқтаушысы болып келіп отыр. Ш. Мұртаза әлі де ізденіс үстінде. Болдым, толдым деп отырған жағдайы жоқ. Әлі де туған халқының рухани қажетін етей беруге қам жасау үстінде. Біз қашанда жазушының сол мақсаттарына жете беруіне тілектеспіз.


«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіздер, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер», деген екен Қаныш Сәтпаев.
Жазушы да осындай жеңіске жетті.
М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (1955). 1955 — 56 жылы Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында, 1956 — 60 жылы “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”), 1960 — 63 жылы “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеттерінде тілші, әдеби қызметкер, редактор, 1970 — 72 жылы “Жазушы” баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және “Жалын” альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы “Жұлдыз” журналының бас редакторы, 1975 — 80 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980 — 89 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы, 1989 жылдан-«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. 1990 жылдан - Ұлттық саясат, мәдениет және тілді дамыту жөніндегі комитет мүшесі. 1994 жылдан - Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитет мүшесі, Мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы. ҚазКСР Халық депутаты (1990-1993). ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым (1999-2004)депутаты.1992 — 94 жылы “Қазақстан” мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. 12, 13-шақырылған ҚР Жоғ. Кеңесінің, 2-шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі. 1995 жылдан - шығармашылық жұмыспен айналысуда. 1996 жылдан - «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері
Шерхан Мұртазадай қайраткерлік қызметін қалдырмай жүріп, том-том романдар жазған жазушылар тым сирек. Ол – халқының басындағы аласапыран, алапат кезеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, зіл батпан жүгін қара нардай көтеріп қана қоймай, шым-шытырық шатасқан өз заманының ой жібін шамасы жеткен жерге дейін таратып кетуге талпыныс жасады. Коммунист, редактор Шерхан партия шақыруына үн қосып жазды деген шығармаларының өзінде ой жібі шатаспаған, өткінші саясаттың жетегінде кетпеген. Тіпті заманының қаһарманын жасаймын деп жасандылыққа бармаған.

ІІ.Шерхан Мұртаза –Ұлт жанашыры


Саяси көзқарастар
Оның өндіріс және тың тақырыбына жазылған әңгіме-повестерінің бүгінге дейін көркемдік-идеялық құндылығын жоймауының басты себебі – кеңестік өмірді, оның қаһармандарын орынсыз идеализацияламауында.
Әдебиет пен өнерде орын алған кеңестік кезеңді идеализациялау – ол кезде советтік өмір шындығын дәл көрсету, ал қолдан мінсіз еткен кейіпкерлер сол заманның қаһарманы деп бағаланды. Бірақ мұндай шығармалар жалпылдақ отынның жалыны құсап тез-ақ сөніп қалатын. Өйткені ондай туындылар кезекті партия съезінің шешімдерін ғана басты нысана етіп ұстайтын да, құбылып тұратын саясат толқыны тез-ақ көміп тастайтын. Мұны жақсы түсінген жас жазушы өз уа­қытының тыңын жазса да, кенін жазса да, кейіпкер­лері кезекті қаулыны емес, ата-баба рухын тірек етеді.
Жалпы жас Шерханның да, тарлан Шерханның да көлемді, күрделі шығармаларында алтын арқау болып отыратын үш желі бар. Оның біріншісі – туған жер табиғаты, екіншісі – ата-баба рухы, үшіншісі – шығарманың негізгі сюжеті, яғни кейіпкерінің басынан өтіп жатқан оқиғалар тізбегі.
Шерханның суреткерлік шеберлігінің ерекшелігі де осы үш желінің бір кейіпкердің бір сәтінде-ақ көрініс беруінде. Ол белгілі бір оқиғаны суреттегенде соның айналасындағы жаратылыс құбылыстарын қалт жібермей, табиғатын да, жануар-жәндігін де, сол адам­­ның жай-күйін де қоса қабат қамтиды. Бір сөзбен айтқанда Шерхан баяндамайды, жазумен сурет салады. Көріністі көз алдыңа келтіреді. Оның шолақтау сөйлем­дерінің құдіреті оған жетеді. Ал сол шымыр сөзді шолақтау сөйлемдерде ерекше бір қуат сезіліп тұрады.
Негізгі оқиғаны, оның кейіпкерінің көңіл күйін табиғат көріністерімен астастырып беру көп жазушыларда кездеседі. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолында» Абай Тоғжанмен алғаш оңаша кездескенде ағаш жапырақтары арасынан ай сәулесі нұр боп құйылады. Жәнібек жайлауында пайда болған сол сәуле Абайдың алдынан кейін де үміт оты болып шығып отырады. Ол аспанды бұлт торлаған жаңбырлы іңірде Әйгерім ауылының, ал боранды түнде адасып, жаны азап шеккенде Абайға Тоғжан ауылының оты болып, өмір үмітін жағады.Бір қарағанда табиғаттың, ауылдың көріністері болғанымен, бұл кейіпкер махаббатының образды көрінісі. Ол негізгі оқиғамен қатар өрбіп, өзінше бір желі құрайды.
Шерағаң шығармаларында да мұндай символика жеткілікті. Бірақ олар жұмыр жердегі пенденің жүрегінен тартылған бір нәзік жіп жаратылыспен жымдасып жатқанын білдіреді. Адам мен ғарыштың бірлігін еске түсіреді. Мұны түйсігімен таныған кейіпкердің де, оқырманның да рухы қанаттанып, үміті жалғанады.
Оның «Табылған теңіздегі» Оралы да, «Белгісіз солдаттың баласындағы» Исатайы да, «Бұлтсыз найзағайындағы» Нариманы да тау мен даладағы ұлы еңбекті туған жердің ризығы, оны жайнату ата-баба арманы деп ұғынып, солардың аруағына әр істі бастар алдында сыйынып отырады. Нағыз шындық осы. Қаулы құдіретті емес, тәңірі құдіретті. Мыңдаған жылдық бай тарихы, тәрбиесі, ділі, діні бар елдің ұлы осылай болса керек. Коммунист жазушының коммунист, комсомол кейіпкерлерінің болмысын кезеңдік қаулы өзгерте алмаса керек. Жазушының көрегендігі, шындыққа адалдығы, ұлтжандылығы осында – жас кезінен-ақ құрыштай берік ұлттық дүниетанымында жатыр.
Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» атты повесі бар. 1968 жылы жазылған. Сырт қарағанда Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» еске түсіреді. «Жәмиланы», әсіресе орыс тілді қауым, одан әрі Батыс қызыға қабылдап, қошеметті сөздерін көп айтты. «Жәмиладағы» автор шешімі олардың жанына жақын еді. Өйткені батыс өркениетінде жеке адамның еркіндігі ерекше бағаланады. Өз махаббатын тапқан Жәмила соғыстағы күйеуін күтпестен кетіп қалады. Ол өз бақыты үшін отбасының дәстүрін бұзады.
Шерханның Тотиясының перзенті бар, ол да соғыс жесірі. Бірақ оны соғыста өлген Орақ деген ұлының ошағын сөндірмес үшін, немересі бөтен ауылға кетіп жат болмас үшін атасы Мамай әмеңгерлік жолымен шырылдатып тұрып кіші ұлы Нұрперзентке қосады. Автор да өз кейіпкерлерін жылап тұрып қосқан сияқты.
Автор соғыста өлген Орақтың да, үйленгелі отырған Нұрперзенттің де анасы мешел Арайды да жылатады. Тотияны сүйетін соғыс мүгедегі Тұтанды бұл некеге қарсы қояды. Бірақ ене, келін, автор үшеуі қосыла жылағанымен, Тұтан қанша қарсыласқанымен соғыс кезіндегі қазақ ауылының қатал шындығы жеңеді. Ал ол шындықтың түп-төркіні аруақта жатқан сияқты. Өйткені автор бұл шығармасын былай аяқтайды: «Табалдырық түбіне осыдан ширек ғасыр бұрын Орақтың кіндігін Арай өзі көміп қойып еді...
Арайдың ұзақ күндері, айлар, жылдар бойы босағадан көз алмай, қақшиып қалатын кездерін жақындары ауру адамның әдетіне жориды. Ал дәл сол кездерде босағаға қарамойнақ көгілдір шымшық келіп қонатынын Арайдан басқа ешкім көрмейді...».
Демек, жас өмірді өксітіп, жылап тұрып қосқан автор үшін жеке адамның тағдырынан от басы – Отанның тағдыры биік. Автор үшін ең қасиеттісі – Отбасы-Отанның босағасы, онда ер, азаматының кіндігі көмілген. Ал сол босағаға үнемі келіп қонып, от анасына ғана көрінетін қарамойнақ көгілдір шымшық кім? Оны оқырман майданда қаза болған Орақтың көгілдір шымшық кейпіне түсіп қайта оралуы деп түсіне ме, әлде отбасының киесі деп ұға ма? Қазақ аңыздарында адамның құс, аң кейпіне енуі жиі кездеседі. Бірақ олар тірі адамдар. Ал адам жаны өлмейді. Ол денесін тастап, көк­ке ұшып кетеді. Уақыты келгенде басқа адамның не­ме­се аң-құстың кейпін жамылып, жер бетіне қайта ора­­лады деген түсінік те бар. Бірақ бұл буддалық түсі­нік пе, жоқ ежелгі түркілердің танымында да кездесе ме?
Жазушының қолданып отырғанына қарағанда қазақ арасында қазір де сақталып отырған наным. Бүгінгі қазақтың дүниетанымын қалыптастырған кездерді қарастырғаңда бұл да арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Сонымен бір тақырыптағы кейіпкерлері тағдырлас екі шығарма. Бірақ екі түрлі шешім. Айтматов жан бостандығын жырға қосса, Шерхан Мұртаза қазақ қоғамы құрылымының ең негізгі сатысы, бастапқы ұясы – отбасы беріктігін, ер-азамат рухының биік болуын жырлайды. Екеуі де шындық, бірақ бір күректің екі басы. Екі түрлі дүниетаным, бірақ ғасырлар бойы үйлесімін таппай келе жатқан бір бүтіннің екі жартысы.
Кеңестік кезенде Еуропа «Жәмиланы» аспанға көтеріп әкетті. Кейінірек қазақ тілінде жарық көр­ген «Мылтықсыз майданды» ол кезде аспандату мүмкін емес еді. Шығарманың көркемдік қуатының кемдігінен емес, қазақтың ескі ғұрпын кие еткендіктен де бұл шығарманы дәріптей қою қиын болатын.
Ал негізінен әдебиеттің тарихына тереңдеп кеткен зерттеуші ғалымдар бүгінгі прозаға бет бұрар емес.
Бәлкім зерттеушілер осыдан 34 жыл бұрын жазылған «Мылтықсыз майдандағы» өз отанының табал­дырығына көмілген ер жігіттің кіндігіне енді назар аударар. Шерханның ерте жазылған шығарма­ларының өзінде үнемі ата-баба аруағының ілесіп жүретінінің себебін енді ашар. Оның шығармаларында символиканың көп болу сыры неде? Шерхан Бәйтеректі, Шынарды («Ноқтаға басы сыймаған» пьесасы) неге кие етеді? Қазақ дүниетанымының бір қайнары – мифтердегі бәйтерек, шынар өмір өзегі болып саналуы мен XXI ғасыр жазушысының дүниетанымын не байланыстырып тұр? Ананың ғана көзіне көрінетін шымшық, баланы жол бастап алға жетелейтін теңбіл торғай мен Шолпан кебіс гүлі («Қызыл жебе») қазақ түсінігінде нені меңзейді? Мұның бәрі зерттеушіні қазақ дүниетанымы қалыптасуының тереңіндегі қатпар-қатпар, жықпыл-жықпыл қыртыстарға қарай жетелейді. Сол қыртыс жазушының Тұрар Рысқұлов туралы көптомдықтарында («Қызыл жебе»1,2, «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ») тіпті қа­лың­дай түседі.
«Қызыл жебе» (айтуға жеңіл болуы үшін барлығын бір-ақ атаумен атайық – Е.Ә.) көлемі жағынан да, көтерген жүгі мен көркемдігі жағынан да Шерхан Мұртазаның бас кітабы. Көп оқылып, шын мәнінде, халық жазушысы еткен шығармасы. Қазақта мұндай мол ауқымды, кең тынысты романдар циклын берген санаулы жазушылардың қатарына қосқан еңбегі.
«Қызыл жебе» жарыққа шыққан уақытта қазақ әдебиеті тарихи романдарға аса кедей емес еді. Оның көш басында М.Әуезовтің «Абай жолы» тұрды. Сталиндік тоталитарлық режім тұсында жазылса да, «Абай жолы» – тарихи романдар көшінің басы ғана емес, биігі де. Сондықтан да кейінгі роман­дардың көркемдік деңгейін «Абай жолының» дең­гейімен белгілейміз. Бірақ әрбір жазушының қазақ дүниетанымын кеңейтуге қосқан өз үлесі бар. М.Әуезов қазақ жазушылары үшін көптомды еңбектің үлгі­сін жасады. Өзгелер сол үлгіні ұстанды, дегенмен олардың әрқайсысы өзінше бір тыңды игерді.
Жиырмасыншы ғасырға дейін өткен тарихының жазба әдебиетте көркем бейнесі мен шежіресін жа­самаған халықтың қаламгерлері бұл іске ғасырдың екін­ші жартысында Сталин өмірден өткен соң ғана мық­тап кірісті.
Шерхан Мұртаза сол бір қиын міндетті қазақ қаламгерлерінің ішінде алғашқы болып қолға алды. 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Байжарасов деген кісінің Тұрар Рысқұлов туралы мақаласын оқығанын, мақала қатты әсер еткені сонша, сол кезге дейін есімін атауға тыйым салынған осынау ұлы тұлға туралы көркем шығарма жазуға бекінгенін, ал редакция ретушер-суретшісінен сұрап алған Тұрар Рысқұловтың суреті жинаған материалдарының басы болғанын есіне алады кейіннен жазушы. Бірақ бұл мақала Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында қаралып, оны жариялаған газет редакторы Қасым Шәріпов орнынан алынады. Тұрар Рысқұлов қылмыскер ретінде ақталса да, саяси қайраткер ретінде ақталмапты. Қаулы Тұрар Рысқұловты бастан-аяқ қаралап шығады. Тіпті ол туралы қайтып жазуға саңлау қалдырмай қаралайды. Сол кездегі партия басшылығының қаулысының мәтінін оқығанда жас журналистің мұндай қайсар шешіміне қайран қал­масқа лажың жоқ.
Оның үстіне кешегі «халық жауы» туралы кең тынысты роман кеңес әдебиетінде әлі дүниеге келген жоқ болатын. Оған үлгі боларлық М.Шолоховтың «Тынық доны» да, А.Толстойдың «Азапты сапары» да, Б.Пастернактың тыйым салынған «Доктор Живагосы» да кең тынысты полотнолар болғанымен, олардың кейіпкерлері өмірде болған ірі мемлекет қайраткері емес. Әдебиетте ерекше орны бар бұл романдардың бас қаһармандары – халықтың қалың ортасының өкіл­дері. Ал қазақ жазушысының бас кейіпкері – өз халқының озып туған ұлы, бүкіл Түркістанның, кейін­нен РСФСР-дың басшыларының бірі, Коминтерн бел­сендісі.
Мұндай тұлғаның әдебиеттегі бейнесін жасау үшін жа­зушы да сол биікке көтерілуі тиіс. Тіпті интеллект жағынан өз қаһарманынан асып тұруға міндетті. Өйт­пеген күнде образ ашылмайды. Сонымен Шерхан Мұр­таза – Кремльде отырып «халық жауы» болып аты­­лып кеткен қайраткерлер туралы күллі кеңес әдебие­­тінде алғашқылардың бірі болып роман жазған жазушы.
Бұл шығарманы шығарудың қиындығы да осында болатын. Өйткені оның заманы да, сол заман тудырған айрықша тұлға Тұрар Рысқұловтың өмірі де аса күрделі еді. Шерхан Мұртаза талай қайраткерді де, қаламгерді де орта жолда мерт еткен осы бір «тар жол, тайғақ кешумен» кейіпкерімен бірге өзі де жүріп, Тұрар Рысқұлов сүрінбеген қиялардан оның қаламы да мүдірмей өтуге тиіс еді.
Бұл міндетті абыроймен атқаруға жазушының шеберлігі де, интеллекті де жетті. Ең бастысы, оның бойынан кейіпкерінің рухындай өршіл асқақ рух табылды. Сол рух оны Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік жолындағы небір қиын-қыстау тұстардан қылшық жуытпай алып шықты. Оның бәрін санап беруге бұл мақаланың көлемі көтермейді. Бастыларын айтар болсақ, Түркістан Совнаркомы бастығының бүгінде шаруалар деп бағаланған басмашыларға көзқарасы, керек болса олардың көтерілісін басудағы әрекеті, Түркістан тәуелсіздігін қорғап Лениннің алдында болуы, аштықтан қырылып жатқан Қазақстанға көмек сұрап Сталинге кіруі, коммунист Тұрардың алашордашылармен ара қатынасы, тағысын тағылар. Сөйтіп Шерхан Мұртаза Кремльдегі өмірді жазған тұңғыш қазақ жазушысы болды. Ол аз десеңіз, талай жазықсыз қайраткерлер азап шегіп, атылған әйгілі Бутырканың ішіне де қазақ оқырмандары Шерхан шығармалары арқылы енді. Романда XX ғасырдың басынан 1937 жылға дейінгі ең аласапыран, бүкіл әлемді дүр сілкінткен дәуірдің барлық қатпарлары қамтылғанын қысқаша былай көрсетуге болады:
Тұрардың өз отбасы, әулеті – бірінші қатпар.
Талғар мен Түлкібастағы, Меркі өңіріндегі қазақ ауылдары мен орыс селендері, Ферғанадағы басмашылар. Бұлар сол кездегі қоғамның ең негізгі қыртысы, қалың бұқара – екінші қатпар.
Меркі сияқты поштасы, саудасы, мектебі бар әкімшілік орталығындағы өмір – үшінші қатпар.
Әулиеата, Шымкент – уезд орталықтары – төртінші қатпар.
Верный – губернаторы басқарған облыс орталығы – бесінші қатпар.
Ташкент, Орынбор – алғашқысы Орта Азия халық­тарының бәрі кіретін Түркістанның, кейінгісі Қазақ авто­номиялық республикасының орталықтары – алтын­шы қатпар.
Мәскеу, Кремль – РСФСР, КСРО астанасы – жетінші қатпар.
Баку, Ұлан-Батор, Коминтерндегі қызмет – сегі­зінші қатпар.
Бутырка түрмесі, Мурманскідегі, Ақмола конц­лагерлеріндегі адам басына бермес азапты өмір – тоғы­зыншы қатпар.
Романда осының бәрі қамтылған. Мұндай мол ауқымды шығарма қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болған жоқ. Рас, Сәкен Сейфуллин азап вагонын суреттеді. Бірақ ол әлі Ежов, Берия, Вышинскийлердің уақыты емес. Петербургтегі, Мәскеудегі патшаны, оның шенеуніктерін бейнелеген шығармалар (С.Мұқанов, Ә.Кекілбай, М.Мағауин т.б.) болды. Бірақ олар Ленин мен Сталиннің дәуірінен бұрынғы өмір. Бір сөзбен айтқанда Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» ар­қылы қазақ оқырманына бүтін бір дәуірді ашып берді. Әдебиет теориясына жетік сыншы Сайлаубек Жұмабековтің бұл романдар цикліне – эпопея деп айдар тағуының себебі де осыдан болу керек.
Әр дәуірдің осындай бүтін бейнесін жасап берген жазушы бұрынғы-соңғы тарихта аз емес. Бірақ қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаны олардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол – осынау бес кітаптан тұратын ұзақ шығарманың өн бойында қалмай өзінше бір желі болып ілесіп отыратын аруақтар рухы. Аруақтарды бас кейіпкермен тең дәрежеде осылай ілестіріп отыру, оны шығарманың басты өзегі ету – Шерхан шығар­маларында ғана кездеседі.
Коммунист қайраткер туралы коммунист жазушы коммунистік қоғамда тұрып жазған бұл романның басты өзегі – ұлт рухы. Сол ұлт рухы үнемі алдыңнан шығып отыратын ата-бабаның аруақтары арқылы көрініс береді. Ол – кешегі Қоқан үстемдігіне қарсы азаттық күресінің қаһарманы, Рысқұлдың бабасы Әлімбек батырдың аруағы. Романның бірінші кітабынан кейін айдауға кеткен Рысқұлмен Тұрар тек ой-қиялмен сөйлеседі. Кейіннен Кремльге, Бутырка түрмесіне әруақ болып келеді. Рысқұл елесі үнемі Тұрардың қиналған шағында дем беріп, рухтандырады. Сөйтіп негізінен сол ой-қиялмен тілдесу, хат жазысу, аруақ болып елес беру арқылы Рысқұл өмірі де қамтылып шығады. Жалпы Рысқұл – тарихшылар жеткілікті назар аудармай жүрген тұлға. Оның әрекеттері, патшаның ресми өкілі – болысты атып өлтіруі Ресейдегі, басқа да мемлекеттердегі бар әділетсіздікті жеке билеушілерден көріп, террорлық әрекеттерге барған түрлі қозғалыс өкілдерін еске түсіреді. Оның үстіне бұл 1905 жылы болған оқиға. Орыстың бірінші төңкерісі өтіп жатқан кезең. Рысқұлдың осындай оқыс шешіміне Ресейде болып жатқан дүмпудің әсері қаншалықты? Ал қазақ даласында 1905-07 жылдары болысқа, әлде шенеунікке оқ атқан Рысқұлдан басқа адам болды ма екен?
Міне, бұл сұрақтарға жауап Рысқұлдың тарихи орнын айқындай түседі. Қалай болғанда да ұлы Мұхтар Әуезовтің өзіне қалам тарттырған Рысқұлдың бұл әрекеті – сол кездегі қазақ даласында сирек кездесетін құбылыс, бәлкім біреу болуы да.
Осылар тарихи негізделсе, Рысқұл Жылқыайдарұлы жай ғана ауыл арасының барымташысы емес, 1905-07 жылдардағы патшалық отаршылдыққа қарсы қозғалыстың қаһарманы болып шығады. Романның Рысқұлға арналған беттерінде мұның бәрі тұр. Отар­шылдыққа деген Рысқұл аузымен айтылып, Тұрардың құлағына құйылған ыза асып-төгіліп жатыр.
Рысқұлдың патша өкіліне қарсы 1905 жылы атқан оғы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласты.
Рысқұлдың баласына түрмеде айтқан өсиеті Рысқұлұлы Тұрарды сол көтерілістің саяси жетекшісі дәрежесіне көтерді.
Рысқұлдың арманы – Қызыл жебе атты тұлпарға бабасы Әлімбектің күміс ерін ерттеп міну. Қызыл жебе – символ. Оны сол қазақ деген елдің қызыл тілді жыраулары сан ғасыр жырлаған. Бұл исі қазақ арман­даған сәйгүлік – өмір символы. Бірақ мынау опасыз жалғанда мұндай арманның жүзеге асуы мүмкін емес.
Тұрар танымында аруаққа айналған Рысқұл енді бәрінен биіктеп, Алатаудың айқұш-ұйқыш шың­дарынан орғытып өтіп, бұлтпен араласып кетіп бара жатады. Сол биікке баласын да шақырғандай болады.
Өйткені қазақ Құдайға құлшылық жасау арқылы барлық нәубетке көніп, шүкіршілік етумен бірге, әруақты айтқан кезде арқасы қозып шыға келеді.
Сондықтан да құдайы тәубешілікке келтіріп, әруағы ат ойнаттыратын қазақтың рухын түсіру мүмкін емес. Мұны отаршылдар баяғыда-ақ зерттеп білген. Сөйтіп қазақты отарлау тәсілін басқа елдерден өзгеше құрған.
Рысқұлдың трагедиясы – Қызыл жебені өз қолы­мен ұрлап әкеліп, Саймасайға тапсыруында.
Тұрардың трагедиясы – өзі орнатысқан өкіметтің өзі қамын жеген «халықтың жауы» етіп, азапқа салып, атып тастауында.
Рысқұл Қызыл жебенің бағын ашамын деп ойлады, нәтижесінде Саймасайдың қолымен сәйгүліктің қаны шашылды.
Тұрар халқын ұшпаққа шығарамын деп ойлады. Нәтижесінде оның аштан қырылғанын көрді.
Рысқұлдың да, Тұрардың да трагедиясы – адамзат трагедиясы. Адамзат өмірі осындай трагедиялардан тұрады.
Рысқұл трагедиясының басы – қазақы ырым, ауы­рып қалған жалғыз ұлын қара қойдың етімен қал­жалау әрекеті. Ол қой Рысқұлда жоқ. Бірақ жалғыз ұлы – ұрпағы үшін бәріне барды. Ақыры Қызыл же­бені де ұрлады. Тұрардың трагедиясының басы – ұлт­­­жандылығы. Ол сол ұлты үшін Сталиннің, әлде Голощекиннің қолтығының астында күн көріп отыра бер­мей, басын бәйгеге тікті.
Рысқұлдың жалғыз ұлы Тұрар аурудан, Сай­масайдың жазалауынан аман қалып, ер жетті. Үлкен аза­мат, қайраткер болды.
Қазақ елі де тәуелсіздікке қол жеткізді.
Рысқұлдың да, Тұрардың да арманы өздері өмірден өткен соң орындалды. Олар сол армандарының құр­бандығы болды. Бірақ өлгеннен кейін із-түзсіз кетпеді. Сол армандарының жүзеге асуына аруақ болып көмек­тесті. Өзінен кейінгілерге рух берді. Тұрардың ұлы Ес­кендір концлагерьде өлді. Сталин мұндай рухы күш­ті адамнан еркек кіндік қалдырғысы келмеді. Бірақ ол қателесті. Өйткені қазақтарды білмейтін еді. Тұрар­дың, қазақ халқының тағдыры туралы онымен бірігіп Ленин­ге хат жазған Ахмет Байтұрсыновтың, Алашорда партиясында болғандығы үшін үйінде жұмыссыз отыр­ғанымен, ауру Тұрарды ұзақ уақыт бағып-қаққан Жанша Досмағамбетовтің, тағы басқа арыстардың рухы бүкіл қазаққа берілді. Қазақ аруақты осылай баға­лайды, сондықтан да рухы осылай кө­теріледі. Шер­хан Мұртаза шығармаларын оқығанда осындай қоры­тындыға келесің.
Қазақ болғаның үшін мақтаныш сезімің бойыңды кернеп, өзің де ұлтың үшін бірдеңе істегің келіп кетеді.
Оның «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Ноқтаға басы сыймаған» («Бауыржан батыр»), «Домалақ ана» пьесаларында да қазақ рухы осылай асқақтатылады.
Айтпақшы, Шерхан Мұртаза да Тұрар Рысқұловты көрдім, ол «Қызыл жебені» жазып отырғанымда терезем­нен көрінді, дейді.
Бір кезде «айналасы жұп-жұмыр тегіс келген» әңгімелерден бастаған жазушы қазақ әдебиетіне көп томдық роман әкелген санаулы қаламгердің биігіне көтерілді. Қызметін баспаның редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент депутаты болып, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді.

Қорытынды

Өз дәуірінде Қазақстанның гүлденуі мен халқының кемелденуіне өлшеусіз еңбек сіңірген дарабоз тұлғаны қалай мақтасақ та жарасымды.
Шерхан Мұртазаның өнегелі өмірін бір зерттеу жұмысымен айтып тауысу мүмкін емес.
Бүкіл ғұмырын жазушы үлкен қаламгер, прозашы, публицист, аудармашы, ірі қоғам қайраткері, халықтың жанашыры, жоқтаушысы болып келіп отыр.
Ш. Мұртаза әлі де ізденіс үстінде. Болдым, толдым деп отырған жағдайы жоқ. Әлі де туған халқының рухани қажетін етей беруге қам жасау үстінде. Біз қашанда жазушының сол мақсаттарына жете беруіне тілектеспіз.
«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіздер, сөз жоқ, жеңіске жетесіздер», деген екен Қаныш Сәтпаев.
«Қызыл Жебе» арқылы әр дәуірдің осындай бүтін бейнесін жасап берген жазушы бұрынғы-соңғы тарихта аз емес.Бірақ қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаны олардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол – осынау бес кітаптан тұратын ұзақ шығарманың өн бойында қалмай өзінше бір желі болып ілесіп отыратын аруақтар рухы. Аруақтарды бас кейіпкермен тең дәрежеде осылай ілестіріп отыру, оны шығарманың басты өзегі ету – Шерхан шығар­маларында ғана кездеседі.
Саналы ғұмырында саяси көзқараспен ел танымын,халықтың мұң мұқтажын ойлап кеңінен қарауға тырыстып бақты. Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз. Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда! Деп өткір ойларды ашық айтты.
Шерхан Мұртаза қазақ елінің тәуелсіздігі мен жаңаруы жолында еңбек еткен Ұлы тұлға.
Шерхан Мұртаза! Бұл есімнің халық жадында жат­­талғанына бірнеше жылдан асып кетті. Осы жылдарда әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылды. Бірақ олардың арасында Шерхан жұлдызы еш көмескіленбей, қайта бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түсті.

«Шерхан Мұртаза:қоғамдық саяси көзқарас»


атты ғылыми жобаның ұсыныстары

1.Қызылорда қаласы мектеп қабырғаларында оқылатын «Қазақ әдибеті» оқулықтарындағы Шерхан Мұртаза жайлы толыққанды материалдар енгізу;


2.Мектептегі гуманитарлық оқыту бағыттарда Шерхан Мұратазаның зор еңбегі туралы арнаулы курс енгізілсін;
3. Шерхан Мұратазаның жыл сайын мектеп оқушылары арасында да ғылыми-конференциялар мен кездесулер ұйымдастыру;
4.Бүгінгі менің және басқа оқушылардың ғылыми жұмыстары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланса, елін, жерін, Отанын қорғауға деген жастардың патриоттық сезімі оянып, тәуелсіз елінің қадірін білетін білімді де тәрбиелі жастар қалыптасар еді.
Осындай іс- шаралар тек атаулы күндерде ғана емес, кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде қалатындай жыл сайын қалалық, облыстық деңгейде өткізіліп отырса екен.Жастар көптеп тартылса нұр үстіне нұр болары анық.

Пайдаланған әдебиеттер мен баспасөз материалдары:


Амандосов Т. Публицистика дәуір үні/.-Алматы: Қазақстан, 1974.- 56-59 бб.


Шерхан шері /Ш.Елеукенов Жас Алаш.-2002.- 28 қыркүйек.-7 б.
Шерхан Мұртаза. Абай сәулесі. A., 2017. - 24 б.
С.Жұмабек «Жұлдызы нұрлы суреткер» А., 2002
2) М.Көпбаева «Шерхан Мұртаза шығармашылығы» А., 2001
3) Қ.Мұхамеджанов «Кесек тұлға кенен дарын» Кітапта: «Шер аға» А., 1993 65 – б.
4) Р.Бердібек «Заманына сазы» А., 1985, 108 б.
5) М.Қаратаев «Революция рухымен» А., 78 ж., Р.Бердібаев «Биік парыз»

«Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас»


тақырыбындағы ғылыми жұмысының зерттеу күнделігі

Автор: Ерсейітова Мадина


Жетекші: Ахметова Жазира




Мерзімі

Жұмыс мазмұны

Зерттеу әдістері

Ескерту

1




Маған ұстаз тарапынан бірнеше ғылыми жұмыстың тақырыбы ұсынылды

Тақырып таңдау

Өзекті тақырыпты таңдау

2




«Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас»
тақырыбы бойынша материалдар іздеу үшін тапсырмалар берілді

Материалдар іздеу




3




«Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас»
тақырыбы бойынша ғылыми жұмыстың жоспарын құрдым

Жоспар құру




4




Ұстазым ғылыми жұмыстың ережелерімен таныстырды

Тақырыпқа байланысты мәліметтер іздеу




5




Жинаған мағұлматымды қайтадан қарап, оқып шығып, ұстазыма көрсеттім

Әңгімелесу, ұстазбен сұхбаттасу




6




Бүгін кіріспе бөлімді бастап жаздым.
Жоспар құрдым, зерттеу бөліміне «Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас»
туралы қызықты мәліметтерді іздей бастадым

Жинақтау, саралау




7




Интернет желісінен өзіме керекті мағлұматтарды іздедім.

Тақырыпқа байланысты мәліметтер іздеу




8




Кітапханаға барып мәлімет таптым.
Газет беттерінен көптеген құнды ақпараттарды алдық

Тақырыпқа байланысты мәліметтер іздеу




9




Жаңа мәліметтерді жоспар бойынша негізгі бөлімге кірістірдім

Тақырыпқа байланысты мәліметтер іздеу




10




Қорытынды бөлімді компьютерге жаздым. Зерттеу бөліміне көптеген жаңа тың идеялар тауып көрсеттім, дәлелдедім

Қорытынды бөлімді компьютерге жаздым




11




Қағаздарымды шығарып мектепшілік ғылыми жобаларға дайындала бастадым. Ғылыми жобама пайдаланылған әдебиеттерден сілтеме жасадым

Баяндау, оқу, мазмұндау




12




Ұстазым екеуміз бірге отырып компьютер арқылы презентация құрдық

Слайд жасау




13




Ұстазым маған жобаның күнделігін толтыруды үйреттті

Күнделік толтыру




Қызылорда қаласы Абылай хан атындағы №140 мектептің 9 «в» сынып оқушысы Ерсейітова Мадинаның «Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас» тақырыбындағы ғылыми жобасына



ПІКІР
9 «в» сынып оқушысы оқушысы Ерсейітова Мадинаның «Шерхан Мұртаза: қоғамдық саяси көзқарас» тақырыбына зерттеу жұмыстарын жүргізген.Бұл жоба ауқымды және тиянақты еңбекті қажет ететін жұмыс болып табылады. Тағылымы мол тарихи тұлға Шерхан Мұртаза туралы мәліметтер жинап, ол кісінің өмірлік ұстанымын қасиеттерін ерекше атап көрсеткен. Келешекте бұл жұмысты дамыту арқылы оқушылар елінің тарихи тұлғаларын ұмыттырмай, ел мұрасының дамуына өз үлестерін қосады.
Ол кісінің жүріп өткен өмір жолын зерттеумен қатар жас зерттеуші жазба деректердегі материалдарды жақсы пайдаланып, тақырыпты кең көлемде аша білген, толық деректер, жинақтаған. Зерттеу жұмысын бұрын-соңды қамтылмаған тың мәліметтермен ерекшелеуге тырысқан. Тақырыпты жан-жақты ашып ғылыми тұжырымдар жасау үшін Қызылорда облыстық кітапханасы, сонымен қатар, А.С.Пушкин атындағы Қызылорда қалалық кітапханалар жүйесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханалары және облыстық архивтің дерек қорлары пайдаланылған.Осы орайда жас зерттеушінің архивтен, кітапханадан алған құжаттар негізінде өздерінің ел тарихын зерттеуі басқаларға үлгі болатындай жәйіт. Осыған орай қала мектептерінің оқушыларын архивте жұмыс жасауға, ізденуге шақыруды жандандыру керек. Зерттеу жұмысында оқушының өзіндік ізденісі байқалады. Келешекте бұл жұмысты дамыту арқылы оқушылар елінің тарихи тұлғаларын ұмыттырмай, ел мұрасының дамуына өз үлестерін қосады.Шерхан Мұртазаның қоғамдық саяси көзқарасын әр кезеңдермен,уақыттармен салыстырмалы түрде айқындап дәлелдермен айшықтауға тырысқан.Ерсейітова Мадинаның жұмысы қорғалуға лайық деп санаймын.
Тарих ғылымдарының кандидаты,доцент
Абылай хан атындағы №140 мектеп директоры: А.Н.Мусабаева

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет