Қызылорда қазақ акср-інің астанасы және сұлтанбек қожанов



Pdf көрінісі
Дата23.02.2017
өлшемі233,16 Kb.
#4713

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЗАҚ АКСР-ІНІҢ АСТАНАСЫ ЖӘНЕ 

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ. 

Мақалада  автор  Сұлтанбек  Қожановтың  қоғамдық  саяси  қызметі  туралы  жаңа  қорытындыға  келіп,  өзіндік  пікір  ұсынды. 

Автордың  анықтауы  бойынша  Сұлтанбек  Қожановтың  өлімін  кеңестік  қуғын  сүргін саясатының шектен  шыққаны  деп  топшылайды. 

Сонымен  бірге,  Сұлтанбек  Қожановтың  қоғамдық-саяси  қызметін  көптеген  деректер  негізінде  нақтылап,  тарихнамалық  талдаулар 

жасалынған. Сондықтан да Сұлтанбек Қожановтың қазақ тарихындағы алатын орнын саралап, ашып көрсету үшін әлі де зерттей түсу 

қажет деп есептейді.  



Түйін  сөздер:  Қазіргі  заман,  Сүлеймен  Есқараев,  И.Сталин,  С.Меңдешев,  Кеңес  Одағы,  Түркістан  АКСР-і,  Қазақ  АКСРі, 

Қызылорда және т.б..

 

 

1918-1920  жылдары  азамат  соғысы  аяқталғаннан  кейін  Түркістан 

республикасын  ұлттық  белгілері  бойынша  бөлу  қажетілігі  туындады. 

Түркістан  АКСР-і  1918  жылы  құрылып,  кеңес  ұлттық  мемлекетінің 

Орта  Азиядағы  негізін  қалады.  Осы  уақытта  Бұхара  және  Хорезм 

республикалары  да  құрылды.  Бірақ  бірде-бір  республика  халықтың 

құрамы  жағынан  өздерін  ұлттық  республика  деп  атай  алмайтын. 

Олардың  барлығы  өзбек,  түркімен,  қырғыз,  тәжік  және  қарақалпақ 

халықтарының ұлттық мемлекетін құру үшін негіз қалайтын  уақытша 

республикалар болатын.  

Осындай үдерістер 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інде жүріп 

жатты.  РКФСР  Халық  Комиссарлары  Кеңесінің  1919  жылғы  10  шілдедегі 

шешімімен  қырғыз  (қазақ)  өлкесін  басқару  жөнінде  революциялық  комитет 

құрылды[1,  81б.].  Онда  жоғарғы  әскери-азаматтық  басқару  іске  асырылды. 

Кирревкомның  бірінші  құрамы  құрылып,  оның  төрағасына  Станислав 

Пестовский  бекітілді.  Бұл  ұйымның  құрамына  әр  кезеңдерде  Ә.Жангелдин, 

С.Меңдешев,  М.Тунганчин,  В.Лукашев,  А.Д.  Авдеев,  А.Аитиев  және 

басқалар  кірді.  РКФСР,  ВЦИК  және  Халық  Комиссарларының  кеңесі  1920 

жылы  26  тамыздағы  «Қырғыз  (қазақ)  Автономиялы  Кеңестік  Социалистік 

Республикасын  құру  туралы  декретте  жергілікті  кеңес  олардың  атқару 

комитетері  арқылы  биліктің  және  басқару  органдарының,  Орталық  Атқару 

комитеті,  халық  комиссарлар  кеңесінің  және  халық  комиссарларының 

құрылымдары айқындалды[2, с. 61]. 

1920  жылы  22  қыркүйекте  Бүкіл  Ресейлік  Орталық  Атқару  Комитеті 

және  1920  жылғы  11  маусымдағы  кеңестердің  Орынбор  конференциясы 

Орынбор губерниясының Қазақстан құрамына кіруі туралы шешімін бекітті. 

Орынбор  қаласы  республика  орталығы  болды[3,  168  б.].  Іс  жүзінде  Қазақ 

АКСР-ын  құруға  дайындық  кезінде  және  оның  алғашқы  жылдарында 

Орынбор  қаласы  Қазақстанның  әкімшілік-саяси  орталығы  талаптарына 

жауап  берді.  Әкімшілік-аумақтық  жағынан  Қазақ  АКСР-і  Орал, 

Орынбор,  Қостанай,  Ақтөбе,  Бөкей,  Ақмола,  Семей  және  Адай 

аудандарына  бөлінді.  Жетісу  және  Сырдария  облыстарының  қазақ 

аудандары,  оның  ішінде  Перовск  және  Қазалы  уездері  Түркістан 

АКСР-інің  құрамында  қалды.  Орта  Азияның  ұлттық  аумақтық 

шекарасын  межелеу  туралы  мәселе  1924  жылдан  бастап  талдана 

бастады.  Сол  жылдың  наурыз  айында  Ташкент  қаласында  арнайы 

кеңес  өткізіліп,  онда  Түркістан  коммунистік  партиясы  өлкелік 

комитетінің  хатшысы  А.  Рахымбеков  баяндама  жасады[1,  86-87  бб.]. 



Кеңеске  қатысушылар  Түркістанның  ұлттық  аумақтық  межеленуін 

қызу қолдады.  

Ұлттық  межелеу  туралы  мәселені  талқылау  республикаларда 

одан  әрі  жалғасты.  Түркістан  АКСР-ін  ұлттық  аумақтық  межелеуді 

бүкіл  халық  болып  талқылау  барысында  қарақалпақ  еңбекшілері 

Хорезм  республикасы  Ходжейлі  облысының  қарақалпақтарымен 

қосылып,  Қазақ  АКСР-інің  құрамында  Қарақалпақ  автономиялы 

облысын  құруға  тілек  білдірді.  1925  жылдың  басында  Төрткөлде 

болған  Қарақалпақ  автономиялы  облысы  Кеңестерінің  І  съезінде 

қожалық  құрылысы  мен  жергілікті  Кеңес  аппараты  жұмыстарын 

жақсарту  және  басқа  да  мәселе  қаралды.  Қарақалпақ  автономиялы 

облысына  Төрткөл,  Шымбай,  Ходжейлі  және  Қоңырат  округтары 

кірді. Осы съезде Қызылорда қаласында болатын Бүкіл Қазақстандық 

кеңестердің  Ү  съезіне  40  адамнан  тұратын  делегаттар  сайланды [4,]. 

Олардың ішінде А. Досназаров, И. Бегімбетов, Қ. Әуезов, Ж. Ат ашев, 

Ә.  Құдабаев  және  басқа  да  мемлекет  және  қоғам  қайраткерлері  бар 

еді. 

Межелеу  нәтижесінде  Қазақ  АКСР-іне  Сырдария  облысының 



Перовск,  Қазалы,  Түркістан,  Шымкент  уездері,  Әулиата  уезінің 

бірқатар  бөлігі,  Ташкент  және  Мырзашөл  уездерінің  бір  бөлігі, 

Самарқанд  облысы  уезінің  алты  көшпелі  болысы  қарады.  Жетісу 

облысынан  Алматы,  Жаркент,  Лепсі,  Қапал  уездері,  Бішкек  уезінен 

Георгиев,  Шу,  Қарақұм  облыстары  келіп  қосылды.  Осының 

нәтижесінде  Қазақстан  аумағы  үштен  біріндей  кеңейіп,  2,7  милион 

шаршы  шақырымға,  ал  халқы  5230  мың  адамға  жетіп,  қазақтар 

тұңғыш рет республика халқының 61,3 пайызын құрады. Осы кезеңде 

Орта  Азия  республикаларының  ұлттық-аумақтық  жағынан  бөлінуі 

мен  қазақ  жерлерінің  бірігуіне  байланысты  1924  жылы  болған  қайта 

сайлаулар  үлкен  бұрмалаушылық  жағдайда  өткізілді.  Сайлау 

өткізілмей-ақ  Кеңес  мүшелері  жалпы  жиналыстарда  тағайындалды. 

Сайлаушылардың  барлығы  бірдей  сайлауға  қатыспады.  Әйелдер, 

әсіресе, қазақ әйелдері сайлауға тартылмады. Аз ұлттар мүлдем ұмыт 

қалдырылды.  Кей  жағдайларда  өкілеттік  норма  туралы  заң 

бұрмаланып,  үш  адамнан  тұратын  «Селолық  атқару  комитеті» 

құрылды. Сайлау жұмысы уақытында, қолайсыз үйлерде өткізілді, екі 

шаруашылық  ауылында  бір  сайлау  жиналысы  өткізілді.  Жиналыс 

туралы хабар әрбір сайлаушыға жеткізілмеді[1, 87-88 бб.].  

Қазақ  АКСР-і  РСФСР-дің  құрамында  қала  отырып,  орыс  пен 

қазақ  халқының  арасында  жаңа  сапалық  қатынастар  орнықты. 

Ұлттық-аумақтық  қайта  бөлу  кезінде  Орынбор  губерниясы  РСФСР 

құрамына  енді.  Қазақ  жерінің  бірігуі,  біртұтас  мемлекет  құру 

Қазақстан  астанасын  Орынбордан  көшіру  міндетін  алға  қойды. 

Мемлекеттік  комиссия  астана  ретінде  Ақтөбе,  Ақмола,  Шымкент, 

Әулиата,  Ақмешіт  қалаларын  атады.  Бірінші  Сырдария  губерниялық 

партия  конферециясында  республика  астанасы  ретінде  Ташкент 


қаласы  да  айтылды.  Республика  астанасына  Ақмешіт  қаласы 

ұсынылған  да,  ең  басты  дәлел  ретінде  онда  Орынборға  қарағанда 

қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Орынбор-Ташкент темір 

жолы 


республиканың 

жаңа 


астанасын 

Ресей 


орталығымен, 

Қазақстанның  батыс,  оңтүстік  аудандарымен  және  Орта  Азия 

республикаларымен  байланыстыратын  еді.  Оның  үстіне  Ақмешіт 

болашағы  үлкен  үміт  күттіретін  суармалы  егістің  орталығына 

орналасты.  

Қазақстанды  жаңа  қоғамның  ұлы  өзгерістері  күтіп  тұрды.  Қазақ 

халқының  басын  біріктіріп,  мүлде  тосын  өмірге  бейімдеу, 

ұйымдастыру-басқару жүйесін жетілдіріп, өз алдымызға тіккен үлкен 

отаудың  босағасын  бекіту  оңай  шаруа  емес  еді.  Оны  кеңес  өкіметін 

орнатуға белсене қатысқан зиялыларымыз анық түсінді. Қазақ АКСР -

інің астанасы Орынбормен қарым-қатынас жасаудың қиындығын көзі 

ашық,  көкірегі  ояу  қазақ  зиялылары  түсінді.  Халқымыздың  Тұрар 

Рысқұлов,  Сейітқали  Меңдешев,  Нығымет  Нұрмақов,  Сұлтанбек 

Қожанов,  Сұмағұл  Сәдуақасов  сынды  біртуар  ұлдары  шын  мәніндегі 

дербес  Қазақ  Республикасын  құруды  жақтады.  Түркістан  мен 

Қазақстан  Республикасының  ішкі  мүмкіншіліктерін  сан  қырынан 

талдап-таразылаған 

мемлекет 

қайраткері 

Сұлтанбек 

Қожанов 

астананы  Орынбордан  қазақтың  қалың  ортасына  көшіруді  қолдады. 

Себебі, «мемлекет астанасының жұртшылығына сүйеніп істем есе, бас 

үкіметтің  ісі  оңбайды»  деп  түйіндеді.  Бұл  жайында  баспасөз 

беттерінде  мәселе  көтерді.  Жаңа  астана  туралы  ойларын  Сұлтанбек 

Қожанов  1924  жылы  «Ақжол»  газетінде  жариялаған  «кешіктірмей 

келісу  керек»,  «іс  жүзінде  орындау  керек»,  «Қазақтың  кіндігі  қай 

қала болсын» және тағыда басқа мақалаларында бүкпесіз білдірді. 

Әсіресе, 

ұлттық-территориялық 

тұтастығы 

қалыптасқан 

қазақ 

мемлекетінің  астанасын  таңдау  туралы  С.  Қожанов  1924  жылы  17 



желтоқсанында  «Ақ  жол»  газетінде  жарияланған  мақаласында:  «Қазақстан 

астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз 

ауылында  болса  да,  қазақ  жұртшылығына  жақын  болуы  керек.  Қазақ 

астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, 

қазақ  қаласы  болмағандықтан,  қазақ  ұлт  мемлекетінің  ұлтшылдығына  орда 

болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі 

қала,  ыңғайлы  үйлер  керек  емес,  жаман  да  болса,  өз  ордасы  болуы  керек. 

Орынбордан  көшпей,  қазақ  ұлтының  ішкі  тіршілігі  оңдалып,  қазақ 

еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» 

[5] деп тұжырым жасайды. 

Перовск  станциясы  темір  жол  жұмысшыларының  бастамасы 

бойынша  Қазақстан  өкіметін  Ақмешітке  көшіру  үшін  үш  күн  ішінде 

«Қызыл  паравоз»  жөндеуден  өткізіліп,  Орынборға  жіберілді.  Қазақ 

АКСР-і  Кеңестерінің  Ү  съезі  делегаттары  және  өкімет  мүшелері  бар 

поезы  Орынбордан  республиканың  жаңа  астанасы  Ақмешітке  1925 

жылдың  наурыз  айының  аяғында  жөнелтіледі.  Съезд  делегаттарының 



ішінде  мәдениет,  өнер  қайраткерлері  Иса  Байзақов,  Александр 

Затаевич,  Әміре  Қашаубаев,  Сәбит  Мұқанов,  Сәкен  Сейфулин, 

Қажымұқан Мұңайтпасов болды.  

Құрамында  Қазақ  АКСР-і  Кеңестерінің  Ү  съезі  делегаттары  бар 

үкімет  пойызын  жол  бойында  Сексеуіл,  Арал,  Қазалы,  Жосалы 

станцияларының  жұртшылығы  қарсы  алып,  көп  адам  жиналған 

митингілер  ұйымдастырылды.  Ірі-ірі  мекендерде  өткен  митингілерде 

жол  бойы  еңбекшілерімен  жүздесуде  Қазақ  өлкелік  партия 

комитетінің  екінші  хатшысы  Сұлтанбек  Қожанов  пен  Республика 

Орталық  атқару  комиетінің  төрағасы  Жалау  Мыңбаев  кезектесіп  сөз 

сөйледі.  Ақмешіт  станциясында  орасан  зор  митингілер  болып  өтті. 

Оны  Ташкенттен  келген  Сырдария  облыстық  партия  комиетінің 

хатшысы Әбілқайыр Досов ашты. Өкімет делегациясын Қазақстанның 

жаңа  астанасының  жұмысшылары  мен  интеллигенциясы  қызу 

құттықтады. Қала жастары атынан Әбділда Тәжібаев сөз сөйледі [1, 92 

б.].


  

Көрнекті  қоғам  қайраткері,  Сұлтанбек  Қожанов  Ташкенттегі 

мұғалімдер  семинариясын  үздік  аяқтағаннан  кейін  қызметке  бірден 

араласады.  Ағарту  саласында,  «Бірлік  туы»,  «Ақжол»  газеттерінде 

басшылық  қызметте  болады.  1920  жылы  Түркістан  АКСР-інің  Жер 

жөніндегі  халық  комиссары  болып  тағайындалады.  Мұнан  кейін 

қысқа  уақыт  аралығында  ішкі  істер  халкомы,  Түркістан  Орталық 

Атқару  комитетінің  төрағасының  орынбасары  сияқты  жауапты 

жұмыстарды атқарады. Сырдария, Жетісу облыстары Қазақ АКСР -іне 

қосылғаннан  кейін  облыстық  комитет  хатшылығына  сайланады.  1925 

жылдың  19  ақпанында  облыстық  партия  ұйымы  өлкелік  комитет 

болып 


өзгертілгенде, 

С. 


Қожанов 

екінші 


хатшылыққа 

жоғарылатылады.  Бірінші  хатшы  В.И.  Нанейшвили,  қазақ  өкілі 

ретінде басшылықты С. Қожановқа сеніп тапсырады. Ол Қазақтанның 

бес  жылдығын  өз дәрежесінде  аталып өтуіне  зор  еңбек  сіңірді.  Кейін 

өлкелік  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  болып  келеген  Ф.И. 

Голощекинмен С. Қожанов тіл табыса алмады. Сөйтіп, елден жырақта 

Масквада,  онан  кейін  Ташкентте  қызмет  істеуге  мәжбүр  болады. 

Қуғын-сүргін  жылдарында  халқымыздың  өзге  арыстары  сияқты 

жазықсыз жазаланып, құрбан болды. 

Қазак  АКСР-і  Кеңестерінің  V  съезіне  сайланған  делегаттар  мен 

үкімет  мүшелері  арнайы  жасақталған  поезбен  1925  жылы  сәуір  айында 

Ақмешітке  келеді.  Сонымен  1925  жылы  15  сәуірде  Ақмешіт  қаласында 

бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР 

кеңестерінің Ү съезі салтанатпен ашылды.  

Съездің күн тәртібінде: 

-

 



КСРОның халықаралық және ішкі жағдайы; 

- Орталық Атқару Комитеті мен Халком Кеңесі президумдарының есепті 

баяндамалары; 

- Ауылшаруашылығының жағдайы; 



- Халық ағарту ісі; 

- Қаржы саясаты және салық; 

- Кеңестік құрылыстың жаңа міндеттері туралы мәселелер қойылды. 

Сұлтанбек  Қожанов  басшылық  жасаған  бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, 

Қазақстан  астанасын  Орынбордан  Ақмешітке  көшіру  туралы  КирЦИК 

қаулысы  бекітіледі.  Осылайша,  1925  жылдың  көктемінде  қазақ  елінің 

астанасы  Ақмешіт  болады.  Қазақ  елінің  үлкен  форумы  ұйымдастырылып, 

Кеңестердің Ү съезінде Ақмешіт енді қазақтың бас қаласы екені жария етілді. 

Съезде екі нәрсе қызу қолду туғызды. Олар: 

1. Ақмешіт қаласының атын Қызылорда деп өзгерту туралы мәселе; 

2.  Бұған  дейін  ресми  жазбаларда  қырғыз  болып  жазылып  келген  ұлт 

атауын қайта қарау туралы мәселе. 

Бес  күнге  созылған  съезде  Қырғыз  аталып  жүрген  халықтың  тарихи 

дұрыс  атын  қалпына  келтіру  мақсатында  бұдан  былай  қырғыздар  қазақ  деп 

аталсын  деген  қаулы  қабылданады.  Сонымен  бірге  съезд  «Киргиз 

Республикасын»  «Қазақ  республикасы»,  ал  оның  астанасы  Ақмешітті 

Қызылорда деп атауға қаулы қабылдайды[1, 93-94 бб.].  

Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Кеңестерінің 

Ү съезін өткізуге ықпал жасаған С. Қожанов Ақмешіт атауын Қызылорда деп 

өзгертуде  орда  сөзін  дәстүрлі  мемлекеттің  түрі  ұғымында  емес,  жаңа  қоғам 

орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданды. Осы идея V съезге дейінгі 

аралықтағы  жаңа  астана  таңдау,  оны  қалай  атау  жөніндегі  пікірталастың 

өзегіне  айналды.  Билік  басындағы ұлттық  элитаның  дәстүрлі орда  ұғымына 

таптық  мазмұнды  айшықтаған  «қызыл»  сөзін қосақтаудан  құралған ұғымды 

ұсынуы  партия  билеушілерінің  де,  жұртшылықтың  да  көңілінен  шыққан 

мәмілегерлік  тарихи  шешім  болды.  Осы  дәйекті  деректік  тұрғыда  тарату 

үшін  Дінше  Әділовтың  1928  жылы  ОГПУ  тергеушісіне  берген  жауабында: 

«Қожанов,  мен,  Есболов  Табынбаевтың  үйінде  түскі  ас  іштік.  Съезд 

аяқталуға  таяған  еді.  Сол  кезде  үкімет  көшіп  келген  Ақметшіт  қаласының 

атын  өзгерту  мәселесі  көтерілген  болатын.  Жаңа  астананы  қалай  атау 

жөнінде  ойластық.  Қызылорда  атауын  алғаш  ағартушы-ғалым  Қоңырқожа 

Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі 

жақты  да  қанағаттандыруы  тиіс  екенін  айтты.  «Қызыл»  -  демек 

большевиктерге ұнайды, ал «Орда» - ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ 

та  кінә  арта  алмайды.  Бұл  ұсыныспен  келістік.  Сұлтанбек  Қожанов  съезд 

төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз 

республикасын  Қазақ  республикасы  деп  атау,  екіншісі  Ақмешіт  қаласын 

Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» 

[6]  дейді.  Белгілі  тарихшы  ғалым  Хазірет  Маханұлы  Тұрсын  өзінің  «Алаш 

қозғалысының  Оңтүстік  қанаты»  атты  зерттеу  еңбегінде  «Дәстүрлі  қазақ 

қоғамында  «орда»  ұғымы  мемлекет  құрылымының  өмір  сүру  түрі  ретінде 

кеңінен  қолданылғаны  арғы-бергі  тарихымыздан  белгілі.  Ұлттық 

тарихымыздың мазмұнында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, 

Қазақ  Ордасы  сияқты  мемлекеттік  құрылымдар  берік  орын  алған.  Қазіргі 

қазақ мемлекеттілігінің тарихын осы аталған «ордалардың» тарихымен тығыз 


байланыстырамыз.  Ұлттық  мемлекеттіліктің  қалыптасуы  мен  дамуындағы 

тарихи  үдерісте  мемлекеттіліктің  өмір  сүру  түрі  ретінде  «орда»  ұғымы 

негізге  алынған.  Осы  тарихи  мемлекеттер  тізбегін  кеңестік  билікпен  таласа 

өмірге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі 

аяқтайды.  Ал  кеңестік билік  тұсында орда ұғымы Қазақ  елі  мемлекеттігінің 

түрі  емес,  оның  саяси  орталығы,  астанасының  аты  Қызылорда  деген 

мазмұнға ие болды»[7, 362-363 бб.] - деп тұжырымдайды. 

Сезъд  Қазақстан  еңбекшілеріне  Үндеу  арнады:  онда  «Үлкен 

қиыншылықтар  мен  езушілерге  қарсы  ауыр  күрестен,  азамат  соғысының 

ауыр  жылдарынан  және  Қазақ  АКСР-ін  құрып,  нығайту  жолында  тарихи 

дәуірден  өткенін  ашып  айтады.  Сонымен  бірге,  Үкімет  есебі  бойынша  Ү 

съезд  қабылдаған  қарарда  республиканың  өнеркәсібін  күрделі  дамыту, 

алдағы  онжылдықта  темір  жол  және  жергілікті  жол  қатынасын  өркендету 

жоспары, байланыс құралдарын, көшпелі поштаны, радиотелеграф жүйелерін 

кеңейту  жоблалары  қуатталды,  бұл  мақсатта  өнеркәсіпті,  Қазақстанның 

маман  жұмысшыларын  қалыптастыру  шаралары  қабылданды.  Қазақ  АКСР-

інің  жер  құрылысы  туралы  қарарында  бұрынғы  патша  үкіметінің  жүйесіз 

әскери-әкімшілік  саясатының  зобалаңы  салдарынан  29  милион  десятина 

шұрайлы  жерлер  талан-таражға  салынып,  мал  шаруашылығының  күйреуіне 

әкеп  соққаны  атап  өтілді.  Мал  шаруашылығын  тиімді  ұйымдастыру 

мақсатында республиканың барлық жерін табиғи-тарихи және экономикалық 

белгілері  бойынша  үш  ауданға  бөлу  дұрыс  деп  табылды.  Біріншісі  – 

егіншілік-мал шаруашылығы сипатындағы аудан. Мұнда, мал шаруашылығы 

бірқалыпты  дамуы  тиіс.  Екіншісі  -  мал-егін  шаруашылығы  сипатындағы 

аудан.  Онда  жайылымдық  жер  басым  орын  алады.  Үшіншісі  -  біріңғай  мал 

шаруашылығы бағыты үстемдік құратын аудан. Сонымен бірге, аталған әрбір 

ауданның шаруашылық жүргізу жүйесі әр түрлі болуға тиіс деп есептелінді. 

Съезд  Қазақстандағы  бұрынғы  Түркістан  республикасы  губерниялары 

мен  Қарақалпақстан  автономиялы  облысының  бірқатар  аудандарының 

қосылуы, 1920-1921 жылдары бірқатар қоныс аударғандардың келуі, сондай-

ақ,  осы  кезеңде  белең  алған  құрғақшылық  салдарынан  онсыз  да  тар  жердің 

құрылымын  қайта  құру  мүмкін  болмай  отырғанын  атап  өтті.  Суландыру 

туралы қабылданған қарарда Сырдария, Әмудария және Қазақстанның басқа 

да өзендерінің суларын іргелес жатқан республикалармен бөлісуді талап ету, 

осының  негізінде  судың  шектелген  мөлшеріне  қарай  сурамалы  егіншілік 

экономикасын  қалыптастыру  туралы  жазылды.  Су  шаруашылығы 

мекемелерінің  мамандарын  даярлау,  Қызылорда  гидротехникумын  ашуға 

байланысты қаржы бөлу мәселелері шешімін тапты.  

Астананы  Орынбордан  Қызылордаға  көшіп  орналасуына  қоғам 

қайраткерлері  Мұхамеджан  Тынышбаев  /1879-1937/,  Аспандияр  Кенжин 

/1887-1938/,  Жалау  Мыңбаев  /1892-1929/,  Сұлтанбек  Қожанов  /1894-1938/, 

Нығмет  Нұрмақов    /1895-1937/,  Абылай  Серғазиев  /1896-1938/,  Сүлеймен 

Есқараев  /1897-1938/,  Смағұл  Садуақасов  /1900-1938/,  Бегайдар  Аралбаев 

/1896-1937/ сынды ер-азаматтар басшылық етті. 



Жалпы  алғанда,  Қызылорда  қаласының  аты  мемлекеттілік  түрінің 

дәстүрлі мазмұны мен жаңа қоғамның саяси құндылықтарын бойына сіңірген 

тарихи  атау  болып  қалыптасты.  Қызыл  империяның  бодандығында  болған 

қазақ  мемлекеттілігінің  Қазақ  Кеңестік  Социалистік  республикасы  деген 

қазіргі  заманғы  атауын  дәстүрлі  ұғымға  көшірсек  қазақтың  Алтын  Ордасы, 

Ақ Ордасы, Алаш Ордасының жалғасы болып шығар еді. Демек, Қызылорда 

атауы  ел  тарихының  тұтас  кезеңін  айғақтайтын  тарихи-мәдени  ескерткіш 

болып қала бермек. 

 

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аготехникалық университетінің 

аға  оқытушысы,  тарих  ғылымдарының  кандидаты  Бауыржан 

Бердіқожаұлы Енсепов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік 

университетінің  «Қорқыттану  және  Өлке  тарихы»  бөлімінің    ғылыми 

қызметкері Назгүл Бердіқожа 

 

 



Пайдаланған әдебиеттер тізімі: 

1. Айдосов А., Қалиев Ы., Кереев М. «Қызылорда» Қызылорда: Тұмар 

2005 ж. 246-б 

2. История Каз ССР, том-4, Алматы 1977. с. 227 

3. Доспанбетов Б., Кереев М., Қызылорда. «Нұрсаулет», 1999 

4. Қарақалпақ АССР-і тарихы. том-2, Нүкіс 1977 

5. «Ақ жол» газеті. 1924 жыл, 17 желтоқсан 

6. Тарих және саясат. №1, 30-қыркүйек-14 қазан. 2003 ж. 

7.  Тұрсын  Х.М.  «Алаш  қозғалысының  Оңтүстік  қанаты».  Движение 

Алаш:  Сборник  материалов  судебных  процессов  над  алашевцами.  Трех 

томник. –Алматы: ФФ «Ел-шежіре», 2011. Т3. 407 б. 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет