Ж. Киелі жерім – қасиетті елім



Pdf көрінісі
Дата31.03.2017
өлшемі292,02 Kb.
#10702

 

25.07.2015 ж. 

 

Киелі жерім – қасиетті елім 

 

 

Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ. 



 

Көсіліп  жатқан  кең  даламыз  шежірелі  тарихтың,  қазақ  халқы  басынан  кешірген  «аумалы-төкпелі» 

оқиғалардың куәгері іспетті. Тайға таңба басқандай бір ақиқат  – әрбір елдің, әрбір ұлттың өзіндік тарихы, 

өзге  жұртқа  ұқсамайтын  тағдыры  болады.  Мәселен,  ресми  деректерге  сәйкес  Қазақ  хандығының  құрылуы 

1465-1466  жылдардан  бастау  алады.  Тарих  тағылымына  зер  салатын  болсақ,  ХV  ғасырдың  50-ші 

жылдарының аяқ кезеңдерінде қазақтың біртуар ұлдары Керей мен Жәнібек бабаларымыз атақты Әбілқайыр 

ханнан  бөлініп  шығып,  қазіргі  Жетісу  жерлерінде  Қазақ  хандығын,  яғни  алғашқы  Қазақ  мемлекетінің 

іргетасын қалаған екен. Ең алғашқы бастауларын сонау біздің дәуірге дейінгі V-ІІІ ғасырлардағы сақтардың, 

ғұндардың  тайпалық  одақтарынан,  Қаңлы  және  Үйсін  мемлекеттерінің,  Ұлы  (бірінші)  Түрік  қағанатының, 

Батыс түрік қағанатының, Шығыс Түрік (екінші) және Түргеш қағанаттарының, Қарлұқ, Оғыз, Қараханид, 

Дешті-Қыпшақ,  Хорезмшах  мемлекеттерінің,  наймандар  мен  керейттердің  ұлыстық  құрылымдарынан 

алатын,  ондаған  ғасырлар  бойы  рулар,  тайпалар  дәрежесінде  дәуір  кешкен,  талай  зобалаң  мен 

қақтығыстарды,  оның  ішінде  моңғол  шапқыншылығын  басынан  кешірген  ұлт  пен  ұлысымыз  осыдан, 

шамамен 550 жыл бұрын алғаш рет мемлекет ретінде таныла бастаған. Орта ғасыр кезеңінде қазақ мемле-

кеттілігінің  құрылуы  мен  дамуы  қазақ  этносының  тұтастығының  сақталуына  және  нығаюына  үлкен  әсер 

етті. Қазақ халқының бөлшектенуі мен бытыраңқылық кезеңінің аяқталуы Керей мен Жәнібек бабаларымыз 

құрған  Қазақ  хандығының  өмірге  келуімен  тығыз  байланысты.  Хандық  болғаннан  кейін  оны  басқарудың 

тиімді  құрылымы,  ішкі  және  сыртқы  саясаттарды  жүргізудің  жолдары  аталған  мемлекеттің  өзіндік 

ерекшеліктеріне  сай  жалғасын  тауып  жатты.  Назар  аударатын  жағдай,  шамамен  ХVІІ  ғасырдың  аяғында 

қазақтардың  дағдылы  құқық  нормалары  толықтырылып,  белгілі  бір  жүйеге  келтіріліп,  жинақталды.  Тәуке 

ханның билік етуі кезеңінде құрастырылған бұл заңдар жинағы тарихта «Жеті жарғы» деген атпен белгілі. 

Кейбір  ғылыми  әдебиеттерде  аталған  заңдар  жинағын  «Тәуке  ханның  жинақтары»  немесе  «Тәуке  ханның 

заңдары»  деп  те  атайды.  Тарихи  аңыз  бойынша  Тәуке  хан  Күлтөбеде  үш  жүздің  билері  мен  өкілдерінің 

басын қосып, Қасым мен Есімхандардың кезіндегі қазақ қоғамының патриархалды-феодалдық құқықтарын, 

әдет-ғұрып  ережелерін  «Жеті  жарғы»  деген  атпен  белгілі  нормаларға  біріктірген  деседі.  Мемлекеттің 

құрылымы  туралы  мәселеге  қайта  оралатын  болсақ,  «Жеті  жарғы»  заңдарына  сәйкес,  ең  жоғарғы 

мемлекеттік билік хан қолында болуға тиіс. Хан жоғарғы соттың қызметін де атқарып, салық салу тәртібін 

жариялайтын болған. Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі IV-V ғасырда мемлекетіміз талай өзгерістер мен 

дағдарыстарға  ұшырап,  халқымыз  аты  шулы  нәубеттерді  басынан  кешіріп,  жер  бетінен  жойылып  кетпей, 

жеріміз бен елімізді, киеміз бен асыл қасиеттерімізді аман сақтап, азат күндерге де аман-есен жеттік емес пе. 

Тарих толқындарында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген атаулар жиі кездеседі 


және осы атауларға біздің дәуірімізде де үлкен мән беріліп отыр. Мұның себебі аталған жинақтардың өткен 

ғасырларда  ғана  емес,  бүгінгі  еліміз  тәуелсіздік  алып,  жаңаша  даму  жолына  түскен  кезеңде  де  өз 

құндылықтарын  жоғалтпай,  жоғары  бағаға  ие  болғанына  байланысты  атап  өту  қажет.  Тарих  шежіресіне 

үңілсек  Есім  хан  –  Шығай  ханның  ұлы,  1598-1645  жылдары  билік  құрған  екен.  Бұхараға  шабуыл  жасаған 

кезде көрсеткен ерліктері мен жоғары қолбасылық қабілет танытқаны үшін халық оған «Еңсегей бойлы Ер 

Есім» деген ат беріпті. Ағасы Тәуекел өлгеннен кейін Есім хан таққа отырған. Есім ханның өмірлік мақсаты 

бір  орталыққа  бағынған  біртұтас  мемлекет  құру  болды.  Бұл  бағытта  ол  өзі  орнатқан  қоғамдық  өмірдің 

ережелері,  әдет-ғұрпынан  көрініс  тапқан  ішкі  саясатын  жүзеге  асырды.  Аталған  бастаулар  бұқара  халық 

санасынан берік орын алып, ХІХ-ХХ ғасырға дейін ереже ретінде қолданылып келді. Есім хан өзінің дара 

басшылық  саясатын  жүргізе  отырып,  халқының  оған  мүлтіксіз  бағынуын  талап  етті  және  осы  мақсатты 

жүзеге асыру үшін ескі патриархалды әдеп-ғұрыптарға сүйене отырып, қанға – қан, кекке – кек, құн төлеу, 

барымта,  дүре  соқтыру,  көп  әйел  алу,  қалың  мал  төлеу,  әмеңгерлік,  зекет,  салық,  діни  тәуелсіздік  сияқты 

дәстүрлі  заңдарды  уағыздады.  Аталған  жағдайларға  байланысты  халық  арасында  Есім  хан  ұстанған  көне 

әдет-ғұрыптар, әдістер, ережелер «Есім ханның ескі жолы» деп аталды. Енді келесі өзекті мәселе – қазақтар-

дың ежелгі әдет-ғұрыптары, құқықтары, билер дәуірі, билер соты деген мәселелерге көшсек деймін. Қазақ 

хандығы  құрылмай  тұрып  және  хандық  құрылғаннан  кейін  басқару  жүйесінде  билер,  билер  соты  деген 

ұғымдар  қалыптасып,  өткен  дәуірмен,  сол  дәуірде  өмір  сүрген  халықпен  бірге  жасасып,  еліміздің  тарихи 

даму кезеңдерінде үлкен саяси рөл атқарғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ғасырлар бойы өзіне тиісті 

міндеттерді ойдағыдай атқарып, мемлекет пен халықтың игілігіне қызмет жасаған, алайда қағазға түспесе де 

құндылығының  арқасында  қолданыста  болып,  сан  түрлі  қоғамдық  қатынастарды  реттеуде  жоғары  тарихи 

бағаға  ие  болған  құбылыстардың  бірі  –  қазақтың  ежелгі  құқығы  болып  табылады.  Қазақ  хандығын,  қазақ 

мемлекетін  атақты  хандар  басқарып,  алға  қарай  дамыған  кезеңдерде  қазақ  сахарасында  әйгілі  билер  де 

белгілі  бір  дәрежеде  басқару  ісіне  араласып,  тарих  төрінен  орын  алды.  Билер  соты  –  ішкі  құрылымы 

халықтың  руларға  бөлінуіне  негізделген,  орта  ғасырлардағы  көшпелі  қазақ  қоғамында  пайда  болған 

басқарудың  бір  үлгісі  ретінде  танылады.  Орыстың  шығыстанушы-зерттеушісі  А.  Словохотов  билер  сотын 

«әділдіктің жоғары соты» деп атаған. Ал академик С.Зиманов «қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» 

деп жазды. Билер сотының құрылымы халық билігі мен халықтық демократияның бағалы құндылықтарын 

шынайы түрде қабылдаған тарихи құбылыс ретінде бағаланды. Алып жатқан аумағының шексіздігіне қарап, 

көшпелі қазақ қоғамында рулар мен ұлыстар бір-бірімен қатынаста болған жоқ, жеке-жеке өмір кешті деп 

айтуға  ешбір  негіз  жоқ,  керісінше  айтылған  жағдай  Қазақ  хандығының  өзіндік  даму  жолының, 

тәуелсіздігінің  ерекшеліктеріне  куә  болады.  Билер  сотының  түп-тамыры  бірдей  болғанымен,  олар  кең 

сахараның  әр  аймағында  әртүрлі  жағдайларда  танылып,  өздерінің  тарихи  қызметтерін  атқарған.  Көшпелі 

халықтың  басын  біріктірген  Қазақ  хандығы  халық  билігінің  еркіндігін,  хандыққа  біріктірілген  рулар  мен 

тайпалардың  тәуелсіздік  құқығын,  хандықтың  конфедеративтік  құрылымын  сақтай  білді.  Осы  тарихи 

кезеңде билер халықтың әлеуметтік тобына жататын лауазымды адамдар ретінде танылды. Дала аймағының 

ХІХ  ғасырдағы  орыс  зерттеушілері  қазақ  билерін  сот  билігінің  өкілдері  ретінде  таныды.  Мәселен 

Л.Словохотов  қазақ  билерін  «шындықтың  жаршылары»,  И.Крафт  «ақылдылар»  және  «шыншылдар», 

И.Козлов  «қатал  әділдіктің  адамдары»,  деп  шынайы  баға  берген.  Тұлғалығы  танылған  билер  қазақ 

сахарасындағы  дауласушы  екі  жақтың  шынайы  делдалдары  бола  білді.  Бүгінгі  күні  біз  мойындайтын 

ақиқаттардың бірі – билер сотының мемлекет пен қоғамның дамуындағы атқарған қызметіне әлі күнге дейін 

толық,  адал  бағаның  берілмей  келе  жатқандығы,  яғни  билер  сотының  тарихын  зерттеуде,  зерделеуде  осы 

баламасы  жоқ  қоғамдық  құрылымның  бүгінгі  даму  кезеңімізде  де  мәртебесін  анықтауда  кемшіліктердің 

орын  алып  жатқанын  мойындауда  болып  отыр.  Сондықтан  билер  сотының  маңыздылығын  анықтау 

мәселесін қоғам алдында тұрған үлкен саяси және ғылыми проблемалардың бірі ретіндегі дәрежеге көтеру 

қажет  деп  есептейміз.  Кеңес  дәуірі  кезінде  белгілі  себептермен  аталған  мәселе  маркстік-лениндік 

идеологияға  жатпайтын,  мемлекеттің  мүддесіне  сай  келмейтін  құбылыс  ретінде  көлеңкеде  қалып  қойды. 

Еліміз  егемендік  алып,  Тәуелсіздік  туы  қолымызда  желбіреп  тұрған  кезде,  біздер,  өз  Отанымыздың  адал 

ұлдары,  нағыз  патриоттары  ретінде  билер  соты  құқықтық  институтының  қоғамдағы  орнын  анықтау  және 

оның тарихи құндылықтарына баға беру мәселесіне бір кісідей атсалысып, қызмет жасауға міндеттіміз деп 

ойлаймын. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, тарих беттеріне елеулі ерліктері мен 

айтулы  еңбектерінің  арқасында  өз  есімдерін  өшпейтіндей  етіп  жазып  кеткен  қазақтың  ардақты  ұлдары, 

ұлттық  интеллигенцияның  белгілі  өкілдері,  Кеңес  өкіметінің  алғашқы  жылдарында  халықтық  демократия 

және  социализм  деген  ұрандарына  нанып,  жаңа  үкіметке  қазақтың  билер  сотын  қоғамдық  қатынастарды 

реттеу үшін жаңаша үлгіде енгізуді ұсынған екен. Бірақ аяулы азаматтар асыл арман- дарына жете алмады 

және  осы  үлкен  бастаманы  өздерінің  кейінгі  ұрпақтарына  мұра  етіп  тастап  кеткен  сияқты.  Кеңес 

жылдарында (1917-1991 ж.ж.) «Ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» деген көп томдық 

жинақ бірнеше рет өңделіп, қайта басылып, жарық көрген. Аталған жинақта қазақтың ежелгі құқығы туралы 

бір-екі  ауыз  сөзбен  ғана  айтылып,  ал  билер  соты  туралы  ешқандай  мәліметтер  берілмеген.  Ал  басқа  ел 

зерттеушілерінде  «билер  соты»  деген  ұғым  өзі  танылған  және  үлкен  тарихи  рөл  атқарған  дәуірлерде 

әділдіктің  алтын  діңгегі,  шындықтың  кәусар  бұлағы,  имандылық  пен  адамгершіліктің  озық  үлгісі  ретінде 

бағаланды. Бүгінгі күні де «билер соты» институтының аталған құндылықтары өз дәрежесін жоғалтқан жоқ, 

керісінше,  жаңа  көзқарасқа  ие  болып,  жаңаша  ардақталып  жатыр.  Би  деген  кім,  оның  тұлғасы  мен 

табиғатында қандай ерекше қасиеттер бар, бірнеше ғасырлар өтсе де әулие бабаларымыздың есімдері мен 


істерінің тарих беттерінен жойылып кетпеуінің қандай құпиялары бар деген мәселе, әрине, терең толғануды, 

зейін  қойып  зерделеуді  қажет  етеді.  Қазақ  хандығының  құрылымында,  мемлекеттік  басқару  жүйесінің 

қалыптасып,  әрі  қарай  дамуында  билер  соты  үлкен  рөл  атқарды  деп  зор  сеніммен  айта  аламыз.  Қазақ 

сахарасындағы  қоғамдық  қатынастардың  кейбір  шиеленіскен  тұстарында  жер  дауы  мен  жесір  дауы, 

барымта,  құн  төлеу  сияқты  мәселелердің  шешімі  табылмай,  қанаттас  жатқан  екі  рулы  елдің  арасындағы 

түсінбеушілік  шиеленістер  соғыс  қаупін  туғызған  жағдайларда  ауыздары  дуалы,  шешімдері  әділ,  сөздері 

қуатты  би  бабаларымыз  татулықтың  ақ  жалауын  желбіретіп,  имандылық  пен  ардың  жолын  дәріптеп,  ел 

бірлігі  мен  қоғамдық  ахуалды  сақтап  қалуда  айтарлықтай  еңбек  атқарғанын  ұмытуға  бола  ма.  Қазақ 

мемлекетіндегі билік саясатының қалыптасуына Үш жүздің, рулардың атақты билері шешкен дау түйіндері, 

ірі  мәселелер  бойынша  олардың  бірігіп  қабылдаған  шешімдері  тікелей  әсер  етіп,  халық  осы  шешімдердің 

заңды  күшін  мойындап,  бұлжытпай  орындаған.  Билер  шешімінің  құндылығы  сол  –  ол  дауласушы  екі 

тараптың  да  мүддесінен  шыға  білген.  Билер  шешімінің  құндылығы  қандай  қағидаларға  негізделген  деген 

заңды  сұрақ  туындауы  мүмкін.  Біріншіден,  шешімнің  құндылығы,  билік  айтқан  адамның  жеке  басының 

жоғары қасиеттерінде (ақыл, парасат, шешендігі, беделі, батырлығы, өткірлігі т.с.с.) жатыр деп ұғу қажет. 

Бидің  бойында  туа  біткен  ерекше  табиғи  дарын  болу  керек.  Екіншіден,  бидің  қара  қылды  қақ  жарған 

әділдігінде  басты  құпия  жатыр  деп  ойлаймыз.  Үшіншіден,  би  –  тәжірбиесі  мол,  сол  дәуірдегі  қоғамдық 

қатынастарды терең түсінетін, өзіне дейін өмір сүрген атақты билердің мектебінен өткен, алған танымдарын 

дауларды  шешкен  кезде  орынды  қолдана  білген  адам.  Жаттап  алған  пәлсафалар,  елден  естіген  әңгімелер 

ешкімге  бедел  әкелмеген.  Жазба  әдебиеті  болмаса  да,  халқымызға  тән  ұлы  қасиеттердің  бірі,  ауыз 

әдебиетінің  озық  үлгілері  ретінде,  билер  шешімі  өзінің  терең  мазмұнымен  талай  жұртты  таң  қалдырып, 

араға талай ғасыр салып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Билер сотын елдің даму тарихындағы мемлекетті 

басқарудағы  биліктің  негізгі  тұтқалардың  бірі,  ауызша  айтылған  шешімдерден  тұратын  құқықтық  бас-

таулары  бар  дара  институт,  белгілі  бір  заңдылықтарға  негізделген  билік  жүйесі,  ел  басқарушылар  мен 

бұқара халық мойындаған және аймаққа аттары аңыз болған тұлғалар жүзеге асыратын биліктің ерекше түрі 

деп  тұжырымдағымыз  келеді.  Қазақ  халқының  ұлы  перзенттерінің  бірі,  атақты  Шоқан  Уәлиханов  өзінің 

1864  жылы  28  ақпанда  жазылған  «Сот  реформасы  жайында  хат» атты  еңбегінде:  «Қазақтарда  құрметті  би 

атағы  халық  тарапынан  қандай  да  сайлау  жолымен  немесе  халықты  билеп  отырған  өкіметтің  бекітуімен 

емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген», деген екен. 

Ұлы  ғалымның  осы  анықтамасын  билер  туралы  айтылған  тұжырымдардың  қорытындысы  деп  бағаласақ 

қателеспейміз.  Уақыт  жыл  легін  артқа  тастаған  сайын  ғасырлар  қойнауына  енеді.  Осы  жылдар  мен 

ғасырлардың тарамдарына мемлекет пен халықтың шежірелері мен тарихтары өшпестей етіп жазылады. Бұл 

қоғамдық  дамудың  басты  қағидаттарының  бірі.  Ал  қайнар  көзін  Қазақ  хандығының  құрылу  дәуірінен 

алатын Қазақ елінің даму және өркендеу жолдары мол ғибрат, терең тағылым алатын ұлттық байлығымыз 

ретінде мәңгі жасай береді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлытау төріндегі толғаныс» сұхбатында: «Қазақтың ен 

даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, 

біліп  жатқан  елміз.  Қазақтың  тарихы  өте  бай»,  –  деп  тебірене  айтқан  болатын.  «Біздің  елдігіміз,  қазақ 

жұртының  арғы  түбі  ғұндар  заманынан  басталып,  көк  түріктерге  жалғасады,  сонан  кейін  Алтын  орда 

орнығып,  ол хандық  дәуірге  ұласып,  біртіндеп  Тәуелсіздікке  келіп  тіреледі»,  –  деп  толғанады  Елбасы.  Біз 

киелі  жерде  өмір  сүріп  жатырмыз.  Осы  жердің  киесі  бізді  сұқ  көзден  сақтап,  өзінің  мәуелі  бесігінде 

ешкімнің  наласына  қалдырмай  тербетіп  келеді.  Ендеше,  осы  киелі  жердің  иесі  болу  біздің  өскелең  жасыл 

бағымыз  келешек  ұрпақтың  еншісіне  тиіп  отыр.  Киелі  жердің  қасиеті  теңізден  де  терең,  Көк  аспаннан  да 

биік, осы жерді текті елдің ұрпақтары мекендеуі тиіс. Тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмасын, егемендігіміз 



еңселі болсын, арамыз ажырамасын, ағайын!  

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет