3. Қайта өрлеу дәуіріндегі утопиялық теория: Т.Мор және Т.Кампанелла. Н.Макиавеллидің әлеуметтік-саяси теориясы. Қайта өрлеу дәуірі философиясы орта ғасыр теоцентризмімен жаңа дәуірдің ғылыми-философиялық ойларын байланыстыратын түйін болып табылады.
Утопия деген терминді мінсіз қоғамды білдіру үшін тұңғыш рет Томас Мор қолданды. Томас Мор утопиялық социализмнің негізін салушылардың бірі. Қайта өрлеу дәуірінің гуманист – рационалисті. Басты шығармасы – «Золотая книга, столь же полезная, как забавная, о наилучшем устройстве государства и о новом острове Утопии» (1516). Ол тұңғыш рет өндірісті қоғамдастыру идеясын дәйекті түрде дәлелдеп, оны еңбекті ұйымдастырудың коммунистік идеялармен байланыстырды. Бостандыққа негізделген қиядағы Утопия мемлекетінің шаруашылық ұясы – отбасы, қолөнер өндірісіне негізделген.
Томмазо Кампанелла - утопиялық қоғам авторы. Негізгі шығармасы – «Күн қаласы». Барлық оқиғалар фантастикалық Күн қаласында болмақ, қала тұрғындары идеалды қоғам орнатады және олар әлеуметтік әділеттілікті негізге ала отырып, өз өмірлерімен және еңбектерімен рахаттанбақ.
Қайта Өрлеу дәуірінің әлеуметтік философы мемлекеттің теократиялық концепциясының негіздеушісі Никколо Макиавелли болды. Макиавеллидің саясат саласындағы ең басты еңбегі - «Патша» шығармасы мемлекет басындағы адамдардың ел билеуде басшылыққа алуына арналған әртүрлі кеңестер мен ұсыныстар және қағидалар берілген туында болып табылады. Макиавелли елді біріктіру мен билік мақсатына жету үшін барлық амал-айланы қолдануға, яғни қол астындағыларды алдауға, өтірік айтуға, уәдені аяққа басуға, зұлымдыққа баруға адамдарды қырып-жоюға, қатал тәртіп пен күш қолдануға және опасыздық жасауға да болады деп үйретті.
Макиавеллидің айтуынша, халықты өзін толық бағынышты етудің екі жолы бар. Оның біріншісі - халықтың билеушіге деген сүйіспеншілігі, екіншіден - оның алдында қорқынышта болу.
4. Жаңа заман әлеуметтік философиясы (Т.Гоббс, Дж.Локк, Ж.Ж.Руссо).
Материалистік философияның, танымның дамуына жол ашқан, әлеуметтік-философиялық ойларын тұжырымдаған ағылшын философы Томас Гоббс болды. Т.Гоббстың саяси-әлеуметтік, қоғамдық көзқарастарын айқындайтын шығарма – «Левиафан». Бұл шығармада қоғамның пайда болуы мен дамуын жан-жақты қарастырды. Қоғамды екі дәуірге бөлді: 1. табиғи 2. азаматтық
Джон Локк материалистік сенсуализм принципін негіздеді, яғни барлық білімнің сыртқы дүниені сезімдік қабылдаудан пайда болады деп тұжырымдады. Оның негізгі шығармасы – «Адамның ақыл-парасаты туралы» (1690), бұл еңбегінде Декарттың туа біткен идеялар туралы ілімін теріске шығарып, тәжірибені барлық идеялардың бірден-бір көзі деп жариялады (Tabula rasa – таза тақтай). Локк тәжірибені екіге бөлді: сыртқы және ішкі тәжірбие. Алғашқысы – сезінуге негізделген, екіншісі – рефлекске негізделеді. Идеялар сыртқы әсердің сезім органдарына әсері нәтижесінде (сезіну идеялары), немесе жанның жай-күйіне және қызметіне бағытталған назарының нәтижесінде пайда болады (рефлекс идеялар)
Әлеуметтік теңсіздікті жоюдың бірден-бір жолы — Руссоның айтуынша, — бәсеке бостандығы арқылы адамдардың табиғи құқықтарының (өмір сүруге, ерікті болуға, меншік иесі болуға) қанағаттандырылуына мүмкіндік беретін жағдайлар жасау. Адам туғанда бас бостандығымен туады, бірақ өз еркімен «қоғамдық келісімге» бой ұрғаннан кейін, олар өздерінің жекелеген жігер-еркін біріккен, «ортақ жігер — ерлікке» шоғырландырады. Сөйтіп, мемлекет пайда болады. Мемлекеттің негізгі міндеті бейбітшілік пен: әділеттілікті сақтау. Руссоның теңсіздіқ, «қоғамдық келісім» туралы пікірлері көп елдің саяси, рухани өмірінде мемлекеттік құқық тәрбиесі, т.б. әлеуметтік құбылыстардың қалыптасуына үлкен әсер етті.