Ж. С. Рақыш, М. О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты сатиралық ертегі басылымдары



бет1/2
Дата29.12.2023
өлшемі34,62 Kb.
#144645
  1   2
Байланысты:
thesis31903


Ж.С. Рақыш,
М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты
САТИРАЛЫҚ ЕРТЕГІ БАСЫЛЫМДАРЫ
Халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл қазынасы фольклорлық мұрамыздың бір
саласы ертегілер болып табылады. Ертегі – халық прозасының дамыған, көркем түрі. Ертегі
əрі тəрбиелік, əрі эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің жанрлық ерекшелігі осы екі
қызметінен туындайды. Сюжеттік құрамы жағынан қазақтың төл ертегілерімен қатар
халықаралық сюжетке құрылған ертегілері де бар. Олар тарихи-типологиялық жəне тарихи-
генетикалық байланыс нəтижесінде пайда болған. Қазақ ертегілерін жанрлық жəне сюжеттік
құрамы жағынан бес түрге бөлу қалыптасқан, олар: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-
ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық ертегілер, сатиралық ертегілер [1].
Орыс фольклортануында В.Я.Пропп, Е.М.Мелетинский, В.П.Аникин,
Э.В.Померанцева, И.И.Крук, В.А.Бахтин еңбектерінде ертегі жанры жан-жақты талданған.
Э.В.Померанцеваның анықтамасы бойынша, ертегі – қиялға негізделген ауызша прозалық
əңгіме, яғни ауызша əңгіменің қиялға негізделуі басты назарға алынады. Орыс ертегілері:
жануарлар (мнемонистік) туралы, қиял-ғажайып жəне тұрмыс-салт (сатиралық) ертегілері
деп үш түрге бөлінеді. Тұрмыс-салт ертегілері өз ішінде новеллалық жəне əлеуметтік-
тұрмыстық, сатиралық ертегілер түріне жіктеледі.
Қазақ фольклортану ғылымында да ертегі жанрын зерттеу ғылыми негізге түскен. Оны
М.О.Əуезов, С.Сейфуллин, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин,
Е.Костюхин, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, З.Искакова, Б.Əбжет, А.Бейсеев сияқты ғалымдар
зерттеді. Қазақ сатиралық ертегілерінің тұрмыс-салт ертегілері құрамында тұңғыш рет
жанрлық сипаттамасын жасаған фольклортанушы Е.Тұрсынов болды [2]. Оны халық
прозасының жанрлық түрі ретінде академик С.Қасқабасов қарастырды [3].
Қазақ ертегілері ХІХ ғасырдан бастап жинала бастады. Алғашқы кезеңде қазақ жерін
отарландыру мақсатында Ресейден келген саяхатшылар, миссионерлер, зерттеушілер
қазақтардың тұрмыс-салты, əдет-ғұрпы, фольклоры жайында деректер, мəліметтер жинады,
жолжазба сипатындағы еңбектерде ертегілердің мазмұнын айтумен шектелді, фольклорлық
шығармаларды өз мақсаттарына қарай жариялады жəне екі тілді сөздіктер мен оқулықтарда
пайдаланды. Отарлау тереңдеген сайын қазақ фольклорын жинау да мүдделі түрде
жүргізілді. Ресей империясының құрамына толық еніп, қоғамдық-экономикалық, саяси-
əлеуметтік жағдайы да түбегейлі өзгерген соң, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап
қазақ фольклоры мақсатты түрде жинала бастағаны аян. Халықтың ауыз əдебиетінде сол
елдің арманы, аңсары, биік мақсаты көрініс табатындықтан, əсіресе ертегілер көбірек
жиналып, жарық көрді. Осы кезеңде қазақ ертегілерін ғылыми мақсатта жариялаған
жинақтар да болды. В.В. Радлов, И.Н.Березин, Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, А.В.Васильев,
А.Е.Алекторов, Ə.Диваев жинақтарында ертегі мəтіндері жарық көріп, ғылыми айналымға
енді. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі кезеңде ертегілер Қазақстанның көптеген
аймақтарынан жиналды. Ертегілерді жариялаушылардың ғылыми деңгейі мен түсінігі əр
қилы болғандықтан, ертегі мəтіндері де түрлі көзқарас тұрғысынан бағаланды [4].
1846 жылы құрылған Орыс Географиялық қоғамы, Россия академиясының Петербург,
Қазан университеттері фольклор материалдарын жиі жариялап отырғандықтан, ел арасынан
жинау жұмысы қарқын алды. Сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы ғалымдар Орыс Географиялық
139
қоғамына мүше болған, олардың қатарында В.И.Даль, А.И.Левшин, Н.И.Гродеков,
Я.Я.Лютш, Л.Л.Мейер, В.В.Радлов, А.Н.Харузин, Г.Н.Потанинді атауға болады. Бұлардың
халқымыздың асыл мұрасын жинап, жариялаудағы еңбегі өлшеусіз зор болды. Кейін Орыс
Географиялық қоғамының жер-жерде бөлімшелері ашылды.
Қазақ ертегілерін жинап, орыс алфавитін қолданып алғаш жариялаған Василий
Васильевич (Фридрих Вильгельм) Радлов (1837-1918) – шығыстанушы, этнограф, археолог,
Петербург Ғылым академиясының академигі. В.В.Радлов көптеген ғылыми экспедицияларға
қатысып, фольклорлық үлгілерді ұқыпты түрде жинап, қағазға түсірді. Оның он томдық
«Түркі тайпалары халық əдебиетінің үлгілері» жинағының қазақ фольклорына арналған 3-
томына енген он үш ертегінің екеуін «батыр ертегі», қалғанын «ертек» деп екіге бөлген [5,
253-278 бб.; 279-335 бб.]. В.В.Радлов тілтанушы маман ретінде жергілікті сөз құрылысын,
тілдік ерекшеліктерді анықтау мақсатында сатиралық ертегілерді қысқартусыз, өзгертусіз,
дəлме-дəл жазып алуды көздеген. Ол қазақ ертегілерін Қазақстанның шығыс аймағынан,
Семей, Сергиополь (қазіргі Аягөз), Қапал, Верный (қазіргі Алматы) бекінісі маңайы мен
Бұқтырма өзені жағасындағы қазақтардың айтуынан, ертекшінің айту ерекшелігін сақтай
отырып, жазып алған [6, 9-б.]. Бірақ кімнен, қашан, қайда жинағаны туралы нақты
паспорттық мəлімет қалдырмаған.
Мұнда қазіргі жіктеу бойынша сатиралық ертегілер деген жанрлық түрге топтастыруға
болатын «Əжігелді» жəне «Жақсылық, Жамандық жолдас болған» деген мəтіндер
жинақталған. «Əжігелді» ертегісінде тапқыр, айлакер Əжігелді үш бай баласына «теңге
тастайтын» қотыр тайын, «ғажайып» қазанды сатып, су астынан қара жорға мініп келдім деп
алдап, Дауғар алып пен ханнан айласын асырып, соңында ханшаны алады. «Жақсылық пен
жамандық жолдас болған» ертегісінде жамандықтың ниетіне қарай жазаланғаны, ал
жақсылықтың хан қызын алып, алтын таққа отырғаны айтылады [5, 287-290 бб.]. Орталық
ғылыми кітапхананың Қолжазба қорында сақтаулы осы аттас ертегіні (68-бума, 2-дəптер.
Жазған – Ысмағамбет, фамилиясы көрсетілмеген) Ə.Диваев жинаған. В.В.Радлов жариялаған
жəне Ə.Диваев жинаған ертегіні салыстырып қарағанда, аңдар айтатын əңгімеде
айырмашылықтың бары байқалады.
«Ертегі – соңғы қазақ ескілігін жинаушы адамдар арасында бұл жөнінде В.В.Радловтан
ерекше ынталы, ұқыптылық көрсеткен оқымысты жоқ деуге болады», – деп ғалымның
жинаушы ретіндегі еңбегін М.О. Əуезов жоғары бағалаған болатын [7, 16-б.].
Г.Н.Потанин қазақ даласын аралап, ел арасынан фольклорлық үлгілерді жинап,
зерттеген, ертегінің мазмұны мен сюжетіне баса назар аударды. Омбы кадет корпусында
оқыған кезден бастап Шоқан Уəлихановпен дос болған, кейін оның еңбектерін жариялауда
көп еңбек сіңірді.
Ол қазақ арасынан экспедициялық əдіс, аударма арқылы жасалған конспект арқылы
жинаған ертегілерді газет-журналдарда жариялады. Ол қазақ халық мұраларын жинаудың екі
бағдарламасын жасап, «Дала уалаятының газетінде» жариялады. 1916 жылы «Қазақ, Алтай
ертегілері» деген жинаққа Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы аймағынан жинаған бірнеше
сатиралық ертегінің сюжетін орыс тіліне қысқаша аударып басқан [8]. Потанин жинаған
ертегілерді түрлерге бөлмей, аралас жариялаған. Жинаққа енген əр мəтінге түсініктеме беріп,
көне замандағы елеулі оқиғалардың шежіресі ретінде қарап, мəтін варианттарын көрсеткен,
қулар мен алдағыштар жайындағы, Алдар көсе туралы ертегілердің халықаралық сюжетке
құрылғанына тоқталып, əрбір сюжетке əлем фольклорынан ұқсас мотивтер мен кейіпкерлер
іздеп, салыстырып отырған. Ертегі тілі ауызекі сөйлеу тілі заңдылықтарына бағынатынын
ескерген. Ол фольклорды жинап, жариялаушы, əрі зерттеуші болды [9].
Қу жауырынды етке, етті қойға, қойды сегіз қойға, оны қалыңдыққа алмастырып
алатын «Алдар көсе» (71-73 бб.), қаңбақ шал жайындағы «Түлкі» ертегісін Көкіш
Шыңғысұлы Уəлихановтан, «алдауыш кітабын үйде қалдырған» Қу бала туралы (132-133
бб.) жəне көк қаршығадан сый алатын «Ұр, тоқпақ» (140-142 бб.) ертегісін Сырымбетте
Көседен, Қағанақбас, Қылкеңірдек, Шибұт туралы «Үш жолдас» ертегісін (162-164 бб.)
Көкшетау уезінен жазып алынған.
140
Ақмола уезінде 1900 жылы жазылған ертегілерді сол өңірде сот болып қызмет атқарған
А.М.Головачев Г.Н.Потанинге берген. Ақмола уезі, Сарыөзек болысының қазағы, 73
жастағы Бисембай Аққожиннің айтуынан Алдар көсе туралы ертегілерді Қоржынкөл
болысының қазағы, Ақмола қаласының тұрғыны, орыс тілін жетік білетін Ілияс Итжанов
орысшаға аударып берген. Ақмола уезі, Нұра болысының биі Темеш руынан 49 жасар Өтеу
Бөжин Баяшал туралы, яғни дəулермен күш сынасатын қаңбақ шал туралы ертегіні
А.М.Головачевқа айтып берген.
Қазақ ертегілерін жинап, бастыруда зор еңбек сіңірген адамның бірі Александр
Ефимович Алекторов (1861-1918) – миссионер, қазақ тарихын, мəдениетін, этнографиясы
мен фольклорын зерттеген. Ол Бөкей ордасында, Астрахань губерниясында, Ақмола, Семей,
Гурьев облыстарында халық училищелерінің директоры, инспекторы бола жүріп, қазақ
халқының тарихы, тұрмыс-салты, ауыз əдебиеті, тілі жөнінде көптеген зерттеу, жинау
жұмыстарын жүргізген. «Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о
киргизах» еңбегінде (Қазан, 1900) қазақ жəне орыс тілінде 19 ғасырдың аяғына дейін
жарияланған қазақ еліне қатысты еңбектердің мазмұны, сын-пікірлер, қосымша ретінде 50-ге
тарта қазақ кітаптарының мазмұндалған тізімі берілген. «Қырғыздардың халық əдебиеті»
(1893), «Дала уəлаяты» газетінде Алекторов жинастырған бірнеше қазақ ертегілері басылды
[10].
А.Е.Алекторов 70-ке жуық ертегіні ел ішін аралап жүріп жинап, бастырған, ертегілерді
тақырып жағынан жіктеген, жанрлық сипаты бойынша жүйелеуге тырысқан. Тілді жетік
меңгергендіктен, қазақша естіген қалпында өзгертпей өз қолымен жазып алып, орыс тіліне
аударып, Қазақстанның қай аймағынан жиналғанын, ерекшелігін көрсетіп, орыс оқырманына
беймəлім əрбір сөзге түсінік беріп, газет бетінде жариялап отырған. Өзі шығарған
оқулықтарға тəрбиелік маңызы зор деген ертегілерді қосқан [11].
Қазақ фольклорының жанашыры, Түркістан мұғалімдер семинариясының оқытушысы
Яков Яковлевич Лютш – қазақ фольклорын жинап бастырушы. Санкт-Петербор
университетінің шығыс тілдер факультетін бітірген. Ол алғашқы қазақ тілінің оқулығын
жазған, көптеген шығыс қолжазбаларын жинаған, ортаазиялық авторлардың бірнеше
шығармаларын аударған. 1883 жылы Тəшкенде жарияланған Я.Лютштің «Киргизская
хрестоматия» деп аталатын Түркестан өлкесі қазақтарының халық əдебиеті үлгілерінің
жинағында Əулиеата, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт маңын мекендеген қазақтардың мақал-
мəтелдері, жұмбағы, айтысы, жоқтауы, дастандары, діни дастандары, жалпы ауызша мұрасы,
соның ішінде 26 ертегі қамтылған, бірақ олардың тақырыбы қойылмаған. 9 санымен берілген
«Еріксіз балгер», 10 санымен белгіленген «Тоғыз тоңқылдақ, жалғыз қаңқылдақ» туралы
сатиралық ертегілер жарияланған. Айтушы, жеткізуші турасында мəлімет келтірілмеген [12].
Николай Николаевич Пантусовтың «Қазақ халық əдебиетінің үлгілері» атты жинағында
ырымдар, бата, алғыс сөздер, өлеңдер, жеті ертегі, оның ішінде екі сатиралық ертегі
жарияланған [13]. Ол ауыз əдебиет үлгісін қалай жинағаны туралы баяндамағанмен,
қазақтың оқыған азаматтары Кəрібоз Қаңтарұлы, Нысан Кемпірешов, Мұртаза
Абылайхановтардың көмегіне сүйенген, мысалы, 26-бетте ертегіні кімнен қашан жазып
алғаны туралы толық ақпарат берген. Н.Пантусов «Момынбай менен жеті қарақшылардың
хикаясы» деген ертегіні (27-34 бб.) Қапал қаласында сол қаланың тұрғыны Нысан
Кемпірешовтен жазып алған.
Лаптев Иннокентий Павлович (1873-1917) – қоғам қайраткері, Сібір казак жасағы
атынан Ресей империясы Мемлекеттік думасы І жəне ІІ шақырылымының депутаты. Омбы
ерлер гимназиясында орта білім алып, Лазарев атындағы шығыс тілдері институтын 1895
жылы бітірген. Омбы қазыналық палатасында, Қарқаралы, Саратов губерниясы мен
Павлодарда инспектор болып қызмет еткен.
И.П.Лаптев 1900 жылы Мəскеуде жарияланған «Қазақ тілінен материалдар» деген
еңбегінде мақалдар, Ы.Алтынсариннің «Жаз» өлеңі, «Қаһарман» діни дастаны мен
сатиралық ертегілер секілді ауыз əдебиеті үлгілері қазақ жəне орыс тілінде қатар берілген.
«Ешкім бетіне қарсы келіп қатасын айтпайтұғын бір зейіні қатты патша дауласып келген екі
141
кісінің үйге кейін кіргенін өлтіре беріпті» деп басталатын, «Сұраған сен ақымақ па, сұратқан
хан ақымақ па» деген Жиренше шешен, ағаштан құлап, көпір астында жатқан жерінен
«керуеншілердің таяғынан жаным кірді» деп, өлген қызды тірілтпек болып елді дүрліктірген
Қожанасыр туралы сатиралық ертегілер жарияланған. Əр мəтінге түсінік жазылып, қазақ
тілінің қысқаша грамматикалық очеркі мен қазақ-орыс сөздігі қамтылған. И.Лаптев
сатиралық ертегілерге тақырып қоймаған, жанрына қарай топтамаған, бірақ қазақ тілінің
грамматикалық ерекшелігін айқындау мақсатында мəтіндегі ауызекі сөйлеу стилін еш
өзгертпей жариялаған [14].
Қазақтың оқыған азаматы, «Дала уалаяты газетінің» белсенді авторларының бірі
Рақымжан Дүйсенбаев И.Лаптевке қазақ тіліндегі материалды орыс тіліне аударуға
көмектескен. Ол газеттің 1895 жылғы 31-санында ертегі, «Түйе, түлкі, қасқыр мен
жолбарыс» ертегісі (1896, № 43) жариялаған, бірақ қай жерден жазып алғанын көрсетпеген.
Сонымен қатар Атбасар уезіндегі қазақтардың кəсіпкерлігі туралы (1895, № 44), қазақтардың
наным-сенімдері (1896, №2), барымтаны жою туралы (1896, № 42), қазақ алфавиті жөнінде
(1897, №10) мақалалар жазған [10].
Сонымен қатар сатиралық ертегілерді қазақ оқығандары ел ішінен жинастырып,
қазақтың рухани өмірінде өзіндік орны бар «Дала уəлаятының газетінде» жарыққа шығарған.
Омбыда қазақ жəне орыс тілінде 1888-1902 жылдары «Акмолинские областные ведомости»
газетіне қосымша ретінде Батыс Сібір, кейін Дала генерал-губернаторлығының басылымы
«Дала уəлаятының газеті» жарық көрген. Қазақша нұсқасына Е.Абылайханов пен
Д.Сұлтанғазин редакторлық жасаған. Орыс тіліндегі аудармасымен қатар берілген қазақ
ертегілерінің мəтінін орыс ғалымдары А.Е.Алекторов, А.А.Ивановский, М.Бельский,
М.Миропиев жəне т.б., қазақтың зиялы азаматтары Бөкен Адықов, Жағыпар Айманов,
Мəшһүр-Жүсіп Көпеев, Қорабай Жапанов, Бодаубек Райымбеков, Ташмұхамед Сейфуллин,
Рақымжан Дүйсембаев т.б. жинап бастырып, ел аузынан жазып алған ертегілердің соңына
жинап, бастырушы ретінде өзін көрсетіп отырған. Кейде паспорттық мəлімет көрсетпей,
мəтінді өз атынан жариялаған. Газет бетінде шағын ертектер, Алдаркөсе туралы ертегілер
көп басылған. Басылым материалдарының кітап болып жарық көруіне библиограф-ғалым
Үшкілтай Субханбердинаның сіңірген еңбегі орасан [15].
«Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 30-санында Жағыпар Айманов «Шияз шал»
ертегісін жариялаған. Баянауылдың тумасы, оқыған азамат Ж.Айманов осы газет бетінде
Баянауыл өлкесінен шөптің шықпай, малдың қырылғаны туралы хабарлар (1897, № 19) мен
«Түлкі мен бөдене» (1894, № 32) ертегісі жəне «Қожа Насыр» əңгімесін (1895, № 24) орыс
жəне қазақ тілінде жариялап тұрған.
«Дала уалаяты газетінің» 1894 жылғы 38-санында «Сəлім байбатша менен Рахым
байбатшалардың қалай шүрегей етінен құр қалғаны» жəне 1900 жылғы 3-санында «Жақсы
түстер» сатиралық ертегісі жарияланды. Бұлар – бір мəтіннің екі түрлі нұсқасы, қысқаша
мазмұны төмендегідей: ноғай, сарт, қазақ аңға шығып, жалғыз шүрегей үйрек атып алады.
Жақсы түс көргені жейтін болып жолдастары ұйқыға кеткенде, қазақ үйректі жеп қояды. Осы
ертегілерді жинап, жариялаушы туралы мəлімет берілмеген.
1892 жылы «Акмолинские ведомости», 1893 жылы «Астраханьский вестник»,
«Оренбургский листок» беттерінде «Алдар көсе», «Алдар көсе мен Шықбермес Шығайбай»,
«Тоғыз Тоңқылдақ, бір Шіңкілдек» мəтіндері жарық көрген. Ал «Дала уалаяты газетінің»
1901 жылы 14-санында «Алдар көсе мен жылан» ертегісінде Алдар жыланды үлкендігіне
сендіріп, алдап ат басындай алтынға ие болуы айтылады [16]. Соңына «Орта жүз» деп қол
қойған Алашорда өкіметіне мүше болған Отыншы Əлжанов еді, ол «Бабай бүркіт» деген
бүркеншік есіммен де фольклорлық мəтіндерді, мақалаларын жариялап тұрған. Əлжанов
Отыншы (1873-1918) – бұрынғы Семей облысы, Зайсан уезінде туған. Зайсан қаласындағы ер
балалар орыс-қазақ училищесін, Омбы қалалық мұғалімдер семинариясын бітірген. 1916
жылы ұлт-азаттық күресте, 1917 жылы төңкеріс тұсында қазақ елінің бостандығы үшін
қызмет етіп, тəуелсіздік жолында құрбан болды. Ол ауыз əдебиет үлгілерін Зайсан,
Тарбағатай, Омбы, Қызылжар, Ақмола өңірлерінен жинады [15, 10-13 бб.].
142
Қазақ халық əдебиеті үлгілерін жинаушы жəне жариялаушы Александр Васильевич
Васильев (1861-1943) Қазан губерниясы, Чебоксар уезінде діни қызметкер отбасында
дүниеге келген, оқу-ағарту саласында қызмет атқарды. Торғай облыстық халық
училищесінің Ы.Алтынсариннен кейінгі инспекторы А.В.Васильев Н.Е.Ильминскиймен
тығыз байланыста болған. 1896 жылы Орынборда «Дала уалаяты газетінің» шығуына
байланысты қазақ тілінің дыбыс ерекшелігіне сай орыс алфавитін жасау жөніндегі еңбегін
жариялайды. Миссионерлік көзқарастағы А.В.Васильев қазақ тілін жетік меңгерген, өзінше
əліппе жазған.
А.В.Васильев қазақ ертегілерін Қостанай, Торғай, Ырғыз, Ақтөбе өңірлерін аралаған
сапарларында 1890 жылдары өз қолымен жинап, 1898 жылы «Образцы киргизской
словесности. Вып. 1» кітабына жиырма үш ертегі енгізді. «Тазша бала», «Амалшыл Бекжан»,
«Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Алдар көсе мен бай баласы», «Алдар көсе мен тоңғақ»,
«Бұқарлық пен қазақ» сияқты сатиралық ертегілерін жинап жариялаған. Ырғыз уезінің
мұғалімдері Ы.Алтынсариннің ісін жалғаушы Ғабдол-Ғали Балғынбаев (1866-1942) пен
Бөкей ордасының тумасы, драматург Ишанғали Меңдіханов (1872-1919) ауыз əдебиеті
үлгілерін жинауда Васильевтің көмекшілері болды. Ертегілерді орыс тіліне аударып,
жариялап отырған А.В.Васильевтің ертегілерді жинаудағы кемшін тұсы – кімнен, қай жерде
жазып алғандығы жайында толық мəлімет, дерек көрсетпейді [17, 10-36 бб.; 115-123 бб.].
«Бұқарлық пен қазақ» ертегісінде бұқарлық пен қазақ жолда келе жатып темекі сауыт
тауып алады. Кімнің жасы үлкен болса, сол алсын деп келіседі. Бұқарлық Шолпан жұлдыз
туғанда дүниеге келгенін айтқанда, қазақ өксіп жылап, сол кезде үлкен ұлы өлгенін айтып,
темекі сауытқа ие болады. Бұл ертегі – Алдар көсенің шайтанды, жыланды алдауы туралы
сатиралық ертегілердің анекдоттық бір нұсқасы [18, 10-13 бб.].
Неміс этнографы Карутц Рихард ХХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегін аралап,
қазақтар мен түрікмендердің əдеп-ғұрпын, дəстүрін, тұрмысын зерттеген. Р.Карутцке
Маңғыстау сапарында орысша сауатты, осы жердің тумасы, Новопетровскідегі уездік
басқарма кеңесінің тілмашы, əңгімешіл Ораз Оңғалбаев жолбасшы болады. Карутц осы
зерттеу жұмыстарын жинақтап, оны 1911 жылы Лейпцигте неміс тілінде жариялады. Келесі
жылы Е.Петри орыс тіліне аударған кітапта ел аузындағы əңгімелер, мақал-мəтелдер
келтірілген. Онда А.В.Васильев «Алдар мен бай туралы» сатиралық ертегісінің фабуласы
баяндалған. Бір бай адам «мені алда» дегенде, Алдар «алдауыш таяғым үйде қалып
қойыпты» деп жауап береді. Бай: «Қойды мен қарай тұрамын, таяғыңды əкеле ғой» деп
Алдарды атына мінгізіп жібереді [19, 176-б.].
Фольклорлық мұраны сақтап жеткізушілер уақыт озған сайын азайып барады. Қазіргі
жаһандану заманында ауыз əдебиетінің, фольклордың дамымайтыны белгілі. Қолжазбаларды
жинау тарихы – археографияның бір бөлігі болып табылады. Сатиралық ертегілердің,
қолжазбалық мұраның жиналу, жариялану тарихын жазу келешектің еншісінде. Кеңес
кезеңіне дейінгі дəуірде сатиралық ертегілер жеке жарияланбағанмен, басқа жанрлық
түрлермен бірге баспа бетінде жарық көрді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет