БІРІНШІ. Президенттің өкілеттігі туралы Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс.
Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет.
Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.
Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.
Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.
Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.
Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім.
Біз «қасіретті қаңтардан» мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды.
Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет.
Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.
Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын.
Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады.
Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.
Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.
Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.