1998 жылы Елімізде Ұлттың тарихы мен бірлігі жылы болып жарияланды. Осы жылы мемлекеттің көмегімен ұлтымыздың тарихын түгендеп, сананы жаңғырту үрдісі жүргізілді. Барлық заңның қайнар көзі болып табылатын Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспары ресми түрде қолданысқа енгізілді.
15 қаңтарда Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасында серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды. 10 маусымда Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық таныстырылымы өтті. 30 маусымда Президент жанынан Шетел инвесторларының кеңесі құрылды. 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасында мәңгілік достық және ХХІ ғасырға арналған одақтастық жөніндегі декларацияға қол қойылды. 17 шілдеде Қазақстан мен Қырғызстан арасында мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі меморандум бекіді. 9 желтоқсанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің тұңғыш мемлекеттік бағдарламасы – 1999-2000 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Жыл әлемдік қаржы дағдарысымен, жаңа үкіметтік команданың келуімен және республика Президентінің кезектен тыс сайлауымен есте қалды.
1999 жылы 10 қаңтарда Президент сайлауында қазақстандықтардың 79,78% дауысына ие болған Н.Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде қайта сайланды. 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш халық санағы өтіп, елде 14 953 100адамның тұратыны және халықтың 10 жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 7,7 пайызға азайғаны байқалды. 1 наурызда төрт саяси партияның басын қосқан «Отан» республикалық партиясы құрылды. 5 сәуірде ұлттық валютамыздың долларға қатысты бағамы құлдырап кетті. 7 шілдеде еліміздегі бас мұсылмандық мекеме болған Алматы орталық мешітінің құрылысы аяқталды. Айта кетейік, 1999-2002 жылдары Үкіметті Қасым-Жомарт Тоқаев басқарды.
2000 жылы Жетпіс жыл алып империяның құрамында жүріп, ұлт құндылықтарын сақтауда есесін жіберіп алған жас мемлекет жаңа ғасырды мәдениетті қолдаудан бастады. Билік механизмдерін жетілдіру мақсатында осы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту жөнінде» Жарлық қабылдады.
16 наурызда Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді. 10 қазанда Астанада Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. 15 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Сиднейде өткен XXVII жазғы олимпиадалық ойындарда Қазақстан құрамасы үш алтын, төрт күміс медаль алып, 199 елдің ішінен 22-орынға көтерілді.