Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз Жай мұғалім – хабарлайды



Дата07.05.2023
өлшемі22,79 Kb.
#90867

Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз

«Жай мұғалім – хабарлайды,

Жақсы мұғалім – түсіндіреді,

Керемет мұғалім – көрсетеді,

Ұлы мұғалім – шабыттандырады»

Уильям Уорд

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деп ұлы Абай атамыз адамның өмірлік миссиясын айқындап кеткен болатын. Өмірден орнымды табамын, мұғалім боламын деген бала арман бүгінде ақиқатқа айналды. Құрбы-құрдасты айналасына үйіріп жинап, білгенімен бөлісетін бала Ақерке қазіргі таңда шәкірт оқытып, жас ұстаздардың қатарынан көрінуде. Оқушы кезінен философ Сенеканың «Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз үйреніміз» деген нақыл сөзін құлағына құйған болашақ ұстаз өзін жан-жақты тәрбиеледі, қазірде тәрбиелеу үстінде және тәрбиелей де береді. Шәкірт – ұстаздың айнасы. Әр шәкірт өз ұстазына қарап бой түзейді. Сөзі мен ісі сай ұстаз үлгі боларлықтай тұлға болары хақ. Тәрбие мен білім егіз ұғым. Осы орайда «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі...» деген Әл-Фараби бабамыздың сөзі ойға оралады.

Әр мұғалімде «Нені оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?» деген сұрақтар туындайды. Көз ілестірмейтін цифрландыру заманында жаңалыққа жармасып, жаңғыруды көздеу қазіргі күннің талабы болып отыр. Бүгінде мен таңдаған «Информатика» пәні үлкен сұранысқа ие. 1985 жылы «Информатика» пәні жаңа пән ретінде оқытыла бастаса, араға 38 жыл салып пәннің маңыздылығы артпаса, кемімеді. Информатика мен үшін жаңа пән емес, жиі жаңарып отыратын пән. Ал, менің түсінігімде бүгінгінің информатигі үздіксіз ізденісте жүретін, жаңашыл педагог. Жаңа Қазақстан, жаңару, жаңашылдық деп жиі айтып жүрсек те, халық арасында информатика пәніне деген көзқарас әлі ескіде қалып қойған. Информатика пәнінің маңызды, қызықты пән екендігін адамдарға жиі айтып, сөз таластыратын кездерім де болады. Жұмыс барысын көрсету және цифрландыруға өз үлесімді қосу мақсатында TikTok платформасы, Instagram әлеуметтік желісінде (#педагогкепайдалыпрограммалар) арнайы аккаунт құрып, парақша ашып, жұмыстарымды жариялап бастадым.

Сілтеме: https://instagram.com/usefulprograms?igshid=YmMyMTA2M2Y=

Әдіс-тәсілдер, пайдалы сервистер мен программаларға деген қызығушылық, Қазақстан мұғалімдеріне арналған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok платформасы бірігіп ұйымдастырған байқаудан кейін одан сайын арта түсті.

TikTok платформасындағы жаңашыл педагогтердің сабақ мазмұнын қызықты форматта ұсынған бейнероликтерін көріп, өз тәжірибемде қолданып бастадым. Оқушыға да, мұғалімге де ұнап, сервистерге, түрлі ойындарға деген сұраныс артты. Бұрын сіз оқыған Paint пен Microsoft Word қана емес, программалар мен сервистер саны артып, gamification элементтері сабақтың бір бөлшегіне айналып кеткелі қашан?! Педагогтер бір-бірімен үнемі коммуникацияда (сommunication) болып, көштен тысқары қалмай, тәжірибе алмасатын болса, жаңаны білуге ұмтылса біз өзіміз қалаған Жаңа Қазақстанды құрып, дамушы алпауыт мемлекеттердің қатарынан көрінетін боламыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады» деп айтып өткен болатын. Ағартушы ақын Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қоссатөр – мұғалімдікі», - деп айтып кеткендей мұғалім мәртебесі қашан да жоғары, құрметке лайық. Мұғалім деген атқа лайықты болайық! Жаңашылдыққа ұмтылайық!



Ақерке Еркінқызы

Информатика пәні мұғалімі

№10 жалпы білім беретін орта мектебі

Ақтөбе қаласы



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет