Жалпы жансыздандыру (наркоз) .Заманауи анестезия оның жалпы және арнаулы компоненттері арқылы қамтамасыз етіледі. Анестезияның жалпы компоненттеріне психикалық қабылдауды тежеу, гипорефлексия, наркоз, анальгезия, неровегетативтік блокада, миорелаксация, газ алмасу процестері мен қан айналысын қамтамасыз ету, зат алмасу процестерін реттеу жатады. Анестезияның арнаулы компоненттері мыналар: терең немесе таяз гипотермия, жасанды қан айналысы, кардиоплегия, жасанды артериялық гипотензия, краниоцеребральдық гипотермия, ішпердесі диализі, көктамыр диализі, кардиостимуляция, лимфо-гемосорбция. Наркоз кезінде науқас сыртқы ортамен байланысын біршама жоғалтады: науқастың санасы жоғалады, ауырсыну сезімі толық жойылады, бұлшық еттер босаңсиды, рефлекстердің басым көпшілігі жоғалады. Наркоз кезінде сонымен қатар бас миы мен базальдық ганглийлердің (қоздырғыштарға сезімталдық толығымен жойылады) және жұлынның қозғалыс орталықтарының қызметі (бұлшық еттер босаңсиды) салданады. Арефлексия пайда болып, аяқ-қол қозғалмайды. Сопақша мидың қызметі өзгермейді, сондықтан өздігінен тыныс алу мен жүрек қызметі сақталады. Барлық анестетиктер өздеріне тән терапевтік әсер ету диапазонында қолданылады. Терапевтік әсер ету диапазоны немесе амплитудасы деп анестетиктің терапевтік мөлшері мен улы мөлшерінің арасындағы айырманы айтады. Терапевтік диапазоны кең препарат неғұрлым қолайлы да қауіпсіз.
Наркоздың жіктелуі
1. Орталық жүйке жүйесіне әсер ететін факторына байланысты:
А) фармакодинамикалық наркоз – фармакологиялық препараттар арқылы әсер етеді;
Б)Электр наркозы – электр өрісімен әсер ету;
В)Гипнонаркоз – гипнозбен әсер ету болып бөлінеді.
Наркоздың негізгі түрі фармакодинамикалық наркоз
2. Препараттарды енгізу жолдарына байланысты:
А) ингаляциялық наркоз – наркоздық препараттар тыныс алу жолдары арқылы енгізіледі. Бетперделік, эндотрахеялық, эндобронхиалдық деп аталатын түрлері бар;
Б) ингаляциялық емес наркоз - наркоздық препараттар тыныс жолдары арқылы емес, көктамырға немесе бұлшық ет арасына егу арқылы жіберіледі.
3. Қолданылатын препараттардың санына байланысты:
А)мононаркоз – бір наркотикалық препаратты қолдану;
Б) аралас наркоз - екі немесе одан да көп препараттарды қолдану;
В) құрама наркоз – операцияның әр кезеңінде әртүрлі наркотикалық препараттарды және олармен қосарлап организмнің кейбір қызметтеріне айырықша әсер ететін препараттарды (миорелаксанттар, ганглиоблокаторлар, анальгетиктер) пайдалану. Соңғы аталған наркозды кейде көпкомпонетті анестезия деп те атайды.
4. Операцияның әр кезеңіне байланысты:
А) кіріспе наркоз – қысқа мерзімде әсер ететін, қозу фазасы болмайтын наркоз. Әдетте науқасты тез ұйықтату үшін, сонымен қатар негізгі анестетиктің мөлшерін азайту үшін қолданылады;
Б) қолдаушы (басты, негізгі) наркоз – операцияның басынан аяғына дейін қолданылатын наркоз. Негізгі наркозға басқа затты қосқан кезде ол наркоз қосымша наркоз деп аталады.
В) Базистік наркоз (базис-наркоз) – наркоздың жеңіл түрі. Бұл наркоз кезінде басты наркоз препараттарымен қоса бір мезгілде немесе оған дейін анестетик беріледі. Негізгі мақсат негізгі наркоз препараттарының мөлшерін азайту. Наркоздың теориялары Жалпы анестетиктердің әсерінің клиникалық көріністері ертеден белгілі болғанымен, олардың әсер ету механизмі ұзақ уақыт бойы белгісіз болды және осы кезеңге дейін толық түсінікті емес.
Наркоздың тарихи маңызы бар теориялары мен жалпы анестезияның әсер ету механизмі жөнінде заманауи түсініктер бар.
1. Кронның коагуляциялық теориясы (1864ж.). Бұл теория бойынша анестетиктер клетка ішіндегі белоктарды ұйытып, жүйке клеткаларының қызметінің бұзылуына әкеп соқтырады.
2. Германның липоидтық теориясы (1866). Бұл теория анестетиктердің майларда ертиін қасиетіне негізделген. Ми тінінде липоидтердің мөлшері өте көп (лецитин, холестерин). Осының салдарынан анестетиктер липоидотроптық қасиетіне байланысты орталық жүйке жүйесіне жеңіл өтіп, наркоздық ұйқы шақыратын өзгерістер туғызады. Анестетик май тіндеріне неғұрлым тез өтетін болса, соғұрлым оның анестетикалық қуаты басым болады (Мейер-Овертон заңы).
3. Траубенің адсорбциялық немесе беттік керілу теориясы (19041913жж.). Жоғары липоидтропты анестетиктер жүйке клеткаларының майлы қабығы мен қоршаған сұйықтың шекарасында беттік керілудің күшін азайтады. Осы кезде жүйке клеткаларының сыртына анестетиктер сіңеді. Клетка жарғақшасының химиялық қасиеттері бұзылып, ферментативтік процестер баяулайды, клетка ішіндегі зат алмасу процестері өзгереді. Мұның барлығы наркотикалық ұйқы түрінде клиникалық көрініс береді.
4. Варбург (1911ж.) пен Ферворнның (1912ж.) тотығуқалыптастыру теориясы. Бұл теория бойынша анестетиктер ми тіндері клеткаларындағы тотығу-қалыптастыру процестерін реттейтін ферменттерді тежейді.
5. Асфиксия теориясы немесе гипоксиялық теория (Ферворн, Макинтош) наркозды ми клеткаларындағы тотығу процестерінің бұзылуымен түсіндіреді. Ми клеткасы кислородты сіңіру қабілетінен айырылып, оттегінің жетіспеушілігі пайда болады. Дегенмен, клетка ішінде оттегінің мөлшерінің азаюы наркоздың себебі емес, оның салдары болып табылады.
6. Поллингтің су кристалдары теориясы (1961ж.). Бұл теория бойынша анестетик сулы ортада катиондардың клетка жарғақшасы арқылы
көшуіне кедергі жасайтын кристалдар түзейді де, синапстар арқылы өткізу процестерін ішінара бәсеңдетеді. Нәтижесінде сезімталдық жойылады.
7. Хобер (1907ж.) мен Винтерштейннің (1916ж.) жарғақшалық (мембраналық) теориясын кейінірек көптеген авторлар жетілдірді. Анестетик клетка жарғақшасының физико-химиялық қасиеттерін өзгерту, Na+, К+ және Са+ иондарының тасымалдану процестерін бұзу арқылы қимыл потенциалдарының жасақталуы мен өтуіне әсер етеді.
8. Апиын қабылдағыштарымен (рецепторларымен) өзара әсерлесу теориясы. Апиын қабылдағыштарын (рецепторларын) және эндогендік морфин тәріздес заттар – эндорфиндер ашылған соң, жалпы анестезия эндорфиндердің қанға бөлінуінен болады деген болжам пайда болды.
9. Наркоз жөніндегі заманауи түсініктер. Қазіргі кезде жалпы анестетиктердің әсер ететін нүктесі жүйке клеткаларының жарғақшасы деген көзқарас басым. Анестетиктердің фосфо-липидтік екі қабықшаға енетіні дәлелденген, олардың клетка жарғақшаларының гидрофобтық аймақтарына да өтуі мүмкін деген болжамды әзірге жоққа шығаруға болмай отыр. Қазір анестетиктердің молекулаларының орналасқан жерін ядролық магниттік резонанс әдісімен анықтайды. Анестетиктердің клетка жарғақшасына әсері жөніндегі пікір екі түрлі: біреулері клетка жарғақшасын кеңейтеді десе, енді бірі оны жоққа шығарады. Қазіргі дәуірде жарғақшаның көлемінің өзгеруіне емес, клетка жарғақшасын реттеудің бұзылуына көңіл ауып отыр. Анестетиктердің әсер етуінің нәзік механизмдері жөніндегі мағлұматтардың бағалылығына қарамастан, наркоз орталық жүйке жүйесінің өзіндік функционалдық жағдайы деп қарастырылуда. Осы концепцияны әзірлеу ісіне Н.Е. Введенский, А.А. Ухтомский және В.С. Галкин көп үлес қосты. Парабиоз теориясына (Н.Е. Введенский) сүйенсек, анестетиктер жүйке жүйесіне күшті қоздырғыштар тәрізді әсер етіп, бөлекше нейрондар мен жүйке жүйесінің физиологиялық құбылмалылығын төмендетеді. Соңғы кезде көптеген мамандар ретикулярлық теорияны (П.К. Анохин) қолдап отыр. Бұл теория бойынша анестетиктердің тежеу әсері мидың ретикулярлық формациясында көрініп, мидың жоғары жатқан бөліктеріне қарай өрлеу процестерінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Наркоздың ағымы мен сатылары Наркотикалық затты организмге енгізген кезде заңды түрде белгілі бір сатылық болатыны анықталды. Наркоздың сатыларын эфирмен наркоз берген кезде анық байқауға болады. Осыған байланысты, эфир наркозының сатылары анестезиологияда стандарт есебінде қолданылады.
ұсынылған жіктеулердің ішінде кең тарағаны Гведелдің жіктеуі (классификациясы) болды. Бұл классификация бойынша наркоздың 4 сатысы бар.
Бірінші сатысы – анальгезия сатысы. ұзақтығы 3-8 минут. Сананың біртіндеп бәсеңдеп, әрі қарай – толық жойылуымен сипатталады. Температуралық, тактильдік сезімталдық және рефлекстер сақталады, ауырсыну сезімі күрт азаяды. Бұл кезде сыртқары орналасқан ағзаларға қысқа мерзімді операциялар жасауға болады. Бұл наркозды рауш-наркоз деп те атайды. Артурзио (1954ж.) наркоздың бірінші сатысын 3 кезеңге бөледі:
Біріншісі – шаршау кезеңі, толық анальгезия мен амнезия бола қоймаған кезеңі;
Екіншісі – толық анальгезия мен ішінара амнезия кезеңі;
үшіншісі – толық анальгезия мен амнезия кезеңі. Екінші сатысы – қозу сатысы. Науқастың санасы жойылған соң басталады. ұзақтығы 1-5 минут. Сана толық жойылып, сөздік және қимылдық қозу процестерімен сипатталады. Бұлшық ет тонусы көтеріліп, тамыр соғуы жиілейді, қан қысымы жоғарылайды. Наркоздың екінші сатысы ми қабаты астындағы түзілістердің белсенділігінің артуымен сабақтасты.
үшінші сатысы – хирургиялық саты (наркоздық ұйқы сатысы). Анестезия басталған соң 12-20 минуттан кейін басталады. Организмді анестетикпен қанықтырған сайын, мидың жоғарғы қабаттары мен ми қабаты астындағы құрылымдардағы тежелу процестері одан әрі тереңдейді. Хирургиялық сатының клиникалық көрінісі сезімталдықтың барлық түрінің жойылуымен, бұлшық еттің босаңсуымен, тамыр соғуының сиреуімен және қан қысымының төмендеуімен сипатталады.