Жануарлар әлемін қорғау
Әлемдегі барша құндылықтардың түп тамыры—қасиетті Жер анада. Осы Жер анадағы күллі жаратылыстың жымдасқан үйлесімділігі мен өз жарасымдылығы бар. Ал табиғаттағы әрбір жаратылыс—адамзат үшін үлкен маңызға ие. Тіршіліктің көрінген не көрінбеген сырын түгелдеп, оны санамен ұғынып, қадір-қасиетіне жету адамдық парыз деп ойлаймын. Адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасы әрқашан өзекті мәселе. Табиғат пен адам егіз ұғым дейтіні де сол емес пе? Жаратылыс иесі де адам мен табиғатты жіпсіз байлаған сыңайлы. Өйткені, табиғатсыз өмір сүре алмақ емес. Атап айтсақ: таза ауа, жасыл жапырақ, асқар тау, шипалы су, жануарлар. Иә, біз табиғатты қорғау, ағаш егу, оның бізге пайдасы туралы жақсы білеміз. Бірақ жануарлардың адам өміріндегі орны туралы ойланып көрдік пе? Жабайы жануар болсын, үй жануары болсын оның бізге қандай қажеттілігі бар? Оның қадіріне жетіп жүрміз бе? Осы мәселе мені толғандырады.
Ұлттың ұлылығы мен кеудесінің кеңдігін олардың жан-жануарларға деген қарым-қатынасына назар салып-ақ байқауға болады деп жатады ғалымдар. Бұл сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені адам өмірінде жан-жануарлардың алар орны ерекше екені талассыз. Жануарлардың әрқайсысының жекелеген қасиеттері бар. Соның ішінде күнделікті адамның тіршілік етуі үшін қорегі мен шикізат көзі болып табылады. Бірақ әр нәрсенің өзіндік орны болатынындай, жануарларды қажеттілігімізге жаратудың да өзіндік шекарасы болу керек деп есептеймін. Табиғат біздің ортақ үйіміз емес пе? Ол тек бүгін ғана қажетті дүние емес, болашағымыз үшін де зор мәнге ие екені белгілі. Сондықтан заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де табиғаттың ажырамас бөлшегі болған жануарларды қорғау керек. Оған өз уақытында әрекет етіп, бет бұрыс жасамаса, табиғатты қорғау мәңгілік адамзаттық шешілмес түйін болып қала береді. Орынсыз жасалған әрекет тек бір жануардың жойылуымен шекетелмейді. Ол барлық табиғатқа теріс әсер береді. Сол секілді жануардың бір түрін жою – өзге түрлердің өзгеруіне, азайып не көбеюіне алып келеді де табиғат тепе-теңдігі бұзылады. Ал тепе-теңдік бұзылуы адамның қоршаған ортасы мен климатының, тәні мен жанының кірленуіне алып келеді. Бұның бәрі экологиялық проблемалардың көбеюіне ықпал етеді.
Біздің планетамызда шамамен екі миллиондай жануарлар түрі болған. Адамзаттың табиғатқа көрсеткен салдарының себебінен жануарлардың саны айтарлықтай азайып, ал олардың кейбіреулері толығымен жойылып кеткен. Ендігі міндет—құндылыққа айналған сол жануарларды көздің қарашығындай қорғау. Сол құндылықты ұрпаққа аманат ету әр адамзаттың парызы емес пе? Жануарлар санының азаюы тікелей жойылуында емес, табиғи құбылыстардың да әсерінен болу мүмкін. Мысалыға, теңіздердің, сулардың ластануы, табиғаттағы шөлдің белең алуы, табиғи апаттар, климаттың тез өзгеруі, тілсіз жау да жануарлардың жойылуына себеп болады.
Жануарлар дүниесінің құндылығы туралы бірнеше жазушылар қалам тербеді. Содан-ақ жануарлардың қасиетті дүниесі бей-жай қарайтын мәселе еместігін аңғаруға болады. Қадыр Марзалиев өзінің «Қызыл кітап» өлеңінде экологиялық мәселені көтереді. Адамзат өзі өмір сүріп отырған ортасының әсемдігіне, тіршілік тынысының болшағына балта шауып жатқанын баяндайды. Хайуанатқа жасаған жауыздықты өз бауырына жасалған жауыздыққа теңейді. Өлеңнің «Қызыл кітап» деп аталуына да тоқталады. Ол зорлық көрген, қиянат шеккен жануарлардың басына қойылған «қызыл шырақ» іспеттес, мезгілсіз опат болған аң-құстарға қойылған «қызыл күмбез» деп сипаттайды. Өлең соңында табиғаттағы тепе-теңдіктің жойылу себебін іздегенше, оның сақтау жолдарын қарастыру керектігін үндейді.
Табиғат адамды емес, адам табиғатты ойлайтын заманда өмір сүрудеміз. Бұл жерде адамның көңіліне мұң ұялатар мәселе бар. Масалы, талайлардың жырына арқау болған жезкиікті жоғалтқан адамзаттың өзі. Бұл киелі жануардың елімізде екі жүз мыңға жетер-жетпес саны қалған. Екі жыл бұрын екі есе көп еді. Оның тең жартысы ауыр індеттен ауырып қаза тапқан. Содан бері қорғау жұмыстары күшейтілген. Алайда адамнан айла асқан ба? Ебін тауып аңға шығып жүргендер бар деседі. Мемлекет тарапынан жануарларды қорғау ұйымдары өз жұмыстарын атқарып отырғаны рас. Атап айтар болсақ, Түркістан қаласында арнайы орман шаруашылы қолға алынып, жасанды көшеттер отырғызылған. Орман шаруашылығының екінші бағыты—жануарлар әлемін қорғау. Бұл жерде қызыл кітапқа енген қаратау арқары, сібір елігі мекендейді. Бірақ броконерлердің тұсауына түсіп қалу қаупі бар. Сондықтан, мен бұл жануарларды қорғап, өрттен сақтау үшін, уақытында рейдтер өткізіліп, барлау жұмыстары жүргізіліп тұрса деймін. Өйткені қазіргі кездегі қанжығасы майланған аңшылар қоршаған ортаны отап, қызыл кітаптың парағын қалыңдатты. Тіпті тоқсаныншы жылдары ақбөкеннің өзі халықтың көнкөріс кәсібіне айналған еді. Киелі жануардың саны күрт төмендеп, қазіргі таңда тек жиырма бір мың ғана бөкен түзде жорып жүр деседі.
Қазіргі таңда жалпы жер бетінде жеті жарым миилиардқа жуық адам тіршілік етуде. Халық санының қарқынды өсуі табиғат байлықтарының көптеп қолданылуы мен экологиялық ахуалдың төмендеуіне әкеп соғатыны белгілі. Біз халық санының өсуімен күресе алмаймыз. Бірақ табиғатты қорғауға қауқарымыз жеткілікті. Осы мәселенің шешу үшін өзімнің мынадай ұсыныстарым бар. Біріншіден, жоғалып кету қаупі төнген түрлердің қай жерде екенін анықтап алу керек. Бұны барлық елдер жұмыла отырып ұйымдастыру керек. Екіншіден, олардың өлу себебін нақты анықтап алып, салдарымен күресу керек. Үшіншіден, жойылып кету қаупі бар жануарларды арнайы қорықтарда сақтау керек деп ойлаймын. Сол арқылы табиғат тепе-теңдігінің сақталуына оң ықпал ете алуымыз мүмкін. Осы жердегі тепе-теңдік мәселесі де бей-жай қарайтын дүние емес. Біз жануарларды қорғаймыз деп теріс әрекетке барып қалуымыз да бек мүмкін. Өйткені оған Автралия еліндегі мына мысал дәлел бол алады. Қояндарды Англиядан Автралияға спорттық аң аулау үшін алып келді. Қояндар үшін елдің климаты қатты әсер етіп, құлақтары тез өседі. Олар содан ешбір жыртқыш аңдарға төтеп бермей, тез көбейеді. Елдегі бүкіл жайылымдарды құрта бастайды. Шектен тыс көбейген қояндарды арнайы вируспен өлтіруге тура келген. Сондықтан жануарлардың көбейіп кетуі де қоғам үшін қауіпті деп ойлаймын. Төртіншіден, және ең маңыздысы біз саналы адамбыз. Сол себепті жануарлардың жойылуына ең басты себеп те өзіміз екенін саналы түрде мойындауымыз керек. Табиғатқа жасаған зардаптарымызды өз қолымызбен түзету парызымыз. Жүрегімізге жануарларға деген сүйіспеншіліктің тұқымын отырғызып, олардың тағдырына немқұрайлылықпен қарамасақ деймін. Халық арасында ағартушылық жұмыстары жүргізіліп,экологиялық тәрбие аясына көңіл бөлініп отыруы қажет.
Қорыта айтқанда, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру, жануарлар әлемін сақтау өз қолымызда. Табиғи байлықтарды пайдалануда ысырапшылдыққа бой алдырмасақ игі. Жануарларды қорғау мемлекеттік ұйымдардың ғана міндеті емес, жекелеген адамдардың міндеті екенін түсіну керек. Өйткені, қызыл кітап ішінде «Қара кітап» болады деседі. Ол жерде мүлде жойылып кеткен жануарлар мен өсімдіктердің атаулары сақталған. Жануарлардың жойылуы себебі табиғи апаттардан да болу мүмкін екендігін тілге тиек еткен едік. Алайда қызыл кітапқа енген жануарлардың сексен пайызы адам қолынан болған жауыздықтың салдарынан екен. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау—әр есті жанның парызы. Елдегі «Қызыл күмбез» бен «қызыл шырақтың» көбеюі мен азаюы өз қолымызда екенін мәңгі жадымызда ұстауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылығы жануарларға деген қатынасымыздан көрінетін қазіргі заманда, өз ұлтымыздың масқарасын өзіміз шығармайық. Аңдар адамдармен өмір сүріп қолға үйренді, ал адамдар бір – бірімен араласа жүріп жануарға айналып кетпесе жарар еді...
Достарыңызбен бөлісу: |