Жапырақ - ботаникада негізгі функциялары фотосинтез, газ алмасу және транспирация болып табылатын өсімдіктің сыртқы мүшесі.
Сабақта жапырақтар бүйір жағында орналасады. Жапырақтың құрылысы күрделі және ол жапырақ тақтасынан, сағағынан, негізінен және бөбешік жапырақтан тұрады. Жапырақ тақтасы -жапырақтың кеңейген бөлігі. Оның төменгі қысқа сабақ тәрізді бөлігі сағаққа жалғасады. Сағақ кеңістікте өзінің орнын өзгерте алады. Соған байланысты жапырақ тақтасы жарыққа қарай орнын өзгертеді.
Сағақтың төменгі жағы жапырақ негізіне жалғасады. Ол жапырақты сабақта ұстап тұрады. Жапырақ негізінде көбінесе өскіндер — бөбешік жапырақтар түзіледі. Олар, әдетте, екеу болады. Сағақтары бар жапырақтарды сағақты жапырақтар деп атайды. Мұндай жапырақтар еменде, теректе, қайыңда, үйеңкіде және т.б. болады.
Жапырақтарында сағақтары болмайтын өсімдіктер де бар. Бұл жағдайда жапырақ тақтасы бірден негізге жалғасады. Мұндай жапырақтар сағақсыз деп аталады. Олардың негізін жапырақ қынабы деп атайды. Сағақсыз жапырақтар қалампыр, зығыр және т.б. өсімдіктерде болады.
Сонымен қатар жапырақта оның жүйкелері орналасады.