Экскурсия Экскурсия - информатика саласы бойынша оқушылардың танымын кеңейтіп, игерген білімді практикада қолдану мүмкіндіктерін бақылауға, көрсетуге мүмкіндік беретін, кәсіби-бағдар беруді мақсат ететін оқытуды ұйымдастыру түрлерінің бірі. Информатика пәніне қатысты негізгі мақсаты - өндірісте, білім беруде, басқару саласында, т.б. информатиканың қолданыстарын көрсету; компьютерге байланысты кәсіби-бағдар жұмыстарын жүргізу; информатиканың қолданылу саласы туралы оқушылардың түсінігін кеңейту.
Экскурсияны информатика курсының басында немесе соңында жүргізуге болады. Бұл кезде сәйкесінше информатикаға қызығушылықты арттыру немесе информатикадан алған білімді қортындылап жүйелеу мақсат етіледі.
Экскурсияны үлкен өндіріс орындарында өткізу міндетті емес. Бірақ оны өткізу тыңғылықты дайындықты талап етеді. Мұғалім оның мақсаты мен міндеттерін айқындап, алдын-ала өткізілетін мекемелермен келісім жасасып, бару уақытын жоспарлап алу қажет. Оқушылар еңбек тәртібі мен техника қауіпсіздігі ережелерін білуі тиіс.
Экскурсия кезіндс компъютерді қолданатын өндіріс қызметкерлерінің практикалық әрекеттері нақты көрсетіліп, түсінікті жүргізіледі. Сондықтан оқушыларға алдын-ала бақылауға тиісті тапсырмалар беріледі. Осы тапсырмалар бойынша олар материалдар жинақтайды (хабарлама, коллекция, реферат, альбом, суреттер, т.б.).
Экскурсия нәтижесі бойынша оқушыларға сұрақтар беруге болады. Осы сұрақтар арқылы ұжымдық талқылау жүргізіліп, экскурсия нәтижесіне қорытынды жасалады. Бұл кезде қорытынды баяндамалар жасалады, көрме ұйымдастырылады, кездесулер өткізіледі.
Дәріс №11. Мектепте информатиканы оқытуда берілетін білім мазмұны
Мектепте информатиканы оқытуда берілетін білім мазмұнына талдау жасамас бұрын алғашқы информатика оқулығының мазмұнына тоқталайық.
Мектептегі алғашқы информатика оқулығының авторлары А.П.Ершов пен В.М.Монахов болып табылады. Оқулық «Информатика және есептегіш техника негіздері» деген атпен және мұғалімге арналған әдістемелік құралымен бірге 1985 жылы жарық көрді.
Авторлардың тұжырымдамасы бойынша «Информатика - ЭЕМ-ның көмегімен информацияны өңдеу мен таратудың қарапайым әдістерін қарастыратын ғылым» ретінде түсіндіріледі.
Оқыту мақсаты алгоритмдік мәдениет пен компьютерлік сауаттылықты қалыптастыру болып табылады. Алгоритмдік мәдениет дегеніміз - алгоритмді құру, түсіну және атқару іскерлігі арқылы бейнеленетін ойлау мәдениеті.
Алгоритмдік мәдениет ойлаудың анықталған қасиеті ретінде компьютерлік сауаттылықтың бөлігі болып табылады. Алгоритмдік ойлау компьютерді меңгеруден бұрын математиканы оқу барысында қалыптаса бастады.
Компьютерлік сауаттылықты А.П.Ершовтың «программалау - екінші сауаттылық» деген метафорасы негізінде анықтауға болады.
Алгоритмдік мәдениетті қалыптастыру үшін машинаға тәуелсіз оқу тілі (МАТ) қажет.
Оқулыққа талдау. Оқулықта алдымен алгоритмге анықтама және атқарушы ұғымына түсініктеме беріледі, бірақ ары қарай «атқарушы» сөзі кездеспейді деуге болады. Атқарушының дидактикалық мүмкіндіктері кейіннен түсіндіріледі. Ақпарат ұғымы да тақыланбайды. Алгоритмдеуге арналған алғашқы есеп мысалдары математика курсынан алынған. Блок-схемалар құрама командаларды түсіндіру тәсілі ретінде пайдаланылады.
Мектепте информатиканы оқытуда берілетін білім мазмұнының құрылымы төмендегідей: 1) Ақпараттық үрдістер, ақпараттың ұсынылуы: ▪ адам өмірінде, тірі табиғатта, техникада ақпаратты пайдалану, тарату, түрлендіру және сақтау;
▪ ақпараттың сандық өлшемі, ақпараттың өлшем бірліктері;
▪ тіл ақпаратты ұсыну тәсілі ретінде, ақпараттың екілік түрде ұсынылуы және оның ерекшеліктері мен артықшылықтары;
▪ компьютердегі командалардың және мәліметтердің берілу принциптері.
2) Алгоритмдеу және бағдарламалау: ▪ алгоритмдер, алгоритмдердің қасиеттері, алгоритмдерді атқару арқылы адам қызметін автоматтандырудың мүмкіндіктері;
▪ шама: атауы және мәні, шамалардың типі, мәліметтердің негізгі құрылымы;
▪ алгоритмдердің негізгі құрылымы және оны алгоритм құру үшін пайдалану, алгоритмдер кітапханасы;
▪ мектептік алгоритмдік тіл (немесе бағдарламалау тілі).
▪ компьютерде есеп шығару кезеңдері: есептің қойылымы, модель құру, алгоритм жазу және атқару, нәтижелерді талдау;
3) Компьютер және оны бағдарламалық қамтамасыз ету: ▪ компьютержұмысын басқаруды ұйымдастыру, компьютердің негізгі құрылымының жалпы жұмыс істеу принципі;
▪ компьютерде бағдарламаның автоматты түрде атқарылу принципі;
▪ компьютерді бағдарламалық қамтамасыз етудің түрлері (базалық бағдарламалық қамтамасыз ету, трансляторлар, бағдарламалау тілдері, саймандары, қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету).
4) Формальдау және модельдеу негіздері: ▪ формальдаудың негізгі принциптері;
▪ компьютерлік модель құру және оны пайдалану.
5) Ақпараттық технологиялар: ▪ мәтіндік, графикалық редакторларды пайдалану, мәліметтер қоры, электрондық кестелер;
▪ телекомуникациялар, әртүрлі типтегі телекомуникациялық желілер (жергілікті, аймақтық, аумақты), оның қызметтері және мүмкіндіктері, электрондық телекоммуникациялар;
▪ мультимедиа технологиялары.
6) Әлеуметтік информатика: ▪ ақпараттық ресурстар қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының негізі ретінде;
▪ ақпараттық технологияның қоғамдағы рөлі;
▪ әлеуметтік ақпараттық технологияның ерекшеліктері мен түрлері;
▪ ақпарараттық қаупсіздіктің өзекті мәселелері.
Бұл жалпы білім беретін орта мектепте информатика курсы бойынша берілетін білім мазмұны. Әрбір мәселені оқыту тереңдігі мен деңгейі, оқушылардың білімі, іскерлігі мен дағдысына қойылатын талаптарды анықтау осы пән бойынша мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жасалады. Ал, материалдың жүйелі баяндалуы, логикасы мектепте информатиканы оқытудың әдістемесін жасайтын оқулық авторлары, мұғалім, әдіскер, ғылымдардың жұмысы болып есептеледі.