Проблемалап оқыту және интербелсенді әдістер. Проблемалап оқыту әдiсiнің жалпы құрылымы.
Педагогика ғылымының дамуында «проблемалап оқыту» әдісі кең таралған. Бұл әдісте оқыту және таным әрекеттері өзара бірлікте қарастырылады. Проблемалап оқытудың логикалық негізі ойлау формалары болып табылады. Бұл әдістің басты мақсаты – информатика ғылымының негіздерін меңгеріп қана қоймай, информатика сабағында оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту.
Проблемалап оқыту әдісі – оқушыларға пән мазмұнына байланысты дайын білімнің көшірмесін алуды үйрету емес, олардың ой-өрісін, логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық әрекетін дамытуға негізделген.
Мұндағы басты міндет – оқушылардың ойлау жүйесін жаттықтыру ғана емес, олардың ойлау жүйесін өздерінің шығармашылық қабілеттері арқылы жетілдіру және игерген білім қорын одан әрі тереңдетуге қажетті зейін-зердесін тәрбиелеу болып табылады.
Психологтар адамның ойлау операциясын екі түрге бөледі. Біріншісі - өмірдегі дайын өнімді игеру туралы ойлау операциясы. Мұны дайын өнімді көшірме меңгеру деп атайды. Жалпы алғанда, репродуктивтік оқыту әдісі дегеніміз осы. Екіншісі – шығармашылық ойлау операциясы. Мұндай ойлау операциясы адам баласының өз еңбегі арқылы қажетті өнімді өзі жасау үшін қолданылады.
Проблемалап оқыту әдісін жүргізу дидактиканың заңдылықтарына байланысты мынадай кезеңдерге бөлінеді:
Проблемалық ахуалдар туғызу жолын алдын-ала дайындау.
Проблемалық сұрақтарды грамматикалық және стилистикалық жағынан дұрыс құру.
Проблемалық мәселелерді шешу амалдарын күні бұрын дәл белгілеу.
Проблемалық сұрақтардың теориялық анықтамасын заңды түрде дәлелдеу.
5. Проблемалық мәселелердің дұрыс шешілгендігін тексеру, тиісті қорытындылар жасау.
Дәстүрлі оқыту әдісі бойынша мұғалім сабақ тақырыбын хабарлайды, мазмұнын түсіндіреді, есептер шығартады, талдау жүргізеді, қорытынды жасайды. Ал оқушылар мұғалімнің әңгімесін тыңдайды, тапсырмаларды орындайды, тиісті әдебиеттермен танысады. Мұнда игеруге тиісті оқу мазмұны күні бұрын дайындалған күйінде оқушылардың қабылдауын талап етеді. Мұндай оқыту жүйесі репродуктивтік немесе дайын білім беру әдісі деп аталады.
Проблемалап оқыту әдісінің дәстүрлі оқыту әдістерінен екі түрлі айырмашылығы бар. Біріншісі, оқыту мақсатына байланысты, мұнда оқу материалының мазмұны зерттеледі, ол белгіл бір дәрежеде қорытылады. Нәтижесі практикада сыналып, оқу программаларына, оқулықтарға және қосымша оқу құралдарына жазылады. Екіншісі, педагогикалық процесті ұйымдастыру принципі тұрғысынан қарастырылады. Бұл кезде әдебиеттерде дайындалып көрсетілген білім мазмұнының көшірмесін қайталап өз қалпында түсіну талап етілмейді.
Осы мәселелерге сүйене отырып проблемалап оқыту теориясының мынадай алғышарттарын жасауға болады:
проблемалық ахуал – танымдық әрекет заңдылығы және оның құралы;
оқыту процесінде шартты түрде себептік ахуалтуғыза отырып оқушылардың білім алуға деген ынтасын арттыру;
белсенді ойлауын дамыту.
Проблемалап оқыту әдісін барлық сабақтарда үнемі қолдану тиімді болмайды. Проблемалап оқыту әдісі мен дәстүрлі оқыту әдісі ұласқан жағдайда оқыту процесі ғылыми-әдістемелік негізде тиімді нәтижеге қол жеткізеді. Оқу материалдарында көрсетілген теориялық мәселелерден туындайтын жаңа пікірлерді немесе ерекше мәні бар ұғымдарды, есептерді оқушылардың өз беттерінше ойлау еркін тәрбиелей отырып, олардың білімге деген ынтасын, таным қабілетін, шығармашылық әрекетін қалыптастыру мен дамыту мақсаты қойылады.
Проблемалап оқыту әдісінде мұғалім кейбір теориялық материалды баяндай отырып, тақырыпқа байланысты мәселелерді оқушылардың өздерінің шешуіне жағдай жасайды, яғни проблемалық ахуал туғызады.
Проблемалық ахуал – оқушылардың игерген білімі мен іскерлікті қалыптастырудағы қажетті ұғымдар мен фактілердің арасындағы сәйкессіздік. Информатика пәнінде оның негізгі көзі берілген есептің математикалық моделін жасау, алгоритмін құру болып табылады. Бұл кезде оқушылардың өзіндік шығармашылық әрекеті орындалады
Проблемалық ахуалды қамтитын есептерді шығару барысында оқушылар шығармашылық іс-әрекет танытады. Бірақ кез-келген есептің қойылымы проблемалық ахуал болып есептелмейді. Оқу материалы проблемалық болуы үшін келесі шарттар ескерілуі тиіс, яғни
Проблемалық ахуал өзіне тән сипатқа ие және ол оқушыларды ұғымдарды өздігінен меңгеруге, анықтамасын түсінуге бағыттайды немесе белгісіздерді табуға жетелейді. Қойылған проблеманың теориялық мәні мен практикалық қолданыстарын көрсетуді мақсат етеді. Проблемалап оқыту әдісінің жалпы құрылымы кестеде көрсетілген.