Информатика кабинетін жабдықтау және информатика кабинетіндегі оқушылардың жұмысын ұйымдастыру. Информатика пәнінің мазмұнын таңдауға бір-бірімен белгілі бір қарама-қайшылықта болатын екі негізгі факторлар тобы әсер етеді:
Ғылыми және практикалық факторлар. Информатика пәнінің мазмұны информатика ғылымы арқылы анықталуы керек;
Түсініктілік және жалпы білімділік факторлар. Оқу пәнінде қамтылған материалды меңгеруге оқушының шамасы келетіндей болуы керек, олардың ойлау қабілетінің деңгейі мен білімі, іскерлігі, дағдыларына сай болуы тиіс.
Информатика кабинеті – бұл компьютер кешенімен, интерактивті тақтамен, оқу-көрнекі құралдармен, оқу жабдықтарымен, жиһазбен, ұйымдастырушылық техникамен жабдықталған, сонымен қатар, информатика курсы бойынша теориялық, практикалық және сыныптан тыс факультативтік сабақтарды, басқа да білім беру пәндерін ақпараттық технологиялардың көмегімен өткізуге бағытталған оқу кабиенті.
Информатика кабинеті мына міндеттерді орындауға арналған:
- оқушылардың заманауи компьютердің құрылысы, қызметі және пайдалану саласы туралы білімдерін қалыптастыру;
- компьютер көмегімен есептерді шешу ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыру, бағдарламалық қамсыздандыруды және ақпараттық ресурстармен жұмыс жасауға пайдалану;
- оқушыларды есептегіш техниканың өндірісте, жобалау-құрастыру ұйымдарында, ғылыми мекемелерде, оқу үрдісінде және басқаруда қолданылуымен таныстыру;
- оқу мекемесіндегі оқу-тәрбиелеу үрдісін ұйымдастыру және оқыту әдістерін жетілдіру.
Информатика кабинетінде мына шараларды:
- информатика сабағын және жаңа ақпараттық технологиялар құралдарын (ЖАТҚ) пайдалану арқылы оқу пәндерін өткізуге;
- оқушылардың мұғалімдер немесе мектеп басшылығының тапсырмасы бойынша мектептің және кәсіпорындар қорының мұқтаждығын қанағаттандыратын қолданбалы бағдарламалар құрастыруына;
- ЖАТҚ құралдарын пайдалану арқылы сыныптан тыс және факультативтік сабақтарды өткізуге болады.
Информатика кабинетінде өтетін сабақ табысты болуы үшін оқу-тәрбиелік үрдістің арнайы шарттарын құру қажет, олардың құрамына өзара байланысқан құрамдас компоненттер кіреді, атап айтқанда:
а) материалдық (сабақ өтетін орын; мұғалім мен оқушының жұмыс орны; оқу-көрнекі құралдар және оқу жабдықтары; оқытудың техникалық құралдары);
б) гигиеналық (санитариялық шарттар; температуралық, жарықтық және ауа режімі);
в) эстетикалық (кабинеттің безендірілуі);
г) эргономикалық;
д) қауіпсіздік техникасы.