Өсімдіктің барлық мүшелеріне қоректік заттарды жеткізетін жасушалар тобын өткізгіш ұлпа дейді. Жасушаларының іші қуыс түтікше тәрізді, өткізгіш ұлпа жоғары ағыс жолы және төменгі ағыс жолы деп екіге бөлінеді.
Жоғары ағыс жолымен тамыр түктері арқылы топырақтан сорып алған су мен онда еріген минералды тұздардың ерітіндісі сабақ бойымен жоғары қарай көтеріліп өркендері мен жапырақтарына жеткізіледі. Оның өтетін немесе ағатын жолы сүрек (ксилема) бөлімі. Сүрек жасушалары түтікше тәрізді, оны трахеида деп те атайды. Трахеида деп қабықшасы сүректенген (қатайған), екі ұшы сүйір, өте жіңішке ұзындығы 1 мм-ден бірнеше см-ге жететін өлі жасушаларды айтады. Алғаш түзіле бастаған кезде жасуша қабықшасы таза целлюлозадан тұрғанымен өсе келе қатайып, сүректеніп беріктік қасиет береді. Әсіресе қылқан жапырақты өсімдіктердің сүректерінің 80-90%-ы трахеид жасушаларынан тұрады. Көктемде түзілген трахеида жасушаларының қабықшасы жұқа, ішкі қуысы кең. Жаздың соңғы айларында түзілгендерінің қабықшасы қалың, ішкі қуысы тар болады. Сондықтан ерте көктемдегі трахеида суды өткізсе, кейінгісі беріктік қызмет атқарады. Трахеида арқылы түйнек пен тамырда қорға жиналатын қант пен басқа да органикалық заттар көктемде жер үсті мүшелеріне жеткізіледі. Жоғары ағыс жолы жасушаларында трахеяда (түтік) жатады. Ол трахеидадан ұзын, себебі жас жасушалар біртіндеп ұзарып, көршілес жасушалардың бір-біріне түйіскен жері алдымен шырыштанып бөрітіп, ақырында еріп кетеді де, жасушалар өзара қосылып трахея (түтік) пайда болады. Оның ішіндегі цитоплазмасы жойылып орнына су толып, ұзындығы (көлденең пердесіне дейін есептегенде) 10 см-ден 5 м-ге дейін (лианаларда), (еменде 2 метрге) жетеді. Көлденең перделерінде көптеген майда саңылаулары болғандықтан бір жасуша екінші жасушамен тығыз байланысады. Түтік жасушалары тозған кезде айналасын қоршаған тірі жасушалар өзекке еніп қабықшасындағы өсінділермен ішін бітеп су жүрмей қалады. Түтік жасушалары трахеидадан да кейін пайда болғандықтан тек гүлді өсімдіктерде өте жақсы дамыған. Қорыта келгенде жоғары ағыс жолы екі түрлі жасушалармен қозғалады, бірі трахеида (ашық тұқымдыларда жақсы дамыған), екіншісі трахея(жабық тұқымдыларда жақсы дамыған). Бұл жасушалар сабақтың сүрек бөлімінде болатындықтан су мен онда еріген минералды тұздары тамырдан бастап, сүрек бойымен жоғаы қарай жер үсті мүшелеріне жеткізіледі.
Төмен ағыс жолымен (флоэма) фотосинтез процесінің нәтижесінде түзілген органикалық заттар жапырақтан басталып, тамыр, сабақ, жеміс, түйнек, т.б. мүшелеріне таралады. Қылқан жапырақтыларда органикалық заттар сүзгі тәрізді жасушалар арқылы, ал гүлді өсімдіктерде сүзгілі түтіктері арқылы қозғалады. Сүзгі тәрізді жасушалар ұзынша, ұшы сүйірленген. Оның серік жасушалары болмайды, майда саңылаулары жасуша қабықшасының жан-жағына орналасқан.
Сүзгілі түтік жасушалары тірі, бірінің үстіне бірі қаланып жатқан жасушалардың көлденең перделерінде сүзгі тәрізді көптеген майда тесіктері болады, сол арқылы көршілес орналасқан жасушаларға органикалық қорек заттары өтеді.
Сүзгілі түтік ағаштар мен бұталарда 3-4 жылдан соң тесіктері бітеліп күзге қарай істен шығады. Кейде көктемде сүзгі тесіктері ашылып, қайтадан органикалық заттар қозғалысы қалпына келеді, мысалы: жүзімнің сүзгілі түтігі 2 жыл, жөкенікі 3-4 жылға дейін тіршілігін жоймайды. Сүзгілі түтіктің сүзгі тәрізді жасушалардан айырмашылығы оның айналасында қабықшасы жұқа, цитоплазма мен ядросы бар ұзынша бір немесе бірнеше серік жасушаларының (жанама жасушалар) болуында. Сүзгілі түтік пен серік жасушасының бір-біріне жанасқан беттерінде саңылаулары болады, сол арқылы бір-бірімен қатынасады. Екеуі де бір меристемалық жасушадан пайда болады.
Өсімдік сабағында төмен ағыс жолы элементтері (флоэма) ксилеманың (сүрек) сыртында (қабықта) жапырақ тақтасының астыңғы бетіне орналасқан.
Өткізгіш шоқтар сүрек (ксилема) пен қабық (флоэма) өткізгіш элементтерінің шоғырлануы кейде тек ксилемадан немесе тек флоэмадан ғана құралуы мүмкін. Шоқтың айналасында басқа да тірі және өлі жасушалар болады. Дара жарнақты өсімдіктердің (бидай, жүгері, пияз) сабақтарында өткізгіш шоқтар шашырап ретсіз орнасса, қос жарнақтылар мен ашық тұқымдыларда белгілі бір ретпен шеңбер құрып орналасады.
Жоғары сатыдағы споралы өсімдіктердің өткізгіш шоқтары түзілген соң құрылысында ешқандай өзгеріс болмайды, ал қос жарнақтыларда шоқтары қалыңдап өсіп, көршілес жатқан шоқтармен тұтасып шеңбер құрады. Ол камбий жасушаларының болуына байланысты. Камбийі жоқ шоқтар ары қарай өспейді. Оны тұйық, ал камбийі барларды ашық шоқ дейді.
Ксилема және флоэма элементтерінде қосымша тірек ұлпасы болса, оны түтік – талшық шоқтары деп атайды. Тірек ұлпасы өсімдікке беріктік қасиет беріді, әрі қолайсыз жағдайлардан қорғайды. Кейде шоқты айнала қоршай орналасып өткізгіш ұлпа жасушаларының қуысы қабысып қалмауына себепші болады.
Өткізгіш шоқтар өсімдіктің барлық мүшелерінде кездеседі. Жапырақ тақтасындағы әр түрлі пішінде тарамдалып жатқан жүйкелері түгелдей өткізгіш шоқтардан тұрады, ол сабақпен байланысты. Сондықтан жоғары және төмен ағыс жолдарымен қозғалатын қоректік заттардың барлық түрлері. Өсімдіктің бүкіл мүшелерінің бірін қалдырмай бәріне жеткізіледі.