Жарма ауданы,Шуақ ауылы
«№236 орта мектебі»КММ-сі
10-сынып оқушысы
Мұқанова Диана
Біз – Тәуелсіз елдің ұрпағымыз
Әлемнің картасында тоғызыншы орынды ойып тұрып алған Тәуелсіз қазақ еліне биыл отыз жыл толды. Орда бұзар отыз жасты еңсерген елімнің көк туын көргенде ерекше шабыттанамын. Талай қиындықты бастан кешірген халқым бүгінде сағы сынбай, әлемнің төрт бұрышында орнын сақтап қалуының өзі үлкен мәртебе емес пе? Өзінің тарихын, дінін, тілін ұмытқан «мәңгүрт» халық болып кеткен басқа елдерді көргенде солардың бірі болмай, «қазақ» болып туылғаным тағдырымның үлкен сыйы деп білемін. Бұл бір пафоспен айтылған жай сөз емес, бұл еркіндікті көрген, ашық көк аспанда құстардың әсем әнін тыңдап өскен Тәуелсіз елдің ұрпағының ішкі толғанысы. Бұлай кеудемді мақтаныш кернеп жазуымның да себебі баршылық...
Мәселен, 21 ғасырда өмір сүріп жатса да Иран, Ирак, Ауғаныстандағы соңғы саяси жағдайларды көргенде жағамды ұстаймын. Өзім сияқты жас жеткіншектің балалық тағдыры қандай қорқынышты десеңші... Азапқа толы әр күнінде бомба не мина жарылмаса деп үнемі үрейленіп жүреді. Ал біз болсақ мектепке алаңсыз барып, білім алудамыз. . Менің ойымша, кейде осы бір тыныштық заман Асанқайғының іздеп жүрген «Жерұйығы» сияқты . Оған дәлел, жүз отызға жуық ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында айрандай ұйып отырғаны, жазық далада бой көтерген Нұр-сұлтан қаласы, бәрінен бұрын тілімнің Димаштың үнімен жер жаһанды шарлауы. Біз де Димаштың ізімен «қазақ» деген атты мақтанышпен паш ету керекпіз.
Қорытындылай келе, «мәңгүрт» халықтың ұрпағы емес, мәңгі жасайтын мәртебелі халықтың ұрпағы болып жалғаса беру біздің қолымызда екені айдан анық. Сол үшін әрбір жас жеткіншек Тәуелсіздіктің қадір- қасиетін бағалауы тиіс. Себебі, еліміздің гүлденуі мен солуына тікелей жауаптымыз. Ал ол үшін біз болашақта өз саламыздың алды болып, келер ұрпаққа да жарқын өмір сыйлауымыз керек деп есептеймін.