38
Мен қатаң қадағалау астында ғұмыр кешіп жатқанымды бұрын да білген
едім. Ал әлгі, кенеттен келген дәрігерлерден соң, сырттағы көзеу ғана емес,
іштегі көрнекі әрі толық телебақылау шеңберінде екеніме күмән қалмады.
Яғни, жүргенің, тұрғаның не, ваннаға түссем де, туалетке отырсам да қырағы
көз жанарындамын. Әуелде тіксінсем де, тезінен бой жидым. Көрсін, қарық
болсын, жасырын ештеңем жоқ. Жұмыс жасап жатқанымды онсыз да біледі.
Қайта, жасы келген, жалғызбасты кісі, әлгіндей ауырып, сырқап қалсам,
ешқандай қатер жоқ. Әйткенмен, басқан ізіңе дейін біреу сырттан көріп
отырса, үнемі қолайсыз жағдайға түседі екенсің. Ең аяғы еркін түшкіре де
алмайсың. Тым құрса, қақыратын, түкіретін дегендей жерлер азат болса ғой.
Жоқ, бәрінен де көрінем. Әлдебір саңылау қалса, түбегейлі бақылауда мән де
болмас еді. Десе де, көргіш тетіктер қай бөлмеде, қай тұста, қалай
орналасқан – ешбір белгі, нышанын таба алмадым. Ақыры, аман-есен,
ешқандай көлденең кесел, бөгесінсіз аттай бес жыл тұрған құтты үйімді
жатырқаудың өзі сөлекет көрініп, ол да бүгін ғана басталмаған жіті
бақылауды әдепкі нәрсеге балап, өзгеше жағдайыма көнуге тура келген.
Әйтсе де әуестігім тарқамапты. Тек жүріс-тұрысым ғана емес, бар жазуым да
жария сияқты.Төбеден тексеріп әуре болмайды, сірә, компьютерімнің өзі
жалғас. Иә, сөз жоқ, жалғас. Күнделікті не жаздым, қалай түзеп, қалай
үстедім – бар мәтін алақанда тұр. Яғни... келіп, қолымнан алмаса да,
жолынан алуға толық мүмкіндігі бар. Жоқ. Өзі айтқандай, маған ғана керек
шимай-шатпақты қайтсін. Әуелде қызықты, атын шығарар жолдың бір
тармағына балады, қазір қалай көсілсе де құп, дабырасы жер жарады. Сол
атақпен салыстырғанда тарихшы ғалым деген не, тәйірі. Әйткенмен, көз
жеткізу қажет еді. Әрі... жұмыстың бітіп тұрғанын айғақтайтын соңғы
нүктені ұмытқан екем. Отырдым да, екі томдық мәтіннің ең соңғы бетін
ашып, ақыр түбіне: "Тәмам. 1961, февраль – 1999, май" деп белгі соқтым да,
дәл осы беттің төменгі жағына сәл түсіріп барып, азат жолдан бастап: "Мәке!
Сүйінші! Отыз сегіз жылдық жұмыс сәтімен аяқталды!" – деп жаздым. Келер
мезетте... электронды пошта емес, күнделікті зерттеу еңбектің соңы, мен
жаңа ғана әзіл үшін жазған сөздеріме тіркесе... күтпеген жазу шықты:
"Жарайсың! Мен саған сеніп едім. Сүйіншің – тоғыз миллион теңге және...
екі айлық саяхат. Келер аптада Еуропаға сапар шегесің. Германияда – арасан,
Италияда – теңіз, Испанияда – бұқа сайыс. Дем ал, қырық жылдық қам
көңілден тазар. Кітабыңды содан соң шығарасың. Жаңа зерттеулерге
кірісесің... Айтпақшы, саған бұрынғыңа қосымша, тағы бір "Алтын
кәртішке" тиесілі – қарымы қай тарапта да ұзын, төрт мұхит, бес құрылықта
бірдей жүретін "Америкэн экспресс". Қайырымен болсын бәрі де. Өзің."
39
Ертеңіне көңілім хош, сергек ояндым. Еуропаға сейіл, еркін демалыс
қуанышы емес. Соңғы бес-алты жылда төрт рет араладым, мен көрмеген не
қалды. Маған кесімді тәбәрік үшін де емес. Қыздарым түгел үйлі, күйлі
болған, өзімнің тамағым тоқ, көйлегім көк, соншама мол ақшаға самарқау
қараймын. Бас банктегі әуелгі "Алтын кәртішкенің" өзі қалған ғұмырыма
артығымен жетеді. Қуаныш – мәңгілік мұратымның үддесінен шығуым.
Әлбетте, сонау 61-жылы, арманшыл студент, өркеуде аспирант – талап зор,
сенім мол, алғаш бастап кіріскенде белгіленген меже тым жоғары болатын,
қазақтың өткен тарихынан кемі сегіз, тоғыз кітап жасамақ едім, нәсіпке
жазбапты, кінәсін заманға артқанмен, талайсыздық – өзімнен, әйткенмен тым
құрса қалың бір кітап – белгілі кезең, терең тарих таңбаланған түбегейлі
зерттеуді ойдағыдай жазып шығудың сәті түсті. Тәуба, шүкір деймін.
Асығыс тұрып, жуынып-шәйініп, күндегі әдетіммен, аш қарынға, бал
қосқан жарты тостақ ыстық су іше сала, таңғы тамақты қоя тұрып, жазу
столына отырдым. Түнде басынан аяғына, аяғынан басына түсіп, көңілім
тоғайып, тамашалап біраз отырғаннан соң, мың үш жүз бірдеңе беттік үлкен
еңбекті түгелімен, екі дана қағазға түсіріп, баспаға тапсырар алдындағы бар
шаруасын тиянақтап едім. Бірден аңдамаппын, стол үстіндегі сол екі текше
қағаз көрінбейді. Сірә, әуелгі қолжазбалар, қосымша дерек, көшірмелер
жинақталған шкафтың ішіне қойсам керек. Немесе, тарихқа қатысты кітап
сөрелерінің біріне. Уақа емес, қазір табылады, әуелі орнымнан тұрмастан,
компьютерімді тағы бір рет тамашалап алайын. Аштым. Жоқ! Қолжазбам
жоқ!.. Аудардым, төңкердім, жаптым, қайта аштым – қайткенде де жоқ.
Түбір, көлеңкесімен. Түнде ғана тұрған мың үш жүз қырық бет таза мәтін
түгелдей өшіп қалғандай. Бәлкім, ауысып астыға түсті, немесе бөтен файлда.
Ақыр-тақыр таза шықты. Астыңғы қоржында және ештеңе жоқ. Анда да,
мұнда да елесі көрінбейді. Монография ғана емес, күрделі зерттеуге
қосымша барлық дерек, көшірме, жазба, әр кездегі әрқилы байлам, түйіндер,
әуелгі, мақала кейіпті жеке тараулар – өткендегі бүкіл дайындық жұмыс, өз
алдына дербес мәні бар құнды мағлұматтар, ең соңғы қаралай нұсқаға дейін
түгел ғайып болған. Қаншама заман бойы сыр бермеген қайран компьютерім
бастан-аяқ, жаңа туғандай тыр жалаңаш, құр сүлдер ғана болып шықты.
Абалақтап орнымнан тұрдым. Ең соңғы үмітім – қолжазбалар жинақталған
арнайы текше және кітап-қабырғалардың төменгі, бітеу сөрелері еді ғой.
Жоқ, қойылмаған. Стол үстінен көшпек екі том қайда, қағазға түскен барлық
көрнекі жазбалар да тұтасымен, бір парағы қалмай, түгел жоғалған.
Қолжазбаларым тұрыпты, бейбіт сөрелердегі Ежелгі Қыпшаққа қатысты
бүкіл деректеме, тарихнама қопарыла көшіп кеткен. Бірақ манағы
қолжазбалар сияқты, орны үңірейіп тұрған жоқ. Тазарған сөрелерді жаңа
әдебиет басыпты. Ескілік емес, осы заман туралы: егемен еліміздің
мемлекеттік құрылым, парламенттік жүйесі, көп партиялық феномені, ішкі
және сыртқы саясаты, әлемдік беделі... туралы әрқилы жинақтар; елбасының
ғұмырбаяны, саяси ұстанымы мен сөйлеген сөздері; еркін республиканың
тарихи қысқа мерзімде жеткен жетістіктері, тәуелсіздікке тірек, барлық игі
істерге ұйытқы болған тұңғыш президенттің жол-сапарлары, осы орайдағы
ұтымды келісімдер жөні, шет жұрттық саяси қайраткерлердің таң-тамаша
лебіздері топталған арнайы жинақтар; өрелі елдің елбасыдан соңғы көрнекті
тұлғалары туралы анықтама кітап, ең басында, жеке дара әкімдер мен ірі
байларға жалғас – Жиған Нұрғазин мен Мүштар Мақановтың түсті суреттері
мен толымды өмірбаяндары, бұдан кейінгі жалпы тізімдегі игілердің
қатарына біздің Марат Қазыбеков та ілініпті. Бұдан соң ала-құла, әрқилы
кітаптар: саясатқа дейін ақындыққа талап еткен Мүштар Мақановтың
Қазақстанды алып космос кемесіне, тұңғыш президентті бар тетіктің тілін
біліп, бәрін жіті басқарып отырған ұшқыр-космонавтқа теңеген, қара өлең
мен ақ өлеңді астастыра, орысша үзіктерді қазақша желдірмеге жалғастыра,
кеңінен толғап жазған "Космоформула" атты роман-поэмасы, қарымды
қаламгер Кәкен Жүсіповтың парламент депутатығынан дәметіп жүрген бір
кезінде көңіл ауанымен жазып тастаған "Хан мен Президент" атты толғау
кітабы... және сол қатарлас қаншама қоқыр-соқыр. Ең соңында, соңында
емес, төбесінде – біздің Жармақтың өткен қыста, мені шақырусыз қалдырған
алпыс жылдық мерейтойына арнап шығарылған, "Алып тұлға" атты суретті,
иллюстрациялы, энциклопедиялық үлкен том. Өзімнің нені жоғалтып, нені
іздеп жүргенімді бір сәт ұмытып, көлемі табақтай, қалыңдығы кірпіштей
үлкен кітапқа жармасыппын. Түрегеп тұрған қалпымда ақтара бастадым да,
бажайлап қарау үшін дәл сол жерге, еденге отыра кетіппін. Алғысөз,
ғұмырбаян, қоғамдық қызметі, әріптестер лебізі, ең соңында атаулы
жиындарда, әрқилы кездеулерде, парламент мәжілістерінде сөйлеген сөздері.
Ғұмырбаян онсыз да белгілі, жұртшылық лебізі – түсінікті, айтылған
сөздер... естігеміз, оқығамыз, артынан тағы қарап өтермін, кітаптың бел
ортасынан ауа басталатын, жылтыр қағазға түсті бояулармен басылған
суреттер еді ең қызығы. Суреттердің соңғы, жаңасы емес, әуелгі, ескілері.
Өтірігі жоқ, өсіруі жоқ, таза, табиғи қалыптағы нақты құжаттар. Міне, мынау
– менің кәрі әжем. Бауырында өсіп едім... Қайран әкем, бақытсыз анам.
Өзімде де жоқ, қырық жыл бойы көрмеген, баяғыда әлгі алаяқ, ұрлықшы сұм
алып кеткен суреттер. Әйтеуір жоғалтпапты. Мынау – көкемнің соғыстан
бұрын, ҚазПИ-де оқып жүрген кезі. Жап-жас, сымбатты, тұлғалы жігіт.
Келесі суретте көкем және апам – басына бөртпе шәлі жамылған, биязы,
нәзік келіншек. Сен туардан жарты жыл бұрын, қалаға барып, арнайы түстік
дейтін. Енді міне, басқа біреуге телініп тұр. Мен жоқпын. Мұрат. Марат
Қазыбековтың әкесі Бейсен, шешесі Жібек... Иә, рас, оның да қатысы бар...
Міне, өзім. Яғни мен. Көкем соғыстан оралғаннан соң, 1945 жылы, алты
жастамын. Астына... Мұрат емес, Марат деп жазылыпты. "Бала Марат."
Міне, студентпіз. Студентпін. Екеу емес, біреу. Ай жүзді Балжан. Он жетіде,
он сегізде, он тоғызда. Жиырма. Уылжып тұр. Екеуіміз жаңа танысқан кез.
Міне, мынау – екеуіміз! Балжан жаңа толған айдай, көркем келбетті... Тауға
барып қайтқан күннің ертеңіне... мәңгілік өмірдің алғашқы сәтінен естелік
ретінде түсіп едік. Бірақ бұл жерде де Мұрат емес, Марат деп көрсетілген.
"Марат пен Балжан. Үйлену тойы қарсаңында. 1963, көктем, Алматы." Бір-ақ
әріп өзгерсе де, дүние асты-үстіне түсе бүлініпті... Міне, енді анық өзі.
"Марат. Еңбек жолының бастауы. 1963, жаз." Шатыры дүңкиген, абажадай,
жалпақ үйдің алдында тұр. Сірә, әлгі тері-терсек, жүн-қоқыр жинайтын
мекеменің орталық қоймасы. Бұдан әрі... жүрегім төңкеріліп түсті. Мақсат!
Менің жалғыз ұлым!.. Қырқынан жаңа ғана шыққан, шолақ көйлегі
қарнынан түріліп, шүметейі шелтиіп, шалқасынан жатыр. Міне бір жаста.
Балжан екеуі, бесте. Шешесіне көбірек тартқан екен. Әне, менен аумайтын
бала – кішкентай қыз. Меруерт. Бұл енді... Мараттың өзіне ғана тиесілі.
Мақсат, Меруерт, Балжан. Толықсыған келіншек. Міне, салиқалы бәйбіше.
Маратпен бірге түскен суреті. Қырық жаста. Әлі де қыздай көрінеді. Тек
менікі емес, басқаға тиесілі. İшім алай-түлей болып кетті. Бес-алты бетті
қатарынан аудардым. Мен... емес, Марат екен. Заман түзу, яғни мен
барымнан айрылып, кедей, кембағал жағдайға әлі түспеген... тәуелсіздік
қарсаңындағы сурет. Менің азбаған, тозбаған қалпым. Ешбір айырғысыз.
Айырма сол, езіле, елбірей аңсаған өзгеше күннен бастап өркен тартты ғой.
Ұлдар төмендеп, ұрылар көтеріліп. Бұдан соң... бағы асқан Марат, Марат,
тағы Марат... Мен жоқпын. Бизнесмен Марат, саясаткер, қайраткер Марат...
Атаулы топта, отбасында, жекелей... Міне, биік мінберден сілтеп тұр! Кенет
менің бұл Маратқа ешқандай қатысым жоғы, қатысым болса... жаңа ғана,
жаңа емес, түнде шырт ұйқыда жатқанда, осы Марат барақат тапқан қырық
жыл бойы бейнетке батып, ақыры кеше ғана тәмамдаған ғұмырлық
еңбегімнің зорлықты ғайыбы есіме түсті. Қол көтере алмаған ауыр, үлкен
кітапты сол жерде, еденде қалдырып, тізерлей, әрең тұрып, сүйретіле басып,
жазу столыма қайта келдім. Компьютер манағы қалпы, ашық тұр екен. Тек
жадағай емес, сұрғылт экранға жаңа таңбалар түзіпті:
"Еңбегің ешқайда кеткен жоқ. Ұрлады деп ойламассың, онсыз да алғашқы
таңбадан бергі бар көшірмесі менде. Енді түгелдей алдым. Жарыққа шығару
мәселесін ірке тұрған жөн. Мүштар Мақановпен арамыз қайта бұзылды.
Надан ғана емес, түйсіксіз пәлеқор екен. Ешбір былғаныштан тайынбайды.
Шу көтеруі сөзсіз, кесірі тиюі мүмкін. Сабыр ете тұр. Тым ұзаққа созбаспыз.
Әуелі дем ал. Содан соң жаңа зерттеулерге кіріс. Ең ұтымдысы – бүгінгі
Қазақстан. Керек әдебиетіңді түгел жеткізем. Қажет етсең, жазып беретін
кісілер де табылады. Тек біздің фамилиямен таралуға тиіс. Мәселен,
елбасының көреген саясаты туралы. Шағын болса да жеке кітап. Тым құрса,
көлемді мақала. Біздің өзіміз үшін. Үлкен кісі мақтауға зәру емес, бірақ оң
тілеуді ұмытпайтын мәрттігі бар. Менікі кеңес қана. Сенің орайыңа келеді.
Өткенмен шендестіресің ғой. Мәселен, Абылай хан Ресей мен Қытай –
жыртқыш екі империяның арасында епті саясат жүргізді. Біздің елбасымыз
атқарып отырған жұмыс, жүргізіп отырған саясат одан әлдеқайда күрделі.
Ресей – Америка – Қытай. Беріден қарағанның өзінде. Қалғанын айтпаса да
білесің. Алдағы уақытта ештеңе тындырмай-ақ, денсаулығыңды күтіп, бос
жатсаң да разымын. Ал әзірге... қырық жылдық марафоннан соң екі-үш ай
дем аласың. Әуелгі жоспардағы Еуропа емес. Әлемнің басқа бір
тарабындағы экзотикалық аймақтар. Айталық, Мысырға барсаң. Ежелгі
Египет перғауындарының алып пирамидаларын армансыз тамашалайсың.
Суреттен көргендей емес. Мүлде басқаша. Қандай құдірет! Неше мың
жылдық тарих. Солар да өткен дүниеден. Сол Египет те құлаған. Үйілген
тасы ғана қалды. Немесе, Орталық, Оңтүстік Америка. Әстектер, майя мен
инктер. Қандай мәдениет, қандай халықтар! Олар да көшкен жер бетінен.
Өмірдің заңы, тарихтың үкімі. Қазақ деген не, осындай ғаламат тарих,
ғажайып халықтармен салыстырғанда. Шындықты мойындау керек. Тап
сенің жазуыңа қарап тұрған ештеңе жоқ. Жылап, зар төге бермей, бүгінгі
күнмен дәурен сүр. Екі қайтара тумайсың, өткен-кеткен және келешек тарих
сенің еркіңе бағынбайды, халқыңның тағдыры сенің қалауыңнан тыс
шешіледі. Ендеше, бүгінге дейін өнімсіз болса да жұмыстың қызығын
көрдің, енді қалған ұзақ ғұмырыңда тұрмыстың қызығын көр. Түсінсең,
баянсыз тіршіліктегі жақсылы-жаманды атақ – айтарға ғана. Жұрт
жамандағаннан өлген кісі жоқ, мақтап, мадақтағаннан мәңгі жасаған ешкім
тағы жоқ. Тіршіліктегі атақ-абырой, тіпті, қисапсыз байлық пен ең үлкен
биліктің өзі өмірді жеңілдететін құрал ғана. Қайткенде де сенікі. Ал
өлгеннен соңғы даңқ – саған мүлде қатыссыз. Өмірден өштің, кейінгі есімің
– шартты белгі ғана. Тарихты танығаның рас болса, осы сөзіме бас қоясың.
Үлкен еңбегіңді ойдағыдай тәмамдадың, көңілің жайланды, өмірлік
мұратыңа жеттің. Бүгін бақыттысың. Ертең, өзің жоқ болсаң, бұл бақыт
қайда қалады? Ақырғы зейнетің мәңгілік емес. Бүгінгі барыңмен
салыстырғанда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынымсыз тыпырлап
жүрген менің де бар қызығым бүгіндік қана. Ендеше, тәубаға кел, ақыл ойла.
Өзің."
40
Ежелгі Египеттегі перғауын пирамидаларын көрдім. Менде әуестік жоқ
еді. İш тарта таңырқау ғана бар. Содан соң мұң, шер. Бұрын әжептәуір
мағлұматым болса да. Көзбен көргендей болмайды екен. Тамашалағам жоқ,
жабықтым. Болған, толған, өлген. Тастан тау тұрғызар перғауындар емес,
ғаламат мемлекет құрған, мәдениетке, құдыретке жеткен халық. Екі мың, үш,
төрт мың жыл жасаған. Сән, салтанат құрған, өкімі жүрген. Ақыры
қартайған, тозған, жер бетінен көшкен. Жеке кісілер ғана емес, тұтас
халықтар да өледі екен. Тау қопарса да, тас жарса да. Сонда мына ғажайып
ескерткіш не үшін. Арттағыға белгі, атаулы мұра деген не. Кейінгілер үшін
қызық. Өткендер үшін алданыш емес. Кетті – бітті.
Месо-Америкаға бардым. Майя, әстек... Тағы да жансыз, тілсіз, көне
ескерткіштер. Күңіреніп тұр, қаңырап тұр. Иесіз. Халықтан жұрнақ та жоқ.
Мезгілімен қартаймаған, тозбаған, уақыты жетіп өлмеген, сырттан келген
апат нәтижесінде келтесінен қиылған. Қырылды, жойылды, жоқ болды.
Тасқа түскен ізі ғана қалды. Одан өткен жұртқа не пайда. Ал, зерттеп жатыр,
ашып, танып, айқындап жатыр. Кеткен ел қайтып орала ма!..
Ойлап тұрсам, біздің халық кешкен жол – осы соңғы нұсқа. Тапады,
жаныштады, қырды, тек түгесіп үлгермеді. Ендігі шаруа – уақыт иелігінде.
Күтпеген, көлденеңнен сыйға тартылған Тәуелсіздік деген айнадан нақты
көрініп тұр – ұлы денең жазылмас сырқатқа ұшыраған. Ұлтсыздық деген.
Мый құрты. Өзіңді өзің жұлып жеп бітіретін. Дерттің біржола дендеген
пішіні. Үкімің шығарылған, болашағың кесілген. Күмәнің болмасын. Өзін өзі
өлтіруге бекінген сырқатты кім тоқтата алады. Он екі мүшесі бүтін, қайраты
қабындаған жас жігіт болса да. Ата-ана, ағайын туысы күндіз-түні аңдып
отырса да, ерікті өліміне жол табады. Ал сені күзетіп отырған көлденең
ешкім жоқ. Серпіл, тіріл, өмірге қайта орал деген кісінің бәрі жау көрінеді.
Ендеше, тарихын танытам, еңсесін көтеріп, елдік санасын оятам деп жүрген
сенікі бос әурешілік қана емес, есалаң ақымақтық. Өнбесі өз алдына, ғазиз
басыңа пәлекет келтірер, ақыры тапа-тал түсте көрге түсірер ғапыл іс.
Екі тараптағы екі айлық сырлы сапардан соң, дүниеден баз кешіп, яғни
есім кіріп, біржола сауығып қайттым.
41
Сауықтым деп шамаладым. Жоқ, дертіме дерт қосыппын. Ешқашан
оңалмас, қайтсе де жазылмас. Ұлтсыздыққа қарама-қарсы – ұлтшылдық
дерті... Ал жарайды, елің – иесіз, азаматың – санасыз екен, халқыңның
тағдыры кесімді екен. Сонда... сен не үшін өмір сүрдің? Бар ісің теріс, теріс
емес, қажетсіз болса, саналы еңбектегі қырық жыл бойғы бүкіл ғұмырың зая
кеткені ғой. Сын кезең, алмағайып сәтте сенен бөлініп шыққан жармақ
Мараттың жолы дұрыс болғаны ғой. Келісу қиын еді. Келіспес жөнің тағы
жоқ... Жоқ емес. Өйткені сенің бар ісің жөн. Мейлі, халықтың жайын ұмыта
тұрайық. Бұл – ғылым ғой. Зерттеу, таным. Көне Мысыр туралы
Египтология деген тұтас бір ғылым бар. Адамзаттың ежелгі тарихының бір
саласы. Жоқтау үшін емес, білу үшін. Өткенді тірілту үшін емес, өрісіңді
кеңейту үшін. Әстек, майя, төлтек, сапотек... Америка құрылығының
байырғы жұрттары туралы тағы қаншама зерттеу. Сол халықтарды құртқан
жендеттердің бүгінгі ұрпағы тарапынан. Тіпті, Америкаға ешқандай аласы,
бересі жоқ, ай даладағы, бейбіт чех халқынан шыққан Мирослав Стингл
деген жазушы қызғылықты дерек, байыпты толғамдарға құрылған тамаша
кітап қалыптаған. Өтіп кеткен үндістердің рухын көтеріп, жаңадан ту тіккен
еркін ел болуы үшін емес. Ғылымның қамы да емес. Өзі үшін. Ендеше, мен
келешегі қалай десең де, болған, толған, дәурен сүрген қазақ деген халықтың
өткеніне қатысты, көз майын тауысқан қырық жылдық күрделі еңбегімнен
неге бас тартам!..
42
Тағы да ойладым. Өзім үшін емес екен. Яғни жеке бастың пайдасы
жолындағы есеп немесе азабым. Бас пайдамды ойласам, тіршілік жөні көп
еді. Тіпті, Мараттың жолын қумай-ақ, өз тарабымнан. Алдымда тұрды емес
пе, бұралаңы, оппасы жоқ, даңғыл жол – докторлық дәрежеге, академик
мәртебесіне тура бастар. Қазақтың түбіне жеткен советтік коммунизмнің кез
келген тақырыбын ал да, өтірікті жүндей сабап, қарыс сүйем кітап шығар.
Бәрін аласың. Ақыры мұзға отырасың. Кешегі шындық – бүгін жалған.
Әуелде жалған болғандықтан. Манағы үлкен есеп те қате шықты. Ал менің
есебім әуелден түзу, байыбым тыңғылықты. Бес күндік шолақ есеп емес, үш
күндік, өнімсіз, өткінші байып емес, алдамшы пайдаға және құрылмаған.
Қатесіз есеп, тозбас пайда. Мараттар қалай бағаласын, Мақандар қалай
бұрмаласын, ақыр түбі дұрысқа шығар. Анығы сол. Менің өмірлік мұратым,
қырық жылдық еңбегім өзінің межелі нәтижесіне жетуі керек. Яғни тасқа
басылып, жарыққа шығуға тиіс.
43
Және ойладым. Рас, сенің халқың да мәңгі жасамайды екен. Мәңгі
жасайтын кісі де жоқ. Адам өмірі шектеулі. Халықтың ғұмыры мың жылдық
дейік. Соған жүз-ақ жыл қалсын. Жеке бір кісінің өмірі одан да кем. Алпысқа
жеткен сен енді жиырма жыл жүресің бе, жоқ па. Мүмкін, бес-алты жыл,
бәлкім, бес-алты ай. Мейлі, он, отыз болсын. Тіпті, жиырмаға жаңа келген
жас екенсің. Сонда, енді алпыс жылдан соң өледі екем деп, өмірден баз
кешпейсің ғой. Жоқ. Неше жасқа келіп отырсаң да, өміріңді ұзартар амал
іздейсің. Қай межеде тұрсаң да, қанша ғұмырың қалса да, ақыр өледі екем
деп, өзіңе өзің көр қазбайсың. Өлім жайын емес, өмір қамын ойлайсың.
Ендеше, аз жасасын, көп жасасын, кез келген этнос өмір шырағын, өмір
жарығын қамдауға тиіс. Сен сол алауға қуат берер көп шырпының бірісің.
Міндетіңді ұмытпа.
Сөйтіп, кітап туралы ойға біржола бекідім.
44
Қарап тұрсам, күш – менің Жармағымда емес, өзімде көрінеді. Бұған
дейінгі тіршілігімді қамтамасыз етіп отырған – Марат деп ойлаушы едім.
Сөйтсем, керісінше. Әуелде мен бөлінгем жоқ, ол бөлінді. Мен – бүтіннің
негізгі, түпкі жартысы. Ол – бүтіннің қосалқы құрамы. Менің бар болмысым
өзіме ғана тиесілі. Егер ол кездейсоқтан, немесе тура келген ажалдан өле
қалса, мен осы жарты күйімде жүре берем. Мен өлсем... ол жарты қалпында
ғұмыр кеше алмайды. Сондықтан да күш қана емес, билік те менде.
Сондықтан да, бар бітімі қарама-қайшы бола тұра, жек көре, тіпті, жирене
тұра маған қызмет жасауға мәжбүр.
45
Жармақтың баяғыда, екеуіміз бірге жасаған кездегі ғұмырын жақсы
білсем, менен соңғы тіршілігін біршама танығандай едім. Екеуіміз қайтадан
кездесіп, жаңадан одақтасқаннан бергі іс-әрекет, қызмет-қарекеті туралы
мүлде дерлік бейхабар қалыппын. Ұзын сарын, жалпақ нобайы ғана. Мен
өзімнің ескі тарихыма көміліп жатырмын, алды-артыма қарайлауға, үстірт те
болса, бөтен бір кептегі ішкі істерін байыптауға уақыт та, ынта да жоқ,
әйтеуір арам атақ пен алдамшы мансап жолында тыпырлап жатыр, айла-
тәсілдерінің жалпы сұлбасы белгілі, өз тұрғыластарымен қарайлас, тым таза
болмаса да, үйреншікті, қалыпты жағдайда шығар деп шамалайтын едім.
Енді, екі әлемді аралаған, өзімнің дәл қазіргі сәттегі ахуалымды таразылап,
болашақ қимыл жоспарымды ойластырған, көбіне ешқандай әрекетсіз, бос
жатқан күндерімде Мараттың алпыс жылдық мерейтойына орай жасалған
энциклопедиялық жинағындағы, көзге ыстық, көңілге мұң суреттерді – бәрін
емес, Мақсат пен Балжанды сағаттар бойы телміре қараудан жалықпасам да,
бір күні негізгі, мәтін бөлігін ақтарыстап отырып, әлдебір тосын тұсына
назар аудардым, азғана дағдарыстан соң қайта үңіліп, бастан-аяқ мұқият
оқуға кіріскен едім. Оқыған сайын одан әрмен түршігіп, ақыры төбе шашым
түгелдей ағарып кеткен. Мараттың қоғамдық қызметі, жаңа бастамалары
туралы рет, кезегімен баяндалған мағлұматтар менің Жармағымның кім
екенін толық әйгілеген. Күні бүгінге дейін көбін білмеппін. Білгенім – бергі
жағы, сыртқы көрініс қана екен. Бұдан үш-төрт жыл бұрын, жатқа беріліп,
жалт бұрылған әуелгі қадамынан кейінгі бар сұмдығын танысам... қайтер
едім? Ол тоқтамаса, мен молшылықтан бас тартып, қайтадан қайыршы
кебіне түсем бе? Ол тоқтамас еді, мен де осы қалпымда жүре берер едім.
Пендеде сондай әлсіздік болады. Сол кезде анық аңдасам ғой, өзімнің
жетекші жағдайымды. Енді бәрі де кеш. Бәрін өткізіп алдық. Өтіп кетсе де,
кеш те болса, жағдайды түзетуге... емес, бұдан әрі былғанбауға мүмкіндік
бар. Әйтсе де, ең әуелі өзімнің жеке басыма қатысты шаруаны тындырып алу
қажет. Әрі күш-қуатымды сынға салу. Көрейін енді.
46
Электронды пошта арқылы, жаңа билігіме сай, нақты талапқа құрылған
шағын жолдама кетті:
"Бардым, көрдім, мәңгілік ештеңе жоқ екен. Халықтар өшеді, адамдар
өледі, мәңгілік – артта қалған белгі ғана. Мен де өлем. Артымда қалатын
белгі ескерткіш – "Тарихтағы қыпшақтар" атты түбегейлі зерттеу. Тақаудағы
екі апта ішінде өзгеріс, қысқартусыз, сол қалпында, бес мың дана
таралыммен, сапалы қағазға, қымбат мұқабамен жеке екі том ретінде
бастырып шығармасаң, менің жер басып жүруімнің қажеті болмағаны.
Өзім."
47
Біздің Жармақ менің айрықша басымдық жағдайымды өзімнен бұрын
таныған. Әйтсе де, өзін емес, мені тәуелді санапты. Қарсылық жасайды, бұра
тартады, кесе-көлденең бүлік шығарады деп ойламаса керек. Сонымен қатар,
туа біткен мінез – алған бетімнен қайтпайтын, табандылық демейін,
қиқарлығымды жақсы біледі. Ал шындығында, мен ең үлкен қаруымның
шетін ғана шығарғам. Көрді, бірақ қасақана деп ойламауға тиіс. Әншейін,
сөздің мысалы. Өмірлік еңбегім жарыққа шықпаса, өмірдің мәні қалмайды
деген сарында. Яғни, реніш үстінде айтыла қалған бір сөз. Шындыққа
айналып кетуі – екінші бір мәселе. Оның да, іске асатын емес, іске
қосылатын күні туады. Әзірше, бірлік кезеңімізде пенделік доңайбаттың өзі
жетіп жатыр. Жане талабым да заңды. Жаздық, енді жарыққа шығуы керек.
Марат қалай ұқса да, менің шыдамым шегіне жеткенін аңдауға тиіс.
Мүмкін, ашу, ыза үстінде қияли болып кетермін. Есімнен адаспасам да,
жүрегім талығып, денсаулығым нашарлап... қараптан-қарап өліп кетуім
мүмкін ғой.
Арада жиырма минут өткенде қажетті жауап келді:
"Баспа екі аптада үлгермейміз деп отыр. Үш апта. Өзің."
48
Оншақты күннен соң арнайы шақыру бойынша атаулы баспаға соғып,
директорымен бірге типографияға бардым, терімі қалыптанып, басылып
біткен, енді табақтары бүктеліп, тігіліп, түптеуге шығарылған кітабымды өз
көзіммен көрдім.
– Екі томды қатар жасап жатырмыз, әрқайсысы бес мыңнан, – деді
директор. – Сізге авторлық он дана. Қалғаны ақша төлеуші фирмаға тиесілі.
– Ақшасын өзім де төлейтін едім ғой, – дедім мен. – Онда қосымша...
– Болмайды, – деді директор қатқыл үнмен. – Жасалған нақты шарт бар.
Қожалық, айттым – "Қазыбек" фирмасында. Біз – орындаушы ғана. Бар
кітабыңызды соған өткіземіз. Келісім бойынша. Арғы жағын өзіңіз білесіз.
Хабарласып отырмын. Тағы үш күннен соң мұқабасы әзір болды, түптеле
бастады. Одан кейін дайын кітап топ-тобымен қатталған қалпында пресс
астында тұруға тиіс еді.
– Қағазы қобырап, мұқабасы қаңсып кетеді демесеңіз, қолыңызға қазір
тигізуге болады, – деді менің дегбірсіз жағдайымды аңдаған директор.
– Уақа емес... – деп барып, өзімді әрең тоқтаттым. – Қырық жыл күткен
еңбек, – дедім. – Енді төрт күнге шыдармын. Кітап бабына келген соң
алармын...
49
Міне, аппақ қағазға баданадай, айқын, әдемі әріптермен басылған,
қалыңдығы екі-екі еліден – төрт елі, әрқайсысы алты жүз беттен астам, қос
кітап қолымда тұр. Менің бүкіл ғұмырым. Азап пен бейнет, қасірет пен
қайғы ақыр түбі қуанышқа бастады. Әсіресіз шыны, Қазақстандағы тарих
ғылымы үшін үлкен құбылыс. Көп ұзатпай, орыс тіліне аудартсам, әлемдік
ғылыми айналымға түскелі тұр. Бірақ басты мәселе танылуда емес,
тындыруда. Қазақ үшін жазылды, қазақтың кәдесіне жараса, одан артық не
керек. Әзірге менің жеке үлесіме тигені – он комплект, қос томнан жиырма
кітап. Бәрі бірдей болса да, әрбір данасын алып, жаңа еңбектеген сәбише,
тістеп көрмесем де, маған соншама жағымды, жұпар есепті типографиялық
бояу иісін құмарта жұтып, тап-таза, қалың көк мұқабаны қайта-қайта
сыйпап, сыртындағы күмісті, ірі жазуын жүз мәрте, ризашылық,
масаттықпен қайыра оқимын, іші сырлы таңбаларға толы кітабымды
ақтарып, аударып, төңкеріп қараймын, әрбір сөз, әрбір әріп, үтір, нүктеге
дейін, өткен өмірімнің қайта оралған өзегіндей. Әр кітап – жаңа бір ғұмырым
сияқты. Жиырмасын түгел жайып, стол үстіне қатарластыра қоям, одан соң
қос-қосынан бөліп жинаймын, қайтадан жазамын, екі томды екі бөлек етіп,
текшелеп қалаймын. Тағы да столдың бетін толтыра жайып қоямын. Ұзақ
өмірдегі ең бір жұлдызды сәтім екен.
Ақыры, үш-төрт күн армансыз қызықтаған соң, өз аяғыммен апарып,
қосар екі данасын Ғылым Академиясының кітапханасына, тағы екі жұбын
Ұлттық кітапхананың ділгір әдебиет бөлімі мен жалпы оқу залына
тапсырдым. Енді бірін тіркеулі қызмет орным – Тарихты зерттеу
орталығына, және бірін өзім дәріс тыңдап, ғылымға жол ашқан Университет
кітапханасына өткіздім. Дүниенің бар байлығы өз қолыңда тұрғандай, бұл да
бір өзгеше мәртебе екен.
Бірақ менің қуанышым ұзаққа созылмады. Күн-түн демей, құнығып, өз
кітабымды өзім қайыра оқып отырғанымда, библиографиясынан сырт көзге
елеусіздеу бір қате шыққан. Қатарлас тұрған екі нұсқаның сілтеме беттері
ауысып кетіпті. Сірә, өзімнен. Мұндай оқыс кінәраттар болады. Және одан
ештеңе бүлінбейді. Алайда, маған өз кезегінде сілтеме жасайтын кейінгі
зерттеушілер жаңылмауға тиіс қой. Үйдегі кітаптарды қолмен оңдадым,
қалғанын да түзей салмақ едім. Бірақ кешегі кітабым бүгін Ғылыми
кітапханада жоқ болып шықты.
– Иә, әкеп тапсырғансыз, – деді меңгеруші. – Әйтсе де... орнында жоқ.
Сірә, біреу танысуға алған. Бірақ... тіркеуде, тағы жоқ. İздейміз, табамыз...
Ұлттық кітапхана турасын айтты.
– Сондай құнды кітап... біз каталогқа енгізгенше қолды болып кетіпті.
Ұяттымыз, әйткенмен амал не. Айтпақшы, өзіңізде бар шығар, тағы біреуін
әкеп берсеңіз, ықтиятты боламыз, бүджетте ақша бар, керек десеңіз,
әуелгісінің құнын қосып төлейік...
Бұл екі кітапханаға енді біреуден емес, он, жиырмадан әкеп берсем де,
ертеңіне ғайыпқа айналарына көзім жетті. Басқа кітапхана, оқу, ғылым
мекемелерінің қоймалары да пана болмақ емес. Кітап киллерінің құрығынан
қашып құтыла алмайсың... Сөз жоқ, біздің Жармақтың нұсқауы. Енді қалған,
өз қолында тұрған төрт мың тоғыз жүз тоқсан жұп – тоғыз мың тоғыз жүз
сексен кітапты қайтер екен...
Апта өтті, ай өтті, өзі уәде бергендей, ешбір кітап дүкеніне түспеді.
Шеткері түгілі орталықта, Алматыда. Біразы облыстық кітапхана, әр
тараптағы жоғарғы оқу орындарына берілуге тиіс еді. Өзім туып-өскен
Арқада, Марат бауыр басқан Оңтүстік өңірде ешбір дүкен, кітап
қоймаларынан ешқандай дерек шықпады. Яғни, бес мың таралым, бес мың
түгел емес, менің қолымда қалған төрт данадан басқа барлық кітап жоқ
болған. Біржола жоғалған. Бар ісі маған керағар Жармақтан бұдан басқа не
күтуге болатын еді. Қаласа, тіпті, менің қолымда қалған төрт данасын да оп-
оңай әкетеді. Бірақ тағы да апта өтті, ай өтті, ең соңғы төрт кітап жоғалмады.
Бәрібір, ешқайда қашпайды деген. Әзірше қолында тұра тұрсын. Келіп-
кетері шамалы. Тек сыртқа шығармасын. Сөйтіп, менің қырық жылғы
еңбегім, бар ғұмырым жоққа сайды. Дүниенің тұтқасы – біздің Жармақтың
қолында екен. Менің ғұмыр жіптігім – жалғыз жаннан басқасы.
50
Ойым онға бөлініп, әрі-сәрі кепте пайғамбар жасына жетіппін. Алпыс бір.
Алпыс атаусыз қалып еді. Айтатын ештеңесі де жоқ. Енді алпыс бір...
ілтипатқа шығыпты. Алпыс бірдің өзі емес, соның кейінгі қырық жылы.
Яғни менің ғылыми қызметімнің қырық жылдығы. Біздің Зерттеу
орталығының орынбасар төрағасы Қаражұмановтың өзінің басшылығымен
арнайы комиссия құрылған екен. Мен марапат атаулыдан бас тартқан соң,
сыртында "61 – 40" деген сары-ала таңбасы бар құттықтау қағазды жұмыс
орнымда, өз қолыма әкеп тапсырды. Қасында дәл өзіндей тағы бір сұқит бар.
Есіктен кірмей-ақ елбіреп, екі жақтап құшақтап, бет-аузымды бұзау
жалағандай қылған. Не үшін келгендерін ұмыта жаздап, арқадан қағып,
өтірік күліп азғана тұрған соң, басыма тақия кигізіп, қолыма адресін
ұстатып, қосарласа тұтығып, әжептәуір мадақ сөз айтып еді. Ертеңіне
"Ғылым жолына бағышталған қырық жыл" деген арқандай тақырыппен, әлгі
еркін құттықтау негізінде жазылған біршама көлемді мақала, баяғы
компартиядан мұра болып қалған, заты сол қалпы, аты азғана өзгеріп,
"Социалистік Советстан" орнына "Егемен Нұрстан" – күні кеше ғана мені
елден шыққан сұмырай қылып көрсеткен өкіметтік газеттің бел ортасын
ойып, осы, Тарихты зерттеу орталығының орынбасар төрағасы, доктор,
профессор, еңбегі сіңген қайраткер Алдабек Қаражұмановтың атынан
жарияланып еді. Мен білімдар, жаңашыл, зерделі, қажырлы, үлкен ғалым
екем. Тарихты терең түбінен бері төңкеріп бітіп, егемен еліміздің жаңа
шежіресін жасауға бет бұрыппын. Бүгінгі қазақ руханиятындағы тұрлаулы
тұлғалардың бірі көрінем!.. Пай, пай! Мұндағыларға қанша төлеп,
андағылардың тілін қалай тапты екен біздің алаяқ бауыр? Кеше ғана менің
үстімнен жалақор арыз жазған кісі, алдыңғы күні ғана адамның ақылы
жетпес жала жауып, мені жер бетінен аластамақ болған баспасөз! Шынында
да, ақшаға сатылмайтын нәрсе жоқ екен. Алпысты ұмытқан Жармақтың
алпыс бірге соншама шашылуы – әрине, менің көңілімді аулау. Сонда мені
де сатылады деп ойлай ма екен. Иә, баяғыда сатып алған. Кейінгі есебінің
сәл-пәл қателігі болмаса. Маған шынымен жағынғысы келсе, кітабымды
жарыққа жіберу керек еді. Кітап – атақ үшін деп ойлайды, сорлы. Енді сол
атақты тегіннен алып бермек. Негізі, дәйегі қайда. Құр сылдыр сөз. Өйткені
мен шынында да ештеңе бітірмегем. Бітірсем – желге ұшқан. Әуелгі зерттеу
– жұлмаланып, күзеліп "түзетіліп", ішіндегі бар нәрінен айрылып,
шынашақтай ғана кітап болып шығып еді, соның өзі сұмдық көрініп, тарамай
жатып кәмпескеге түсті. Яғни, шыққан жоқ, жазылған да жоқ деңіз. Кейінгі,
қырық жылға жуық зерттеудің қорытынды түйіні – көрнекті екі кітап,
баспадан өте салысымен, өкіметтің қысымы, КГБ-ның тезіне түспей-ақ, ол да
жоғалды. Яғни, болмаған есепті. Сонда не қалды? Арыдағы, шектеулі,
академиялық басылымдар ішінде жатқан, өзім де ұмытқан төрт-бес мақала,
берідегі, тырақай аттанға өзек болған, газет-журналдық тағы бірер шолақ
мақала. Әуелгісі – тарих емес, тарихқа кіріспе, соңғысы ғылым емес,
танымдық деректеме ғана. Жинақтап келгенде, түк те жоқ екен. Болатын еді
– темір тордан шыға алмады, болған еді – жөргегінде тұншықтырылды.
Ғылымы тұрыпты, өзінің жарық дүниеде болғаны екіталай. Ендеше, бұдан
әрі өмір сүрудің де жөні жоқ.
51
Түгі жоқ тұлдырсыз тарихшы, қалтасы тесік жалған байшыкеш,
қатардағы қарапайым пенде мына мен – Мұрат Қазыбеков, көлденеңнен
жарты қасық май жұққан қисық ауызым алтын көрініп, осыншама
мадақталып жатқанда, мансапты төре, шылқыған бай, жалғыз Алдабек емес,
бүкіл Қаражұмандар әулетін ата-бабасының көрдегі сүйегімен қоса сатып
алуға мүмкіндігі бар, аузы ғана емес, арам тесігіне дейін алтынмен
кемерленген, көрген, естіген жұрттың бәрі менің сыңарым деп білетін арамза
Жармақ – Марат Қазыбековтің тоқтау бермес атағы аспанға шығып, мерей,
мәртебесі күн озған сайын күшейе түсті. Аталы, текті әулеттен. Әке-
шешеден ертерек айрылса да, өзін өзі тәрбиелеп, өзін өзі жеткізген. Жас
күнінен-ақ халық ортасына сіңісті. Жалпы жұртқа жұғымды. Алғашқы
қадамынан бастап шаруашылық саласында, нақты еңбек жолында қызмет
атқарған. Өзінің ерекше қабілетін, айрықша іскерлігін танытса да,
тоталитарлық жүйе үнемі алдынан талқы құрып, басқару саласындағы
қызметке өткізбеген. Соған қарамастан, алған бетінен қайтпаған. Мансап
жолын емес, халқына қызмет жолын ұстанған. Тар заманда, жоқшылық,
жаппай дефицит кезінде бұқара жұртты қажетті тұтыну тауарларымен
қамтамасыз еткен. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, ұлттық
байлық қорын жасау тарабында жемісті нәтижеге жеткен. Енді міне,
алаштың
ардагер
ұлдарының
бірі.
Сонымен
қатар,
шынайы
интернационалист. Елдегі елу жұрттың бәріне ортақ қайраткер. Жастарға
ұстаз, жалпыға көсем. Адал, шыншыл, әділ. Қамқор, қолдаушы, демеуші. Бар
байлығын халқының игілігіне жұмсап жатқан жомарт. Егемендік тұғыры
түбіндегі әрі тірек, әрі сая бәйтеректердің бірі. Бүкіл еліміздің мақтанышы...
Иә. Басқасы басқа. Бар ісі туған жұртына қарсы бағытталған
жалмауыздың өзі – ұлттың мақтанышы екен. Өз халқына қарсы
қылмыскердің сол халықтың ең үлкен құрметіне жетуі – тек бізде ғана
мүмкін болған жағдай. Бұл тарапта, шынында да, әлемнің алдында екенбіз.
52
Егемен елдің тірегі, ұлт мақтанышы Марат Қазыбеков тұтас бір жылға
созылған, екінші жылға ұласқан мерейтой дабырымен астастыра, жаңа бір
бағдар танытты. Жаңа емес, бұрынғыға үстеме. Кейінгі кезде әдебиет, тарих
тарабындағы кейбір ұлтшыл, кертартпа элементтердің кесірі біздің күні
бүгінге дейін халықтар достығының лабораториясы болып отырған көп
ұлтты отанымыздағы халықтар бірлігіне қылау түсіре бастапты; түскен жоқ,
түсуге
мүмкін.
Мәселен,
кешегі
"Темірқазық"
журналының
бағдарламасындағы ұлтшылдық біздің халқымыз үшін сырттағы
Солженицын мен Жириновскийдің шовинизмінен әлдеқайда қауіпті депті.
Өйткені, ол – сырттағы, тыңдамаған құлаққа жетпейтін, әншейін абың-күбің
әңгіме, ал мынау – бізді іштен ірітетін, және күн озған сайын асқына беруге
мүмкін іріңді кесел. Бұдан әрі біздің Жармақ осындай қатерлі кеселдің түп-
негізі, шығу себебі, келешегі мен мүмкіндігі төңірегінде сөз қозғайды. Бізді
жағадан алып, етектен тартып, кері қарай әкетіп бара жатқан, бұрын
кеңпейіл халқымызда болмаған, болса, анау 20-жылдардың орта тұсында
тамырына балта шабылған мұндай келеңсіз құбылыс қайдан шықты десеңіз,
бұл – елбасымыз алып берген тәуелсіздікті теріс түсіну және сол кісінің
қажыр-қайраты арқасында елімізде қалыптасып отырған демократиялық
құндылықтарды аяқ асты етуге тырысу нәтижесі. Бүгінгі қазақ ұлтшылдары
егемен жұртымызда тарихи қалыптасқан демографиялық тепе-теңдікті
бұзғысы келеді. Ол рас, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы арқасында,
тек үлкен Отан шегінде ғана емес, бүкіл әлем алдында десек артық
болмайды, өзгеше теңдік заманда халықтар достығының лабораториясы
атанған Қазақстанда, 1959 жылғы халық санағы бойынша, қазақтардың үлес
салмағы небәрі отыз пайызға да жетпейтін. Ал содан кеміп кеткеніміз қане?
Керісінше, тың көтеру науқанының дәуірлеген кезеңінде үлес салмағы одан
да төмендеп, жиырма жеті пайызға түссе де, қазақтың атақ-абыройы
көтерілді. Республикадағы барлық халықтың, оның ішінде ұлы орыс
халқының қажыр-қайраты арқасында астық молшылығы жасалды,
нәтижесінде тұрмысы түзелген қазақ халқы да өсіп-өнді, ақыры, тәуелсіздік
қарсаңында жалпы санымыз республика халқының отыз бес пайызына
жетіпті. Табиғи өсім нәтижесінде, жолдастар. Бұдан соң, егемендік дәуірде
одан әрмен өрлеп жатырмыз. Міне, азғана жылда халқымыз тағы да еселеп
өсті. Өссін. Өспесін демейміз. Мен ұзын санын айтып тұрмын, мырзалар.
Бізде келмеске кеткен кер заманнан қалған бір дерт бар. Процентомания
деген. Күні кеше өздерін еркін, яғни республика заңдарынан тыс деп
есептейтін бір газетте "Алақай, қырық бірдеңе пайызға жеттік!" – деп
дабылдатып жатыр. Байқайсыздар ма, пәлен миллионға емес, пәлен пайызға.
Ал, пәлен пайыз екен. Одан сіздің кішкентай халқыңыздың саны көбейіп
кете ме? Неше пайыз болса да, сол қалпында қалмай ма. Яғни, жолдастар,
процент қуудың астарында басқа бір жымысқы саясат жатыр. Саның өспесе
де, пайызың өсу керек сияқты. Яғни, өзің көбеймесең де, басқалар кемуі
қажет! Міне, гәп қайда. Яғни, бағанағы бір көрімге бейкүнә пайыз – егемен
елімізді мекендеп отырған басқа жұрттарды, ең алдымен орыс тілді қауымды
жаппай қысым арқылы ерікті және еріксіз түрде ығыстырып шығарып,
қайткенде де Қазақстан шегінде көпшілікке айналу! Айттық, көбейіңіз,
ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ өз есебіңізден, яғни табиғи өсім арқылы.
Басқаларды жылы ұясынан тықсыру нәтижесінде емес. Рас, көпе-көрнеу
ешкім де қуып жатқан жоқ. Бірақ көзге көрінбес мәжбүрлеу бар. Сонымен
қатар, жұртымызға жала жаба бермейік, объективті себептер де болды.
Егемендіктің бастауында, нарықты экономикаға көшер қарсаңда, және
көшкеннен соң, бір жағы тұрмыс таршылығы, ең бастысы – болашаққа деген
сенімнің азаюы, яғни, қазақ ұлтшылдары ұлы орыс тіліне тыйым сала ма,
ұрпағымыздың күні не болады деген қауіппен, тату көршіміз Ресейге қоныс
аударуға мәжбүр болды. Көтеріле көшу кейін, мұндағы тұрмыс оңалып,
дүние түзелген кезде де тоқтамады. Өйткені мәселенің мәнісі, мана
айтқанымыздай, тым тереңде жатқан. Соның айқын айғағы ретінде, енді
мүлде керісінше жағдай қалыптаса бастады. Бір күнде емес, егемендіктің
алғашқы күндерінен бастап. Менің айтып тұрғаным – кері көш, мырза
жолдастар. Бізбен көршілес, бар жағынан артта қалған елдерден дайын асқа
тік қасық болып, оралман дегендердің жаппай ағымы басталды. Ал енді
көпе-көрнеу нәрсе, жылы орындарын тастап, бізбен достық жағдайда болса
да бөтен елге шұбыра көшкен кешегі отандастарымыздың қамын ойлаған кім
бар еді? Ешқандай жеңілдік жасалған жоқ, тым құрса көш ақысын беріп,
шығарып салмадық, шындығында, мұң-мұқтажын алдынала ескерсек, ешкім
көшпейтін де еді. Көшсе де бәрі емес. Енді міне. Сырттағы, көпшілігі совет
те емес, алыс шет ел топырағында ғұмыр кешкен, түптеп қарағанда, елімізді
қай жағынан алғанда да артқа тартатын тасқынға тоқтау салынбағаны өз
алдына, әйтеуір қазақ аты бар екен деп, мемлекет есебінен, яғни осы елдегі
барлық халықтарға, оның ішінде арамыздан амалсыз кеткен эмигрант
ағайындарға да тиесілі байлықтың ортасынан ойып алып, молынан, тікелей
көмек көрсету әдетке айналды. Бұл, біз еміреніп отырған, шындығында
елімізді етектен тартатын оралман дегендеріміз кім? Ешкім теріске
шығармайды, ұлты қазақ. Бірақ қазақ аты ғана. Шет елдерде туған, сонда
өсіп, өніп, қалыптасқан. Менталитеті мүлде басқа. Дүниетанымы жат. Оның
үстіне, ащы да болса, шындықты жасырмай айту керек, бұл не қазақ? Бұл
сондай қазақ, күні кеше ғана отанын сатып, жат жұртқа қашқан, сол жақта
жан бағып, жеке басының пайда, тіршілігінен бөтен ештеңе ойламаған.
Нақты өзі болмаса, өткен әкелері, аталары. Енді келіп, мұндағы бар
қиындықты өз басынан өткеріп, егемендік мәртебесіне жеткен байырғы,
қазақ, орыс, кәріс деп бөлмейік, ежелгі жұртпен тең құқық алмақ. Біз жетпіс
жыл бойы жасаған халық байлығынан тегін үлес алмақ. Әділдік қайда?
Сырттан келген келімсек тегін үлес алғанда, мұндағы мен неге мүлде
сыбағасыз қалуым керек? Күні кеше ғана оның атасы бар малын айдап,
Қытайға, Ауғанға өткен. Менің атам елін қимай, өз отанында қалды,
кәмпескеге ұшырады. Сонда мен кешегі қашқынның ұрпағының олқысын
толтырамын деп неге екінші қайтара жапа шегуім керек? Сонда не болды?
Ешкімнің дау-далабасы жоқ, мұндағы байлық – менің еншім, менің сыбағам,
жалғыз мен емес, осында қалған қазақ қана емес, осы жерді дәл бүгінгі күні
табанымен басып отырған тоқсан ұлтқа түгел тиесілі игілік. Бай екеніміз
анық, бар екеніміз рас, бірақ дүниеде тегін ештеңе де жоқ, тегін болса, осы,
өз ішіміздегі отандастарымызды жарылқайық. Ақиқатын айтқанда, берісі
жетпіс жыл бірге жасадық. Сіз қалаңыз, қаламаңыз, әлі де бірге жасаймыз.
Бұрынғыдай ынтымақта, өткендегідей татулықта. Ортақ байлықты ортақ
игілікке жұмсау арқылы. Мұндағы жұртпен біздің менталитетіміз ортақ, ал
сырттан келгендер, тіпті, қазақ-ақ болсын, шет мемлекет өкілі, менталитеті
жат, көзқарасы бөтен, ішкі пиғыл, түпкі ниеттері де бөтен, жат болып шықса,
таң қаларлық ештеңе жоқ. Біз жаңа ғана құрылып жатқан жас мемлекетпіз.
Еліміздің жарқын болашағын ойласақ, оны іштен кеулейтін теріс ағым
атаулыға жол беріп, қарап отыруға болмайды. Оралман тасқынына шектеу
қою – ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Тергеу, тексерусіз келіп, оп-оңай
азаматтық алып жатқан жат жұрттық оралмандар ішінде шет елдердің барлау
қызметіне жегілген, сырты момақан, іші дүлей жансыздар болуы және ғажап
емес. Өзінің теріс түсінігімен кейінгі жастарды аздырып, ұлтшылдық дертін
қоздыратындар шығуы тағы күмәнсіз. Бір сөзбен айтқанда, әйтеуір аты қазақ
деген желеумен егемен елімізге оралман келтіру – экономикамыз, әл-
ауқатымыз үшін ауыр салмақ екені өз алдына, біздің уыздай ұйып отырған
көп ұлттты республикамыздың бүгінгі тыныштығы мен ертеңгі болашағы
үшін үлкен қатер. Рас, біздің егемен еліміздегі бүгінгі халқымыздың жалпы
саны – жер көлемімен салыстырғанда тым аз. Сонда, бізді осы тәуелсіздікке
жеткізген, егемен елімізді бүкіл ғаламға танытқан және бізді жарқын
болашаққа бастап отырған көреген саясаткер, сүйікті елбасымыз, осы
жақында ғана, өз халқына жаңа жылдық жолдауында белгілеп берген
жиырма миллионға қалай жетпекпіз? Міндетті түрде қазақ болсын деген
жоқ, мырзалар. Ең үлкен билік басындағы кемеңгер кісінің қарауындағы
халқын ұлтқа бөліп алалауы мүмкін емес. Осыны ұғайық. Ал енді, әуелгі
әңгімеге қайта оралсақ, мен айттым, аумалы-төкпелі бір кезеңде елімізден,
аз-көп демейік, тура екі жарым миллион орыс, нақтылап айтсақ, орыс тілді
ағайындар сыртқа кетіпті. Миллионға жуық неміс кетіпті. Жолдары болсын,
бір заманда өздері де жер ауып келген, енді тарихи отанына бет түзеген
немістердің. Ал орыс ағайындардың жөні бөлек. Бізді білімге, өнерге, ғылым
мен техникаға жеткізді, байлығымызды игеріп, кен қазды, жерімізді
түрлендіріп, завод, фабрикалар салды, бас-басына бытырап, қаңбақша көшіп
жүрген жұртымызды отырықшылыққа үйретті, ең ақыры, бізді фашистік
басқыншылардан сақтап қалды, басқа бір шет елдердің отарлауына жол
бермеді. Енді Совет Одағы құлағанмен, Ұлы Россия өз орнында қалған
бүгінгі заманда сол бауырлар бізден қалайша қол үзіп кетпек? Өз
азаматтарымызды өзімізге қайтару керек, жолдастар! Жаңағы жат жұрттық,
жат пейілді қауымға берілетін ақша жетпіс жыл бойы бізбен бірге бар
қиындықты бөліскен, тағдыры ортақ, мүддесі үйлес совет адамдарына
берілсін, бұрынғы, оралман дейтіндерге, жан басына бөлінген жарытымсыз
алты жүз доллар емес, қаладан болмаса да, ауылдан үй сатып алатындай,
жеткілікті мөлшерде, және шұбырған баласы жоқ, бастары кем, әрбір кісіге
емес, әрбір отбасына есептеп, кемі он бес, жиырма мың доллардан
белгіленіп, көтерме төленуге тиіс. Ақшалай қаражат үстіне басқадай көмек-
жәрдем жергілікті жерде шешіліп жатса, құба-құп. Бірақ өздері шешеді деп
қарап отырмай, нақты нұсқау түсіру шарт. Әрине, кешегі отандастардың бәрі
бірдей қайта қоймас. Өкпелеп кетті, орнығып қалды. Сонымен қатар, жаңа
жұртқа сіңісе алмай, заты орыс болса да, "казах", "кулак", "келгінші" деген
атақпен кемшілік көріп, кешегі отанын, яғни мына біздің елді аңсап
жүргендер қаншама. Сөз жоқ, олардың бәрі де, арнайы шақыру болса, және
құрғақ қасық емес, отанына қайтып келетін шын оралман ретінде тиесілі
қаражатпен қамтамасыз етілсе, сырт жақта бір күн де тұрмайды. Сонымен
қатар, мына нарық, экономикалық, әкімшілік және саяси өзгерістер
заманында сол Ресейдің өз ішінде тұрақтай алмай, әрі-сәрі жүрген тағы
қаншама халық бар. Мәселен, Қиыр Шығыс, Сібір. Керек десеңіз, Камчатка
мен Сахалин, Якут өлкесі. Бізге белгілі деректер бойынша, бұрынғы, совет
заманындағы, жер шалғайлығы, табиғат қиындығына орай көтерме еңбекақы
жойылған себепті және өндіріс орындары тоқыраған жаппай қиындыққа
орай, ішкі Ресейге қарай лықып тұр. Біразы көшкен, енді біразы буынып-
түйініп отыр. Көшкендер түгел орныққан жоқ, түйінгендер қайда барарын
білмейді. Міне, осы еңбекші, қарындас қауымның бетін бері қарай бұру
қажет. Ол үшін Ресей баспасөзінде және электронды ақпарат құралдарында
пәрменді насихат жұмыстарымен ғана шектелмей, әр тарапқа, алыс, жақын
демей, өз кісілерімізді аттандыру, көші-қонды жолға қою және осының
бәрінің алдында жаңа мигранттарға қатысты шараларды нақты белгілеу
керек. Мәселен, қаражат, үй-жай мәселесін шешу үстіне, қалаларда, іргелес
аудандарда шектеулі кесімде, шалғай ауылдық аймақтарда егіндік, бақшалық
ретінде кеңінен бөлініп, еншілі, меншік жер берілуі қажет, әуелгі бес жылда
алым-салықтан босату және басқадай тұрмыстық жеңілдіктер. Сонда біздің
республиканың халқы еселеп өседі, экономикамыз, шаруашылығымыз
бүгінгіден де зор қарқынмен дамитын болады. Жетпіс жыл бойы халықтар
достығының лабораториясы атанған Қазақстан жаңа заманда жаңа сапаға
жетіп, қазақстандық деген біртұтас, жаңа ұлт – ХХI ғасырдың озық ұрпағы
қалыптасқан, алдыңғы қатарлы, өркениетті елге айналамыз!
Міне, көрнекті мемлекет қайраткері Марат Бейсенұлы Қазыбековтің
саяси платформасы, әр тараптан шыққан қолдау арқылы абырой тауып,
нақты жүзеге аса бастаған іс-әрекеті осындай еді. Қысқартып, ықшамдап,
жұмсартып айтқанда.
53
Мен жүрегім тітіреп, буын-буыным қалтырап, әрең отырмын. Ақыл-есі
түзу ме сорлының? Өң бе, түс пе? Бұрынғы компартия тілі, бүгінгі өкіметтік
"Ел бастау" партиясының жаршысы "Егемен Нұрстан" газетіне бір, егемен
заманда қалыптасқан оппозициялық "Жол бастау" партиясының ұраншысы
"Еркін Гүлстан" газетіне бір қараймын. Билікте отырған басылым мен
билікке ұмтылған басылым, – қарама-қайшы екі топ, екі партияның үні бір
жерден шығыпты. Елді кім басқарады дегенде бітімсіз ағайындар қазақ
мәселесіне келгенде алауыздықты қойып, айрықша ынтымақ танытқан.
Қатесі жоқ еді. Бұл бақас екі партияның саяси ұстанымдары қарама-қайшы,
мүлде кереғар көрінгенімен, бар мұрат басқа тарапта, екі бағдарламаның да
ешбір бабы қазақ мүддесін қорғамайтын. Өз мүдделері ғана бар. Яғни билік,
оған жалғас байлық. Екі ортадағы қазақ айырбас мәнет дәрежесіне де жетпей
қалған. Үлкен есепке енбеген. Онсыз да бар ұпайы түгел. Таң қаларлығы –
бұл емес-ті. Совет заманындағы партноменклатураның жазылмаған заңы
ғой. Таң қаларлығы – біздің бауырдың екі тараптың тілін бірдей табуы. Яғни,
қандай жағдайда да, бәсекелес екі партия бірдей қолдайды деген сөз. Сонда
қазақ... қазақ қайтпек? Ол кімді қолдап, кімнің сөзін сөйлейді? Сөйлесін,
сөйлемесін, ертеңгі күні не болады? Мәңгіріп, езіліп біраз отырған соң,
электронды поштаға жүгініппін. Сыпайы саясатты жиып қойып.
"Әй, Жармақ! Ауысып кеткенсің бе? Сонда, бұдан жүз елу жыл бұрын ата
жұртында жүз пайыз болған, содан соң отарлық кепке түсіп, жаппай
қырылған, шекараға жақын жұқанасы сен айтқандай, мал айдап емес, жан
сақтап, жалаңаш-жалпы жер ауған, мұндағы қажыған, тозған қауымы жат
жұрттың топаны астында тұншыққан, өз елінде өгей күн кешкен қазақ
тәуелсіздіктен кейін де көрінгеннің аузына қарап, мәңгібақи азшылықта,
кемшілікте қала беруі керек пе? Бұрын құл болып, табанда жатса, енді
біржола тозып, құрып бітуі керек пе? Бұл не масқара? Қайдан ойлап таптың
осының бәрін? Әлде сырттағы қожайындар сенің атыңды пайдаланып,
немесе әлденендей кіріптарлыққа түсіріп, мәжбүрлеп отыр ма? Қайткенде де
терістеме бер. Райыңнан қайт. Әйтпесе, аруақтың шамына тиесің, халықтың
қарғысына қарасың. Мен – нағыз Қазыбек."
Бес минут өтпей, шұғыл жауап келді. Ол да әбден ыза болғандай, айылын
жимапты:
"Ширек сорлы! Төбеден түскен тегін көжеге тойған екенсің. Бүгінгі
тіршілігің кімнің арқасы? İш, же, жат! Менің де саған ешқандай бөгетім
болмайды. Мен – бай Қазыбек, бар Қазыбек."
Намыстан жарылып, шарасыз қорлықтан құтырып кете жаздадым. Жаңа
бір амал табу керек екен. Айтқан сөзінен қайтпайды, әрине. Бірақ тоқтату
қажет. Ол үшін... Әуелі өзім тоқтап, сабырға келейін. Иә. Қазіргі нарықтық
әрі бейпіл заманда кім не деп сандырақтамай жатыр. Мәселен, бүгінде
ұлттың рухани көсемі танылып отырған атақты ақын, белгілі саясаткер
Мүштар Мақанов күні кеше ғана қазақта тарих болған жоқ, Жәнібек пен
Керейден Абылай, Кенесарыға дейінгі барлық хан – қазақ емес, яғни қазақта
сіз айтып жүргендей, мемлекет те болған жоқ деп жар салды. Жалғыз өзі
емес, әуелде тілектес, пікірлес он бес академикті, одан соң қатарлас, қанаттас
жиырма сегіз парламент мүшесін бастап. Еңбекшілердің хатын, жеке
тұлғалардың пікірін ұйымдастырып. Тура төрт жыл бойы республикалық
барлық ақпарат құралдары арқылы жер-дүниені дабылдатты. Ешкім
тіксінген жоқ, жан адам намыстанған жоқ, сенен басқа бір кісі бір ауыз
қарсылық айтпады. Біледі, түсінеді деген азаматтарыңның өзі: "Әй, соның
сөзін қойшы. Жүрген бір әулекі. Ат шығару үшін адам не істемейді" – деп,
мүлгіп отыра берді. Қалған он бес пен жиырма сегіз туралы: "Қолын қоя
салған да. Әйтпесе тәп-тәуір кісілер," – десті. Сол әулекіңіз бастап, тәуір
кісілеріңіз қостаған, бүгінгі бағдарлама ғана емес, келешекке нұсқау есепті
есалаң тезистер баспасөз арқылы жүздеген мың таралыммен аңғал
халқыңның оянбаған санасына у болып құйылып жатқаны есеп емес. Тасқа
басылған сөз атаулының бүгінгі қоғамдық ой, ұлттық сана, интеллектуалдық
деңгейіңнің көрсеткіші ретінде тарихта таңбаланып қалатыны қаперге
кірмейді. Мейлі, не болсақ та сонымен тоқтасақ қой. Жоқ. Енді арада үш-
төрт жыл өтпей, сол Мүштар Мақанов ежелгі қазақ тарихы, әуелгі қазақ
хандары, қазақ мемлекетінің орнығуы, өрлеуі турасында үлкен дастан
жазыпты. Әуелгі пікірінен қайтты, қатесін түсінді деп ойлайсыз ба? Бұрында
жоқ пікір енді қайдан келеді. Ол кезде солай айту тиімді көрінді, тым құрса,
бес күндік дау-дамайда сөзін өткізу үшін. Енді басқаша сайраған тиімді.
Ертең, хандығыңыз не, халқыңыздың өзі болған жоқ деп жарияласа несі бар.
Ең қызығы, немесе ең сұмдығы ол емес. Кеше алай тартып еді ғой, бүгін
былай тартыпты, мұнысы қалай деп айтатын ешкім жоқ. Өйткені кешегі сөз
ұмытылған. Бүгінгі сөз де ұмытылады. Советтен қалған бір рәсім – сөзде
байлау жоқ. Алай деп ойлады, бірақ былай деп айтты, ақыры, алай да, былай
да емес, солай істеді дегендей. Совет адамдары – гомо-советикус деген
өзгеше нәсілге тән, қалыпты мінез. Бүгінгі қайраткерлеріңнен – қара
шаруаңа дейінгі аралықтағы. Айтқаннан шошынбайды, қайтқаннан
жиренбейді. Біздің Жармақтың да сасық сандырағы енді екі жыл, жыл емес,
ай, енді екі-үш айдан соң, тіпті, екі-үш апта өтпей ұмытылары анық. Бірақ
сол сөз арқылы алған бедел бойында қалады. Бедел ғана емес. Манағы сөздің
зардабы. Өзі үшін емес, басқалар үшін. Халық құрбанға шалынды. Нақты іс.
Ал кім шалды, неге шалды – есеп емес. Ұмытылған. Бірақ мен ешқашан
ештеңені ұмыта алмайды екем. Қайткенде де бір амалын табу керек мына
сатқын сұмның... Амал тапқам жоқ, байыз тапқандай едім. Ит жемеде,
өнімсіз ашу, нәтижесіз әрекет үстінде өліп кетпеуім керек екен. Шекем
шыңылдап, қарақұсым ауырлай бастапты. Ұмытыла бастаған қан қысымы.
Жазу столымның астыңғы тартпасын ашып, көп қораптың ішінен әсері тез
энап деген дәріні алып, екі түйірін қатарынан таңдайымның астына салдым.
Бір амалын табу керек мына сұмырайдың... Аһа! Иә, менің қолымда еді ғой!..
Сол мезетте жаңа бір жолдау жеткен.
"Ағасы, айыптымын. Мен сәл-пәл қызыңқырап кетіппін. Өзің білесің,
саясат – былғаныш әрі өте ауыр кәсіп. Дау-дамай, талас-тартыс. Бірақ сенікі
жөн. Демографиялық саясат төңірегінде артығырақ сілтеппін. Артық емес,
мүлде қате байламдар. Мұрат-екесі! Түсінсеңші!.. Қайткенде де қазақта
болашақ жоқ. Болса да, бүгінгі күні билік тұтқасы басқада. İште ғана емес,
сыртта да. Шәйт деп көрші, тапап тастайды. Қудалаумен ғана шектелмейді,
қылтаңды қияды. Заманға, тіршілік жайына ыңғайлану керек. Қандай да
жетістік – баянсыз. Байлықты ұстау үшін билік керек. Билікті ұстау үшін
байлықпен қатар – епті саясат. Біздің бүгінгі жетістігіміз – әуелгі басқыш
қана. Сенен риясыз қолдау көріп отырсам, яғни көлденең бөгет келтірмесең,
мен көп ұзамай-ақ бұдан да биігірек шыңға шығам. Осындағы зор мансап,
қисапсыз байлыққа жеткен әкім, алпауыттардың барлығы да ақылды,
айлакер ғана емес, іскер, білімдар деп ойлайсың ба? Біздің ширегімізге
келмейді. Сенің етегіңді сүртуге жарамайды. Қай жағынан алғанда да.
Қолайлы жағдай, қисынсыз қолдау нәтижесінде жеткен бәрі де. Мен
жағдайымды өзім жасадым, қолдауымды өзім қалыптадым. Енді, үлкен
айдынға шыққан екем, неге төрдің төбесінде отырмасқа? Айтпасам да
ұғарсың, ол – кейін, талай өткелектен соңғы, ең үлкен мақсат. Ал әзірше,
бауыр басқан жеріме басқа бір тұрғыда қайтып оралғым келеді. İстің сәтіне
қарай. Қисыны келе жатыр. Бір бастасам, қалғаны оңай... Мен жарты болсам
да сенен бөліндім. Жалғыз тірегім болса – ол сенсің. Риясыз жақсы көретінім
онсыз да түсінікті. Өзіңнен аярым жоқ... Иә, айтпақшы, біздің Мақсат
министрдің орынбасары болды. Қабылет, дарын өз алдына, қолдау, демеусіз
өсіп жатқан ешкім де жоқ. Дүние орнында тұрса, бұдан соңғы жолы даңғыл.
Тек кезінде ойламаппыз, қазақ тілі деген пәле алдынан шығып, бөгесін
болмаса. Қазір, әрине, орыс тұрыпты, ағылшынға жетік. Енді өрісі кең деп,
испан тілін үйреніп жүр. Қазақшасы да жетіліп кетер, аман болсын тек қана.
Біздің Балжанның бар тілеуі осы балада. Жалғыз ұл деп қана емес,
тұңғышым, жастық жүрегімнен жаралды деп, айрықша жақсы көреді. Мені
қойшы. Сенің де тілеуің оң шығар деп ойлаймын. Әзірге жарар. Тағы да
хабарласам. Өзің."
Мына сұмға дауа жоқ шығар. Мақсатымды араға салғанда... жүрегің
қалай жібімес. Енді өзі де ұғынған шығар. Осымен тоқтайды.
54
Екі күн өтіп, үшінші күні атүсті хабар емес, арнайы жазылған хат, хат
емес, бағдарлы мәлімдеме келді.
"Осы уақытқа дейін арыла сөйлеспеген екенбіз. Әрине, менің кінәм.
Қажет санамағам. Әлі де күмәнім бар. Дегенмен, сен қабылдарсың,
қабылдамассың, негізгі – сен үшін аса мәнді мәселе төңірегінде екі-үш ауыз
сөз. Екеуіміздің арамыздағы алалық содан туындап жатыр.
Мен – болмаған тарихшы, сен – болған тарихшы. Бірақ менікі кемшілік
емес, сенікі артықшылық емес. Керісінше, мен өзім таңдаған салада
айтарлықтай табысқа жеттім, сенің өмір бойғы бар қырсығың осы тарихтан
бастау алады. Тарихтың өзі емес, тарихтағы және бүгінгі қазақ туралы
ұстанымың. Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы. Рас, ер болды, мәрт
болды. Ел болды. Бірақ ол қазақ Кенесары-Наурызбаймен бірге өлген. ХХ
ғасырға жеткен жұқанасы, яғни кеудеде қалған кісілік пен намыстың ең
ақырғы жұрнақтары 1932 жылғы ғаламат ашаршылықпен бірге тозды. Одан
соңғы қазақ – мүлде басқа жұрт, басқа ұлт. Асып кеткенде, өткен қазақтың
жармағы ғана. Сенің түсінбестігің сонда. Түсінбестігің ғана емес, трагедияң.
Сен бағзы тарихтан таныған ежелгі ғұн, түрік дәуірі, оған тете Алтын Орда,
оған жалғас Қазақ Ордасының елесімен жүрсің. Бүгінгі қазақ – сол қазақ,
қаны бір, жаны ортақ, тек заманы басқа деп ойлайсың. Ал мен өткен
тарихтың жалпы сұлбасын біле тұра, ой-пікір, байып-толғамым бүгінге
бейім, бүгінгі қазақты нақты танып, зерттеп танығандықтан, сен сияқты елес,
ой-қиялдағы қазақ емес, өзімізбен қатарлас өмір сүріп, тірлік кешіп жатқан
ел-жұртымыз туралы мүлде кереғар қорытындыға келдім. Сенімен бірлес
кезімде: баяғыда солай еді, енді неге бұлай деген күмән тұратын көкіректе;
тымырсық архивтен кетіп, тар қаладан кең дүниеге шыққан, қазақтың
қайнаған ортасы, жаңа өмірге бойлай енген соң, заман оза келе, неге
бұлайын ғана емес, нақты қандайын да қапысыз таныдым. Әлемдегі ең
сорлы, ең қор халық екен. Ақылдың аздығынан, қажыр-қайраттың кемдігінен
емес. Күні біткен, болашағы жоқ халық екен. Білімнің олқылығы, қабілеттің
төмендігінен емес. Ақыл да, қабілет те, күш-қайрат та жетерлік. Пайым,
парасаты да артығымен. Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай, ең басты
нәрсе. Арбаның күпшегі, қораның тіреуі деген сияқты. Бүгінгі тілге
көшірсек, машинаның моторы, ұшақтың қанаты дегендей. Оның аты –
ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке
сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында
кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі,
бизнестегі, саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы
аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен
әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап
айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы
жалғыз-ақ кінәраттан туындайды.
Мен өткенді араға тартпаймын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар
болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе
отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес, исалмас, тіпті, өз жұртына жау
кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас
билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық
талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында
отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді.
Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған
жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы. Бірінің екіншісіне беретін
бастырық ақшасы жетпеді, екіншісі – үшіншісі байып кетеді деп қорықты.
Сөйтіп, қазақтың неше мың жыл бойы сақтаған, енді неше мың жыл бойы
ұрпағыңды бақытқа жеткізер қисапсыз байлығы далаға кетті. Өзінен
қызғанғаны өзгеге бұйырды. Мұндағы біздерге жұғын, қаспағы ғана тиді.
Қазынаның бір шетінде жүрген бізге. Қалған қара қазақ тақырға отырды.
Ендігі сыбағасы – мың жылдық құлдық. Әуелгі жүз жылға аман жетсе.
Жетпейді. Кеткен кенің, таланған қазынаңа салауат. Енді табан астындағы
қара жеріңнің өзі саудаға түскелі тұр. Жерді сату туралы мәселе көтеріліп
жатқанынан хабардар шығарсың. Әзірше қабылдап үлгерген жоқ, бірақ
сөзсіз жүзеге асады. Манағы ер қазақ мың жыл бойы қан төгіп қорғап келген,
кейінгі ұрпағына мирас қалдырған қайран жер түгелдей жеке меншік бөліске
түседі. Қазіргідей, үй салатын, бақшалық, шағын кесіммен емес, тауың
тұтасымен, орманың орамымен, көлің көлемі, өзенің ұзына бойымен заңсыз
телімге түсіп, кең далаңның дал-дұлы шығады. Әрине, қазақ үшін емес.
Ұлтарақ тисе тәуба айтарсың. Ең шұрайлы, ең құйқалы, құнарлы
қоныстарың түгелдей орыс-орман, жойыт-жебірге бұйырады. Шешім
шығарған кім, бөліске салған кім? Азғана пайданы ойлап, мың жылдық
ұрпағының болашағын кескен қазақтың өзі. Билік дерсің. Отарлық, жат
жұрттық билік емес қой. Егемен деп аталатын елдің өз иелері. Қазақ. Ал, не
айтасың? Саудаңның шынымен біткен жері осы. Енді нең қалды? Дінің мен
тілің бе? Мұсылман болып жарытпаған қазақ қазір христиан дінін қабылдап
жатыр. Кришнаит болып жатыр. Ешкім зорлаған жоқ. Өз қалауы, өз
еріктерімен. Азып-тозудың бұдан артық қандай көрінісі болуы мүмкін? Ал
тілдің мәселесі тіпті қиын. Әлемде өз тілінен безген жалғыз жұрт болса, ол –
қазақ. Ана тілін тіршілікке қажетсіз деп санайды. Сондықтан, баяғыда орыс,
енді ағылшын. Тума тілін білгісі келмейді, білсе тезірек ұмытуға тырысады.
Жай ғана жерімеген, керек десеңіз жиренеді. Заттық және рухани
қайыршылық үстінде отырып, соншама астам. Жалпақ жұртыңыз. Ал қазіргі
"қазақ элитасының" жаңа әулеті өз ұлтын сыйламақ түгілі, қазақ атануды
намыс көреді. Сен білесің бе, шет елге, республика қаражатымен, "Болашақ"
атты арнайы бағдарлама бойынша, – Америкасы бар, Англия, Франция,
Германиясы бар, әлемнің ең таңдаулы университеттеріне оқуға жіберілген,
бес, он емес, бірнеше жүз қазақ жасының осы жақында ғана қандай
мәлімдеме жасағанын? Қазақ ұлтшылдары, яғни мына сен талап етіп
жүргендей, Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі күшіне енетін
болса, біз мұндай отанға қайтып оралмаймыз деген. Міне, сенің ең тәуір
болашағың. Ал енді ұлттың ұйтқысы болуға тиіс, сырттан шынында да солай
көрінетін қазақ интеллигенциясы, өз тілдерімен айтқанда, "зиялы қауымға"
келейік. Шыңыраудың түбінде жатқан, нағыз қорыс батпақ осы емес пе. Бос
шулағаннан басқа не бітіріпті. Шуының өзі берекесіз, үзік-жыртық.
Ештеңенің байыбына бармайды, ештеңені байыздап ұқпайды. Өкіметтің
қыбын қалай табамыз дегеннен басқа қам-қарекеті жоқ. Дәрменсіз ғана емес,
жалтақ. Тым құрса, өз бастарын қорғай алмайды. Күнкөрісі төмен екен. Кім
кінәлі? Өздері. Жабыла мақтағанша, жапырлап сұрамай ма тиесілі
сыбағасын. Сұрау тұрыпты, талап қоймай ма. Жоқ. Үйшік алдында
бұратылып жатыр. Байлауда, аш ұстаған қожайынға жағынып, құйрығын
бұлғаңдатқаннан басқа, ара-тұра көлденең өткенге шәу-шәу үріп қойғаннан
басқа қандай тіршілігі бар? Мейлі, дәрменсіздігі заманнан дейік. Ұлттық
мәселелерді көтере алмаса, білімсіздігі дейік. Бірақ адамдық кескіні қайда?
Ұлт үшін, ұлттық рух, ұлттық мәдениет үшін жанқияр еңбек етіп жүрген
бірлі-жарым азаматтарға жаппай топырақ шашуын қалай бағалаймыз?
Кезінде Ахаң мен Жақаңды қалай құртты. Мағжанның түбіне қалай жетті.
Мұхаңды қалай қудалады. Тоталитарлық система дерсің. Сол системаның
сенімді қаруы кім еді? Мағжанның, Мұхаңның ұлтшылдығы туралы
мақалаларды орыс жазып па, қайта, қорғаған сол орыс емес пе – бірін
түрмеден шығарды, екіншісін мұратына жеткізді. Енді, отарлық заманды
ұмытып, егемен күніңе келейік. Құлдар билікке жетті. Билік арқылы
байлыққа кенелді. Кешегі, қарғыда өскен сатымсақ партноменклатура және
олардың сырқат саналы үрім-бұтағы ғана емес. Өткендегі науқаншыл
жандайшаптар мен жаңадан күш тапқан әрқилы авантюристер. Оларға ұлт
емес, ұлағат емес, ордалы тұғыр, қордалы байлық қана керек еді. Бар
мақсаты оңынан түсті, ойына келгенін жасады, ойрандап бітті. Дәл сондай
таным, сондай пиғылдағы, бірақ билікке иектемей, байлыққа ілінбей қалған
пақырлар не істеуі керек? Сататын, өткізетін ештеңесі де жоқ, қазақтың аты
мен затынан басқа. Өткен тарихы, рухани қазынасынан басқа. Олар да
топырлы дуға араласты. Билік пен байлыққа жағу үшін, өздерінің де кісі
екенін әйгілеу үшін. Яғни, бұрын ештеңе де болмады, тарих та, мәдениет те
бізден басталады демек. Баяғы Октябрь төңкерісінен соңғы құл-құтанның
ұраны бойынша. Ата-қазақтағы ұлы тұлғалардың бәрі мансұқ етілді.
Ойшылдарың – қияли, ақылманың – наркоман, ғұламаң – сатқын деп
жарияланды. Ешқандай теріс айғақ, қиғаш дерек болмаса да, бәрі кәкәй.
Есесіне, әр ауыл, әр аймақтан жаңа тұлға, ақын, батыр, әулиелер ойлап
табылды. Дерексіз аруақ, тіпті, көпшілігі өмірде болмаған елестердің бүгінгі
"алыптарға" ешқандай бөгісіні жоқ. Яғни, тақыр-таза жерде тау тұрғызу
қиын емес. Өстіп, егемен заманның ерекше тұлғалары қалыптасты. Мәселен,
ұлттың рухани көсемі Мүштар Мақанов сияқты. Айқай, ұран, құр кеуде. Не
ақыл жоқ, не білім жоқ, не түйсік, не ұят жоқ. Және қалай айтсаң да, қазіргі
жұртыңа лайық. Ой өрісі де, ұғым-таным деңгейі де, адамдық қалып,
моральдық ұстанымы, өткен мен бүгінге көзқарасы да. Үйлес төбешіктердің
ішіндегі шоқысы. Қажетті сұраныстан туған еріксіз тауар. Ел-жұртыңның
қалауы мен тілеуінің нақты көрінісі. Жалпыға тән жамандықтың шіріген
шикі жемісі ғана. Ал сен бар пәлені өзі де құрбан болып есептелуге тиіс,
орайлы жолмен бақ қуған әумесір сорлыға апарып жапсырасың. Мәселен,
күні кешегі, саған тікелей қатысты, қаншама айқай болған, тарих
төңірегіндегі әңгіме. Сені сотқа тартуды, жұмыстан шығарып, шет елге
қууды талап еткен "еңбекші" қауымға өкпе жоқ екен, – ұқпапты, білмепті,
сөзге еріпті. Ал ұлттық парламенттің ғұзырлы жиырма сегіз депутатын,
әрқайсысы әр салада үлкен атақ, абыройға жеткен он бес академикті, ананың
да, мынаның да ішінде бөтен ешкім жоқ, бәрі де қазақ, сол, қырық бірдеңе
кісі – егемен еліңнің бетке шығар азаматтарын қазақта тарих болмады, Әз-
Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық хандарың қазақ емес, моңғол, бұл
халықта бізге дейін тиесілі территория да, тәуелсіз мемлекет те болған жоқ
деп жұлқындырған кім? Иә, ұйымдастырушысы бар, бірақ нұсқаушы,
мәжбүрлеуші емес қой. Өз еріктері, өздері. Не күн туыпты бастарына?
Жарайды, бүгін көңілдеріне жақпаған әлдекімдерді мұқату, жеккөрінішті,
сұмырай қылып шығару қажет екен. Сонда әлгі кісімен бірге өткендегі бүкіл
қазақ тарихын мансұқ ету шарт па еді? Мейлі, жаңағы жиырма сегіз депутат
түгел надан, он бес академигің түгел ақымақ екен дейік. Ал солардың
осыншама сандырағын жарыққа шығарған баспасөз тұтқасында отырған
кімдер? Бір, екі кісі емес, бір, екі басылым емес, бүкіл республикалық
баспасөзге не болды? Бүкіл ұлтты қорлаған осыншама, бейбастақ қана емес,
зиянды, былғаныш науқанға орай наразылық танытқан, қарсылық білдірген
бір ауыз уәж айтылмауын қалай бағалау керек? Сұмдық қой. "Темірқазықты"
қалай талқандар екен, Бас редакторға, мақала авторына қандай жаза
қолданылар екен деп, қызыққа қарап қана отырды. Қазақ намысының, әдепкі
адамгершілік қағидаларының өздеріне ешқандай қатысы жоқтай. Шынында
да қатысы жоқ. Өйткені, бас пен аяқ бір қисап дегендей, арғы, бергіңе түгел
тиесілі, жалпыға ортақ бір сыйпат бар. Ұлтсыздық деген. Ұлтсыздық –
ұлттық сана, ұлттық сезім, ұлттық танымның жоқтығы ғана емес. Адамдық
кептен айрылу, қасиетсіздік деген сөз. Бір кісі, он, жүз кісі емес. Тақта
отырған патшадан тақырда отырған қарашыға дейінгі аралықтағы бүкіл ел-
жұртыңызға еншілі сыбаға. Біле-білсең, өкіметте, жоғарғы, төменгі билікте
алабөтен кінә жоқ. Барлық былық ісін халқыңның қалуымен, қалау болмаса,
мақұл, ризашылығымен, бұл сөзді артығырақ көрсеңіз, үнсіз, дәрменсіз
келісімі нәтижесінде жүзеге асырып отыр. Жалпақ жұрт, бүкіл қауым
санасыз, намыссыз, тілсіз ғана емес, өжданы кем, рухы әлжуаз
болғандықтан. Енді осындай жетесіз, құнсыз халық үшін мен неге өлуім
керек? Сөзіме сендіре алмаймын, сенгені сол, өзімді қарабет қылғысы келеді.
Көзін ашайын десем, менің өзімнің көзімді шығаруға бейім. Отқа айдасаң,
боққа қашады, түнек шыңырауға, қараңғы көрге ұмтылады, және сені өзімен
бірге ала кетпек. Жоқ, мен тойып біткем сенің қазағыңа. Кешелі, бүгін емес,
бұдан қырық жыл бұрын, өмір жолының басында. Сенен бөлінуім – сол
түңіліс нәтижесі екен. Тура жол тауыппын. Өмірім оңды болды. Азап,
қайғысыз, ой, уайымсыз. Барлықта, байлықта. Ал сен ше? Итпекте деп
айтпайын, не асқа, не киімге жарымадың, азап астында, мазақ, қорлық
үстінде күн кештің. Кейінгі алған алғысың тағы белгілі. Енді келіп мені
кінәламақсың. Сатқын деп ойлайсың. Әй, бұл қазақта сатылмаған кім қалды?
Не қалды? Қираған, суға батқан кемемен бірге кету – кісілік пе? Жан сақтап,
жуан бөренеге жармассам – жамандығым ба? Және жан сақтығысы келетін –
жалғыз мен бе? Күшің бойыңа сыймай бара жатса, сол мықтыларды жөнге
келтір. Әйтпесе, менің азғана қызығымды улама. Онсыз да жаным жаралы,
тынышымды кетірме. Мен осы қырық жыл бойы жетісіп жүрді деп ойлайтын
шығарсың. Балжан мен балалардан басқа қызығым болған жоқ. Бауыры қызу
жас тоқал – ашу, ыза, түңіліс жан-жақтан құрсап, күн еңкейген кездегі
алданыш қана. Ендігі бар көрер игілігім – билікте ме деп едім. Араға келіп
сен қыстырылдың. Күйдірме жанымды. Тыныштық бер. Жармақ.
P.S. Екі сөздің бірін жеткізе алмадым. Әйтсе де екі қайтара оқы. Содан
соң өзінен өзі өшеді, бұрынғы хаттар сияқты. Мен алдымда да, артымда да
айғақ қалдырғым келмейді. М.Қ."
Біздің Жармақ бүтін шықты. Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының.
Бүкіл дүниеден түңілген – ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада –
ешкімге сенбейді, сөйте тұра өмірге соншама құштар. Оның ұғымындағы
өмір – билік пен байлық. Екінші қайыра, ежіктеп оқып шықтым. Пәлсапасы
күшті. Шын мәнісіндегі ит тірлігі үшін бәрін де құрбанға шалуға әзір.
Үшінші қайтара, басынан түсе бергенде жалп етіп өшті. Өзі айтқанындай.
Қызық. Атақ пен мансап жолында бөгет болуы мүмкін айғақ қалдырмайды.
Бірақ адалдық, азаматтық жолына көлеңке түсірер, ақыр түбі туған жұрт
алдында қарабет қылар айғағы жетіп артылады. Әйтсе де, бүкіл өмірі арам
есеп, жалған іспен өткен Жармақтың бұл жолғы жан ышқынысы – бақытсыз
бейбақтың ақиқат ұғым-түсінігінің көрінісі екендігіне күмән келтірмегем.
Жүрегімнің басына үйірілген бір сәттік аяныш сезімін тез өшірдім. Аясам –
өзімді аяуым керек екен. Ал Марат... амалы табылған сияқты. Тек іске
асыру... қиындау.
55
Араға ай толмай, баяғы, өкіметтік "Егемен Нұрстан" мен кейінгі,
оппозициялық "Еркін Гүлстанда" қатарынан, кезекті мақаласы жарияланды.
Өткендегі газет басылымдары, теледидардағы сөз және соған орай нақты
бағдарламам бойынша, кейбір ұлтшыл, артта қалған кертартпа көзқарастағы
азаматтар мен туралы қиғаш пікірлер таратыпты деп бастайды. Мен өзімнің
туған ұлтымның болашағына балта шабады екем. Мен қазақшыл емес,
орысшыл екем. Өткендегі отаршылдық елестері қайта тірілген екен.
Кейбіреулер, тіпті, менің қайдан келіп, қайдан шыққаным төңірегінде күмән
туғызыпты. Дүниеде сондай кісі бар ма өзі, әлдекімдердің арам мақсатын
жүзеге асыру үшін ойдан шығарылған қуыршағы емес пе дейді. Оны аз
десеңіз, кейбіреулер менің туған ауылым, Арқадағы Егіндібұлақтан хат
ұйымдастырыпты. Біз білетін жалғыз-ақ Бейсенұлы Қазыбеков бар еді,
Мұрат деген елеусіз тарихшы, бұл Мұрат жалғыз еді, жалқы еді, сонда әлгі
Марат Бейсенұлы Қазыбеков қайдан келген дейді. Міне, осындай, кісі
күлерлік жағдай.
Білмесеңіз айтайын, сізге ғана емес, бүкіл қауымға. Мен – Марат
Бейсенұлы Қазыбеков – атақты Қаз дауысты Қазыбектің тоғызыншы
буындағы ұрпағымын. Біздің әулет, арғы аңыз заманды айтпайын, бергі,
тарихқа танымал үш жүз жылда қазақ еліндегі атаулы тұқым болды. Бай да
шықты, би де шықты, батыр мен бағлан, керек десеңіз, ақын, әнші, күйшіге
дейін. Мен, елеусіз емес, белгісіз емес, танымал тарихшы Мұрат Бейсенұлы
екеуіміз – сол тұқымнан қалған соңғы тұяқпыз. Бар, жоғын емес,
танымалдық тұрғысынан айтамын. Әке-шешеден ерте айрылдық, соған
жалғас Полигон деген пәле шығып, біздің әулет ірге тепкен Қу ауданы
ыдырап, ел ата-қонысынан ауды. Сондағы, жан-жаққа бытырай көшкен
жұрттың қайсысын кім түгендеп алыпты. Менің азамат болып атқа
мінгеннен бергі ғұмырым Оңтүстікте, Мәркент ауданында және сол аттас
қалада өтті. Кім екенім, қандай қызметтер атқарғаным ондағы жұртқа жақсы
таныс. Бұдан соңғы, тәуелсіздік жылдардағы бар ісім жалпы қазаққа мағлұм.
Мен кірме емес, таза қазақпын, және атап көрсеттім, ешкімнің дауы жоқ,
текті тұқымнан шықтым десем асылық емес. Сондықтан да, ата көрген оқ
жонар дегендей, ғұмыр бойы туған халқыма қызмет етіп келемін. Тек өздерін
ұлтқа тұлға, елге жанашыр санайтын кейбір азаматтардан бір айырмам, қазақ
халқының ұлттық мүддесін Қазақстан аталатын мемлекет мүддесінен бөліп
қарамаймын. Қазақ – Қазақстанмен ғана. Қазақстан өсіп, өркендесе,
қазақтың да мұратқа жеткені. Және керісінше. Ал иммиграция, яғни
келгіншілер төңірегіндегі мәнсіз дауды қайта қоздырудың қажеті жоқ деп
білем. Бізден гөрі тереңірек ойлайтын елбасымыз нұсқап көрсеткен меже
бар. Республикадағы халықтың ұзын санын жиырма миллионға жеткізу –
келешекте бұдан да жоғары қарқынмен дамуымыздың кепілі. Алып-қосары
жоқ анық ақиқаты да сол. Тек мені әсіре орысшыл дегендерге азғана уәж.
Мен бұл сөзді теріс көрмеймін. Абай да орысшыл болған. Шоқан да
орысшыл. Мұхтар Әуезов те орысшыл. Азаматтық еңбек жолын шалғай
ауылда өгіз өктеуші болып бастаған, оқымай-ақ өрелі биікке жеткен, осы
соңғы жылдарда ғана, мүмкіндік, жағдайы келген соң қолға алып, ұлы
халықтың ұлы лұғатын тезінен игеріп, орыс тілінде қарыстай екі кітапты
қатарынан жазған, әрі арқалы ақын, әрі аймаңдай саясаткеріміз, ұлт
мәселесін көтеруде қажымай, талмай арпалысып келе жатқан рухани
жолбасшымыз Мүштар Мақанов та орысшыл. Солардың бәрі жат па екен
қазаққа!.. Әйтсе де, Мүкең екеуіміздің заманымыз алдыңғылардан басқаша.
Сондықтан да басқаша айттым. Мен жазушы да, ақын да емеспін. Мүмкін
көкейдегі ойымды дұрыс жеткізе алмаған шығармын. Әйтсе де, менің
оппоненттерім аңдамаған екен. Мен көтерген орыс мәселесі – үкімет пен
парламент ұстанып отырған демографиялық саясаттың бір бөлігі ғана. Қазір
әлемде моно-этникалық бір де бір мемлекет жоқ. Қырық құрау, бір түйінді
Американы айтпай-ақ қояйын. Франция, Германия – бәрінде де басқа
ұлттардың үлес-салмағы әжептәуір. Мәселен, Францияда екі миллион араб,
Германияда төрт миллион түрік дегендей. Бүгінгі Қазақстан – орыс пен
қазақтың ғана отаны емес. Тағы тоқсан ұлт бар. Дөңгелектеп айтқанның
өзінде. Қалай айтсаңыз да, тарихи қалыптасқан ақиқат. Алда да солай болса
несі бар. Біз сырттағы қазақ көші тоқтасын дегеміз жоқ. Келсін. Бірақ өз
орнын білсін. Есіктен кіріп, төр біздікі демесін. Және артық сыбаға
дәметпесін. Жаңадан көшіп келген қазаққа айрықша жәрдем берілсе, басқа
жұрт не ойлайды? Нәсілдік алалау деген осы емес пе. Мұндай көңілшек
жомарттықтан соң елдің, мына мемлекетіміздің сүттей ұйып отырған
халықтарының арасына сызат түспей ме. Еншісіз сыбағаға шек қою керек
деген әңгіменің төркіні қаражатта емес, саясатта. Ертең мұндағы жалпы
жұрттан менталитеті бөлек сыртқы қазақ әлдебір жерде ұлт-аралық жанжал
шығарып жатса қайттік? Ұтқанымыз сол ма? Керісінше, оралман болып,
тегін олжаға батқысы келген қазақтың сол қазіргі елдерінде отыра бергені біз
үшін пайдалырақ. Мәселен, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Ресейдегі қазақ
диаспорасы осы екі ұлы елмен арадағы достық, туыстық қатынастарға
дәнекер болмай ма!
Енді иммиграция мәселесіне қайтып ораламын. Өткенде Ресей туралы
ғана айтық. Енді сол сөздің басқа бір тармағына келейік. Тақау көршілер –
Орталық Азияның Оңтүстік бөлігі. Қырғыздың жағдайы ауыр, бірлігі кетіп,
берекесі қашқан. Өзбектің жері тар, тұрмысы қиын. Тәжік туралы сөз де жоқ
– таршылық әрі беймазалық. Осы туыстас үш республикада қолы бос
қаншама жұрт біздің солтүстік көршіміз Ресейден кәсіп, нәпақа іздейді. Дәл
қасындағы біздің үстімізден аттап өтіп, алыстағы Ресейден. Және тұрақты
емес, маусымды жұмыс. Толық емес мәліметтерге қарағанда, небәрі төрт
миллион халқы бар Қырғызстаннан бес жүз мың жұмыскер шығыпты
Ресейге. Бес миллиондық Тәжікістаннан – сегіз жүз мың. Жиырма бес
миллион Өзбектен қанша шығатыны есепке сыймайды. Осы, алыс шетте
теперіш көріп жүрген туыстар Қазақстанға қарай бет бұрса, қажетті
жұмысымызды жасап берсе, тіпті, Ресеймен екі арадағыдай сабылмай, үй-
жайларымен көшіп келіп, біржола тұрақтап қалса несі бар. Рас, өзбек пен
қырғыз бізде де жүр. Ресейге өтетіндерінің оннан біріне толмайды. Ешбір
есепте жоқ, келеді, кетеді. Ал бізде жұмыс күші жетіспей жатыр. Жаңа
айтқанымыздай, өзбек пен қырғыз, оған қоса тәжік бері қарай ауса, ортамыз
толмай ма. Әрі алыстан келген бауырларымыз сияқты, болмаған алашағын
қумайды, жағдай жаса деп тағы зарламайды, артық шығынға түспейсің.
Көжесін ішіп, керекті жұмысын жасап, өз жағдайларын өздері түзеп алады.
Оның үстіне, бұл жұртыңыз бала-шағалы, ұйымшыл. Арада, бес-он жыл
өтпей-ақ, өсіп, өніп, кетігіңізді бүтіндеп береді. Жиырма жылда манағы
жиырма миллионыңыздың өзі беріде қалады. Міне, мәселе қайда, мырзалар.
Қайталап айтам, мен орысшыл ғана емеспін, қырғызшыл, өзбекшіл, тәжікшіл
болып көрінермін. Өзге ұлтты сыйлау – өзіңді жек көру емес. Айналып
келгенде, бәрі де осындағы қазақтың қамы. Мен, интернационалист бола
тұра, ең алдымен қазақшылмын. Қазақ мүддесі – менің мүддем. Менің күрес
жолым – атақ шығару, пайда іздеу жолы емес. Халқым таныды – одан артық
не керек. Ел қатарлы тіршілік құратын жағдайым бар – одан артық не
тілеймін. Менің пайдам да, тіршілігім де, тілегім де – туған халқымның
болашағында!..
Міне, тағы да ықшамдап, артық желін шығарып бергенде осындай. Жай
ғана сандырақ емес. Аяр, улы, зәрлі сандырақ. Ақыры түпке жететін нақты
бағдарлама. Бүгінгі бәтуасыз, жауапсыз сөздің ертең шындыққа айналуы –
оп-оңай.
56
Көріп тұрмын, көзім жетті, мұнымен де тоқталмайды.
Ал, өзі арман қылып айтқандай, Оңтүстіктің әкімі болсын. Одан да үлкен
мансап жоқ па екен. Мәселен, премьер-министр дегендей. Байлығы он есе,
жиырма есе өссін, атағы аспанға шықсын, бірақ бұл да арманның шегі
болмай қалады. Одан әрі тағы бір тақыт тұр. Келесі кезекте қол созса несі
бар. Ойға алғаннан бастап айтылатын сөз, жасалатын қарекет тағы да он,
жиырма есе. Осы, ең соңғы, ең үлкен билікке жеткенше желкеңді қиып
бітпей ме. Жетсе... жеткен соң берік орнығу керек емес пе. Және одан әрмен
баю. Орнығу үшін жарты әлемнің көңілін табу керек. Баю үшін... одан әрі
қайда демеңіз, әлемдегі ең ірі байлардың тізімі бар емес пе,
мультимиллиардерлер, соның алдыңғы легіне ілігу керек. Содан соң әуелгі
ондыққа, бестікке. Осы байлықтың шегіне жету үшін, әлгі билікте біржола
беку үшін табан астындағы қара жер, төбедегі көк аспан тұрыпты, ата-
бабаңның көрдегі қураған сүйегіне дейін сатып бітірмей ме. Қазірдің өзінде
қалтырап әрең отырған, кеудесінде шығасы жаны ғана қалған сорлы халқың
ең соңғы тиянақ, ең соңғы үмітінен айрылса не болмақ! Тоқтау бар ма мына
пәлеге? Жоқ. Өкіметің де, парламентің де соның ар жақ, бер жағы. Бәрі бір
қисап. Бәрі де елдің есебінен. Қазақтың. Тағының тұғырын бекіте түсу үшін,
дәулетін дария, мұхиттан асыру үшін ештеңеден тайынбайды. Біздің Жармақ
сол көптің бірі ғана. Бар соры – менімен жалғастығы...
Қайран халқың... Несіне жаным ашып отыр деп ойладым. Жармақтың
айтқаны рас. Онсыз да жер бетінде қалғысы жоқ. Өмір сүргісі келмейтін
халыққа қалайша ара түспексің? Жаны қиналған азабын жеңілдетіп, тезірек
аттандырып жіберу де сауап шығар. Қайткенде де обал жоқ. Обал... кейінгі
қызыл қарын жас балаға обал. Әй, құлдықта туды, құлдықта өседі, әкесі
анау, тәрбиесі мынау, барына риза болады, артымыздағы баланың әуелгі
толқынын көріп отырмыз ғой, қазақсың дегенге намыстанып өле жаздайтын,
обал жоқ екен. Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Шын обал іздесең –
қадарынша халқына еңбек еткен, үмітпен күн кешкен, ақыры бар тілегі
сарып болған, байырғы қазақтың ең соңғы сарқыны, аз да болса алаш ұранды
азаматыңа жаның ашысын. Аясаң, мені ая, бар еңбегі құрдымға батқан, бар
өмірі зая кеткен. Алаштың азаматына обал. Маған обал. Бірақ сол аяу мен
есіркеуден маған келіп кетер ештеңе жоқ. Онсыз да біткен адаммын. Менің
обалым – фәниде емес, бақида. Арыдағы, айбарлы жұртына асқар таудай
тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем. Алаш ардагерлері
қатарында атылып кеткен үлкен әкемнің бетіне қалай қараймын. Қысаста
өскен, бөтен соғыстың от-жалынын өткерген, екі рет жер бетіндегі
жаһаннамға түсіп, екеуінде де мені жеткізу үшін тірі шыққан, арманда,
қапада қайтқан, бар үмітін маған артқан қайран көкем не айтады ертең, о
дүниеге барғанда? О дүние тұрыпты, бұ дүниедегі адал есімдері арамға
жалғасқан, жаманатқа ілінген біздің ежелгі әулет... ел бетіндегі шіркеу
болғалы тұр емес пе! Асылдармен қатар, жасықтар да болған шығар,
жақсының тасасында жамандары да жүрген шығар, бірақ қарабет сатқын
шықпап еді ғой біздің тұқымнан! Шіріген жалғыз құмалақ біздің бүкіл
әулетімізге көлеңке түсірмек пе? Басқаны айтпағанда, жалғыз ұлым Мақсат!
Халқын сатқан бұралқының ұлы демей ме. Бүгін болмаса ертең. Әкесі
қарабет, ұрпағы – алапес! Тым құрса жалғыз ұлдың болашақ абыройын
ойламады ғой мына сұм. Енді қайттік?.. Болары болды. Болмағы бұдан да
сорақы. Өткенге дауа жоқ десек те, дабыра сөз ғана. Соңғы жетпіс-сексен
жыл бойғы қай шешеннің, қай көсемнің қай сандырағы жұрттың есінде
қалыпты. Жүрекке таңбасы түспей, нақты іске айналмай тұрғанда, жел сөзді
желге ұшыру керек. Бірақ мен әлі де өзімді қимай тұрғам.
57
Шұғыл электрон-пошта жетті. Ентіккен, деміккен шағын ескертпе.
"Жайсыздау хабар. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Балжан бірдеңе сезіп
қалған сияқты. "Сенің бірге туған ағаң бар екен ғой, – деді. – Мен бұрын
қалай білмегем?" Туған жерімізге Полигон түсіп, одан соң әке-шешеміз
өлгеннен кейін арамыз бөлініп кеткен, байланысымыз үзілген, өзім де
жақында ғана білдім деп алдарқаттым. Сірә, менің орайсыз көтерілген
әңгімеге қатысты соңғы мақаламды көзі шалып қалғандай. Енді сақ болайық.
Өзің."
58
Ертеңіне екінші хабар.
"Балжан кешегімен тоқтамапты. Былтыр, сенің көңіліңді табу үшін
"Нұрстанда" берілген мақала пәле болып жабыспаса не қылсын. Бұрын
болмаған әдетпен, кешқұрым кабинетке, үстіме басып кірді. "Сенің аға деп
жүрген бауырың егіздес сыңар екен ғой," – деді. "Иә, иә, жарты сағат қана
бұрын туған. Сондықтан аға есепті ғой," – дедім. Өңі бұзылып, азғана
отырды. "Сен осы сыңарыңмен ауысып кеткен жоқсың ба?" – деді кенеттен,
қатқыл әуезбен. "Қалай, қалай?.." – деймін, сасқалақтасам да, әзілге сүйеген
болып. "Солай. Баяғыда, әлгі сыңар ағаң Алматыда қалғысы келіп, өзінің
орнына сені салып жіберген жоқ па?" Жүрегім зырқ етіп, табаныма түссе де,
зорлана күлдім. "Қайдан шығарып отырсың?" – деймін. "Бір түрлі. Өткенді
ойлап отырсам. Сонда... жолға шығарда, одан соң алғашқы күндерде... бір
түрлі, көңілің жарым, сөйте тұра тым батыл..." "Енді бәрін тастап кетіп
барам, қимайсың ғой, оқуыңды, ғылымды. Ал енді... өзіңнің заңды
келіншегің болған соң, ай-шайға қарамай... Риза болған сияқты едің ғой.
Ендігің қай өкпе!" – деймін. "Өкпе емес. Өткенді саралау. Кеш те болса.
Онда... тауда басқаша болатынсың. Бірге жүрген барлық уақытта..." "Ал
қазір ше? – дедім сөзді бөтен жаққа бұрып. – Қазір қандаймын?" "Қазір...
мүлде басқа адамсың. Бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанның өзінде."
"Сен де басқасың, – дедім. – Қыз кезіңмен салыстырғанда." Міне,
ақымақшылық. Есім шығып, сөз қуып отырып, әлгі, тоқал алғанымды
ұмытып кетіппін. Бірақ Балжан теріс түсінген жоқ. "Мен... менің, әрине,
жасым ұлғайған шығар, – деді. – Бірақ жүрегім... көңілім бұрынғыдай," –
деді көзіне жас алып. Мен ғұмырлық жарым болдың, ең қымбатым сенсің
деп, әрең жұбаттым. Иә, айтпақшы, өткен қызық күндерді еске алып, кәкір-
шүкір әңгімемен көңіл әбден жайланғанда, тағы да оқыстан сарт еткізді.
"Сыңарың екеуің аспирантурада бір уақытта, бір жерде оқыдыңдар ма?" –
дегені. Соққының қаттылығы сондай, аузымды ашып отырып қалыппын. Ал
Балжан баяғыда... таудағы қуаныш жасы есіңде ме, бірақ бұл жолы
керісінше, үнсіз өксіп, бетін басып, ағыл-тегіл жылады... Жүрегім бір
жамандықты сезіп тұр. Әйткенмен, амал жоқ. Қандай да құбылысқа дайын
болайық. Дәл осы ретте ешқандай алауыздыққа жөн жоқ. Өзің."
Әй, сұмырай. Мені бар бақыттан айырған сен едің ғой. Енді келіп араша
сұрайсың. Балжанның көңілін табу менің қолымда тұрғандай. Біле-білсең,
екеуімізге бірдей ауыр салмақ емес пе. Сен емес, тас жүрек тажал. Сен бар
ғұмырын өзіңнің жолыңа бағыштаған әйелдің көңіл-жайын емес, өз
басыңның тыныштығын ғана ойлап тұрсың. Балжан екеуімізді айтам. Мені
қойшы, бар азабын өткерген, әуелден көндіккен. Балжанға қиын болмаса не
қылсын. Үшеуіміздің... ортамыздағы шын сорлы сол екен ғой!
59
Көп ұзамай, жаңа бір хабар жетті. Бұл жолы шынымен жайсыз. Марат
үшін ғана емес, мен үшін де.
"Балжан бәрін де біледі. Былтырғы, сенің көңілің үшін, 61 жылдығыңа
орай шығарылған мақала әлдеқалай қолына түсіпті. Суретіңді де көрді,
өмірбаяныңды да оқыды. Және саған қатысты басқадай деректерді де
тапқызып алған сияқты. Енді ешқандай күмәні жоқ. Екеуіміз ауысып кеткен
деп ойлайды. Тәжірибесіз, махаббатқа мас, аңғал жас қызды тәлкек ету үшін.
Талкек етпесе де, әркім өз пайдасы үшін. Сен ғылымыңды, Алматыңды
қимай, қала бергенсің, орныңа мені салып жіберіп. Қанша жақын көрсем де,
бөтендігіңді бірден аңдадым дейді. Содан соң бір рет, алғашқы айда, іздеп
келіп те кетіпсің. Сырттан бақылап, бәрі дұрыс орнығып болғанына көз
жеткізу үшін. Елу бес жылдық тойда да алыстан көзім шалды, бірақ
байыздап ойламаппын дейді. Екі жолы да келгенің рас қой. Әлі де ешқайда
кеткен жоқсың, барсың. Амал жоқ, мойындауға тура келді. Ауысқан
жоқпын, нақты өзімін деймін. Тек әуелгінің жартысы. Жармақ. Осындай
жағдай, өз еркімізден тыс айрылдық, күні кешеге дейін екінші жартымыз
туралы екеуіміз де білгеміз жоқ... деп. Әрине, сендіре алмадым. Керісінше,
екеуіміздің орын ауыстырғанымызға ешқандай күмәні қалмады. Енді
сенімен кездеспек. Өз аузыңнан естіп, көзіңе тура қарап отырып, істің
анығына жетпек. Мен байсырап отырғам жоқ, ешкімге де құмар емеспін, мен
аяқасты болған намысымды жоқтаймын дейді. Қырық жылғы қатындықтан
кейін. Енді қыздығын алған кісіні іздемек. Иә, айтпақшы, мен үшін екеуің де
адамдық кейіптен айрылған, жиренішті құбыжықсыңдар дегенін қайтерсің.
Бұған не амал бар?"
60
Амал бар еді. Енді ғана табылды. Тек Балжан емес. Өткен күн келмейді.
Не бетіммен көрінем. Не айтам, қалай айтам. Менен айып жоқ. Марат та дәл
осы жолы кінәсіз. Бірақ біздің адам сенгісіз шындығымыз Балжанға қандай
жеңілдік әкелмек? Қайғы үстіне қайғы қоспаса. Ортақ ұлды кімге телиді? Екі
Жармақтың арасында, тас диірменге түскен бидай дәніндей, парша-парша
болып кетпей ме. Ендеше, барлық іс осы дүдәмал, жұмбақ күйінде қалуға
тиіс. Немесе, анық, айқын түйінмен шешілді деңіз. Үстіңгі, қосалқы
Жармақтың Балжанға сандырақ болып көрінген шын сөзі ғана емес. Соңғы
алты-жеті жыл бойғы, әзірше шындыққа айналып үлгермеген бар сандырағы.
Және ертең көп алдына көсіліп шығатын Бас сандырағы. Әйтеуір амалы
табылды. Балжанның емес, Мараттың. Айнымас шешімге келдім.
Жармақтың тағдыры менің қолымда тұрған.
61
Жармақтың тағдыры менің қолымда. Бірақ менің бар тіршілігім
Жармақтың қатал қадағалауы астында. Советке жат саналған күдіктіні КГБ-
ның өзі дәл бұлай бақыламаған шығар. Әлгі, Замятиннің романындағы, ашық
шыны астында күндіз-түні толық тексерісте ғұмыр кешіп жатқандар сияқты.
Ол – кінәсі, қылмысы болмаса да, қапысыз бағымға кесілген қаншама адам –
тұтас бір мемлекеттің халқы еді ғой. Ал мен – жалғыз өзім. Қадағалауы
заңды және әлдеқайда оңай. Шыныламаса да, алаң-ашық. Сезімтал әрі
көреген бөліме-фондар арқылы қабырғаның арғы жағынан көріп отырады.
Жүрген, тұрған, тіпті, суға түскенің мен әжетханада жайланғаныңа дейін.
Кешкілікте бар жарықты өшірсең, түнде көру жабдықтары арқылы. Қадамың
қалт кетпейді. Төсектегі ұйқы, қорылың мен пысылыңа дейін. Көрген түс пен
ойлаған ойдан басқасы түгел алақанда. Әрине, біздің Жармақ күн сайын
және барлығын бірдей көрмейді. Қажетті және күмәнді тұстарды ғана. Және
сол сәтінде алдына тартылмақ, немесе хабар берілмек. Әуелде
қоңылтақсығанмен, кейін үйреніп кеткем. Киінем, шешінем, пысқырам,
түшкірем. Өз үйімде оңаша отырған есепті. Сыртқа шыққанда, әрине, сәл
басқаша. Амалсыз еріп жүреді, алыстан, жақыннан алдыма, артыма шығады,
таспаға түсіруі де мүмкін, әйтеуір арнайы бөлінген кісілері бір сәт те көз
жазбайтыны анық. Бірақ ақыр түбінде айланы мен асырдым. Тіпті, әуелгі
күннен десем болады. Кең көшеде, әлдебір ғимарат, ығы-жығы жұрт ішінде,
базарда, дүкенде, көпшілік дәретханада дәл үйдегідей анық көре алмайды.
Менің есебім осыған құрылған еді. Қызық үшін, күзетшілерімнің басын
қатыру үшін әдепкі серуен, қыдырыс үстінде алай да тартам, былай да
сызам. Өзіме қажет істерді сезік тудырмай, еркін жасау үшін тапқан амал.
Ондай өзгеше шаруа да жоқ менде. Әйткенмен, ақыр түбі кәдеге асты,
сақшыларым менің ізімді баспай-ақ жолымды қиып, көбіне алыстан
аңдайтын болған, ал кітап дүкені, әлдебір шаруашылық жайларына кірсем,
шектеулі жерде түйісіп қалмау үшін аулағырақ тұрады, кейде сырттан да
тосады. Енді әдетке айналған істің пайдасын көрмекпін.
Әуелі көлденеңнен алдарқаттым. Тап-таза компьютерімнің ашық бетіне
бадырайтып жаңа бір тақырып жазып қойдым. "Хан және президент."
Әжептәуір ойланып отырып, "Өткен тарих ұлағаты және бүгінгі күн
тағылымы" деген қосымша тақырып тіркедім. Баяғыда ұрланған, ескі
тарихқа қатысты құнды кітаптарымның орнына әкеп тастаған, бүгінгі заман,
өзгеше тұлға және ағымдағы саясатқа қатысты біраз қоқырды ақтарып,
солардың ішіндегі ең қалыңын, сыртындағы жарқырай күліп тұрған суретті
көрсете, стол үстіне әкеп қойдым. Қасына оңды, солды, ретсіздеу шашып,
деректік, анықтамалық тағы бірнеше кітап тастадым. Содан соң бүгінгі
нарық тынысын, халқымыздың әл-ауқат жағдайын және кәсіпкерлік
қабілетін бағамдау үшін базар мен дүңгіршектерді аралауға кірістім.
Әркімнен әрненің жөнін сұраймын, базардағы бозарған жұрт,
дүңгіршектегі түнерген жұрт – күнкөрісін әрең айырып отырған еркін
саудагерлермен әңгімелесем. Кейде алпауыттар иелігіндегі үлкен дүкендерге
де кірем. Керегімді апталық саяхаттың әуелгі күні тапқам. Бірақ асықпадым.
Төрт-бес күн бойы алдарқатып жүріп, кешкі алакеуім, қағаберіс қалтарыста,
әп-сәтте сатып алып, сығымдай бүктеп, қойныма емес, ышқырыма,
ышқырдың арғы жағына тығып жібердім. Үш құлаш жібек арқан. Арқан
болғанда, кәдімгі, ашық аулада кір ілетін жуан жіптің бір үзігі. Тартып
көргем. Өткенде. Өгізді ілсең үзілмейді. Әрі жұмсақ, сусымалы. Олжама
қуанғаныммен, бірден қайтпай, тағы екі-үш орамды айналсоқтап жүрдім.
Содан соң ғана үй. Әрине, жасы келген кісі, ғылым жолындағы жаңа
тақырып, көрнекі зерттеу кезінде әжептәуір шаршап қалған, сырт киімді
селқос сыпырып, шалбарымды сүйреткен қалпы қаракөлеңке бөлмеде,
жұмсақ төсекке келіп жығылдым. Азғана сұлық жаттым да, етпеттеген
қалпымда, бүгіле тартып шалбарды сыпырдым. Төсектің аяғына қарай
ысырып тастап, бірден көрпемді қымтандым. Жазылып, керіле созылып,
еріксіз жымидым. Содан соң ұйықтаған қалыпта көз жұмдым.
Шын ұйықтап кетіппін, түн ортасынан ауа, селк етіп ояндым. Дәл осы
кезде мені бақылап отыруы неғайбыл, әйтсе де көрпе астында бұққан қалпы,
дамбалымның ышқырына бүктелген жібімді алып, ептеп саумалап, бір жақ
ұшын таптым. Дар тұзағын жасаудың өзі өнер деседі. Арнайы мамандары
бар. Ширата орап байлайды. Сірә, өлім жазасының өзін сәнге айналдыру.
Бірақ сәнді ештеңесі де жоқ. Жуан кендір арқан. Бір жақ ұшы тоқпақтай
түйіліп, епетейсіз тұзақ шығарылған. Менікі шынымен-ақ әсем еді. Ешбір
өнерсіз-ақ. Өнер болса, дарға емес, малға жетік қазақтың өнері. Кәдімгі
қарапайым күрмеу ғой. Әуелі жуандығы шынашаққа жуық, берік жібек
жібімнің қолға ұстаған басын, бас бармақ сиятындай ғана ілмек қалдырып,
берік байладым. Содан соң, екінші ұшын іздемей-ақ, түйін түбінен кері
айналдырып, ілмектен өткізіп, тұзақ шығардым. Дайын. Менен сұраусыз
бөлініп, сүйген жарымды бауырына басқан, енді ата-бабамның аруағына шәк
келтіріп, бүкіл ескілікті әулетімізге көлеңке түсірмек сұмырай Жармақтың
дар тұзағы дайын болды. Қапысыз, қатесіз, тамаша тұзақ. İлмегін сол қолыма
кигізіп, қысқадан алып, ептеп бастап, қатты тарттым, мықты жіп берік
байланыпты, қылқынған білегім ұйып бара жатқан соң қайта босаттым,
содан соң ұзына бойын, екінші ұшына дейін түгендеп, мерейім өсті. Сол,
көрпе астындағы қалпым, ілмегін кеңейтіп, дөңгелектеп, шұбалған бауын
шашыратпай, ширата қосып, мұқият орап, бір жақ ұшын қайыра, жөргемдей
түйіп, кішкентай ғана дөңгелек қалпында жастығымның астына тықтым.
Сәлден соң көңіліме күмән туды. Ең қолайы – жастықтың іші екен. Көрпені
басыма тарта күргейлеп, жастықтың тысын ағытып, бидайын тағы сөгіп, бір
жақ бұрышына салдым, азғана жатқан соң қайта алып, мамық жұмсағының
ішіне тықтым. Сыртқы қаптарын түгел түймелеп, басыма жастап жайланған
соң ғана көңілім орнықты. Әйтсе де ұйқы келмеген. İшкі мамығына кек
қаруы тығылған тірі жастықты астыдан үстіге шығардым. Аялай сыйпалап
көрдім. Ешқандай бедер, белгі жоқ. Қайта екінші жастықта әлденендей
түйірпек байқалады. Бүктеп жатқам ғой манадан бері. Енді қос жастықты
қатарынан бауырыма басып, өткен өкінішті өмірімді емес, әуелгі күндерімді,
Балжанмен танысқан маужыр түн, алып емен саясында алғаш сүйіскен,
бейуақта, жатақхананың алакөлеңке бір бұрыштарында сағына аймаласқан,
көшеде серуендеген, киноға, театрға барған, ең ақыры – бүкіл өмірімнің
жұлдызды, сәулелі мезеті – тауда табысқан күнді ойлап, ағыл-тегіл
жыладым. Кейіс, нала емес, мейір мен қуаныш жасы. Мен де бақытқа
шомған екем бір кезде. Қайрылмасқа кетті бәрі де. Бүгін емес, баяғыда.
Ендігі бөгеліс, аялдың қисыны жоқ еді. Ойлап тұрсаң, бұл да бақыт. Әділ
үкімнің орындалуына үш күн қалған.
62
Үш күн бойы көңілді жүрдім. Өзіме ризашылықта. Ең ақырғы, сөзсіз
орындалатын шешімтал ісіме мерейім өсіп. Өмірдегі ең үлкен қателік
түзеледі. Жаңа бір... әлемге қадам басам. Әрине, сұрауы орынды, жауабы
қатаң. Бірақ... менің еркімнен тыс болды ғой бәрі де. Ал ең соңғы нақты
шаруа – менің айнымаған ақ ниетімнің көрінісі емес пе. Кешірім жасалуға
тиіс. Қайткенде де бүгінгі азаптан құтылам. Одан соңғысы – бір аллада.
63
Сәрсенбінің сәтті күні туған. Мен үшін. Біздің Жармақ та дәл солай деп
шамаласа керек. Шамалаған жоқ, сенімді болды. Күмәнсіз. Осы өткен айда
ғана құрметті сенатор болып сайланған. Сайланған жоқ, мәртебелі, төтенше
жарлықпен тағайындалған. Енді парламенттің екі шатырының біріккен
мәжілісінде "Қазақстан: демография және иммиграция" деген шешуші
тақырыпта батыл және өтімді баяндама жасамақ. Нәтижесі жоғарыда
мақұлданып та қойған тәрізді. Әйтпесе бұл Жәкең сенатқа не үшін келді. Иә,
сөз жоқ, тиесілі қаулы, қарар да әзір. Сенатор Марат Қазыбековтің атағы
аспанға шығып, алдынан бұдан да даңғыл жол ашылмақ. Бірақ көр... өзінің
көрін қазып қойған. Күні біткен, сағаты санаулы, сағат емес, минуттар ғана
қалды.
Мен барымды киіп, бақанымды ұстап, яғни қапысыз қаруымды әзірлеп,
сақадай сай отырмын. Дегбірсіз ыза, салқын сабырмен. Құзыретті мәжіліс
таңертеңгі онда басталуға тиіс. Басталды. Екі минутқа кешігіп. Үлкен кісіні
күткен екен. Келді. Дүрліге орнынан тұрған жұрт, ду қол шапалақтау. Мен
де орындығымнан атып тұрыппын, мен де қол соғып жатырмын. Тарихи
жиналыстың басталған қуанышына. Екі минут деген не тәйірі. Ертеңге қалса
қайтер ем. Мен тоқтадым, басқалар әлі қол соғуда. Қызу құттықтау баяғы
жаппай ұранға ұласпады, бірақ жұрттың жүзі жарқын. Тағы екі минут, үш
минут кетті. Төрт минут. Уақа емес. Мен қайткенде де үлгерем. Міне, күн
тәртібі. Баяндама жөні. Біздің Жармақ – құрметті сенатор, белгілі саясаткер,
танымал қайраткер Марат Бейсенұлы Қазыбеков мінбеге көтерілді.
Мен бәрін де мұқият есептегем. Күзетшілерім тақау жерде. Дәл осы
ғимарат болуы да мүмкін. Әйтеуір үш минут өтпей жетіп үлгереді. Содан соң
есік. Кәдімгі құлып. Мен көпке дейін неше қабат болат есігімнің ішкі ілгегі
жоғына назар аудармаппын. Баяғыда, жүрегім ұстаған кезде сырттан оп-оңай
кіргені жанға қуат болып еді. Артынан ойлағанда, бәрі орынды көрінген.
Дәрігерлік шұғыл көмек қана емес, ілгексіз есік те. Енді керісінше шыққалы
тұр. Бірақ бұл жолы дәп солай аша алмайды. Үш кілтті ұясына қатарынан
салып, әрқайсысын үш қайтара бұрағаннан соң, қайта суырмай қалдырғам.
Бірақ бұларға тоқтау жоқ. Әйткенмен, аз да болса бөгесін. Қисынын тауып
ашқанша, тағы үш минут. Екеу дейік. Мейлі, бір минут. Яғни, жинақтап
келгенде, толық төрт минут уақыт бар. Әлбетте, қазір олар да теледидар,
тікелей хабар алдында отыр. Шефтің салтанатты сәтін тамашалап, соған
орай аз-маз босаңсыса, екі-үш минутын өткізіп алуы мүмкін, бірақ оған үміт
артпау керек. Қайткенде де төрт минут, тіпті, үш, асса үш жарым минутта
бар шаруаны тәмамдап үлгеру қажет.
Кенет... дәл осы сәтте жалғыз ұл да... Теледидар алдында отыр-ау деген
ой келді. Күтпеген көрініс... Қамығады, қиналады. Бірақ... әкесін өмір бойы
арқаланып жүрген кім бар. Мына мен... мені көрген де жоқ. Енді білмей де
кетеді. Сонысы жақсы. Жасы отыз сегізде, өзі де балалы-шағалы азамат.
Әйтсе де қиын. Маған. Бетінен бір сүймей кетіп барам. Немерелер... екі ұл,
бір қыз... Бар қуанышын басқа... емес, Балжан көрсін. Аман болсын ұрпағым.
Ал Балжан... көрер, көрмес, көп ұзамай, тіпті, келер сәтте естуі анық қой.
Қалай дегенмен, қырық жыл бірге ғұмыр кешкен зайыбы, оған да оңай емес.
Жылар, сықтар, ақыры барына тәуба айтып, тоқтамға келер. Көңілдегі
жұмбағы шешілмей кетсе, уақасы жоқ. Тіпті, соның өзі жақсы. Кездескен
болсақ, анығын айтсам... маған сенер еді, кешер еді екеуімізді де, бірақ...
өкпесі тарқамас еді. Маған деген. Шынында, Маратты бөліп шығарған менің
өзім ғой... Қалып қойған тағы мен. Сонда бірге кетсем... сен үшін өмірлік
мұратымнан айныдым... деп айтпасам да, өмір бойы жүрегімнің басында
кейіс тұрар ма еді... Көңілге қаяу түспеген, пәк, таза, әуелгі қалпымызда
айрылысқанымыз... ол да бақыт. Бәлкім, о дүниеде жауаптасармыз. Бұ дүние
бұйырмапты бізге...
Басталып кетіпті. Біздің Жармақ мінбеге көтеріле салысымен, қолындағы
қағазын алдына қояр-қоймастан, кеудесін кере шалқайып, еңселі, сәнді,
салтанатты, төбесі киіз үй шаңырағы кейіптес биік күмбезді кең сарайды,
осы Көк ордада, бүкіл болашақтың тізгінін өз қолдарында ұстағандай,
күржиіп, мелшиіп, сыздап, сазарып, кеуіп, пісіп отырған өңшең қасқа-
жайсаңды, кеңейтілген мәжіліске келген бүкіл билікші қауымды жаңа көріп,
жаңа ғана танығандай, асқақ құрмет, тәкаппар кейіппен, етегінен басына,
оңынан солына дейін түгел шолып шықты. Содан соң, өзіне сенімді қоңыр
күңгір дауыспен бастап кеткен.
Егемен елдің болашағы... ертеңгі сәулетті, жарқын заманымыз... – біздің
бар тіршілік, бар бақытымыз Қазақстандағы халық санының еселеп өсуіне
байланысты екен. Көпке ырыс қонбақ. Көбейсек, тым құрса бүгінгі ең үлкен
меже – жиырма миллионға жетсек... игереміз, өндіреміз, арттырамыз,
өркендейміз... Кіріспе сөзді толығымен мақұлдадым. Енді менің орайлас ісім
де дәл осы деңгейден табылуы керек еді. Өзімді өзім терістемей тұрғанда
жүзеге асып үлгеруі қажет. Жайлап басып кабинет-кітапханаға барып, жедел
қимылмен, кісі бойынан биік, айыр баспалдықты әкелдім. Қақ ортаға, қарсы
қабырғадағы теледидардың алдына орнықтырып, қойнымдағы тұзақ арқанды
суырдым. Жеті баспалдақты төрт аттап биігіне шығып, төбедегі үлкен
люстраның жоғарғы қақпағын төмен ысырып, болат ілгегіне берік
тұзағымның бір ұшын қысқарта тартып, жақсылап байладым. Жарты
минутқа есептелген, бірақ қолым қалтырады ма, ебім келмеді ме, екі қайыра
жасадым – қырық бес-елу секунд. Қолма-қол дар тұзағын мойныма ілдім.
Үш секунд. Жиыны артығымен есептегеннің өзінде бір минуттан сәл ғана
астам, мейлі, жиырма секунд дейік. Мен әуелгі, сезікті қимылдан, нақты
әрекетке көшкенге дейінгі аралықта асса бір жарым минут қана өтті. Міне,
бәрі дайын. Қайрылмас ажал тұзағы мойында тұр. Қапысыз ілінді. Енді... бар
жұмыстың нәтижесін көруім керек. Нәтиже ғана емес, жеңіс, қуаныш сәтін.
Тұзақтың мойындағы ілмегін қысқартып, жоғарыдағы бауын қос қолдай
тартқылап көрдім де, енді ешкім ешқайда кетпесіне көз жеткізіп, жарты
қабырғаға жуық көгілдір экранға қарадым. Республика парламентінің
біріккен қос шатырының кеңейтілген мәжілісінде, Көк ордада көсіле
баяндама жасап тұрған Жармаққа. Дәл осы сәтте ірі суретпен, тура екпетінен
көрсетіп жатқан. Соншама марлат. Соншама сенімді. Мәңгі жасардай, ертең
емес, ендігі жыл емес, дәл осы қазір, ойға алған барлық арам жоспары сөзден
іске айналып, қаз-қалпында жүзеге асардай. Мен еркісіз күлдім. Тұзағымды
тартып, аз-маз қылқынып көрдім. Сол кезде... Марат та қалт тоқтаған.
Қылқынып бара жатқандай, көк галстук байланған ақ көйлектің үстіңгі
түймесін босатты. Мен тұзағымды одан әрмен тарта түсіп, астымдағы
баспалдақты аяғыммен қағып құлатуға ыңғайландым. Мараттың өңі
бұзылып кеткен. Алдында, мінбенің оң жақ бұрышында тұрған, салқын шәй
құйылған стақанға қол созды. Сол мезетте менің пәтерімнің сыртқы есігі де
шақыр-шұқыр етті. Асығыс жетіпті. Үш минутқа да толмай. Ашқалы жатыр.
Ендігі бөгеліске жол жоқ. Марат ортасынан асыра шәй құйылған стақанды
қалтыраған қолына алып, ұрттай берді де, шашырата төгіп, қайтадан орнына
қойды, сол сәтінде қос қолдай тамағын ұстаған. Осы кезде мен де аяғымның
астындағы тиянақты ысыра теуіп жіберген едім.
Басым төбеге созылып, табаным еденге тірелді, қылша мойнымды
Мараттың қышқаш қолдары сығымдай үзіп, көз алдымда көк-ала от ойнап,
манағы мінбедегі қанды су тамағымды кептеп, тынысым бітіп, түнекке
баттым.
64
Қанша уақыт өткенін білмеймін, мүмкін, алпыс екі жылдық тұтас
ғұмырым, мүмкін қас қағым ғана сәт, анығы – асса ширек минут, мен
тұзақтан, дар тұзағы ғана емес, тіршіліктің бар мехнаты, қайғысы мен
азабынан біржола құтылып, фәниден озып, мәңгілік, еркін бақиға өткен
сәтімде, іле-шала, сарт етіп ашылған есік, топырлай жүгірген аяқ дыбысы,
абыр-дабыр сөзге назар аудармастан, қарсы алдымда тұрған, соңғы мезетте
көз үзіп қалған теледидарға қарадым. Жармақ бүктеле құлаған жоқ,
жоғарыдан тартылғандай, екі қолын алға соза, екі өкшесі көтеріле, кеуделей
асылған қалпы, биік мінбердің үстінде жатыр. Парламент опыр-топыр
болды. Әлде сақшылар, әлде жанашыр әріптес, жоқ, бірыңғай сұр киінген
арнайы қызмет өкілдері қаусыра құшақтай көтерісіп, мінбер алдындағы
шаршы бітімдес қызғылтым паркет үстіне салды. Әлдеқайдан аппақ, бітеу,
шағын шелек кейіпті мұсайлары салпылдаған кезекші үш-төрт дәрігер
қатарынан келді. Бірі дем салып, аузынан үрлеп, екіншісі кеудесін басып
жүрегін тербеп, үшіншісі тағы бір әрекетін жасап... әжептәуір әуреленген
соң, қолдарын жайып, бастарын шайқасқан. Бітті. Жармақтың алдамшы,
арам, баянсыз ғұмыры мана әрең ұрттаған ең соңғы жарты жұтым сумен
шектеліпті. Мыңғырған байлықтан өзімен бірге ала кеткені сол-ақ екен.
Мына менің де, арам деп айтсам обал тәрізді, адал, пәк деуге тағы
батылым бармайды, қайткенде де мәнсіз, мағнасыз, зая ғұмырым таусылған
екен. Ғазиз жаным тастап шыққан бейбақ денем қыл тұзақтан алынды. Ол да
қабаттаса жеткен дәрігердің куәлігінсіз-ақ. Келмеске кеттіпін. Қосақ
арасында. Бөтен біреудің жаласы үшін. Бұл да бекершілік сияқты. Соншама
не жазығым бар еді, өлімге қиятындай. Өзіме өзім жаным ашып, жыламақ
едім, көзімде жас жоқ екен. Көздің өзі жоқ. Көз түгілі бас жоқ. Мүлде
жоқпын. Қолмен ұстап, көзбен көрер уақытша тұрақ – баянсыз Тән емес,
кеудеден шыққан Жан ғана екем. Шын өлгенімді, опасыз Тәннен ажыраған
мәңгілік Жан екенімді аңдаған соң, байсалды сабыр таптым. Әйтсе де
өткенімді қимай, азапты өмірді емес, баянсыз дәулетті емес, дүниенің бар
дерегі мен даналығы жинақталған, ешкімде жоқ бай кітапханамды, мәресіне
жетсе де, халқына жетпеген, енді ешқашан жарыққа шықпас қырық жылдық
зерттеу кітабымды, әлі де ойда тұрған, ашылмай, жазылмай қалған жаңа
еңбектерімді қимай, азғана іркілдім. Бірақ бөгелуге мұрсат жоқ екен.
Әлдебір аялы, жеңіл, сонымен қатар қуатты күш жайлап тартып, шырқай
көтерді, Көк аспанның төріне қарай ұштым.
65
Аспанның екінші қатына шыққанда, сол жағымнан қоңыр көлеңке
көрінді. Құр сүлдеде... өлген кісінің тірі Жанында көлеңке бола ма? Және
тиянағы жоқ, табаны жоқ кеңістікте. Келер мезетте көлеңке жақындай түсті.
Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, бауырыма тығылды. Марат екен.
Төменшік, үнсіз, тілсіз. Мұңды, қайғылы. Шарасыз өкініш, ауыр қиналыс
үстінде. Мен самғай ұшқан қалпымда бір сәт аяушылық сезімге берілсем
керек. Сол тілсіз, мүсәпір қалпында ішіме кірігіп жоқ болды. Иә. Әуелде
менен бөлініп еді ғой. Бөлінген, кеткен. Өзінше тіршілік жасаған. Енді
келіп... Қайтадан бөліну керек деп ойладым. Енді мен бөлінем. Әділдік
қайда. Ол алай, мен былай. Міне, қазір бөлінем... Бөліне алмадым. Екі
жармақ емес, бір бүтін екем. Тұтас. Бір Жан... Енді мойындауға тура келді.
Мұрат деген де мен, Марат деген де мен. Бір кісі. Мен өзім. Бірге тудық,
бірге өстік, заманың тайғағында екі кейіпте дербес ғұмыр кешсек те, ақыры
бірге өлдік. Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз. Екі кісі, екі ғұмыр
емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім.
Ойлап тұрсам, әуелде күмәнға беріліп, күнәға жол ашқан өзім екем.
Бағыт-бағдарым айқын, сенімім мол, мұратым шынымен биік болса, екіге
бөлінбес едім. Жармағымды жамандыққа, арамдыққа итермелеген менің
өзім. Енді тіршіліктегі бар күнәсін де өзім көтеруге тиіспін. Әйтеуір дәтке
қуат, бүтін қалпымда сол теріс жолмен кетсем қайтер еді. Негізгі бөлігім оң
ниетінен айнымапты. Бірақ оң да болса жармақ қалыпта не бітірмек. Ертерек
ойлау керек еді. Енді міне. Өтті, кетті – өкінгеннен не пайда, жылағаннан не
жеңілдік.
Кеңшілігі мол бір алланың рахматынан басқа үміт жоқ...
Қош бол, зая кеткен ғапыл ғұмыр!
Қош, соры арылмаған қайран ел!..
ххх
Міне, осындай... өзгеше тауарих. Бастан-аяқ қисынсыз өтірік. Иә,
айтпақшы, көркем туынды атаулы түгел ойдан шығарылатын еді ғой. Біздің
жазармандар қауымында. Қазір тіпті, деректі аталатын дүниелер – өткеннен
естелік, баяғыда таңбаланыпты-мыс күнделіктің өзі айғақсыз, дәйексіз
қиялдан құрылатын болды. Халқына қарсы қылмыскерлер – ұлттық
қаһарман, жәреуке мен жалтақ – сыпыра батыр. Алаш азаматтары көлеңкеде
қалып, алаяқтардың бағы көтеріліп тұр. Жамандық атаулының бәрі жаба
тоқылып кетті. Солармен салыстырғанда, Иманның хикаяты мейлінше
бейкүнә көрінеді. Әлгі ұлттық қаһармандар мен сыпыра батырлардың
ешқайсысына тура тіремейді. Керек десеңіз, бөтен біреу емес, "Өзім" деп
отыр. Өзі болмаса да. Өзі емесіне, басқа да емесіне ешқандай күмән айта
алмайсыз. Азғана күмән – қиялдаймын, тұспалдаймын деп отырып, өмірлік
ақиқат шындықты жеріне жеткізе алды ма деген тарапта ғана болса керек.
Сонымен қатар оқиға өрбитін мезгіл де әжептәуір ескірген. 1961 жылдың
қоңыр күзінен басталып, 2001 жылдың қысқы айларымен тәмамдалатындай.
Жаңа заманға иек артты демесек, түгелдей бұрнағы дәуір – ХХ ғасыр, еліміз
әлдеқашан өтіп кеткен белестер мен қиындықтар. Бірақ жүз жыл, мың жыл
бұрынғыны да жазып жатады ғой, және Иманның өзі де жаңа ғасырдың
есігінен сығалап үлгермей, сол 2001 жылдың көктемінде бақиға аттанып
кеткенін білесіз. Әйтеуір баспаға дайындап үлгеріпті. Бірақ ешқайда
ұсынбаған. Ұсыну ойында да болмаған сияқты. Өзіне сенбеген. Өзіне сенсе
де, артық дабыра, шуды қаламаған. Өнер жолында көп теперіш көрген
қаламгер еді ғой. Қорыққан. Ал біздің қорқатын ештеңеміз де жоқ. Ержүрек
батырлықтан емес. Өз талайымызға деген сенімнен. Бұрында бір
айтқанымыз бар еді: "Бізге соқтыққанның өзінің соры қайнайды" деп.
Сыпайылағанда. Бұдан әрі сәл қатқылдау: "Бізге қара күйе жаққысы келген
кісінің өзі қарабет болады!" Және: “Біз туралы айтылған қандай да лепес – ең
әуелі сол кісінің өзінің бағасын айғақтайды,” – деп. Қалаңыз, қаламаңыз,
ақыр түбінде кімнің кім екенін заманның өзі айқындап береді. Шынында да.
Ұлы Мұхаңа кім тас атпады. Ғажайып Мағжанды кім балағаттамады. Енді
бүгін солар қайда, біз... яғни Мұхаң мен Мағаң қайда! Ендеше, әлденеден
тартынатын, әлденеден именетін жөніміз жоқ. Осындай нық сеніммен
айнымас Иманның бар салмағын көтеріп алуға әзірміз.
Өткенді білесіз. Бүгінгісі осы. Ертеңгісі тағы бар.
Айтпақшы, Иманның бұдан басқа да, бұрын жарияға шықпаған жаңа
дүниелері қалды. Орайлы мезетінде оны да көре жатасыз.
Қайыр, есен-сау тұрыңыз. Иманнан айрылмасаңыз, барлық Мұрат орнына
келері күмәнсіз.
18.I. – 9.II, 2007,
Прага.
Достарыңызбен бөлісу: |