Үшiншi кезең - Ұлы Түрiк қағанаты кезiндегi тәлiм-тәрбие (VI-IХ ғ.ғ. аралығы). Ұлы Түрiк қағанаты орта ғасырларда адамзат өркениетiнiң қалыптасуына аса зор үлес қосқан сол дәуiрлердегi дамыған мемлекет болған. Қағанаттың пайда болуы бiр-бiрiнен ыдырап, бөлшектенiп кеткен дала халықтарының, тайпалардың бастарын қосты, тұрақты мәдениетi мен ғылымы дамыған бүгiнгi түркi тектес халықтарға ортақ мәдениеттiң қалыптасуы мен жасалуына, сонымен қатар әлемдегi аса қуатты, саяси империяның қалыптасуына ықпалын тигiздi. Қағанат сол кездегi өркениеттi Византия, Араб Халифаты және Қытай империяларымен дипломатиялық қарым-қатынас жасап отырды. Ұлы Түркi қағанаты бүгiнде Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрiкменстан, Ресейдегi — Татарстан, Башқұртстан, Якутия (Саха), Чувашия, Қытайдағы Шығыс Түркiстан (Шынжаң өлкесi), Еуропадағы Венгрия, басқа да Шығыс Еуропа территориясын мекендеген халықтардың бастарын қосып, шығысында Алтай таулары, батысында Карпат таулары, солтүстiгiнде Сiбiр жондары, ал оңтүстiгiнде бүгiнгi Қытай қамалына (Темiр қақпа) дейiнгi орасан зор территорияны иеленген. Бiздiң ойымызды Әзiрбайжанның белгiлi түрiктанушы-ғалымы 3.Наджип: “...түркi тiлдес халықтардың көне жазба әдебиетiн қалыптастыруда бүгiнгi татар, башқұрт, өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрiкмен, әзiрбайжан халықтарының ата-бабалары белгiлi дәрежеде үлес қосты”, - деп, дәлелдей түседi. Ал белгiлi ғалым Айдаров: “...Орхон ескерткiштерiнен түркi тайпаларының тарихы, мәдениетi, тiлi мен әдебиетi, әдет-ғұрпы, салт-санасы жөнiнде толып жатқан деректер табылады...”, - деп, ұлттық салт-дәстүр мен тәлiм-тәрбие жөнiнде маңызды пiкiрлер тұжырымдайды. Көне мұралардың iшiндегi бiзге кеңiрек мәлiм болғандары Орхон-Енисей бойынан табылған, тасқа қашап жазылған VI-VIII ғ.ғ. ескерткiштер: түркi көсемi Бiлге қаған, Күлтегiн батыр мен ақылгөй Тоныкөк құрметiне қойылған құлпытастар. Оларда ұлы Түрiк қағанаты халықтарының тұрмысы мен салты, мәдениетi мен жауынгерлiк жортуылдары айшықты да мәнерлi тiлмен өсиет сөз үлгiсiнде баяндалады. Бұларда қазiргi қазақтардың сөз саптау үлгiсiне жақын шешендiк өнердiң дәстүрлi формалары айқын байқалады. Бұл жазуларда тәңiрiнiң “Жарлығымен” болатын бектер мен қара халықтың қағанға адал берiлгендiгi, қағандардың қараларды билеп-төстеуi жайында сөз қозғалады. Мәселен, “Егер сен, түркi халқы, өз қағаныңнан, өз бектерiңнен, өз отаныңнан жырақ кетпей, бiрге жүрсең, сен өзiң де бақытты өмiр сүресiң, өзiңнiң отбасыңда болсаң, ешнәрседен мұқтаждық көрмейсiң...” деп, бек пен қара халықты бiрлiкке шақырады. Түркi халқына қамқорлық жасау мәселесi де тас жазулардың өзектi арқауы (“Ер жүрек халық, күштi халық”, “Бiзге жеңiс әперген жер-суымыз (Отанымыз) деп бiлу керек”, т. б.
Тәлiмдiк тұрғыдан, “Құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойланып, толғаныңыздар, өлiмнен ұят күштi... Адам ұлының бәрi де өлмек үшiн туады...” дейтiн жолдар көңiл аударарлықтай.
Орхон-Енисей ескерткіштерінен кейін түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің дамуы Қорқыт ата (IX ғасыр) есімімен тығыз байланысты. Қорқыт өзiнiң жанын жегiдей жеген ой-сезiмдерiн, қазалы жанның үрейiн, өлiмнен қашып құтылудың амалын қобыздың азалы күйiмен, поэзиялық көркем тiлмен баяндайды. Ол адамзат өмiрiнiң соншалықты қысқалығына наразы болып, пенде атаулыны ажал кұрығынан құтқармақ болды. Бiздiң дәуiрiмiзге жеткен «Қорқыт ата кітабында» ел басына қиын-қыстау күн туғанда халқын жаудан қорғап, қамал бұзған қас батырлардың ерлігі, халқына ақыл-өсиет айтып, өз заманында елге ұйытқы болған ақылгөй даналардың, дуалы ауыз шешендердің өнегесі жырланады. Онда Сыр бойын мекендеген көшпелi тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, дiни наным-сенiмдерiн бейнелейтiн мәлiметтер көптеп кездеседi. Сонымен бірге тәлім-тәрбиелік мәні зор афоризмдер, қанатты сөздер мен ұстаздық тағылымдар жиі кездеседі. Солардың кейбіреулері мыналар: “Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман...», «Менмен, тәкаппар адамды тәңiрi сүймейдi...», «Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ...», «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық...», «Әйелдiң төрт түрi болады: оның бiрi ниетi қара әйел, екiншiсi — нысапсыз әйел, үшiншiсi - үйдiң құты болған әйел, төртiншiсi – кесiрлi әйел...”, т.б. Қорқыттың бұл нақыл сөздерi өз мәнiн күнi бүгiнге дейiн жоймай келедi. Мұның өзі баба кітабының тарихи-этнографиялық шығарма ғана емес, сол дәуірдегі түркі тектес халықтардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын педагогикалық туынды екенін көрсетеді.
Төртiншi кезең - Араб-шығыс мәдениетi, орта ғасыр ойшылдарының тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерi кезеңі (Х-ХV ғ.ғ. аралығы). IX—X ғасырларда ұлы Түрiк қағанаты бiрнеше мемлекеттерге (Қарлұқ, Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ, т.б.) бөлiнiп, Араб Халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территорияларына үстемдiк жүргiзулерiне әкелiп соқты. Арабтар ислам дiнiн уағыздаумен бiрге ғылым мен бiлiм де әкелдi. Нәтижесiнде түркi халықтарының ұлы ғалымдары Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Яссауи, Баласағұн және басқалары араб тiлi мен мәдениетiн меңгердi. Көптеген шаһарларда дiни медреселер ашылды, ғылым мен бiлiм деңгейi артты. Медреселер дiни iлiмдермен ғана шектелiп қалмай, арифметика, медицина, пәлсапа, дiнтану, астрология сияқты әлемдiк маңызы зор дәрiснама берудi басты мақсат еттi.
Бұл жерде осы кезеңде Отырар қаласында дүниеге келген Шығыстың екiншi Аристотелi атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) туралы айтып кетудің маңызы зор. Ол математика, музыка, логика, философия, психология ғылымдарының негiзiн салды. Өмiр бойы ғылым жолына берiлiп, өмiрiнiң көбiн Сирия, Дамаскiде өткiздi. Ғалым бiрнеше ұлттардың тiлiн бiлген, ғылым-бiлiм жолында бар өмiрiн сарп еткен. Адамгершiлiк, азаматтық жолды, ғылым-бiлiмдi мақсат тұтқан ғалым шетте жүрсе де, атамекенiн бiр сәт естен шығармаған шынайы патриот азамат болды. "Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауына айналады" деп, тәрбие әдісіндегі "орташа" тәсілді қолдануды ұсынды. «Ғылымды үйрену үшін адамның арының тазалығы қажет. Ал арлылық - мәдениеттіліктің белгісі», "Тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз», - деп, ұлы дана тәрбиені халықты мәдениеттендірудің қуатты құралы ретінде жоғары бағалады. Педагогиканың негізгі ұғымдары болып табылатын оқыту мен тәрбиеге әл-Фараби мынадай анықтама береді: «Оқыту – адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту, ал тәрбие – білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық тарату әдісі. Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі».
Түркі тілдес халықтардың XI ғасырдагы аса көрнекті өкілі, есімі бүкіл шығыс елдеріне мәлім болған данышпан ойшыл, белгілі қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұн ұлтты кемелдендіру үшін ең әуелі отбасындағы әдептілік қарым-қатынасты қалыптастыру керек деген ойды алға тартып: «Әкені сыйламаған ұлдан без, ананы сыйламаған қыздан без», «Кісілік - қымбат емес, кішілік – қымбат», «Ұлық болсаң, кішік бол», - деп түйіндейді. Сол сияқты оның: «Арсыз – адамның қоры», «Адам өз атын кісілікпен көтереді» деген сөздері адам бойындағы ең асыл қасиеттердің сақталып, абыройының төгілмеуіне өзі жауапты екенін аңдатқандай. Бүгінгі жаһандану дәуірінде Ж.Баласағұнның «Артық кетсе, түйсік түзер хал-жайды. Ел бүлінсе, білім түзеп талмайды» дегені кемелденген елдің болашағын ойлайтын ұрпақтың саналы, білімді, өнегелі болуы керектігін меңзейді.
Сол кезеңнің ойшыл ғалымы Ахмет Иүгінеки «Ақиқат сыйы» деген дастанында ел-жұртты басқарып, кемелдендіретін ақыл-парасаты, ниеті түзу, сөзі қисынды, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын, иманды да, инабатты, әдепті де әділетті азамат болуы керек деген ойын жырмен жеткізген. Сондай-ақ XI - XII ғасырда өмір сүрген, есімі ислам әлеміне мәлім қайраткер Ахмет Иассауи мәдениеттіліктің тірегі әділдік жолына түсу, ақиқатты іздеп табу, рухани өмірдің таза болуы, жан тазалығы мен тән тазалығы деп көрсетеді. Ол ұлтты мәдениеттілікке тәрбиелеудің басты құралы дін деп есептеп, «Имандылық - мәдениеттілік, бір Алланы сүю - шынайы махаббат», - деп жазды.
Ұлы тәлімгер Мұхаммед Хайдар Дулати (1499 - 1551) "Тарихи и Рашиди" атты тарихи-көркем шығармасында ұлттық мәдениеттің негіздерін ел басшысы қастерлеп, халыққа өзі үлгі көрсетуі керек деп түсіндіреді. Басшы қарапайым, қамқоршы, жаны мен тәні таза, кішіпейіл көреген, көпшіл, адал, шыншыл, талап қойғыш, аңғарымпаз болуы керек дейді. Iзгiлiк, имандылық, адамгершiлiк қасиеттердi паш еткен Жүсiп Баласағұнидың “Құтты бiлiк”, Ахмет Иүгінекидiң “Ақиқат сыйы”, Махмұт Қашқаридiң “Түркi сөздерiнiң түсiндiрмесi”, Қожа Ахмет Иассауидiң “Диуани хикмет” атты еңбектерiнiң ХI-ХII ғасырларда этикалық-педагогикалық мән-мағынасының зор болғаны, бұл еңбектердiң он ғасыр өтсе де өзiнiң тағылымдық қадiр-қасиетiнiң бiр сәт те төмендемегенi сөзсiз.