Жазықова М.Қ. Этнопедагогика



бет36/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

Қазтуған жырау Сүйінұлы (ХУ ғасыр) – өз заманының орақ тілді шешені, отты биі, арқалы ақыны болған. Ол өзін «Айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені» деп таныстырады екен. Қазтуған жырларының арқауы – туған ел, кіндік кескен, кір жуған жері. Ол өз жырларында туған жеріне перзенттік сезімін емірене өрнектейді, батырлықты, ерлікті, елдікті дәріптейді. Оның жырындағы:
Балдағы алтын құрыш болат,
Сусыным қанға қанар деп,
Азамат елдің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп, - деген жолдар осының айғағы. Жыраудың жорықшы, жауынгер жырау болғаны келесі жолдардан көрінеді:
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәпірдің
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан –
Сүйінішұлы Қазтуған! Мұндағы ызғарлы ауыр сауыт киген батыр бейнесі Қазтуғанның білегінің күшінің қаншалықты зор екенін аңғартады.
Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (1465-1560 ж.ж.) – Батыс Қазақстанда туып-өскен қазақтың ақын-жыршысы, батыр-жауынгері. Шалкиіз поэзиясының жыраулар поэзиясындағы орны ерекше. Өз жырларында өмірге терең көз жіберіп, аталы ғибратнамалық ой қалдырған. Жыраудың бізге жеткен толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғынының дүниетанымы, адами табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық-этикалық қағидалары анық аңғарылады. Шалкиіз жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, кездігінен орып түсер өткірлігімен, сұлу сазды көркемдігімен, асау серпінді қуатымен, философиялық тереңділігімен, аз сөзбен көп мағына беретін қысқа да нұсқалығымен ерекшеленеді. Жыраудың ғибраттық, тәрбиелік мағынаға толы толғауларының бүгінгі күні де маңызы зор. «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмес,
Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер,
Жаманнан туған жақсы бар,
Адам айтса, нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда, бір аяқ асқа алғысыз», - деген жолдар адамның жақсы-жаман болуы халқына, еліне жасаған пайдасына, сіңірген еңбегіне байланысты дегенді меңзейді.
Жиембет жырау (ХУІІ ғасыр) – әскер басы, әйгілі ақын. Ақын поэзиясынан оның ерлік, өрлік мінезі, ерен батырлығы айқын көрінеді. Жиембет толғауларында халықтық нәрлі теңеулер арқылы бейнелі көріністер жасау, образды ойлар білдіру тәсілі ерекше орын алады:
Меніменен ханым, ойнаспа,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай. Хан қаһарынан қаймықпайтын орақ ауыз, от тілді Жиембет:
Ханға қарсы тұрам деп,
Түн ұйқымды бөлгенмін.
Жұртымды жөнге салам деп,
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік, - деп, әділдік үшін белін бекем буып, күреске шыққанын өлең жолдарымен өрнектейді.
XYII ғасырда өмір сүрген жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері Ақтамберді Сарыұлы жаумен жан аямай, кескілесе күресуге шақырады. Ақын өзінің бар өмірін елі, халқына, оның елдігін, бірлігін сақтап қалу жолына арнаған. Жыраудың «Ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деген жолдарынан мұны айқын аңғарамыз. Ақтамберді толғауларында батырлықты, ерлікті жырлаған, өйткені елдің ерлігін сақтар, сыртқы жаудан қорғар – батыр ұлы. Оның шығармалары негізінен нақыл, афоризмдерге толы келеді.
Жігіт жанды бұласа!
Ел шетіне жау келсе,
Алдыңа, сірә, дау келсе,
Батырсынған жігіттің,
Күшін сонда сынаса! – деген жолдар жігіттің жігіттігі өлім мен өмір белдескен қан майданда сыналатындығын меңзейді. Қол бастаған батыр соңына ерген сарбаздарына:
Жалтара шапсаң, жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас
Уа, жігіттер, жандарың,
Жаудан аяй көрмеңіз..., - деп ұрандайды.
Адамгершілік қасиет отбасындағылардың бірін-бірі қадірлеуінен, ерекше құрмет көрсетуінен көрінбек. Бұл халық педагогикасының ежелден қалыптасқан дәстүрлі көзқарасы. Осыны ойға қазық, тілге тиек ете отырып, жырау:
Меккені іздеп не етесің,
Меккеге қашан жетесің?
Әзір Мекке алдыңда,
Пейіліңмен сыйласаң,
Атаң менен анаңды! –деп, ата-анаңа көрсеткен сый-құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ой қорытады.
Ақын-жыраулардың ішіндегі биік тұлғаның бірі Бұқар жырау Қалқаманұлы (ХУІІІ ғасыр) – Абылай ханның ақылшысы, қабырғалы билердің бірі. Ол елдің бірлікшіл болуы ел басшысына байланысты деп:
Ел иесі құт болса,
Халқы ала болмайды.
Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы, - деп, халық қамын ойлау азаматтық парыз дегенді уағыздайды.
Бұқардың көптеген толғаулары отбасылық қарым-қатынас, адамгершілік мәселелеріне арналған. Жырау өскелең ұрпақты шынайы достыққа, ар-ождан, адамгершілік қасиеттерді үнемі қастерлеп өтуге шақырады. Тіршілік үнемі қозғалыста болады деген пәлсапалық топшылау жасаған жырау «Өлмегенде не өлмейді?» деген сұраққа: «Жақсылық аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп жауап береді. Жырау өз шығармаларында дүние - хан мен қарашаға, бай мен жарлы-жақыбайға ортақ, ол алма кезек, онда мәңгілік байлық та, жарлылық та, көптік те, жалғыздық та жоқ, сондықтан әркім шама-шарқынша өмір сүруі керек деп тұжырымдайды. Адамсыз бұл дүниенің сәні болмайтынын ескерте отырып, Бұқар әр адам қоғамда қажетті игіліктерді басқалармен бірлесе игеруі керек деген идеяны өзек етеді. Оның пайымдауынша, адамды адам ететін – оның ортасы, тәлім-тәрбиесі. Бірақ бір биеден ала да, құла да туатыны сияқты, «Адамзаттың баласы, атадан алтау тумас па? Атадан алтау туғанмен, ішінде оның бірі арыстан болмас па?» деп толғайды. Жырау бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, адамдардың да бір-бірінен жеке қасиеттерімен ерекшеленетіндігін атап көрсетеді және таланты зор, қабілетті адамдардың елдің әлеуметтік өміріне үлкен ықпал ететінін ескертеді.
Бұқар жырау қазақтың үш жүзінің басы қосылып, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет болуын аңсаған. Осы тұрғыдан алғанда ол Абылайды осы арманды жүзеге асырушы деп есептеп, оның қос тірегі – Бөгенбай мен Қабанбай батыр ерліктерін жырға қосады.
Ұлтжандылықтың, елін сүюдің ғажайып күш екендігін терең сезінген қазақ ақын-жыраулары, ойшылдары өз шығармаларына осы тақырыпты үнемі арқау етті, көп көңіл бөліп, халықты елі үшін жанын пида етуге, жастарды елжандылық рухта тәрбиелеуге баса көңіл бөлді. XV-XVII ғасырларда өмiр сүрген қазақ ақын-жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрiн, ой-арманы мен тiлек мақсатын айқын аңғарамыз, өйткенi жыраулар толғауларында халықтың небiр нәзiк сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш-сүйiнiшi, келер ұрпаққа айтар өнегелi өсиетi өзектi орын алған. Олар халықтың тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұлағатты ұстаздарының рөлiн атқарды. Қазақтың тәрбие мектебi ақын-жыраулар мен билердiң өсиеттерi, ғибраттары және халық мақал-мәтелдерi, тыйым сөздерi мен ұлттық салт-дәстүрлерi, әдет-ғұрпы десек артық болмайды. Халықтық осы қағидалар шын мәнiсiнде жас ұрпақ түгiлi, ересек адамдарға да ықпал етіп, ұлттың сана-сезiмiн оятты, тәлiмдiк-тәрбиелiк, танымдық мектепке айналды.
Тарихтан белгілі болғандай, 1730 жылы Кiшi жүздiң ханы Әбiлқайыр өз билерiмен келiсе отырып, қазақ халқын сақтап қалу мақсатында Ресей империясының құрамына енді. Бұл тарихи оқиғаның халқымыз үшін тиімді жақтарымен қатар тиімсіз тұстары да көп болды. Алдымен, осы кезден бастап Ресей отарлау саясатын жүргiзіп, қазақ жерiне қоныстанған орыстарға шұрайлы егiстiк жерлердi, мал жайылымдарын заңсыз алып берді, бағынбағандарды жазалады. Мектептер мен шiркеулер салып, балаларды шоқындыру мен орыстандыру саясатын жүргiздi, қазақ бай-сұлтандарының балаларына арнап орыс мектептерiн ашты. Атап айтқанда, 1789 жылы Омбы қаласында “Азиатское училище” және 1841 жылы Батыс Қазақстандағы Бөкей Ордасында қазақ бай-феодалдарының балаларына арналған мектептер ашылды. Сол кезеңдегі орыстардың отарлау саясатын қатты сынаған Мұрат Мөңкеұлының, Шортанбай Қанайұлының, Дулат Бабатайұлының шығармалары халық арасында кең тарап, Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiстерi Қазақстан даласында 15-20 жылға созылды. 
Жастарды ұлтжандылық рухта тәрбиелеу XIX ғасырдағы қазақтың ақиық ақыны, жауынгер жыршысы Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінде өзекті орын алды. Ол жастарды ерлікке, отансүйгіштікке, ар-намысты қорғауға, адамгершілікке уағыздады. Ақынның қай өлеңін алсақ та, халыққа адал қызмет ет, еліңді, жеріңді жаудан қасық қаның қалғанша қорға, әділет үшін, халық үшін өкінбей өлу азамат ердің ісі деген аталы сөздер өрнектеледі. Махамбет сияқты ақын шығармашылығында ерекше сөз болатын ерлік, Отанын, елін, жерін жаудан қорғай білушілік, отбасы, ауыл-аймақ, ел намысын қорғау жолында жан аямаушылық сияқты ізгі қасиеттерді дәріптей отырып, жастардың бойына ұлтжандылық пен гуманистік қасиеттерді сіңіруге болады.
Жалпы, ХV-ХІХ ғ.ғ. акын жыраулар поэзиясын сөз еткенде, олардың халық үшiн еткен еңбегiне, ой қиял өрiстеу өресiне, қимыл, әрекет-iсiне қарай үш топқа бөлiп: жауынгер жыраулар (Доспанбет, Жиенбет, Ақтамбердi, Махамбет, т.б.); мәмiлегер (Асанқайғы, Сыпыра жырау, Үмбетей, Бұқар, т.б.); тәлiмгер (Шал, Базар, Майлықожа, т.б.) жыраулар деп шартты түрде жiктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелi iсiмен де халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi. 
Сөйтіп, Асан қайғыдан басталатын «жыраулар педагогикасы» халқымыздың философиялық, педагогикалық көзқарастарының ең бір шұрайлы үлгісі екені сөзсіз. Дала ойшылдарының ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен шығармаларында басқа жұрттарда қайталанбайтын ұлттық қасиеттер баса көрсетілген. Сол кездегі қазаққа тән рухани мұралардың қоғам дамуының талабынан, оның әлеуметтік-экономикалық қатынастарынан, халықтың асыл армандарынан туындап отырғаны анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет