Дала жарысы. Дала жарысы — кедергілері көп, яғни, ойлы-қырлы жерлерде өткізіледі. Жаттығушылар, болмаса жарысқа қатысушылар, ағып жатқан бұлақ суынан өтеді, секіре алмаса, айналып өтудің жолын іздейді. Өрге шығады, еңіске құлдилайды. Аспалы көпірден өтеді, терең ордан секіреді, т.б. осындай жер бедерінің кедергілері жалғаса береді.Дала жарысының негізгі мақсаты — табиғи жағдайда кездесетін кедергілерден өту. Мәселен, өзен арнасынан қалай өтуге болады? Егер де секіріп өтуге болмаса, аттап өтуге келмесе, онда аяқ киімді шешіп өтуге болады. Екінші бір жағдайда, бір-ақ адам аяқ киімін шешіп басқаларды көтеріп өткізіп алуына болады.Жарқабақ-өрден шыққанда, ең алдымен бір бала шығады. Оның шығуына төмендегі тұрғандар көмектеседі. Енді жоғары шыққан оқушы басқаларға қолын беріп көмектеседі.Жарқабақтан төмен түсіп өту үшін секіріп түспей, жардан сырғанай түскен абзал. Бірақ алғашқы түскен адам басқалардың жарақат алмай, құлап қалмай дұрыс өтуін бақылайды.Аспалы көпірден өткенде барлық оқушылар түгелдей көпірге шықпай бір-бірлеп қана өтуге болады. Ол үшін оқушылардың біреуі көпірден өтіп екінші жағына барып, көпірдің дұрыстығын білгеннен кейін ғана келесі оқушының өтуіне болады.
Суда жүзу Суда жүзу негізгі үш жаттығудан тұрады. Құлаштап жүзу, етпеттеп және шалқалап жатып орындалады. Екінші — брасс, тек етпеттен жатып орындалады. Баттерфляй әдісімен де етпеттен жатып жүзеді. Бүкіл әлемде суда жүзу жаттығуларының негізгі тараған түрі — етпеттеп жатып құлаштап жүзу. Кім болсын, жүзудің қандай жаттығуымен шұғылданса да, ең әуелі міндетті түрде құлаштап малтау әдісін үйренуі керек. Содан кейін ғана брасс, болмаса баттерфляй әдісімен малтуға ден қоюға болады.Жалпы жүзуден жарыс бағдарламасына — етпеттен жатып құлаштап жүзу, шалқадан жатып құлаштап жүзу, брасс және баттерфляй жаттығулары кіреді.
Арқан тартыс Бұл ойынды жаздыгүні көгалда ойнауға болады. Ойыншылардың саны 10 баладан аспағаны жөн. Ойынға ұзындығы 8-10 м екі ұшы түйілген арқан пайдаланылады. Арқанның тең ортасына белгі ретінде қызыл мата байлайды. Ойынға қатысушылар бойларына қарай қатарға тұрады да, ойын жүргізушінің берген бұйрығы бойынша «бір, екі» деп санап шығады. Содан кейін «бір» дегендері бір жаққа, «екі» дегендері екінші жаққа бөлінеді. Арқанның қызыл мата байланған жерін күні бұрын еденге немесе жерге сызылған белгі-сызықтың үстіне дәл келтіреді де, екі жақтың ойыншылары арқанның сол белгісінен бастап бірінің артынан бірі қос қолдап ұстап, тартып тұра қалады. Егер де бәрі бірдей арқаннан ұстауға қолдары сыймаса, онда соңғылары алдыңғылардың белінен ұстайды. Ойын жүргізушінің берген белгісі бойынша екі команда арқанды екі жаққа қарай тарта жөнеледі. Ойынның мақсаты қарсыластың бір не бірнеше ойыншысын ортадағы сызықтан өз жағына тартып өткізу. Команданың ортаңғы сызықтан өтіп кеткен ойыншысы ойыннан шығып қалады. Қарсылас команданың ойыншыларын қай команда түгелдей ортаңғы сызықтан өз жағына тартып өткізсе, сол команда ұтқан болып есептеледі. Ойнаушылардың өзара келісулері бойынша ойынды қайталап ойнауға да болады.