Балалардың өсуіне және дамуына байланысты ЭКГ-ның жас ерекшеліктері. (1 жасқа дейін, алғаш балалық, мектепке дейін, мектеп және жасөспірімдік кезеңдер) мынандай болады:
1. 2-5 айдан бастап жүректің электр осі оңға ауытқудың орнына дұрыс қалыпты (аралық), тік, кейде көлденең орналасады.
2. Ырғақ жиілігі азаяды, тыныс аритмиясы пайда бола бастайды. Тыныс аритмиясы 1 жасқа дейінгі және алғаш балалық мерзімде кей кезде байқалып, мектеп алдындағы кезеңде жиіленеді.
3. І мен ІІ тіркеуде Р мен R тістерінің қатынастары біртіндеп ұлғаяды: жаңа туған және 1 жастағы (емшектегі) балаларда 1:3 қатынасынан мектеп алдындағы, мектеп жасындағы және жас өспірімдерде 1:8 және 1:10 қатынасына дейін өзгереді.
Балалардың ЭКГ-сын жазу әдісінің ерекшеліктері Қимыл мазасын жою үшін зерттеу алдында (30-40 минут бұрын) нәрестелердің тік ішегіне хлоралгидрат немесе бұлшық етіне аминазин жібереді. Электродты пациенттің жасына сай таңдап алады. Бала ұйықтап қалғаннан кейін электрокардиографқа қосып ЭКГ-ны жазады.
Балалардың электрокардиограммасын жазуда 12 тіркеу пайдаланылады: алтауы аяқ-қолдардан (үшеуі стандартты, үшеуі бір полюсті) және алтауы бір полюсті кеуде тіркеулері.
6 жұмыс. Эхокардиография Ультрадыбыс көмегімен жүректің ішіндегі құрылымын және қуыстарын байқау әдісін эхокардиография дейді. Ультрадыбыс аспаптары бірнеше түрлі болады, бірақ олардың бәрі бір негізде жасалған. Ультрадыбыстардың қабылдағышы (трансдюссер) әрі сигналды жіберіп, әрі қайтқан импульстерді қабылдайтыны бар. Алынған жанғырық сигналы электрондық күшейткішке түседі, ол мәліметті жазатын аспапқа – жарық сезгіш қағазға және экранға жібереді. Аспаптың маркері бар: онымен әр түрлі құрылымдардың тереңдігін, аралығын және уақыт аралығын анықтайды. Зерттеуді арқасымен жатқан пациентке жүргізеді. Ультрадыбыстың қабылдағышын төс сүйегінің сол жақ шетін ала екінші-үшінші қабырғалар аралығына қояды.
Жүрек құрылымдарының эхолокациясы Жүрек құрылымдарының эхолокациясын зерттеу жүректің ерекше қозғалысы бар қолқа немесе қос жармалы қақпақша структурасын анықтаудан бастайды. Қабылдағышты қабырғаның арасымен жүректің ұшына немесе түбіне және жүрек осінің басқа нүктелеріне бағыттап бірнеше дәрежедегі көлденең қималардың эхокардиограммасын алуға болады. Әдетте қабылдағышты 4 түрлі стандарттық бағытта пайдаланады. Әрбір локация аймағына жүректің белгілі бір жері түседі. Қалыпты жағдайда жүрекше мен қарыншалардың қуыстарының және жүректің ішіндегі структуралардың өздеріне тән эхокардиографиялық суреті болады.
Жүректің систола және диастола кезіндегі миокардтың күшін, оның қалындығын және қарыншалардың қуыстар аумағының өзгеруін білуге болады.
Эхокардиограмманың қалыпты суретінің өзгеруінен жүрек ауруларын білуге болады. Мысалы, жүректің жармалы және айшық қақпашаларының кемшілігі, ишемиялық ауруы, қолқаның аневризмасы, жүрек ісіктері, туа болған жүректің кемістіктері анықталады.