V. Ақпараттық дидактикалық бірлестігі. Зертханалық жұмыстарды өткізу әдістемелері және аннотациялары.
1-жұмыс. Микроскоп арқылы бақаның жүзу жарғақтарындағы қан айналысын бақылау Қан өз қызметін тек үздіксіз айналуы арқылы іске асырады. Қан артерия мен вена тамырларының арасындағы қысым айырмашылығы негізінде қозғалады. Қан тамырларының көлденең саңылаулары (диаметрі) біркелкі болмағандықтан олардағы қанның жылжу жылдамдықтары әр түрлі. Бақаның жүзу жарғақтарының түрлі тамырларындағы қан қозғалысын микроскоп арқылы байқауға болады.
Жұмысты орындау: Наркоз берілген бақаны операциялық тақтайшаның үстіне етбетімен жатқызады. Артқы бір аяғының табанындағы жүзу жарғақтарын тақтайшаның тесігінің үстіне ақырын ғана керіп шанышқымен бекітеді (тым қатты керсе, тамырдағы қанның қозғалысы тоқтап қалады); микроскоптың тубусын тақтайшаның тесігінің үстіне қойып микроскоппен артериола, венула және капиллярларды тауып алып, олардағы қан қозғалысының жылдамдығын байқайды. Әсіресе капиллярлардағы қанның қызыл түйіршіктерінің қозғалысына ерекше назар аударған жөн.
2-жұмыс. Капилляроскопия Капилляроскопия әдісін пайдаланып адамның капилляр тамырларын көруге болады. Капилляроскоп бүйір жағынан сәуле түсетін арнайы микроскоп.
Жұмысты орындау: Алдын-ала тырнақтың үстіне бір тамшы вазелин майын тамызып тырнақты түп жағындағы тері капилляр тамырларын қарайды. Саусақты капилляроскоптың тубусының астына қойып, бір жақ қабырғасындағы жарықты жағады да фокусын жөндейді. Дені сау адамдардың саусағында ілмек тәрізді бір-біріне параллель қызғылт аймақта орналасқан қою қызғылт түсті тамырлар көрінеді. Олар үтір тәрізді болады. Артерия бөлімі вена бөлімінен анағұрлым жіңішке келеді. Капилляр тамырларының түсі, пішіні және тамырдағы қанның ағысы организмнің функциялық жағдайына немесе тамыр құрылысының өзгеруіне байланысты әр түрлі болады.