2-жұмыс. Қарын сөлінің ферменттік қасиеттерін зерттеу Адамның қарыны тәулігіне 2-2,5 л сөл шығарады. Сөл құрамында қышқыл-сілті тепе-теңдігін (рН) қалыптастырып отыратын тұз қышқылы мен белок ыдырататын ферменттер (пепсин, гастриксин, химозин) болады. Қарын сөлінің белок ыдырату қабілетінің шамамен 95%-ы пепсин мен гастриксинге байланысты. Мұнымен қатар қарын сөлінің құрамында май ыдырататын липаза деген фермент бар.
Жұмысты орындау: Жұмыс төрт пробиркада атқарылады:
№1 пробиркаға 2 мл қарын сөлі,
№2 пробиркаға 2 мл қайнатылған қарын сөлі,
№3 пробиркаға рН сілтілі реакцияға айналғанша (қызыл лакмус қағаз көкшіл болағнша) сода (NaHCO3) ерітіндісі қосылған 2 мл қарын сөлі,
№4 пробиркаға 2 мл 0,5%-дық тұз қышқылы құйылады. Пробиркалардың төртеуіне де 0,1-0,3 г фибрин қосып, температурасын 38о ұстайтын термостатқа қойылады. 30-40 минуттан соң пробиркаларды термостаттан алады да, ішіндегі фибринде қандай өзгерістер болғанын анықтайды. Тәжірибе нәтижесін кестеге жазу керек.