Шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің өзге активтерді өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс 1. Осы баптың мақсатында өзге активтерге тауар-материалдық қорлар және талаптар болып табылмайтын мынадай активтер:
1) кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын негізгі құралдар;
2) аяқталмаған құрылыс объектілері;
3) орнатылмаған жабдық;
4) материалдық емес активтер;
5) биологиялық активтер;
6) 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес құны толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар, егер осындай негізгі құралдар дара кәсіпкер бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырған салықтық кезеңдерде тіркелген активтер болып табылса және актив тіркелген актив болып табылса;
7) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға берілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер, егер дара кәсіпкер бұрын бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырса және актив тіркелген актив болып табылса, жатады.
2. Шағын бизнес субъектілері үшін не шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер өзге активтерді өткізген кезде өсім әрбір актив бойынша өткізу бағасы (құны) мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
Жеке практикамен айналысатын адамның кірісі Жеке практикамен айналысатын адамның кірісіне мыналар жатады:
1) жекеше нотариустың кірісі;
2) жеке сот орындаушысының кірісі;
3) адвокаттың кірісі;
4) кәсіпқой медиатордың кірісі.
Заңгерлік көмек көрсеткені, нотариаттық әрекеттерді жасағаны үшін тиісінше ақы төлеуді қоса алғанда, атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті, нотариаттық, адвокаттық қызметті, кәсіпқой медиатор қызметін жүзеге асырудан алған кірістердің барлық түрі, сондай-ақ қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден алынған сомалар жеке практикамен айналысатын адамдардың кірісі болып табылады.