- Жетімек неме, сен өз әке-шешеңе керек болмаған да, бізге көк тиын пайдаң жоқ! Шешеңнің жүрісі анау, бір баланы қарауға шамасы жетпейді. Мемлекетке масыл болған жексұрындар өңкей, – деген ащы дауыс балалар үйін шулатып жатты. Тәрбиешінің жан түршіктірерлік дауысына қарағанда, тағы бір баланың тәртіп бұзғаны анық. Жақындай келе Динара апайдың сары шашты баланы көк ала қойдай сабап жатқанын көрдім. Қолында өзі қолдан жасап алған көк шыбық. Әдетте, топтағы балалар тәртіп бұзса, бірінші кезекте осы көк шыбықпен қорқытатын. Өздерін айнала қоршаған топтағы балаларға қатулы қабақ таныта, мені есіктен итере бөлмеден шығып кетті. Менен сәл ғана ұзын тәрбиешіден топтағы барлық балалар қорқатын еді. Менің пайымдауымша, тәрбиеші өзін тыңдағысы келмеген Дидарға күш көрсеткен. Дидар менен бір жас кіші болса да, сыр бөлісер досыма айналған. Оның балалар үйіне келгелі көретін күні осы. Себебі, әкесі өткен жылы ғана ауыр сырқаттан қайтыс болып, анасы ішімдікке салынып, бейтаныс еркектермен көңіл қосатын болған. Анасының мұндай істерін көтере алмаған көршілері арыз жазып, Дидардың анасын аналық құқығынан айырған. Сол күннен-ақ Дидарды біздің балалар үйіне әкелген. Анасының бұл ісін тәрбиешілерде Дидардың бетіне басып, күн көрсетпейді.
- Қатты ауырды ма? – қолымдағы нанның кішкентай бөліктерін қалтама салып, қасына жақындадым. Шамасы, анасы туралы айтқан сөздері жанына батқан болу керек. Маған назарын салған да жоқ. Орнынан көтеріліп, үндеместен шетте тұрған төсегіне барып жатты. Кешке дейін ойын қанша бөлсемде, сөйлеген жоқ. Кешкі астың кезінде асханаға да келген жоқ. Тәрбиешінің де оны ойлап, мазасы кеткені шамалы-ақ еді...
Бүгін дүйсенбі. Балалар үйінде берілетін ботқа мен суық шайды іше мектепке асығудамыз. Дидардың мазасы қашып отырғаны түрінен ақ көрініп тұр.
- Динара апай, басым қояр емес. Мектепке бармай, медпункқа барсам болады ма? – деген Дидардың әлсіз үні шықты. Асханадағы барлық балалар енді не болады дегендей Динара апайдан жауап күтіп отыр.
- Мектепке бармаудың амалы ма, албасты неме! Бармаймын деген әңгіме жоқ. Маған десең өлігің шықсын. Тез тамақтардың ішіп, көзіме көрінбей жоғалыңдар! - деп асхананы басына көтерді. Осыдан кейін бірең-сараң балалар бөлмелеріне асықты. Тәрбиешінің Дидарды мүлде жек көретінін байқап:
- Дидардың ауырып тұрғаны рас! Кеше түні бойы көз ілмеді. Дидарды емханаға апару керек. Болмаса қасына мен еріп барайын, - дедім. Осы сөздерден кейін бетіме ащы шапалақ тиді.
- Ей, Ержан! Маған десе басы неге түсіп қалмайды. Мен барайын дейді ғой. Жетесіз шеттерінен! Мені сыйламасаңдар да, асырап отырған мемлекетті сыйлаңдар, - деп мені жұлқылап алды. Бұдан шығар еш пайда болмасын Дидар екеумізде іштей сездік. Бір түймесі түскен кең жейдемді дұрыстай мектепке жолға шықтық.
- Дидар, мүмкін мектепке бармай-ақ, емханаға барайық. Жолыда алыс емес, - дедім досыма жаным ашып. Дидардың оған көнетін ойы жоқ. Динара апай білсе, екеумізде оңбаспыз. Ары айта, бері айта Дидарды емханаға баруға көндірдім. Аудандық емханаға апарар жол бойына келіп жеттік. Қалтамызда ақша болмағасын, жаяу сүйретіліп келеміз. Дидардың сөмкесіне өзіме асып алғанмын. Жолай көліктерді де тоқтатып көрдік. Үмітіміз үзіліп, жол бойында дәрменіміз қалмаған күйде отырмыз. Дидардың басы ауырып, сынып барады. Бірде қасымызға тоқтаған ақ нива көлігі ойымызды бөлді. Сыртында жазылған жазудан-ақ полицей екенін түсініп отырмыз.
- Отырыңдар, - деген қатқылдау шыққан дауыс екеуміздің де зәремізді зәр түбіне жіберді. Әрине, мектеп бармай, жол бойында отырғанымызды білсе директор қандай жаза қолданары бізге тайға таңба басқандай анық еді. Дидар екеуміз үркей, көліктің артқы орындықтарына жайғасып, ағаймен амандастық.
- Жол бойында ата-аналарыңның қарауынсыз неге отырсыңдар? – деген полицей ағайдың сұрағына екеуіде кібіріктеп қалды. Дидардың жауап берер түрі жоқ. Батылдана:
- Ағай, біз балалар үйіненбіз. Ата-анамыз бізді тастап кеткен, - дедім. Бұл жауапты полицей ағай күтпеген болуы керек, бізге жалт қарады. Түрімізге зер сала, анықтап қарады. Менің жейдемнің бір түймесі жоқ, шашымның да оңып тұрғаны шамалы. Дидардың үсті-басы кір-қожалақ. Полицей ағай енді сенген секілді.
- Есімдерің кім?
- Мен Ержанмын, мына бала менің досым Дидар, - дедім Дидарға қарап. Ол ағайдан жасқанып отырған секілді.
- Менің есімім Нұрлан Болатұлы. Осы ауданның инспекторы боламын, - деді бізге өзін таныстырды.
- Ал, балалар, қайда жол тарттыңдар?
- Ағай, Дидар кешеден бері нәр тартқан жоқ. Қатты ауырып тұр. Мектептен қашып, емғанаға бара жатырмыз, - дедім мен Нұрлан ағайдың көздеріне қарап. Басқа адамдар секілді емес, бізге жылы жүзбен қарап отыр.
- Балалар үйінде дәрігер жоқ па? – деген тосыннан қойылған сұраққа мен кідіріп қалдым.
- Ағай мен тәрбиешіге ескерткен болатынмын. Бірақ, ол өтірік ауырып тұрсың деп мектепке жіберді, - деді Дидар шыдамсыздана. Мен «неге айтасың, Динара апай оңдырмайды дегендей» жалт қарадым. Шамасы әңгіменің көпке созылып, ауруы жанына батып бара жатқан секілді.
- Жақсы, сендерді емханаға апарып, мәселені сосын шешеміз, - деп көлікті орнынан бірден қозғалтты. Біз ұзақ жүрген жоқпыз. Полицей ағайдың арқасында емханаға тезірек келдік. Нұрлан ағай қолымыздан ұстап, керекті дәрігерге алып келді. Мені сыртта қалдырып, Дидарды кезексіз кабинеттің ішіне алып кіріп кетті. Менің қуанышымда шек жоқ. Дидарды тезірек дәрігерге алып келгенімізге мәзбін. Көп ұзамай Дидар мен ағай шықты. Қолдарында бір-екі қағазбен дәрілер. Шамасы, Дидардың еміне жазып берген дәрілер болу керек.
- Не дейді, - дедім оларды көре, бірден орнымнан тұрып. Дидардың айтарлықтай көңіл-күйі жоқ. Қасындағы ағайда үнсіз. Осыдан кейін, Нұрлан ағай бізді балалар үйінің алдына әкеліп тастады. Неге екені белгісіз ағай бізді көліктен түсіріп, бірден кетіп қалды. Мен Дидарды ертіп екі қабатты балалар үйіне кірдік. Балалардың көп бөлігі мектепте болуы керек, үйдің іші тып-тыныш. Екеуміз артық дыбыссыз бөлмемізге келдік. Бірақ, бізді керемет тосын сый күтіп тұрды.
- Ал жүгірмектер, мектепке неге бармадыңдар? – деп Динара апай алдымыздан шықты. Қабағы қатулы. Дидарға ала көзбен қарай:
- Сен жетімек келгенің кеше, өнер шығарайын дедің ба? Көрсетем саған, - деп қолынан жұлқи алып кетті.
- Апай, оны қайда алып бара жатырсыз? Барлығын бастаған менмін, - деп апайдан Дидарды арашалап алғым келді. Динара апай оны елессін бе? Дидардың қолынан ұстай алып кетті. Қанша арттарынан еріп, бөгесемде болар емес. Дәліздегі ең соңғы кабинетке кіріп, іштен бекітіп алды. Бірер минуттан кейін Дидардың жан дауысы шықты.
- Апай, ұрмаңызшы… екінші олай жасамаймын, - деп жалынып жатыр. Оны тыңдайтын тәрбиеші қане? Шамамен бір сағаттай Дидарды аямай ұрды. Бірде есікті ашып, мені кіргізіп алды.
- Осыдан ауызыңнан бір ауыз сөз шығады екен… Сені тірі қалдырмаймын, - деп Динара апай айғайлай бастады. Менің бар ойым Дидарда. Бір бұрышта қимылсыз жатыр. Бірден қасына барып, тұрғызып алғым келді. Оянар емес. Дем алмайды да… Қорқа бастадым. Үстімнен мұздай су құйылғандай. Динара апай мені итеріп Дидарды көтеріп алып шығып кетті. Есімді бірден жинап, апайдың артынан ерудемін.
- Қоймадан күрек алып кел, - деп мені жұмсап жіберді. Оны тыңдап келе жатқан мен жоқ. Дидарды құтқарып қалу еді. Тым кеш. Біз ендігі Дидарды аула сыртында көміп жатырмыз. Айналада ешкім жоқ. Динара апай мені қорқытып, топырақты шұңқырға лақтырып жатыр. Менің қолымнан шара қайсы. Өзімді дүниедегі ең опассыз адамдай сезіндім. Балалар үйіндегі бұл қорлық ешқашан бітпестей болды.
Арада бір апта өтті. Дидарсыз күнім күн болмады. Динара апай ендігі ісін менен жалғастырды. Әрдайым ісімнен, сөзімнен ұстап тарпа бас салатын шығарды. Денемнің бәрін көк ала қойдай сабап, жүруімде әлсіреді. Бірде мектеп ауласынан Нұрлан ағайдың көлігін көрдім. Сабақ бітісімен, аулада ағайды күттім. Қолымнан шара қайсы. Кешкі бестер шамасында Нұрлан ағай қолына папка ұстап, мектептен шықты. Уақытты оздырмай бірден алдынан шықтым. Себебі, кешкі алтыда балалар үйінің қақпасы жабылатын еді.
- Сәлеметсіз бе, ағай, - деп үстімді қағып алдына шықтым. Мені енді байқаған секілді. Бірден жүзіне күлкі үйірілді. Менімен жылы амандасып, не шаруамен жүргенімді сұрады. Оны ғана емес Дидарды да…
Нұрлан ағай екеуміз балалар үйіне барар жолдамыз. Мен мектептен шыққалы жылап келе жатырмын. Дидардың және басқа балалардың қалай қиналғанын, таңғы асқа сасық ботқа мен суық шәй беретінін, одан қалса тәрбиешінің өз үйінің жұмыстарын жасататынын анық айттым. Бәрін қойғанда Дидардың өлімін толықтай жеткіздім. Динара апайдың қалай ұрғанын көз алдыма суреттеп тұрып айтып бердім. Нұрлан ағай суық хабардан шокта отыр. Әрине, бұндай хабар аудан тұрмақ, мемлекет үшін бей-жәй қалдыратын мәселе емес.
- Ержан, мені жақсылап тыңдап ал. Мен екі күннен кейін осында келемін. Ол уақытқа дейін, бұл жерге тексерістер жіберіп отырамын. Әр келген тексеріске күнделікті жағдайды жақсылап баяндап беріп отыр. Дидарды қай жерге көмгендеріңді де толықтай көрсет, - деп екі иығымнан ұстай, маңдайымнан сүйді. Мені балалр үйіне түсіріп, соңымнан ұзақ қарады. Ал, менің қазіргі болатын жағдайым айдан анық. Есіктен кіргеннен бастап, Динара апай күтіп алды. Өзінің қолындағы көк шыбығымен аяғымнан осып-осып жіберді. Ауызына келген сөзді айтып, бөлмеме дейін сабады. Ендігі бұл істерге менің жаным да, тәнім де үйреніп қалған. Тек Дидар туралы шындықты бәрі білсе екен деймін. Одан кейін мені өлтірмек түгілі, тірідей көмсе де бәрібір.
Бүгінгі таңым ерекше атты. Нұрлан ағайдың тексерісі ескертпестен келетінін мен ғана білемін. Асханада барлық балалар таңғы астарын үнсіз ішіп отыр. Барлығы көңілсіз, жабырқаулы. Бірде қасығымды әдейі жерге түсірдім. Артынан шәй құйылған шынаяғымды. Барлығының назары менде. Ұйқысынан оянған қаһарлы айдаһардай Динара апай қасыма жетіп келді. Қолымнан жұлқи тұрғыза, қолындағы көк шыбықпен екі алақанымды аямай ұруда. Менде бір жеті атасының өші бардай аяусыз. Осы сәтті күткендей бір топ сәнді киінген адамдар кіріп келді. Осы кездегі Динара апайдың түрін көрсеңіздер. Мен ішімнен қуанудамын.
- Не айқай болып жатыр, - деп егде жастағы әйел қатулы сөйлей, Динара апайға жақындап келеді.
- Балалар…,- сөзін аяқтатпастан Динара апайға дүрсе қоя берді.
- Бала мемлекет қарауындағы жеке тұлға екенін сізде, менде саналы түрде білеміз. Неге баланы аяусыз ұрудасыз?
Динара апайда үн жоқ. Егда жастағы әйел барлық балаларға жылы сөйлей:
- Балалар, тамақтарыңды ішіп болсаңдар, мектепке барыңыздар, - деп асханадан шығарып салды. Балалар орындарынан ақырын тұрып, асханадан кезектеп шыға бастады. Бұл күні мен ерекше бақытты болдым. Сабақ бітуіне таяп қалған. Мен мектептен шығып, балалар үйіне асықтым. Қақпа алдында үйілген көліктер мен адамдар. Шамасы тексеріс қатаң жүріп жатыр. Кім білсін? Біздің үйді тексеріп қалған адамдар зәрелері зәр түбіне жеткен шығар. Дәліздегі бес тонна болған шаң, терезелерде ілінген қара көмірдей перделер, есіктің ккір болғаны сонша, жуып тазалауға келмейтін бейнесі адамның жүрегін айнытатын еді. Біздің балалар үшін алаңдататын бұл емес. Оларға салсаң осы екі қабатты үйде мәңгі тұруға дайын. Тек... тәрбиешілердің жылы қабақ танытып, бізді қорқытып, ар-намысына тиетін сөздерді айтпаса екен дейміз. Жүректері жаралы біздердің өмірге деген құлшынысымызды өшірмесе екен деп тілейміз.
Балалар үйіндегі шу адам айтса сенгісіз. Құжаттарды қоя бергенде, біздің жағдайымыз айқын көрініс еді. Бөлмеме барар жолда мені Динара апай мен таңертеңгі егде жастағы әйел тоқтатты.
- Ержан, - деген Динара апайдың дауысын бірден таныдым. Артыма бұрылсам жүзінде өтірік күлкі. Бұл тек уақытша қойыылымның бірі еді.
- Балам, шаршаған жоқсың ба? Сабағың ойдағыдай өтті ме? – деген адамды қармағына түсірер сұрақтары жүйкемді жұқартып жатыр. Оған көз қиығымды салған да жоқпын. Бар ойым қасында тұрған тәтейге Дидардың жағдайын жеткізу.
- Ештеңе етпес, Амина Бабаханқызы. Келесі бөлмелерге өтейік, - деп маған қабақ шытты. Демек, бұл апайдың аты Амина. Бұл кісімен жеке сөйлесіп бар жағдайды түсіндіруім керек. Балалар үйінің директоры жоқ екен деп ойламаңыздар. Біздің балалар үйін мен осы үйге келгенге дейін де, кейін да Лаззат Сабитқызы басқарған болатын. Осыдан бір жыл алдын Лаззат апайдың үстінен жемқорлық және азаптау бойынша іс қозғалып, оның қызметін Динара апай атқарып жүр. Динара апайдыңда істегені аз емес. Әттең, қармағыма алтын балық түспей тұрғанын қарашы. Әйтпесе барлық былықты барлық Қазақстанға паш етер едім. Амина апай мен туралы білетін секілді. Менен ажырағысы келмейтінін байқадым. Нұрлан ағай құлақдар еткені анық.
- Динара ханым, мен Ержанмен біраз тілдессем деп едім. Бізді оңаша қалдырсаңыз, - деп Динара апайды бір үркітіп алды. Онсызда жағдайы мәз емес балалар үйін көріп, енді менімен тілдескісі келеді. Ал, Динара апай жеке қалдырар түрі жоқ.
- Амина Бабаханқызы, мүмкін басқа бөлмелерді көрсетіп, балалармен ортақ тілдессек деген ойым бар еді.
- Жоқ! Балалар ашық ортада ойын толық жеткізе алмас. Мен Ержанмен бірге басқа бөлмеге барсам. Сіздің онсызда басқа шаруаларыңыз бар секілді, - деп менің қолымнан ұстай, менің бөлмеме жол тарттық. Амина апайдың тығырықтан шығып, Динара апайды шаң соқтырып кеткеніне мәзбін. Ішімнен барлық айтар сөзімді дайындап келдім. Міне, дәліздің соңғы бөлімінде орналасқан менің бөлмеме келдік. Амина апайға барлық заттарды таныстырып шықтым. Шамамен, жарты сағат бойы тек өзім туралы сұрады.
- Ержан, сен туралы барлық жағдайды Нұрланнан естідім. Енді маған барлық істі анық айтып берсең, - деп бір диктофонын қосты.
- Сіз тергеушісіз бе?
- Иә, қалқам. Осы істің басы-қасында өзім боламын. Маған ешқандай ақпаратты жасырмай, анық түрде айтсаң, - деді Амина апай. Осы сөздерден кейін барып, мен барлығын баяндай бастадым.
«Менің есімім – Ержан. Бұл жерге шамамен алты айлық кезімде түскенмін. Қазір жасым он үште. Ата-анамның кім екенін білмеймін. Динара апайдың айтуына қарасам, менің анам ішімдік ішіп тастап кеткен. Дидарды да солай айтады…»
- Тоқта, Дидар деген кім? – деді тосыннан сұрақ қойып.
- Дидар менің жан досым. Жасы он екіде болған…
- Так, болған… Демек, қазір ол қайда?
- Сізге басынан бастап айтайын. Дидардың әкесі қайтыс болған, анасы ішімдікке салынып, Дидарды балалар үйіне өз еркінен тыс өткізген. Қазір ол кісі осы ауданға қарасты Қаракемер ауылында тұрады. Дидарды осы жерге келгеннен бері Динара апай жек көрді. Оның себебін ешкім білмейді. Бір күні сабақтан кеш келдім. Бөлмеде шу болып жатыр екен. Жүгіріп келіп қарасам Дидарды өлімше етіп сабап жатыр. Араша түсе алмадым. Оны осы уақытқа дейін күнде ұрып жүрді. Араша түскен балаларға үш қатарынан тамақ берілмеді. Осыдан кейін Дидарды құтқаруға ешкімнің дәті жеткен жоқ. Көк ала қойдай сабап, адам еместей тепкілеп ұрды, Дидар осы жағдайдан кейін екі күн қатты ауырды. Мен оны мектепке апармай, Динара апайдың рұқсатынсыз емханаға апардым. Сол күні Нұрлан ағайды жолықтырдық. Бірақ… Балалар үйіне қайтып келгенде, Динара апай Дидарды мүлдем аяған жоқ. Оны бөлмеге қамап, қатты ұрды. Дауысы әлі күнге дейін құлағымда тұр, - деп қатты жылап жібердім. Қанша жерден өзімді ұстасам да, көмектесер емес.
- Жаным менің, жылама. Егер Дидар туралы барлық шындықты анықтағың келсе тезірек айтып бер, - деп менің маңдайымнан сүйді.
- Шамамен бір сағат уақыт өтті. Есік ішінен кілттеніп тұр. Аша алмадым, күшім жеткен жоқ. Бір кезде Динара апай есікті ашты. Ішке жүгіріп кірдім. Дидар бір бұрышта, еш қозғалыссыз жатыр. Денесі қан. Ішімнен тек тірі қалса екен деп тіледім. Бірақ, тым кеш болды. Динара апай егерде біреуге айтатын болсам, мені де осылай өлтіретінін айтты. Қатты қорықтым. Дидардың денесін балалар үйінің артындағы алма баққа жерледік. Жерледік деген аты болмаса, ешқандай ырым жасалған жоқ. Апай біз үстіндегі киімдерінде шешкен жоқпыз, - деп бір апта бұрын орын алған барлық жағдайды баяндадым.
- Дидардың бейітіне белгі не болмаса тас қойдыңдар ма? – деді Амина апай таңғала.
- Жоқ…
- Қай жерге жерленгенін нақты білесің ғой? – деп Амина апай біраз кідіріп қалды. Досыңның қай жерге жерленгені туралы білмесесң несіне дос боламын дедім ішімнен. Амина апайдың мейірімге толы көздеріне қарап, басымды изедім.
- Жарайсың! Енді саған кішкене уақыт шыдау керек. Осы жағдайдың барлығы расталса болғаны, - деп жасаураған көздерімді сүртті. Менің бұл әлемде жақсы адамдар бар екеніне күмәнім сейілгендей болды. Амина апай қолындағы диктофонды өшіріп, маған тіке қарады.
- Бұл әңгімеміз туралы ешкім білмесін. Тіпті, бөлмеде бірге жататын достарыңа айтпа, - деп менің екі иығымнан қысып ұстады. Мен тек басымды изеумен болдым. Қайдан білсін бұл үйде ешқандай досым жоқтығын. Амина апай маған күлімдей қарай, бөлмеден шығуға икемделді. Артына бір қарап, шығып кетті. Тағы да мазасыз ойлармен жалғыз қалдым. Бар ойым Дидар туралы. Ендігі бұл істің жалғасы маған беймәлім еді.
Кешкі уақыт. Балалар үйінің қақпасының жабылғанына біршама уақыт өтті. Тексерушілер мен Амина апай қазір ғана кетті. Динара апайдың ендігі ісі мені қатты алаңдатады. Тексерушілер шығып кеткенше күлімдеп, арттарынан қарап тұрды. Ендігі ісі мен. Бұл жағдайлардың барлығын мен терезеден көріп тұрмын. Динара апай артына бұрылып, мен тұрған терезеге назар салды. Көз жанары мені аямасын бірден байқатты. Терезеден алшақтап, төсегіме келіп жатып қалдым. Динара апайдың қолдан жасалған шыбығына өзімді дайындап жаттым.
- Ей, жетімек! Кімді жамандадың, - деп бөлме есігін бір теуіп кірді. Менде үнсіз, орнымнан қозғалған жоқпын. Бұл істерім Динара апайдың жүйкесін жұқартып жатқаны анық. Менің қасыма келіп, көк шыбықпен аяусыз ұруда. Жаныма қанша батса да, шыдап жатырмын.
- Ержан, мен саған барлығын адам құсап түсіндірдім. Егерде кімді-кім Дидар туралы жағдайды білсе, сені тірі қалдырмаймын дегенмін…
- Апай, мен ешкімге ол туралы айтқан жоқпын. Тексеруші апай тек балалар үйіндегі жағдайды сұрады. Сабағымды, таңғы және кешкі ас туралы, балалар үйінің тазалығы ғана туралы сұрады, - деп жаным шығып бара жатыр.
- Ержан осыдан сол қатынмен тағы сөйлессең аямаймын! – деп мені нұқып тұрып сөйледі. Мен үнсіз қалдым. Мына жалмауыз апайдың тезірек кеткенін қаладым. Маған айғайлап, есікті тарс жауып шығып кетті. Осы кезде тынысым ашылғандай болды. Бұл күндердің өтеріне және қайта келмесіне сендім. Осылай жатып қалай ұйықтап кеткеніме сенбедім.
Екінші күн. Тексерушілердің келуін ұйқымнан тұрғаннан бері күттім. Бүгін барлығы ерте тұрып, қимылдағандай. Дәлізді, балалар бөлмесін және ас үйді айнадай етіп қойыпты. Көзбояушылық екенін барлығына белгілі. Бүгін тексерушілер кешікті. Мен амалсыздан мектепке жол тарттым. Сол кезде-ақ байқадым. Амина апай, Нұрлан ағай және екі ағайдың жаяу келе жатқанын. Техірек алдарынан шығып, амандастым.
- Ержан батыр, қалайсың? Сабағың қалай? – деп мені сұрақтың астына алды. Нұрлан ағайды сағынып қалыппын. Барлық сұрақтарына тізбектей жауап бердім. Жауаптарыма барлық кісілер күліп алды.
- Ержан, бүгін сабаққа бармай-ақ қой! Сені сұратып алдық. Барлық мәселелерді бүгін шешіп аяқтауымыз керек. Себебі, Нұрлан ағайыңды басқа мекемеге ауыстырып жатыр. Тезірек Динара апайыңды ұстауымыз керек, - депАмина апай бірден іске көшті.
- Неге? – деп бірден таңғала Нұрлан ағайға қарадым. Ол маған күле:
- Ештеңе уайымдама, балам. Барлық істі аяқтап кетемін, - деп маңдайымнан сүйді. Түсінесіздер ме? Ерекше сезім. Ішімдегі көбелектер тыным таппай ұшып жатыр. Балам… Бес әріптен құралған, мен мәңгі армандаған сөз.
Осы қарқынмен қайта балалар үйіне жол тарттық. Әлі таңғы уақыт. Жол бойы Нұрлан ағайдан естіген сөзге мерейленіп келемін. Сыртқы көрінісі жұмақтай көрінген, бірақ бір мейірім төкпейтін балалар үйіне келдік. Динара апай ым-жымын білдірмей барлық кісілерді күтіп алып жатыр. Сірә, бүгінгі күнін елестетіп тұрған жоқ секілді. Барлық кісілер ғимарат ішіне еніп кетті. Мен сыртта қалдым. Себебі, мен Дидардың жерленген жеріне баруым керек. Ал Нұрлан ағай мені терезе арқылы бақылап отырады. Бұл біздің жол бойы ойластырған жоспарымыз. Нұрлан ағайдың терезеден маған белгі бергенін күтіп отырмын. Арада бір сағаттай уақыт өтті. Жалмауыз апайдың мүмкіндік бермей жатқанын іштей сездім. Ол мыстанның қолынан бәрі келеді. Терезеге үмітті көздермен қарап отырмын. Міне… Нұрлан ағай қолын сілтеді. Бұл менің аз ғана уақытым бар екенін білдіреді. Бар күшімді жинап, қоршаулы тұрған алма бағына жүгірдім. Бақтың ішін су басқандай балшық болып тұр. Аяғым тайғанап, қолымды да былғап үлгердім. Маған бұл кедергі емес. Дидарымның жанын тыныштыққа апаруым керек. Жетіп қалдым, сәл қалды. Жаңадан отырғызылған алмалар арасына жалғыз отырғызылған ұара талдың қасына келдім. Осы жер… Терезеге қарадым. Нұрлан ағай күлімдеп, кетіп қалды. Жаным тыныштыққа енгендей болды. Қара талдың түбіне көз салып, жүгіре жөнелдім. Динара апай көрсе барлығы құрдымға кетеді. Алма бақтың есігін жауып, қолымды сырттағы арыққа барып жуып алдым. Аяқ киімім де, мектеп формам да кір. Бірақ, тексерушілер бар кезде Динара апай бір ауыз сөз айтпасы анық. Солай балалар үйіне кірдім. Нұрлан ағай және басқа кісілер ас үйде екен. Динара апай асты-үстіне түсіп, күтіп жатыр екен. Мені көре сала қаны басына шапты. Түрі өзгеріп, көздерін қан талап кетті. Осы кездегі түрін сірә ешкім елестете алмас.
- Ержантай, келдің бе? Бөлмеңе бара ғой! – деп менің қасыма келіп, білдірмей шымшып алды.
- Динара Болатқызы, ештеңе етпес. Бізбен бірге отырсын. Кел, Ержан, - деп мені Амина апай қасына шақырды. Мен бірден жүгңрңп бардым. Маған керегі де осы еді. Ас үй терезесінен алма бақтың көлеңесі де көрінбейтін. Осы кезде Нұрлан ағайдың ұялы телефоны шырылдады.
- Құп болады, қазір барамын, - деп орнынан тұрып, жинала бастады. Мен қорқи ол кісіге қарадым.
- Тексерісті жалғастыра беріңіздер! Мені басқа жұмыс бойынша шақырып жатыр, - деп Амина апайға тапсыра жүгіре шығып кетті. Осы кездегі менің жүрегім тоқтап қалғандай болды. Дидардың шындығы ашылмай қалатындай болды. Себебі, ол жерді Нұрлан ағай көрді. Осылай отырып аста батпады. Айғайлап тұрып, бар шындықты айтқым келді. Амал жоқ. Біздің мына қоғамда мен секілді жетімек, тастанды баланың сөзі кімге әсер етер деп ойладым. Бұл менің мәңгі сүйегіме басылған таңба! Бұл қара таңба мына қоғамның көзіне оттай басылады…
Арада үш сағат өтті. Үш сағат үш ғасырдай болды. Бағанағы ойдан кейін бөлмеме келіп, жатып қалған едім. Ешкімге керек емес екенімді, сөзімнің көк тиын құны жоқ екенін тағы бір дәлел болғандай болды. Бірақ, топырлаған адамдардың дауысы ойымды бөлді. Жүгіре шықтым. Мен теледидардан көрген қара киім мен суық қару ұстаған ағайлар Динара апайды қоршап алып бара жатыр. Әрине, таңданысымды жасырған жоқпын. Жүгіре соңдарынан шықтым. Сыртта Нұрлан ағай тұр. Осы кездегі таңданысым екі еселенді. Алма бақ жақта ақ киімді киінген кісілер тексеріп жүр.
- АҒАЙ…
- Балам менің, мен саған айттым, уәдемде тұрдым, - деп Нұрлан ағай қасыма жақындады. Үш сағат бұрын Нұрлан ағайдың шығып кетуі, оған хабарласқанның барлығы ойластырылған жоспар екен. Бала жүрегім қуаныштан жылады. Бар күшіммен Нұрлан ағайды құшақтап алдым. Бұл ісі үшін құшақтауда аздық етеді. Сенесіздер ме? Он бес балаға қорлық көрсеткен, алты баланың өмірін қиған Динара Болатқызы өмір бақи бас бостандығынан айырылды. Ол қазір Алматы облысына қарасты түрменің бірінде отыр. Сіздерге өтірік, маған шын оған жауап беретін полицей қызметкері – МЕНМІН!»
- Сіздерге түсінікті болды ма? – деп майор шенін алған Ержан Қанатұлы орнынан тұрды, Барлық камералар, тілшілер, жас ұландарға баяндалған әңгімесі осылай аяқталды. 1980-1990 жылдардағы ауыр тағдыры тас болған жүректі де жібітер еді...