Жиембет жырау



Дата24.03.2022
өлшемі19,34 Kb.
#28634
Байланысты:
Жиембет жырау


Жиембет жырау

Арғысы алты ғасырға созылатын қазақ әдебиетінің бастауында тұрған жыраулардың бірі һәм бірегейі – Жиембет Бартоғашұлы. Бір қызығы, туып-өскен жері, ата-қоныс атаулары күні бүгінге дейін өзгермесе де, кіндігінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, «жиембет тана» атанған бір қауымға айналса да, Батыс Қазақстан өңірінде Жиембеттің насихаты мүлде жоқ деуге болады.Қазақтың ең атақты, ең әлеуетті хандарының бірі болған Еңсегей бойлы ер Есімнің оң тізесін басқан би, қол бастаған батыр, жалындап сөйлеген жырау бүгінде тіл мамандарын даярлайтын ЖОО-ларда бірер семестр жүретін «Хандық дәуір әдебиеті» атты курстың кейіпкері ғана болып қалған. Жиембет жыраудың өмірі мен өнерін, тарихтағы орнын, күні кешегі Махамбетке дейінгі жырауларға әсер-үлгісін ден қойып зерттеген ғалым жоқ секілді. Жыраудың аты-жөнінде, өмір жолындағы тарихи даталарда бірізділіктің болмауы сондықтан болса керек.

Жиембет Бартоғашұлы 1570-1575 жылдар шамасында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан. Қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Өсе келе ол Есім ханның беделді биі әрі батыры дөрежесіне көтеріледі. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетеді. Ханның жауынгер жасағын басқарып, жеңімпаз қолбасшы болады. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылады. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарады. Жиембет жыраудың ересен ерлігі мен әділ де алғыр билік қызметі былай жазылған: «...Ол Есім ханның кіші жүздегі ел басқарушы биі, қолбасшы батыры болған. Қалмақтарға қарсы 1620-27 жылдарғы жорықтарға қатысып ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен». Сөйтіп ол үлкен абырой, беделге ие болады.Қазіргі ел назарында жүрген көпшілік еңбектерде Жиембет бидің Есім ханмен достық қарым-қатынасы ұзаққа бармағаны айтылады. Хан мен би арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы секілді келіспеушілік өрістей берген делінеді. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсар өжет би Есім ханның кейбір іс-әрекетіне қарсы шығады. Оның бұл мінезі ханға да жаға бермейтіні түсінікті. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастайды. Бұдан кейін Жиембет ханнан іргесін аулақтатып, өзінше бөлек кеткендей.

Еңсегей бойлы Ер Есім,

Есім, сені есірткен

Есіл де менім кеңесім.

Ес білгеннен, Есім хан,

Қолыңа болдым сүйесін,

Қолтығыңа болдым демесін.

Ертеңгі күн болғанда,

Елің кеңес құрғанда,

Айналып ақыл табарға

Есіктегі ебесін,

Сонда, ханым, не десін?!

Мен жоқ болсам, Есім хан,

Ит түрткіні көресің.

Жиембет қайда дегенде,

Не деп жауап бересің?..

Меніменен, ханым, ойнаспа,

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайыңдай.

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре менен жайындай.

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай менен қайындай.

Көруші едім, Есім хан,

Ханымды күнім, сізді айымдай.

Сырым саған түзу-ді

Садаққа салған бұлыңдай.

Жұмыскерің мен едім

Сатып алған құлыңдай.

Жүруші едім араңда

Өзіңнің інің менен ұлындай...

Мен, өлсе, құнсыз кетер деме сен

Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген

Тілеуберді құлыңдай!

Тілеуберді құлың мен емес,

Мұның, ханым, жөн емес.

Менің ер екемді көргенсің,

Әуелден бірге жүргенсің,

Дегенімді қылғансың,

Қайратымды білгенсің.

Ағбытпа, ханым, күннен соң,

Сіздің естен кеткенмен,

Біздің естен кеткен жоқ:

Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

Соқыр бурыл байталға

Сонда бір жайдақ мінгенсің...

Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

Қаланың қасы бүлгенде,

Хандар қалаға қылаған,

Сұлтандар суға сылаған,

Қаз мойынды ханшаңыз

Қалада тұрып жылаған...

Тал шарбаққа мал сақтап,

Тас қалаға жан сақтап,

Тасқан екен мына хан!

Қайрылып қайыр қылуға

Қылығың жоқ ұнаған.

Қайратым қанша қайтса да,

Мұныңа, ханым, шыдаман!

Арқаға қарай көшермін,

Алашыма ұран десермін,

Ат құйрығын кесермін,

Ат сауырын берермін,

Алыста дәурен сүрермін,

Қарамасаң, ханым, қарама,

Сенсіз де күнімді көрермін!

Әмірің қатты Есім хан,

Бүлік салып, бұйырдың

Басын бер деп батырдың -

Қанын ішіп қанбаққа,

Жанын отқа салмаққа.

Атадан жалғыз мен емес,

Хан ие, ісің жол емес.

Жолбарыстай Жолымбет

Құрбандыққа қол емес.

Жол тосып, алып кетіпті

Қалмақтан алмақ сыйыңды.

Қаһарыңды басқалы

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиенбет сынды биің-ді.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды,

Он екі ата Байұлы

Бір Тәңірге сыйынды.


Қол-аяғым бұғауда

Қол-аяғым бұғауда,
Тарылды байтақ кең жерім!
Арманда болып барамын,
Қоштасуға аял жоқ,
Қалқаман, Шолан ерлерім!
Қайырылып қадам басарға
Күн болар ма мен сорға,
Өзен, Арал жерлерім?!.
Қиядан қолды көрсеткен
Төбеңе шығар күн бар ма,
Жотасы биік Дендерім?!
Қайырымсыз болған хандарға
Тиер ме екен бір күні
Жолбарыстай шеңгелім?!

Әй, қыңыр ер, қыңыр ер
Қыңырайма, біздің ер.
Қыналы бозға мінген ер
Қыз қалмақты құшқан ер
Хан жалғыз да, біз үшеу
Қыңырайма, шіркін, бері кел!

Басы саудың түгел-дүр
Толған тоғай малы-дүр.
Тоқтамай соққан толағай
Толастар мезгіл жеткей-дүр.
Керегеге ілінген
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.
Азап шектім аралда
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік,
Қашырды бүйтіп елімнен
Күйеуден безген қатындай.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет