14. ЕТІСТІКТІҢ БОЛЫМСЫЗДЫҚ КАТЕГОРИЯСЫ, БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ Болымсыздық мағына және оның берілу жолдары туралы қысқаша мағлұмат түркі тілдерінің грамматикаларында етістік бөлімінде, сын есім мен есімдікте, модаль сөздерде, синтаксисте «бар», «жоқ» сөздерінің қолданылуына қатысты болымсыз сөйлемдерге байланысты берілген. Жеке категорияларды немесе жеке сөз табын зерттеушілер де болымсыздық мағынасының берілу жолдары туралы да мағлұмат беріп отырады.
Түркі тілдерінің грамматикаларында бір авторлар етістіктің болымсыз түрі деп атаса, екінші бір авторлар болымсыз аспект деп атағанмен, олардың барлығы оның жасалу жолы ретінде -ма, -ме жұрнағын көрсетеді.
Алғашқы кездерде (1970 жылдарға дейін) етістіктің болымсыз түрінің көрсеткішінің термині жөнінде де түркологияда пікір тұтастығы болған жоқ, зерттеушілердің көпшілігі бұл көрсеткішті «аффикс» деп таныса, В.А.Гордлевский «приставка» А.Н.Самайлович “полуприставка” , У.Алиев «суффикс» терминімен атаған.
Түркологияда етістіктің болымсыз түрін кейбір түркологтар лексика-семантикалық категория ретінде қарастырса, А.Н.Кононов, К.М.Мусаев,аспект ретінде қарастырады. Осы мәселені арнайы зерттеген Т.Рустамов, С.Гуджиков , С.Джафаров, Б.Мамедов , М.Жүкенова, т.б. етістіктегі болымсыздық мағынаның берілу тәсілдерінің жиынтығын етістіктің болымсыздық категориясы деп таниды .
Қазақ тіл білімінде етістіктің 1954 жылға дейінгі мектеп грамматикалары мен практикалық қазақ тілі оқулықтарында етістіктің болымсыздық түрі туралы қысқаша мағлұмат берілген. 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында етістіктің болымды-болымсыз түрлерінің болуы оны басқа сөз таптарынан ерекшелендіретін бірден-бір белгісі ретінде аталып, синтетикалық және аналитикалық жолмен берілетіні көрсетіледі.
Болымсыздық мағынаның сөйлемнің болымсыздық түрін жасаудағы рөлі туралы қазақ тілі грамматикасының синтаксис бөлімінде және сөйлемнің түрлері туралы жазылған арнайы еңбектерде айтылады. Профессор С.А.Аманжолов қазақ тіл білімінде бірінші рет сөйлемнің болымсыз түрін атайды.
Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (синтаксис) еңбегінде хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге ортақ болатын сөйлемнің түрі болымды, болымсыз деп бөлініп, болымсыз сөйлемнің жасалу жолы, оның негізінен баяндауыш формасына қатысты екені көрсететіледі.
Т.Әбдіғалиева «Қазақ тіліндегі болымсыздық мағына және оның берілу жолдары» атты мақаласында түркі тілдері мен қазақ тіліндегі болымсыздық мағынаның зерттелу жайына тоқталып, қазақ тіліндегі болымсыздық мағына және оның берілу жолдары туралы арнайы зерттеулер жасалмағанын, грамматика көлемінде берілген қысқаша мәліметтер болымсыздық мағынаның барлық сырын ашып бере алмайтындығын дәлелдейді. Осы мақаласында ғалым етістіктің болымсыздық түрі туралы Ы.Маманов еңбектерінде толығырақ мәлімет берілгендігін атап көрсетеді: «Ы.Е.Маманов -ма, -ме, -ба, -бе, -па -пе морфемасын етістіктердің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша деп таниды. «Емес», «жоқ» сөздерінің етістіктің белгілі бір формаларымен ғана тіркесетінін айтады. Бұл еңбекте автор бұрын көңіл бөлінбей келген күрделі етістіктегі болымсыздық көрсеткіштердің қолданылуына тоқталады. Мұнда ол -ма, -ме, ба, -бе, -па, -пе морфемасын етістіктің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша деп таниды. «Емес», «жоқ» сөздерінің етістіктің белгілі бір формаларымен ғана тіркесетінін айтады. Бұл еңбекте бұрын көңіл бөлінбей келген күрделі етістіктегі болымсыздық көрсеткіштердің қолданылуына тоқталады. Мұнда ол -ма, -ме жұрнағының күрделі етістіктің алдыңғы сыңарының құрамында келуі арқылы, екіншіден, көмекші етістікке болымсыздық қосымша (-ма, -ме) жалғану арқылы, үшіншіден, күрделі етістіктің құрамындағы екі сыңары да -ма, -ме қосымшасы арқылы жасалған формада қолданылатындығына тоқталады. Бірақ күрделі етістікке -ма, -ме жұрнағының жалғануындағы ерекшеліктің себебі, жайы айтылмаған»
Ы.Е.Маманов зерттеулерінде күрделі етістіктерге болымсыздық форманың жалғануындағы ерекшелік көрсетілмегенмен, ғалымның бұл құбылысты танып, айтып өтуінің өзі маңызды жаңалық болып табылады.
Жалпы етістікке қатысты еңбектерде бұл форма етістік негізіне, туынды етістіктерге, етістіктің етіс тұлғаларына, рай тұлғалы етістіктерге, кейінгі еңбектерде күрделі етістік тұлғаларына жалғанып, түрлі реңкте қолданылатыны атап өтіледі. Біз аталған форманың құранды етістік, күрделі етістік, аналитикалық етістіктерде қандай сипатта көрінетініне шолу жасағанымызда, олардың әртүрлі мағынада жұмсалатыны байқалалды. Мысалы, ағалық етпе, үлгі қылма, бас име, еңбек сіңірме сияқты құранды етістіктерде -ма, -ме қосымшасы тек соңғы етістік сыңарға ғана жалғанады да, іс-әрекеттің болуына мүлде тыйым салу мағынасын береді.
Ал күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктерде беретін мағыналарын саралағанымызда, төмендегідей мағыналық реңктерде көрінетінін анықтадық: