54. МОРФОЛОГИЯНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ӨЗГЕ САЛАЛАРЫНАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ МЕН ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ Морфология- гректің morphe (форма) деген сөзінен алынған термин. Морфология- тілдің морфологиялық категориялары жөнінде ілім. Дәлірек айтсақ, морфология-белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары , грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі.
О.С.Ахманова морфологияны тілдің сөз түрлендіру (өзгерту) тәсілдерін зерттейтін (морфология словоизменения), сөзжасам жолдарын зерттейтін (морфология словообразования), сондай-ақ, сөздердің тіркесу амалдарын зерттейтін (морфология словосочетания) деп үш түрге бөледі.
Морфология сөз түбірі, сөз негізі, туынды түбір, аффикс және оның түрлері, олардың мағыналары мен қызметі, негізгі корсеткіштері (формалары) деген сиякты толып жатқан грамматикалық категорияларды карастырады.
Тілші‑ғалымдардың анықтамалары бойынша, тіл білімінің морфология саласы сөздерді жеке алып қарастырмай, оларды жалпы алып, сөз топтарына топтастырып, əр сөз табының өзіне тəн грамматикалық ерекшеліктерін қарастыратын ғылым. Жеке дара тұрғандағы сөздің лексикалық мағынасы болғанымен, басқа сөздермен байланысқа түсуі үшін грамматикалық мағынаны қажет ететіні белгілі.
Лексикалық мағына да, грамматикалық мағына да сөздердің байланысуынан анық аңғарылады. Екеуінің де обьектісі – сөз. Морфология осы сөздердің формасын, яғни, сөздің негізгі түбірін, сөздің түрлі қосымшалар қосылғандағы түрлерін, сөз тіркестерін тексеретін ғылым. Сонымен қатар, тілдегі сөздердің атқаратын қызметтеріне қарай топтарға бөлу, əр сөз табына тəн категорияларды анықтау міндетін де қоса атқарады.
55. МӨЛШЕР ҮСТЕУЛЕРІНІҢ ҚҰРАМЫ МЕН ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ. А.Байтұрсынұлы мөлшер үстеуін өлшеулік үстеу деп көрсеткен. «Өлшеулік үстеу дейміз– сынның я істің шамасын көрсететін сөздерді. Өлшеулік үстеу болатын зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік сөздер. Бұлардың да үстеу екен-еместігін сұраудан айырамыз. Өлшеулік үстеу сұраулары: қанша? неше есе? Осы сұрауларға жауап болмаған сөз өлшеулік үстеу болмайды.
Түске шейін ұйықтады, кешке дейін жатты, ауылға шейін қуды дейміз. «Түске шейін», «кешке дейін», «ауылға шейін» деген сөздер қанша? деп сұрағанға жауап болады, (ұйықтады қанша? – түске шейін, жатты қанша? – кешке дейін, қуды қанша? – ауылға шейін). Бұлар үстеу орнындағы зат есім сөздер.
Аз берді, көп алды дейміз. «Аз», «көп» деген сөздер қанша? деп сұрағанға жауап болады, (берді қанша? – аз, алды қанша? – көп). Бұлар үстеу орнындағы сын есім сөздер.
Екі есе артық, бес есе кем дейміз. «Екі есе», «бес есе» деген сөздер неше есе? деп сұрағанға жауап болады, (артық неше есе? – екі есе, кем неше есе – бес есе). Бұлар үстеу орнындағы сан есім сөздер.
Сонша әдемі, мұнша кешікті, онша шапшаң емес дейміз. «Сонша», «мұнша», «онша» деген сөздер қанша деп сұрағанға жауап болады (қанша әдемі? – сонша әдемі, кешікті қанша? – мұнша, шапшаң емес қанша? – онша). Бұлар үстеу орнындағы есімдіктер.
Тойғанша жеді, қанғанша ішті, жеткенше шапты «Тойғанша», «қанғанша», «жеткенше» деген сөздер қанша? деп сұрағанға жауап болады (жеді қанша? – тойғанша, ішті қанша? – қанғанша, шапты қанша? – жеткенше). Бұлар үстеу орнындағы етістік сөздер».
А.Ысқақов мөлшер үстеуіне мынадай анықтама береді: «Мөлшер үстеуі түрлі қатынасты я жалпылап, я мөлшерлеп немесе қимылдың және сынның я теңдік, я кемдік дәрежесін білдіреді де, қанша? қаншалық? нешелеп? қаншалап? сияқты ғана сұрауларға жауап береді».