Мансур Сағатов – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Қазақстанның халық әртісі 1939 жылы қаңтар айының 2-жұлдызында Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. К.Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің флейта класында оқыған.
1963 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (профессор В.В. Великановтың композиция класы бойынша) бітірген.
1963-74 жылдары Қазақ радиосы музыкалық редакциясының редакторы, бас редакторы, директоры қызметтерін атқарды.
1974-86 жылдары Қазақстан Мәдениет министрлігі жанындағы репертуарлық-редакциялық бөлімнің музыка жөніндегі аға редакторы болды.
1974 жылдан Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында педагогтік қызметті қатар атқарды (1984 жылдан доцент).
Сағатовтың шығармашылық жолы студенттік кезден басталады. Сол жылдары ол шекті аспаптар квартеті үшін сюита; виолончель мен фортепианоға арналған экспромт; қазақтың халық әні “Ләйлімнің” негізінде вариациялар жазды. Алғашқы үш бөлімді симфониялық шығармасымен дипломдық жұмысын қорғаған (кейін бұл шығармаға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілген, 1967). Скрипка мен оркестрге арналған концерті (1967), симфониялық оркестрге арналған “Мерекелік увертюрасы” (1972), “Мерген” симфониялық күйі (1976), “Мемориал” атты симфониялық сюитасы (1979), “Диалогтар” поэмасы, “Ақын толғауы”, (1972, Ж.Жабаев өлеңіне жазылған), “Мерекелік кантата” (1980), “Достық елі” кантаталары (1982, өлеңдері Қ.Мырзалиевтікі) “Әлия” атты екі актілі балеті (1978, либреттосы Ж.Байдаралиндікі), т.б. көркемдік шығармалар жазды.
Cағатовтың “Туған ел”, “Алматым менің”, “Бақыт құсы”, “Той кеші”, “Мені ізде”, “Кел биле”, “Кешегі арман — он жеті” сияқты көптеген әндері мен романстары халық арасына кең тарап, жұртшылықтың көңілінен шыққан туындылар.