Надандық құрбаны
Осы ұзақ сапарымда менің атқосшыдан жолым болды. Әлгі
ауылдан ерген атшы да бір кезде болысқа шабарман болған өзінің
айтуынша, «ат арқасына ерте мінген талай жерді шарлап, дүние
көрген» адам екен.
Өзі әңгімешіл де кісі екен. Ауылдан шыға бере-ақ аты-жөнімізді
сұрасып біліскен соң, өз жайын айта келіп, маған:
— Әлгі қонып шыққан байдың кім екенін жақсы білмейтін
шығарсыз?—деді.
— Білмеймін — дедім мен.
— Ол біздің бір жамағайынымыз болады,— деді атшы,— Қосақ
деген кісі. Биыл жетпістің жетеуінде ғой деймін. Өзінің бұрын үш
әйелі бар еді, биыл он тоғыз жастағы бір қызды алған болатын. Ертең
кешке сол қыз аулының төңірегінде болсақ керек. Қыруар мал беріп
алып еді... Сіз, Қара бақсының хикаясын естіген шығарсыз?
— Иә, шет жағасын естіген ем,— дедім.
— Естісеңіз, қызды алып қашып кеткен ғашық жігіті боп шықты.
— Бәлкім, басқа біреулер шығар? — дедім мен.
— Басқа біреулер емес, ғашық жары. Не керек қыз да, жігіт те
байды тақырға отырғызып кетті. Біздің байдың өзіне сол керек! Үш
қатын жетпегендей... Есі бар, дені дұрыс адам жетпіс жетіге
келгенде он тоғыз жастағы қызды алар ма? Бар айтатын сылтауы
«балам жоқ» дейді. Құдайдың бермеген баласын тартып алмақшы ма
екен? Озбырлық, асқақтық не істеткізбейді?
— Есуастық! — дедім мен.
— Оның әлі қызығы бар,— деді атшы,— өзі қарапайым қыз болса
екен-ау, оқыған қыз!
— Оқыған деймісіз?
— Иә, оқыған да, кәдуілгі Ырғызда орысша оқыған. Ал ғашық
жігіті, сізден несін жасырайын біздің жиеніміз болады. Ақты,
қараны айыра білетін аздап болса да, аздап таза білетін жігіт.
Осындай көзі ашық жастарға жармасқан кім десеңізші? Алжыған қу
бас. Тек баяғы малға сенген бір тоң мойын надан.
— Япыр-ай, оқыған қыз болса, әуелде оған қалай көнді екен? —
дедім мен.
— Әй, шырағым-ай,— деді атшы,— заман мықтынікі ғой. Қыз
бармаймын-ақ деген шығар, жылаған шығар... Бірақ ағайыны ырық
бермеген соң, қыздың қолынан не келсін? Әйтсе де, шіркін оқығанға
не жетсін!.. Шалдың қасына бір күн түнемей-ақ кетті. Ойбой, біздің
бай оған не көрсеткен жоқ? Қызды көкала қойдай қылып сабады да,
құдыққа да салды, «шұнақ күң» деп отынымен кіргізіп, күлімен
шығарып, күнде сілеп көндірмек болды да... Бірақ жеңе алсыншы!
«Тең теңімен тезек қабымен» деген бар емес пе? Ақыр аяғы қыз
теңін тауып қашып кетті.
Неткен тағылық. Сексенге келіп қалған шал он сегіз жастағы
қызды қалың мал беріп сатып алады. Ол қыз қаусаған шалдан таяқ
жеп, қорлық-зорлық көріп, ауруға шалдығады, оны түк білмейтін
надан бақсы «емдейді». «Не деген сұмдық? Не деген қараңғылық?!
Бұл қараңғылықтан халық қашан жарыққа шығады? Бұл ғұрып пен
салт қашан жойылады»,— деп ойлап келемін. «Әттең, осы туралы
жұрт, көп оқитын роман хикая, әңгімелер жазар ма еді! Сол романды
ел ішінде таратар ма еді! Бірақ сол әңгіме, хикая, романдарды
жазатын жазушылар қайда? Оны бастырып шығаратын баспа
орындары қайда? Оны оқитын сауатты адамдар қанша?» — деген де
бір ой келді.
Түсте бір ауылға түстеніп аттанған соң, кештете келіп бір ауылға
қондық. Үйдің иесі қырық, қырық бес шамасындағы момын ғана
шаруа екен. Қаралы үй екен. Бәйбішесі кеше ғана баладан қайтыпты.
Білмей түсіппіз.
Үй иесі, шағын ғана дәулеті бар, Ораз деген момын адам, біз
жайласып отырғаннан кейін әйелінің қалай қайтыс болған жайын
айтты. Әйелінің баласы теріс келе ме, қалай, бір тәулік толғатып
босана алмай қиналады. Көмек көрсететін дәрігер атаулы жоқ кез.
Үрейленген Ораз бақсыға шабады. Бақсы әйелдің тамырын ұстап
қарайды да: «албасты иектеп жатыр екен... Отқа май құйыңдар, түз
салыңдар...» деп, онсыз да хәлі бітіп, елім үстінде жатқан әйелді
қамшымен ұрады. Әйел бір уақытта кезін ашып: «Оразай, өлтірді
ғой мынау!» деуге ғана тілі келіпті. Осыдан кейін талып кетіп, түн
ортасы шамасында қайтыс болыпты. Шаруа өтелмес қайғысын екі
көзінен егілген жасы, мөлт-мөлт етіп, бетіне сорғалап отырып айтты.
— Үйелмелі-сүйелмелі үш бала қалды бишарадан — деді шаруа
даусы бұзылып.— Үлкен балам — алтыда, ортаншысы — төртте, ең
кішісі — екіде. Жастайынан жетім қалды балапандарым. Қайтермін?
— деп күңіреніп ауыр күрсінді.
Жайлап отырып көңіл айтқаннан басқа қолдан келер ешнәрсе
жоқ. Тек көкірегім қақ айырылып, ішімнен ғана: «неткен бақытсыз,
неткен сорлы халық едік. Әлде қор болып, құруға бет алған халық па
едік»,— деп қынжылып отырып, біраздан кейін сыртқа шықтым.
Атшы да ере шықты. Ол менің қынжылғанымды байқап қалса керек
маған қарап:
— Шырағым, қынжылма! Бұл елдің көрген күні осы ғой. Мұның
әлі талайын көресің, бұдан да сорақысын көрерсің. Сорлы болған
халық емес пе, қайтерсің,? Өздерің сияқты кезі ашық, оқыған жастар
елді өгіздей өрге сүйремесе, құлдырап бара жатқан ел ғой бұл,—
деді.
Сауатсыз, қарапайым адамның сөзі мені қайран қалдырды. Халық
өз хәлінің мүшкіл екендігін сезе бастаған екен деген ойға келдім. Ел
санасының ояна бастаған жайы мені әрі қуандырды, әрі маған қуат
бергендей болды. Тіпті еңсем көтеріліп, көңілім өсіп қалды. Өзім
келе жатқан Кішіқұмдағы елдің де осындай талай есті адамдары бар
болар, көзі қараңғы болса да, көңіл сайраған ойшыл адамдары, тіпті
бірен-саран емес, кеп те болу керек. Жұмысымда соларға арқа
сүйеуіме болады екен деген ой, мені бір сергітіп тастады.
Шаруаның үйінде қонып шығып, ертеңіне күн көтеріле ілгері
қарай жүріп кеттік. Кеп кешікпей-ақ Кішіқұмға да кірдік. Ұзын
сапарымда жұмбақ болып келе жатқан Кішіқұм, сырының шет
жағасы ашылып, «барға мәзір ет» дегендей шаңытып жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |