Үйге кірдік. Мен қасақана төрге барып отырып алдым. Молда мен
старшынның ығысыңқырап, менің екі жағымнан отырғанына бай
үндеген жоқ, бірақ жаратпай қалды. Тағы да қымыз келді.
— Болысқа хабар ету керек мына мектепке кім-кімнің балалары
алынады, тізімін жасап беру керек шығар? — деді бай қымыз ішіп
отырып, старшынға қарап қойып.
— Кеше осы ауылға соғып қайтамын деп отырған. Ертең
болыстың езі де келіп қалса керек — деді старшын.
— Бұл бала қайда жатпақ? — деді кенеттен молда.
— Қайда жатсын? Байдың үйінде жатады да,— деді старшын.
— Жататын үй табылады ғой,— деді шаруа.
Бай үндемеді.
— Үй табылса, жалдап алар едім,— дедім мен.
— Қатың балаңыз бар ма еді? — деді бай.
— Жоқ.
— Олай болса, үй табылғанымен ол үйге кіміңіз қарайды? Ас-
суыңызды кім даярлайды?—деп қалды тағы да бай.
Мен оған тіл қатқаным жоқ. Қымыз жиналып, ас келді. Ас жеп
болған соң, молда құран оқып, жұрт тарай бастады.
Мен шаруамен бірге еріп шығып, соның үйіне бардым. Біраз
әңгімелескен соң, одан шығып баяғы мектепке келдім. Мектеп деген
аты ғана болмаса хәлі мүшкіл еді. Амал нешік бұдан басқа
саңғырлап тұрған үй жоқ. Маған қалайда әйтеуір негізі қаланған жер
үйді мектеп етіп шығару керек. Ендігі жерде осы мәселені өз қолыма
алмасам, болмайды екен деп, мен мұның жоспарын ойлай бастадым.
Ең алдымен еденін тегістетуім керек. Одан кейін есігін
қондыртып, ішін жақсылап сылатып, мүмкін болса, пеш салдырып
көру керек. Мектептің ішкі жабдықтарынан да түк жоқ. Парта
орнына қазақтың дөңгелек үстелдерін қойғызып, тақта жасату
керек... Не керек әйтеуір бітпеген жұмысы жеткілікті еді. Ал осы
жұмысты істейтін кім? Мұны істететін де, істете алатын адам да осы
ауылдағы бай. Олай болса, әзірге осы байдың «тілін табу» керек
басқа қолданар шара жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: