Индустрияландыру жылдарында салынған алып құрылыстар (1920-1940 жж.)
Большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан–Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев –Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды. Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай күрделі құрлыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты.