Қазақ қоғамындағы батырлар мен билердің орны
Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды.
Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да (оның өзінде халық ақ киізге көтеріп сайлауы тиіс), мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесісіз шешілмеген. Біз бұдан қазақ даласында атам заманнан ақ билік бөлінісі принципінің болғанын көреміз.
Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.
Тарихи деректерге сүйене отырып, зерттеушілер қазақ билерінің іс қарауы қоғамдық іс-шара ретінде қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырғанын көрсетеді. Жалпытанылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:
1) қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.
2) билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.
3) Сонымен қатар, билер сотының шешімі әрқашан да әділеттікке негізделіп, олардың кескен үкімдері мен шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған.
4) Егер бидің шешіміне тек бір тарап қана разы болса, онда істің әділетсіз шешілгені, мұндай келеңсіз жағдай бидің беделін түсірген.
5) қазақ билерінің билік айтуы, іс қарауы көпшілікке ашық, жария түрде өткен.
Батыр
Жауынгерлік шеберлікті жетік меңгерген, ерлігімен аты шыққан ержүрек, батыл, қаһарман адам.
18 – 19 ғасырларда қазақ хандары Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Абылай және Кенесары батыр атанды. 18 ғасырда қазақ қоғамында халық арасында шексіз сүйіспеншілікке бөленген батырлардың тұтас бір тамаша тобы пайда болды. Мұның өзі, ең алдымен, қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне тікелей байланысты еді. Ол батырлар Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Наурызбай және басқалар. 19 ғасырда Ресей империясының отаршылдық экспансиясына, сондай – ақ Орта Азия хандықтарының зорлық – зомбылықтарына қарсы қазақтардың ұлт – азаттық қозғалысы кезінде ерекше көзге түскен Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай, Иман, Жанқожа, Есет сияқты тағы басқа да батырлардың есімдері мәңгі бақи халықтың есінде қалды
Киікбай батыр (1693-1741 жылдары аралығында өмір сүрген) - қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы Керей елінің тұтастай бiр Шеруші-Бақат руының жолбасшысы, кесіп айтар биі бола білген айтулы тұлға. Оны өз заманында атақты хан Абылайдың өзі аса жоғары бағалаған.
Источник: https://e-history.kz/kz/publications/view/5512
© e-history.kz
Достарыңызбен бөлісу: |