Ы.Алтынсаринның-Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады. Сөйтіп, ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Ыбырай "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету. Алтынсарин мектепті тәмамдаған соң үш жылға таяу Орынбор шекаралық комиссиясы тағайындаған қыпшақтардың ұзын әскери старшыны атасы Балғожа Жаңбыршыұлына тілмаштық қызмет атқарады. Кейін, 1859 ж тамыздың 1-ші жұлдызынан бастап Орынбор облыстық басқармасында кіші тілмаш қызметіне болады. 1960 ж облыстық басқарма оған Орынбор бекінісінде қазақ балаларын оқытатын бастауыш мектеп ашуды жүктейді, әрі өзі сол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып тағайындалады. 1864 ж қаңтардың 8-ші жұлдызында көп халық жиналып, мектеп салтанатты түрде ашылады. 14 бала мектепке жазылады. Халықтан жиналған қаржы есебінен , мектеп жанынан интернат ашылады. Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі осылайша басталған еді. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы сынды аса жауапты қызметте болды, оның ҚАЗАҚ ХРЕСТОМАТИЯСЫ мен ҚАЗАҚТАРҒА ОРЫС ТІЛІН ҮЙРЕТУДІҢ БАСТАПҚЫ ҚҰРАЛЫ тәрізді кітаптары бүкіл қазақ жеріндегі орыс-қазақ мектептеріндегі оқу құралына айналған.