Толық емес деректер бойынша, тек 1922 жылы ғана ҚазОАК жанындағы Орталық балалар комиссиясына елдің әр түрлі аудандарынан 66 790 пұт астық пен азық-түліктін басқа да түрлері, 161 567 паек, жарты миллион сомға жуық ақшалай көмек, 100 пұттан астам сабын, бірнеше мың метр мата, бірнеше жүздеген пар аяқ киім, көптеген дәрі-дәрмек берілді.
Қазақстанның аштық жайлаған губернияларына Семей губерниясы айтарлықтай көмек көрсетті: өз губерниясында дайындаған азық-түлікке қоса, республиканың және Еділ бойынын ашыққан тұрғындары үшін кршілес Моңғолиядан 1922 жылы 77 000 қой және 5 000 ірі қара сатып алды.
Кейбір халықаралық ұйымдар (Қызыл Крест, балаларға көмек көрсету жөніндегі Халықаралық Одақ және басқалары) мен жекелеген белгілі тұлғалар да көмек көрсетті. Мәселен, Норвегияның әлемге танымал ғалымы және қоғам қайраткері Ф. Нансен КазОАК жанындағы Орталық балалар комиссиясына 4 052 жәшік консерві, 20 жәшік кептірілген нан, 30 пұт медикаменттері бар екі жылжымалы амбулатория берді.
Ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі РКФСР Орталық Комиссиясы 1923 жылы Қазақстандағы көктемгі eгic жұмыстарының қажетіне 215 мың пұт тұқымдық астық пен жұмыс көлігін сатып алу үшін 1 441 429 сом бөлді, мемлекеттік банк арқылы жекелеген аймақтарға 690 мың сом көлемінде тиімді жағдайда несие берді.[19].Тұтынушылардың Орталық одағы арнаулы қорынан Ақтөбе, Қостанай, Орынбор және Орал губернияларының кооперативтік ұйымдарына көмек ретінде 585 мың сом бөлінді.
Сондай-ақ республиканың тек мал өсірумен шұғылданатын және ашаршылықтан зардап шеккен аудандарына да айтарлықтай көмек көрсетілді. Көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарға көмек көрсетілген кезде оларды шаруашылық және тұрмыстық ерекшеліктері ескерілді. Олардың қажетін толық көлемінде қанағаттандыру үшін жылжымалы тамақтандыру пункттері жұмыс істеді. Осындай әр пунктке дербес дәрігер бекітіліп берілді. Осыған қоса, медициналық қызмет көрсететін, алып жүруге қолайлы палаталық пункттер ұйымдастырылды. Мысалы, Қызыл Крест тарапынан 11 дәрігерлік-тамақтандыру отряды ұйымдастырылып, жұмыс істеді, олар ашыққан көшпелі қазақ ауылдарына қызмет көрсетті. Осы отрядтар ашыққандарға өз асханалары арқылы 2000 азық-түлік паегін бөлді, медициналық пункттері мен ауруханалары арқылы қажетті көмек көрсетті. Сонымен бірге КазАКСР-інің Ақмола және Семей губернияларының, Түркістан АКСР-інің Сырдария және Жетісу губернияларының тұрғындарына, ашаршылықтан зардап шеккен көшпелі және жартылай көшпелі аудандарға көмек ретінде 6 927 ірі мүйізді қара мен ұсақ тұяқ берілді.