2.Кеңес педагогтарының іс-әрекеттері: Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, П.П.Блонский, А.С.Макаренко және т.б.
3.1980-1990 жж. кеңестік мектеп және педагогика ғылымының дамуы.
4.Жаңашыл-мұғалімдер – В.Ф.Шаталов, Ш.А.Амонашвили, С.Н. Лысенкова, И.П.Иванов, Т.И.Гончарова, Г.И.Ильин және т.б.
1917-1940 жылдар аралығындағы Қазақстандағы халыққа білім беру ісі. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көптеген өзгерістер болды. Соның ішінде, республикада халықтың сауатсыздығын жою жөніндегі, жалпы білім беретін мектептердің кең жүйесін құру, яғни бастауыш, орталау, орта мектептерді және арнаулы орта, жоғары оқу орындары бойынша атқарылған көптеген жұмыстарды атап өтуге болады. Халыққа білім беру ісіндегі ең маңыздысы біртұтас жүйенің құрылуы және дамуы, сондай-ақ мектеп жасындағы балаларды оқуға қамту болды. Үкіметтің және халыққа білім беру органдарының ұдайы қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде мектептер, мектептен тыс ұйымдар, балалар мекемелерін құруда үлкен табыстарға қол жетті. Мектеп ашудың қиындығы оқулықтардың жоқтығына, оқу бағдарламаларының, мектеп ғимараттарының, мұғалімдердің аздығына, әсіресе ұлттық педагогтік кадрлардың тапшылығына байланысты болды. Сауатсыздықты жою, бастауыш мектептерді ұйымдастыру, бір жылдық және екі жылдық мектептерді төртсыныптыққа ауыстыру жөніндегі жұмыстар төтенше күрделі жағдайда өріс алды. Мектептер тұрғызылды, алыс аудандардағы оқушыларды оқыту үшін тиісті жағдайлар жасалды. Балаларды оқытудың күрделі жағдайларын есепке ала отырып, әртүрлі үлгідегі мектептер коммуна-мектептер интернаты құрылды. Кейін ол жоғары үлгідегі мектепке айналдырылды. Оның ұлт жастарын техникумға түсуге дайындауда маңызы ерекше болды. Кеңес үкіметі құрамындағы ұлт республикаларының комиссариаты, губерниялар мен облыстардағы Халком жанындағы бөлімдерімен халық ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту халкомы болып А.В.Луначарский тағайындалды. 1918 жылы қаңтарда Петроградта елдегі ағарту ісін түбегейлі қайта құруды көздеген Кеңестердің бүкілресейлік ІІІ съезі өтті. Күйзеліс, аштық, басталған соғыс интервенциясы мен азамат соғысына қарамастан, халық бұқарасының мәдениетін көтерудегі бірінші жағдай ретінде сауатсыздықты жою міндеті қойылды. 1918 жылы наурызда Түркістан өлкесінің Халком кеңесі өзінің декретін жариялады. Онда «ағарту жөніндегі халық коммиссариаты А.В.Луначарскийдің жарлығына сәйкес, ұсынылған жоспарға байланысты Түркістан өлкесінде халыққа білім берудің өлкелік кеңесі ұйымдастырылады» деп айтылған. 1918 жылы маусымның ортасында халыққа білім беру жөніндегі Өлкелік кеңестің орнына Түркістан ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту комиссариатына көпұлтты халқы бар өлкенің ұланғайыр аумағында мәдени-ағарту мекемелері, ана тілінде сабақ беретін және ғылым талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалар бойынша оқытатын мектептер жүйесін құру жүктелді. Мектептерді бастауыш, гимназия, реальды училище және т.б. бөлу қысқартылды. Оның орнына екі сатылы мектеп енгізілді: бірінші – 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар үшін 5 жыл оқу және екінші – 13 жас пен 17 жас арасындағы балалар үшін 4 жылдық оқу. Қазақстандағы халыққа біліс беру жүйесіндегі түбірлі өзгерістерді барлық жастағы жұртшылықты қамтыған ағартушылық және мәдени-тәрбие жұмысының жаңа түрлері құрады. Жер-жерде курстар, кешкі мектептер, өз бетімен білім алу үйірмелері ұйымдастырыла бастады.
Кеңес өкіметінің мәдениет мәселелері жөніндегі бірінші маңызды декреттерінің арасында РСФСР Халық ағарту комитетінің «Аз ұлттардың мектептері туралы» қаулысы болды. Осыған сәйкес 1918 жылы тамызда Қазақ респуликасының ОАК (ЦИК) мектептерде оқытуды ана тіліне көшіру туралы декрет жарияланды. Қазақ мектептерінде ана тілінен басқа орыс тілін, сондай-ақ арифметика, география, тарих, жаратылыстану, сурет, ән-күй сабақтарын оқи бастады. Қазақ, орыс мектептері құрылды. Ал Қазақстанның Оңтүстік облыстарында басқа мектептермен қатар өзбек, ұйғыр мектептері дүниеге келді. 1918 жылдың 23 қаңтарындағы «Шіркеуді мемлекеттен және мектептерді шіркеуден бөлу туралы» декрет мектептердің еркін демуының бастауы болды. Халыққа білім берудегі қайта құрулармен қатар басқа да шаралар аса үлкен маңызға ие болды. Елдің барлық оқу орындары Ағарту жөніндегі халық комиссариатының қарамағына берілуі, ұлдар мен қыздарды бірге оқытуды ұйғару ерекше маңызды болды. Үлкен адамдардың арасында сауатсыздықты жою жөнінде көп жұмыстар атқарылды. Осы жылдары халыққа білім беру жұмысының табысы негізінен мұғалім туралы мәселені шешуге қатысты еді. 1920 жылдың соңына қарай 17 кәсіби-техникалық оқу орындары Орал, Семей, Торғай, Верный, Петропавлда ашылды. Сонымен қатар осы жылы Оралда, Петропавлда музыка мектептері; сондай-ақ Оралда педагог-суретшілерді дайындайтын мектеп ашылды. Техникумдар мен жоғары оқу орындарының жұмысшы факультеттері арқылы жергілікті ұлттан кадрлар дайындауға баса назар аударылды. Мектеп жүйесінің жылдам өсуі педагогтарды да көп талап етті. 1921 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда халыққа білім беретін төрт институт жұмыс істей бастады. Орынборда жалпы саны 130 адамдық орысша, татарша – 223 адамдық, қазақша – 140 адамдық, Семейде аралас – 90 адамдық. Олар бар болғаны 593 адамды қамтыды.
1920-21 жылдары қыздарға білім беруді өркендетуге ерекше назар аударылды. Ең масқарасы қалыңдықты қалың малға сатып алу түрі болды. Бұл барлық құқықтардан, тіпті білім алу құқынан айрылып біреудің екінші немесе үшінші әйелі болуына мәжбүр етті. Сондықтан 1920 жылдың 28 желтоқсанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті ҚАКСР Халық комиссариаты кеңесі қалың малға тиым салу туралы декрет қабылдады. Қалың мал туралы келісім, баталасу дұрыс емес деп танылды. Декретті бұзу қалыңмалға берілген малды және басқа да дүние мүліктерді алған адамнан екі есе көлемде тәркілеуді және екі жақты да бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап етті. Өздерінің еркіндікке деген құқын сезінген қазақ қыздары қоғамдық өмірге белсенді араласып, білім ала бастады.
1920-1921 жылдары азамат соғысы жүріп, халық шаруашылығы күйзеліп, көптеген аудандарды аштық жайлаған кезеңде мектеп ісінің жағдайы өте ауыр болды.
1923 жылы мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашылды. Курстарда жалпы білім, арнайы педагогтік және әдістемелік пәндерді оқып үйренді.
1924 жылдың ақпанында «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы құрылды. Ол оқуға үгіт-насихат жүргізу, білім берудегі кенже қалудың себептерін түсіндіру мәселелерімен шұғылданды.
1924-1925 жылдары мектепті қаржыландыру біршама жақсарып, одан әрі қарай қазақ мектептерінің өсуіне ықпал етті. Қазақстанда 4 жылдық білім беретін мектептер, 7 жылдық мектептер ұйымдастырылды.
1930 жылы 27 тамызда ҚАКСР үкіметі жалпыға бірдей міндетті оқу туралы Декрет қабылдады. Декретте республикадағы барлық балаларды жалпыға бірдей оқуға тарту міндеті қойылды. Жергілікті өкімет, жергілікті жердегі халыққа білім беру органдары осы бағытта сан қырлы күрделі жұмыстар жүргізді.
1930-1931 оқу жылынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Бастауыш мектеп 8 бен 11 жас арасындағы барлық балаларды қамтыды.
Жалпы білім беретін мектептерді түп тамырымен жақсарту үшін Үкіметтің 1933 жылы ақпанда «Бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін оқулықтар туралы», 1934 жылы мамырда «Бастауыш және орта мектептің құрылымы туралы», 1935 жылы «Оқу жұмысы және бастауыш, орталау, орта мектептің ішкі тәртібін ұйымдастыру туралы» және 1934 жылғы «КСРО мектептерінде азаматтық тарихын оқыту туралы» қабылданған қаулысының мәні ерекше болды. Осы каулылар негізінде жалпы білім беру жүйесінің толық құрылымы аяқталды. Мектептерді жеке типтері айқындалды: бастауыш – 4 сыныптық, орталау – 7 сыныптық, орта – 10 сыныптық. Оқу үрдісінің негізгі түрі болып сабақ танылды. Мектептегі мұғалімнің рөлі артты.
1934 жылы ережеге сай педагогтік институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институты құрылды. Онда орта және орталау білімі бар адамдар қабылданып, жеті жылдық мектептер үшін мұғалімдер дайындады. Осындай екі жылдық институттың бітірушілеріне аяқталмаған жоғары білімді деген диплом берілді. Осы кезеңде педагогтік институттар мен мұғалімдер институттары Алматы, Орал, Қарағанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында жұмыс істеді. 1938 жылы 6 сәуірде халыққа білім беру органдары КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Республиканың қазақ мектептерінде орыс тілін оқытудың міндеттілігі туралы» қаулысын қабылдады. Қаулыда Қазақстанның қазақ, өзбек, ұйғыр, татар және басқа мектептерінде орыс тілін оқытудың қатаң тәртібі бекітілді.
1931 жылы тамызда ҚазКСР ХКК жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық оқуды енгізу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау үшін 1931-1932 оқу жылынан бастап республиканың барлық қалаларында, 26 ауданында жетіжылдық жалпыға бірдей міндетті оқу енгізілді.
1935 жылы республика үкіметі «Мектеп құрылымдарын ретке келтіру және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» маңызды шешім қабылдады.
1940-41 оқу жылында қазақ орта мектептерінің жанынан 29 мыңға жуық бала тәрбиеленетін 250 бюджеттік интернат ашылды.
Жоғарғы оқу орындар саны өсті, ғалымдар саны ұлғайды. Қаз Хал Ағарту комиссариаты жүйесінде 1940-41 оқу жылының басында 13 педагогтік және мұғалімдік институт жұмыс істеді.
1940 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы өз Жарлығымен ең озық және еңбегі сіңген мұғалімдерге берілетін «Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі» атағын бекітті.
Осы жылдар ішінде Қазақстан тұтас сауатты республикаға айналды, жүздеген, мыңдаған мектептер, балалар бақшалары, орта арнаулы және жоғары оқу орындары құрылды. Республикада Қазақстан аумағында тұратын барлық ұлттар тілінде жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жүзеге асырылды. Сондай-ақ біртіндеп жалпыға бірдей жетіжылдық, сегізжылдық, сол секілді кейінірек орта білім беруге көшу жүзеге асырыла бастады.
2.1917-1940 жылдар аралығындағы Кеңестік педагогиканың қалыптасуы мен дамуы. Кеңестік педагогиканың негізін қалаған халық ағарту ісінің көрнекті қайраткерлері – Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, М.Н.Покровский және басқалары болды. Кеңес педагогикасында алғашқы жылдары тәрбиенің жалпы мақсаты тұжырымдалды. Тәрбиенің мәнін жаңаша тұжырымдау «Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі қағидалары» атты декларацияда анық та айқын көрініс тапты. Декларация революцияға дейінгі мектептерге тән тәрбиенің милитаристік және ұлтшылдық бағыттарын қатты сынға алды. Кеңестік педагогика өнерді баланың танымдық қабілеттіліктерін дамытудың, рухани бейнесін қалыптастырудың, жоғары идеал мен дүниеге эстетикалық қатынастардың ең күшті құралы ретінде жоғары бағалады.
Кеңес педагогикасын дамытуда Павел Петрович Блонский ерекше орын алды. Ол «Педагогика» (1922) және «Педагогика негіздері» (1925) оқулықтарын жазды. Осы жылдары А.П.Пинкевичтің «Педагогика» оқулығы жарық көрді. Бұл еңбектің авторлары ескі педагогикалық мұраны қайта қарауға және тәрбие мен білім беру мәселелерін жаңаша шешуге талпынды. Кеңестік дидактиканың негіздерін қалауда Н.К.Крупскаяның еңбегі ерекше болды. Ол тек қана педагогиканың бұл саласының жалпы мәселелерін қарастырып қана қойған жоқ, сонымен қатар жеке әдістеме мәселелерін, әрбір оқу пәнінің білімдік және тәрбиелік мәнін қарастырды.
20-жылдары өзінің жан-жақты педагогикалық және ғылыми қызметімен белгілі болған кеңес педагогикасының көрнекті өкілі Станислав Теофилович Шацкий. Шацкий еңбек тәрбиесіне, оқытуды еңбекпен, қоғамдық пайдалы еңбекпен ұштастыруға ерекше мән берді. 1932 жылы техникумдар үшін «Педагогика» оқулығы (редакциясын басқарған А.Африканов пен П.Н.Груздев); 1934 жылы М.М.Пистрактың педагогикалық институттарға арналған «Педагогикасы»; П.Н.Шимбировтың педагогикалық училищелерге арналған «Педагогика» оқулығы; 1939 жылы И.А.Каировтың басқаруымен «Педагогика» оқу құралы жарық көрді; 1940 жылы П.Н.Груздевтің басқаруымен «Педагогика» оқу құралы баспадан шықты.
30-жылдары дидактика және тәрбие теориясы мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. 20-30 жылдары балалар ұжымы мәселесіне ерекше қызығу аңғартқан көрнекті кеңес педагогтары мен психологтары Н.М.Шульман, С.М.Ривес, П.П.Блонский, А.С.Залужный, М.М.Пистрак, С.П.Щацкий, А.С.Макаренко, Ф.Ф.Каролев. Ұжым мәселесін зерттеуге А.С.Макаренко елеулі үлес қосты.
30-жылдардың орта кезінде педагогика тарихының саласында ғылыми-зерттеу жұмысы елеулі жандана бастады.
3. 1940-1960 жылдардағы Қазақстандағы білім беру. 1941 жылы фашистік Германия Кеңестер Одағына соғыс ашты. 1940-1942 оқу жылдары қазақша орталау мектептердің жанынан 250 интернат ашылды. Онда 29 мыңға жуық бала тәрбиеленді. Олардың арасында сол кезде қиян-кескі соғыс жүріп жатқан еліміздің батыс аудандарынан көшірілгендер де аз емес еді. 1943 жылдан бастап өндіріске араласқан жастар үшін жұмысшы жастардың жетіжылдық және орта мектептері ашылды. Соғыс кезіндегі жағдайдың өзінде де оқуды қоғамдық еңбекпен байланыстыру ісіне ерекше назар аударыла бастады. 8-10 сыныптарға міндетті түрде тракторды, автомашинаны үйрену жүктелді. Ал 4-7 сыныптарға ауыл шаруашылығының қарапайым негіздерін және қарапайым ауыл шаруашылығы мәшинелерін үйрену енгізілді. Соғыс уақытында барлық мектептер өз жұмыстарын әскери кезеңге сәйкес қайта құрды. Көптеген мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары майданға аттанды. Халықтың өмірінде жас ұрпақты оқытуға және тәрбиелеуге байланысты әртүрлі қиындықтар пайда болды, мұғалімдер жетіспеді.
1942-1944 жылдар республика мектептері үшін жетіжылдық жалпыға бірдей міндетті білім беру заңын жүзеге асыру туралы балалар мен жасөспірімдерге қалаларда, жұмысшы поселкелерінде және жергілікті жерлерде білім беруде аса ауыр кезең болды. Осындай жағдайда маусым айында КСР Одағы Халық комиссарлар кеңесі «1943-1944 оқу жылында облыстық, өлкелік қалаларда, одақты және автономиялық республикалардың орталықтарында және ірі өндірісті қалалардағы орта және орталау мектептерде ұлдар мен қыздарды бөлек оқыту туралы» қаулы қабылдады. Бөлек оқыту соғыс уақытындағы жағдайда тәжірибедегі іс-әрекетке сай оқушыларды арнайы дайындау мақсатымен ұлдар мен қыздардың денесінің даму ерекшелігін ескеруге қатысты болды. Соғыс кезеңінің қиындығына қарамастан Қазақстан үкіметі халыққа білім беру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге тұрақты назар аударып отырды. Үкімет 1942 жылы 30 шілдеде өкім шығарып, онда мектеп жасындағы балалардың бәрін мектепке тарту және мектеп ғимараттарын дұрыс пайдалануға қатысты шаралар көрсетілді. 1943 жылғы 8 қыркүйектегі КСРО ХКК-нің қаулысымен 1944-1945 оқу жылынан 7 жастан бастап балаларды бастауыш, орталау, орта мектептерде міндетті түрде оқыту енгізілді. «Жеті жастағы балаларды мектепке қабылдау туралы» үкіметтің шешімі үлкен мемлекеттік және халықаралық маңызы бар акт болды. 1944 жылы «8 жас пен 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді есепке алуды ұйымдастыру және жалпыға бірдей міндетті білім беру жөніндегі заңның орындалуын бақылаудың тәртібі туралы» міндетті нұсқау жарық көрді. Жаңа нұсқауға сәйкес, әрбір бастауыш, орталау және орта мектеп мектеп жасындағы балалардың сауатын ашуды қамту бойынша өзінің учаскесі болуы тиіс. Оның орындалуын жергілікті кеңестердің атқару комитеттері бақылауға алды. Соғыс жағдайы мектеп, орта және жоғарғы оқу орындарының жұмысында үлкен қиындықтар туғызды. Оқу орындары ғимаратының бір бөлігі госпитальдарға берілді. 1940-41 оқу жылында тарих, жағрафия, әдебиет, дарвинизм негіздері, химия бойынша мектеп оқулықтары дайындалып, практика жүзінде тексерілді. Россияда тұрақты деңгейде шыққан оқулықтар КСРО халықтарының ұлт тілдеріне аударылды. 1941 жылы оқушылардың дене тәрбиесін жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Мектептен тыс мекемелер – жас техниктер станциясы, пионерлер үйі, туристік балалар станциялары үлкен жұмыстар жүргізді. Көркемөнер үйірмелері кең қанат жайды, әртүрлі драмалық үйірмелер, балалар студиясының хоры пайда бола бастады. Осы жылдарғы ең маңызды мәселелердің бірі мұғалімдерді дайындау және олардың мамандығын арттыру мәселесі болды. Мұғалімдер сырттай білім алу жүйесіне кеңінен тартылды. Республиканың барлық облыстарында кәсіби дайындығын жетілдіру бойынша мұғалімдермен әдістемелік жұмысты ұйымдастыру мәселесі үлкен маңызға ие болды. Халыққа білім беру органдары мәжілістер, конференциялар, мұғалімдер дайындайтын және қайта дайындайтын қысқа курстар жүргізу бойынша белсенді жұмыс атқарды. Соғыстың қиын жылдары жоғарғы оқу орындарының саны қысқарып және соған сәйкес онда оқитын студенттердің саны да азайды. Елімізде жоғарғы оқу орындарының жүйесі қысқарғанына қарамастан кейбір республикаларда жаңа жоғарғы оқу орындары ұйымдастырылды. Қазақстанда төрт жоғарғы оқу орны пайда болды: 1943 жылы Шымкентте – құрылыс материалдары технологиялық институты, 1944 жылы – Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік консерваториясы, Қазақ Мемлекеттік дене тәрбиесі институты, республиканың ауыл, село аудандарындағы мектептер үшін қазақ қыздары арасынан педагог кадрлар дайындауға арналған Мемлекеттік Қыздар педагогтік институты ашылды. Республиканың жоғары оқу орындарында оқу және ғылыми жұмыс сапасын көтеруге және оның нығаюына Қазақстанға орталықтан көшірілген жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушылар ұжымы жоғары деңгейде ықпал етті. Қазақстанның әртүрлі қалаларына 8 мыңнан аса студенті, 545 оқытушысы, оның ішінде 98 ғылым докторы, профессоры, 210 ғылым кандидаты, доценті бар 22 институт көшірілді. Республика астанасында 12 жоғары оқу орны – москвадан, ленинградтан, киевтен, воронежден және т.б. орналасты. Осы жоғарғы оқу орындары қазақстандық ғалымдарға, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарына, олардың оқу-өндірістік үрдісіне, ғылыми-зерттеу және саяси тәрбиелік жұмысына жоғары деңгейде көмек көрсетті. 1945-1946 оқу жылында Қазақ КСР-інде 24 жоғарғы оқу орны болып, онда 15 мыңнан астам студент оқыды. 1947 жылдың аяғына қарай елімізде жоғары оқу орындарының саны соғысқа дейінгі кезеңге жетті. 1947-1950 жылдары Қазақстанда жаңадан 6 институт ашылды. 1956 жылдары халыққа білім беру саласында үлкен өзгерістер болды. Жалпыға бірдей 7 жылдық оқу орнына 8 жылдық жалпыға бірдей міндетті білім беру енгізілді. Жан-жақты дамыған және сауатты адамдарды дайындауды жоғары деңгейде шешетін жаңа үлгідегі мектеп-интернаттарды ұйымдастыруға кірісу мақсатты мәселе деп танылды. Қазақстанда мектеп-интернаттарды құруға халыққа білім беру органдары 1956 жылдың наурызында кірісті. Шамамен 1700 адамға арналған сегіз жылдық мектеп-интернаттарАқмола облысының Сандықтау ауданында, Қарағанды облысының Қарағанды, Долын аудандарында, Талдықорғанның Панфилов, сондай-ақ Ақтөбе, Гурьв, Семей, Шымкент облыстарында ашылды. Олардың барлығы да жұмыс істеп тұрған мектептер базасында ұйымдастырылды. 1956-1960 жылдары оқушылар арасында оқу-тәрбие жұмысы оның шығармашылық бастамада жан-жақты өркендетуіне бағытталды. Мектептерде тәрбие жұмысының бағдарламасын жасау бірнеше жылдар бойы жүргізілді. 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және КСРО-дағы халыққа білім беру жүйесін одан әрі қарай өркендету туралы» заңды қабылдады. Ол заң еліміздегі жалпыға бірдей міндетті 8 жылдық білімді бекітті. 1950-1960 жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелерінің саны күрт өсті. Балалар бақшасы ұжымшарларда, кеңшарларда құрылды. Бұл кезеңде мектепке дейінгі мекемелердің материалдық базасы әлдеқайда нығайды, тәрбие жұмысында жақсы жағынан өзгерістер болды, мектепке дейінгі балалар мекемелері қызметкерлерінің білімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. 60-ыншы жылдарғы мектепке дейінгі мекемелердің негізгі түрі «Бала бақша» болды. Онда бала-бақша мен мектепке дейінгі жас аралығындағы тәрбие үрдісінің бірлігін қамтамасыз ету міндеті қойылды.
60-ыншы жылдардың аяғында Қазақ Мемлекеттік педагогика институты және Орал педагогика институты жанынан мектепке дейінгі бөлімдер ашылды. Ол кейін тиісті дайындықпен нағыз мамандарды әзірлей бастады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Ильясова А.Н. Становление и развитие педагогической теории Казахстана. (1900-1960жж.) Алматы. РИК. - 1997
2. Бержанов Қ., Мусин С. Педагогика тарихы. - А., 1974
3. Әбиев Ж. Педагогика тарихы: Оқу құралы. - Алматы, 2006
4. А.И.Пискунова. История педагогики. Часть І. От зарождения воспитания в первобытном обществе до середины ХVІІ века. М.:, 1997
5. Джуринский А.Н. История педагогики: Учеб. пособие для студентов педвузов. М.:, 1999.