Енді төменде медицина ғылымы саласына орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген терминдері аудару туралы сөз қозғайық. Мысалы, орыс тіліндегі «нерв» сөзі латынның «nervus» деген сөзінің орыс тілінің заңдылығымен дыбыстықөзгеріске түскен сөзі екені белгілі. Бұл, әрине, орыс тілінде осы ұғымды беретін сөз болмағандықтан қолданылған сөз. «Нерв» сөзініңқазақша баламасы – «жүйке». Бұл сөздіңқазақ тілінде ежелден бар екеніне XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген компазитор Балуан Шолақтың: «Айдың көзін жылт етіп бұлт алсын, бүйте берсең жүйкемді құрытарсың»,– деген өлеңі айғақ болса керек. Қазір медициналық оқулықтар мен оқу құралдарында, медициналық мәтіндерде жүйке аурулары,жүйке жүйесі, жүйке түйіндері, жүйке жасушалары, жүйке талшықтары сияқты терминдер кеңінен қолданылып жүр. Бұл «жүйке» сөзінің орыс тіліндегі «нерв» сөзіне толық балама бола алатынын көрсетеді. Ал енді орыс тіліндегі невроз, невропатолог, неврология, невралгиясияқты сөздерді қалай қолдану керек немесе қалай аударып алуға болады деген мәселені дәрігерлер мен тіл мамандары ақылдаса отырып шешуге болатын сияқты.
Медициналық термин сөздерді аударып алуда да қазақ тілініңөзіндік ерекшелігін ескерген жөн. Мысалы, орыс тіліндегі «смертность», «заболеваемость», «рождаемость» сөздері орысша-қазақша медициналық сөздіктерде «өлімшілдік», «аурушылдық», «туушылдық» деп аударылып жүр. Қазақ тілінде зат есімге сын есім тудырушы жұрнақтар үстемелеп жалғанбайды. Бұл сөздерді «өлім-жітім», «ауру-сырқау», «өсіп-өну» деп қос сөздер арқылы беруге болар еді. Қазақ тілінде сөзжасамның ерекше бір тәсілі болып келетін бұл құбылысқа, яғни сөздерді қосарлап қолдануға жеткілікті дәрежеде мән берілмей келеді.
Қазақғылыми медицина тілініңқалыптасуына көп уақыт бола қойған жоқ.Әрине, Кеңес Өкіметі кезінде де мерзімді басылымдардақазақ тілінде медициналық тақырыптарда мақалалар жарияланып тұрды, ғылыми-танымдық оқу құралдары жарық көрді. Дегенмен жоғары оқу орындарында медициналық білім қазақ тілінде берілмегендіктен, қазақ тілінің медицина саласында дамуы кенжелеп қалды. Ал еліміз Тәуелсіздік алып, медицина ғылымы қазақ тілінде оқытыла бастағаннан бері, орыс тіліндегі медициналық оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тіліне аудару бойынша біраз жұмыстар атқарылды, қазақ тілінде көптеген оқулықтар мен оқу құралдары жазылды. Алайда бұл салада кемшіліктер де аз емес, себебі осы оқулықтар мен оқу құралдарын аударушылардыңөздері де қазақ мектептерін бітіргендерімен, жоғары оқу орындарында медициналық білімді орысша алғандар. Екіншіден,қазақша аударылған еңбектер, көп жағдайда, жақсы тіл маманының сараптауынан өтпей жатады. Үшіншіден,қазақ тілінің сөздік қоры, яғни тіл байлығы сарқа пайдаланылмай келеді.
Сәтсіз терминдер:
Врачебный долг – дәрігерлік борыш деп ұсынылғаны сәтсіз. Бұл жерде деонтология (deontos) – учение о долге – біреуден қарыз алып борышқа батып жүргендердің мәселесі емес, бұл – рухани әрекет пен рухани міндет деңгейіне көтерілген категория, сондықтан да врачебный долг – дәрігерлік парыз, бірақ деонтологияны «парызтану», «парызтаным» деп термин жасау қаншалықты сәтті, ойланайық.
Соңғы он-он бес жылда баспадан шыққан сөздіктер мен кітаптардың көпшілігінде «алкоголизм» терминін қазақ тіліне «маскүнемдік» деп аударып, қолданысқа қосып жіберді. Бұл терминді бүкіл әлем жұртшылығы сол ерте заманнан танып-білген «алкоголизм» қалпында қолданып келеді. «Алкоголь» - арғы тегі араб сөзі, кейіннен латын термині «alcohol» болып қалыптасқан. Ал «маскүнемдік» сөзінің орысша баламасы - «пьяница», яғни «маскүнемдікке» «пьяница» сөзі лайық. Оған қоса арақ ішкеннің бәрі немесе мас болғанның бәрі бірдей ауру емес. Ал «алкоголизм» термині тек медицина саласында аурудың диагнозы анықталған соң ғана айтылатын термин.
Мысалы, бір сөздікте кома – естүссіздік, сопор – естүссіздік деп аударылған (дұрыс жазылуы ес-түссіз). Кома мен сопордың өзіндік айырмашылығы бар екі түрлі дерттік жағдай, ал қазақша баламасы олардың «есі» мен «түсін» түстеп беріп тұрған жоқ.
Қазақ тілі – бай тіл. Осы пікірімізді «медицина ауылынан» алысқа бармай-ақ дәлелдеуге болады. Мысалы, «острое заболевание», «острая боль», «острый нож», «острый угол», «острая игла», «острый красный перец», «острый язык», «острая ситуация» – орыс үшін бәрі «острый», ал қазақ үшін әрқайсысының өзіне тән атауы бар – «жіті ауру», «қатты ауырсыну», «өткір пышақ», «сүйір бұрыш», «үшкір ине», «ащы қызыл бұрыш», «орақ тіл», «шиеленіскен жағдай». Әу баста кім ұсынғаны белгісіз, әйтеуір «острое заболевание» дегенді жұрт «жедел ауру» деп жүр. Осы «жедел» жылдамдықты білдіретін ұғым, яғни «скорый», «быстро» деген сөз, ал «острый гастрит», «острая пневмония», «острый панкреатит» т.с.с. атаулардағы «острый» сөзі аурулардың жылдамдығын емес, оның күрт басталуын, ауқымдылығын, ауырлығын, ағымын, т.с.с. жан-жақты сипаттайтын сөз, яғни патологиялық процестің жітілігін көрсетеді. Сондықтан да «жіті гастрит», «жіті пневмония», «жіті панкреатит» деп атауды ұсынғанбыз.
Қазақша медициналық сөздіктерді ашып, алфавит бойынша «А»-дан бастап аборт деген терминге үңіліп көрейікші. Аборттың қазақшасы түсік деп берілген. Латынша abortus – процесс прерывания беременности, ал түсік – недоносок (преждевременно рожденный плод), сондықтан аборт – түсік түсу, түсік тастау болу керек (егер өздігінен болса) немесе түсік түсіру, түсік тастату болу керек еді (егер әдейі жасалған болса).
Медициналық сөздіктерден неполный аборт – толықсыз түсік, несостоявщийся аборт – кешікті түсік деп аударғанды көргенде бұл қандай қазақша болды екен дейсің. Ал криминальный аборт – қылмысты түсік деп жазылып жүр, кейбір сөздікте астыртын түсік деп берілген. «у вас угрожающий аборт» дегенді қазаққа айту үшін біздің медициналық сөздіктерге сүйенсеңіз – «сізде қауіпті түсік бар» деп іштегі ұрықты қылмыскерге теңеп сақау қазақша шығарған болар едіңіз. Дұрысы – сізде түсік түсу қаупі бар деу керек қой. Бұл, тек қана аборттың айналасынан алынған бірер мысал. Осы сияқты қателіктер қазақша медициналық сөздіктерде толып жатыр.
Қазақ тілінің сөйлем құрау заңдылықтарын жете білмейтіндігімізден «платное глазное отделение» дегенді «ақылы көз аурулары бөлімшесі», «платное проктологическое отделение» дегенді «ақылы тікішек аурулары бөлімшесі» деп аударып алып, жаза салып көзіміз бен тікішегіміз ақылы болып кеткенін аңғармай қалдық.
Мұхамбедия АХМЕТОВ,Медицина терминдерін қалай қазақшалап жүрміз? «Астана медицина университеті» АҚ
Мемлекеттік тілді дамыту және
тіл саясаты бөлімінің басшысы, профессор
М. Ахметов
Кітап жайлы мәлімет: Орысша –қазақша –ағылшынша (40 мыңға жуық термин) Алматы: Дайк –Пресс, 2009. -800 бет