Ғаламшардағы жануарлардың жүйке жүйесінің құрылысы әртүрлі болады. Жануар жүйке жүйесінің негізгі ерекшелігі бойынша келесі типке бөлінеді:
диффузиялы;
сатылы;
түйнекті;
түтік тәрізді.
Диффузиялы жүйке жүйесі – ең қарапайым жүйке жүйесі. Бұл жүйке жүйесінде жүйке жасушалары бүкіл денеге таралып, жүйке торын түзеді. Көбіне жүйке жасушалары сыртқы эктодерма қабатының астында орналасады. Диффузиялы жүйке жүйесі алғаш рет ішекқуыстыларда (гидра, медуза, теңіз маржаны) қалыптасқан.
Сатылы жүйке жүйесі. Бұл жүйке жүйесі жалпақ құрттар типіне жататын ақ сұламада болады. Оның жүйке жасушалары гидра тәрізді бүкіл денеге таралмайды, тек екі жүйке діңгегінде жинақталады. Сатылап орналасқан көлденең жүйке діңгектері денені құрайды. Ағзаның алдыңғы бөлігінде жүйке діңгегі бірігіп жуандайды да, жүйке түйіндерін түзеді.
Түйнекті жүйке жүйесі немесе күрделі ганглийлі жүйе буылтық құрттар, буынаяқтылар және ұлулар типіне жататын ағзаларда кездеседі. Олардың жүйке жасушалары бірігеді де, жүйке түйіндерін түзеді. Бұл жүйке түйіні – ганглий. Кейбір ұлуда (мысалы, басаяқтыларда) және буынаяқтыларда күрделі біріккен, мамандандырылған ганглий пайда болды. Өрмекшіде ганглий күрделеніп, бас миы мен баскөкірек бөлігіндегі жүйкелерді құрайды.
Түтік тәрізді жүйке жүйесі. Жүйке жүйесінің бұл түрі хордалылар типіне тән. Жүйкенің бұл түрі тітіркендіргішке барынша жылдам, әрі нақты жауап қайтаруды қамтамасыз етеді. Түтік тәрізді жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұратын орталық жүйке жүйесінен және шеткі жүйке жүйесінен құралған. Ми бас сүйегінің ішінде орналасады. Құрылыс ерекшелігі мен атқаратын қызметіне байланысты ми бес бөлімге бөлінеді: үлкен ми сыңарлары, аралық ми, ортаңғы ми, артқы ми және сопақша ми. Жұлын тек омыртқа жотасының өзегінде орналасады. Шеткі жүйке жүйесіне денеде орналасқан жүйке ұшы мен жүйке түйіні кіреді.