Жұмабек кенжалин қалам қанаты


ЕУРОПА: ТƏЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМ



Pdf көрінісі
бет6/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

ЕУРОПА: ТƏЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМ 
ТАРАЗЫСЫ
Үстіміздегі  жылдың  ақпан  айында  Польша  Республи-
касына,  Германияға      барудың  сəті  түсті.  Деректерге  көз 
жүгіртсек,  Қазақстан  мен  Польша  арасындағы  барыс-
келістің,  алыс-берістің,  тұтастай  алғанда  ынтымақтастық 
тамыры тым тереңде жатыр.
Осы орайда, Ежелгі қазақ – поляк қарым-қатынасының 
əргі-бергісі мен бүгінгі аяқ алысы туралы, сондай-ақ Бер-
линде болған сəттердегі  ой орамдарын оқырман назарына 
ұсынуды жөн көрдік. 
Елшіні еліктірген үлгі 
Польшаға сапар Қазақстан Республикасының осы елдегі 
елшілігінің шақыруы негізінде болғандықтан, алғашқы ди-
дарласуымызды да елшіліктен бастадық.
Біздің  осындағы  елшіміз  Ерік  Өтембаев  мырза 
журналистердің  мекемеге  атбасын  бұрғанына  айрықша 
ықылас  білдірді.  Жаңа  қызметке  кіріскеніне    онша 
көп  уақыт  өте  қоймаса  да,  ол  Польша  мемлекетінің 
Еуроодақтағы  орны  мен  рөлі  жəне  оның  ғаламдық 
өркениетке  қосып  жатқан  үлесі  төңірегінде  тағылымы 
мол  əңгіме  айтып  үлгерді.  Əңгіме  өзегі  қазіргі  нарықты 
қатынасқа ойысқанда ол: 

90
 – Бұл  елден  үйренерлік  те,  үлгі  аларлық  та  мəселелер 
бар, – деп бір түйіп қойды.
Ерекеңнің 
əңгімесінен 
байқағанымыз, 
Польшада 
жергілікті    өзін-өзі  басқару  моделі  біздің  қазақстандық 
мамандар  тарапынан  қызығушылық  туғызып  жатыр  екен. 
Біз оны өз көзімізбен көрдік. Варшавадан Познаньға, одан 
Слубицеге    жосылта  тартқанда  жолшыбай  орналасқан 
деревнялардың  сыртынан-ақ  «иесі  бар  елді  мекен  екенін» 
бірден  байқайсыз.  Иесі  бар  деп  отырғаным,  сол  жердің 
мұқтажына  жаны  ауыратын,  оның  отымен  кіріп,  күлімен 
шығатын кісілер бар екен дегенім ғой.
Елшінің айтуынша, деревняның көшесінде қисық жатқан 
ағашты  көрмейсің.  Себебі,  деревняның    өз  қазынасы, 
өз  билігі,  өз  жарғысы,  қалыптасу,  даму  жоспары  бар.  Ал  
бастықты өздері дауыс беру арқылы сайлап қояды. Демек, 
ол жергілікті тұрғындарға есепті, тəуелді. 
Осы үлгіні іске нұсқа тұту бағытында бізде де біраз ша-
руа қолға алынып жатқаны  белгілі.    Енді ауыл əкімдерін 
сайлаймыз. Үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығынан 
бастап,  ауыл-селоның  арнайы    бюджеті  болады.  Сөйтіп, 
біздің  пайымдауымызша  ынтымақтас  елдегі  үлгілі  үрдіс 
біздің өркендеуімізге де түрткі болғалы отыр. 
Шіркін,  осы  шаруа  бұдан 3-4 жыл  бұрын  қолға 
алынғанда  ғой  дейсің... «Келешегі  жоқ»  деген  келте 
шешіммен  қаншама  елді  мекендер,  ауылдар  ұстағанның 
қолында,  тістегеннің  аузында  кетті.  Формалды  түрде 
иесі  бар  болғанымен  қараусыз  қалған  егістік  алқаптары 
мен  жайылымдар  қаншама?..  Кезінде  түгін  тартса  майы 
шыққан  алқаптар  бүгінде  қу  тақырға  айналып,  эрозияға 
ұшыраған.  Ақиқаттан  айналып  өте  алмайтындығымыз 
рас  қой,  енді.  Оны  мойындау  керек...  Бірақ  ештен  кеш 
жақсы.  Бізде  қазір 7232 ауыл  бар  екен.  Оның 3752-нің 
жағдайы жақсы, қауқарлы көрінеді. Қалған 2500-і демеуді 
қажет  ететін  ахуалы  орташа  болса, 1000-нан  астам 
ауылдың  болашағы  бұлыңғыр...  Елбасымыз  Нұрсұлтан 
Назарбаевтың  қатысуымен  өткен  кəсіпкерлік  жөніндегі 

91
кеңесте осындай деректер келтірілді. Бұл ойландыратын, 
жан ауыртатын деректер. 
Ауыл – елдің  анасы  дейтін  болсақ,  оны  қауымдасып, 
қауғаласып  қиындықтан    алып  шығу  іс  басында 
отырғандарға  ғана  емес,  бүтіндей  Алаш  баласына  сын 
болғалы тұр. 
Польша да  күйреу мен қираудың əкесін бастан өткізген. 
Бірақ    ел  болып,  жұрт  болып  соның  бəрін  жеңіп  шыққан 
поляктар  қазір  аузынан  ақ  майын  ағызып,  молшылықтың 
ішінде  отыр.  Оларға  мұны  ешкім  əкеп  жасап  берген  жоқ. 
Бəрін өздері жасаған. Қазына мүлкін тонау, қаржы жымқыру, 
ел дəулетін сыртқа тасу секілді əрекеттер тыйым салынған 
елде  осындай  қой  үстінде  бозторғай  жұмыртқалайтын  за-
ман орнайтынын  уақыттың  өзі  көрсетіп отыр!   
Варшавада оқып жүр талай
қазақ баласы
Польшадағы ірі қалалардың бірі – Познань. Осында по-
ляк  халқының  адал  перзенті  Адам  Мицкевич  атындағы 
университет  бар.  Біздің  осында  атбасын  бұратынымызды 
күні бұрын білген мұндағы Азияны зерттеу орталығының 
түркі,  моңғол  жəне  корей  тілдерін  зерттеу  бөлімінің 
қызметкерлері күтіп отыр екен. Бөлім меңгерушісі Хенрик 
Янковски,  ал  жетекші  редакторы  қандас  қарындасымыз 
Гүлайхан Ақтау. 
Əңгімелесе  келе,  Қазақ  елі  мен  Польша  арасындағы 
мəдени-рухани  байланысты  нығайтуда  бұл  орталық 
қыруар  жұмыс  атқарып  жатқанына  көзіміз  жетті.  Осында 
қазір  поляктар  қазақ  тілін  үйренуді  мықтап  қолға  алған 
екен. Тіл үйрену орталығы заманауи құрал-жабдықтармен 
қамтамасыз етілген. Сабақ оқитын аудиториялар зəңгірлеп 
тұр. Биылдың өзінде қырық шақты студенттің қазақ тілін 
бір кісідей біліп шығуына жағдай жасалып отыр. 
Сөз арасында Қазақстанда қаріпті латынға көшіру қамы 
жасалып жатқаны айтылып еді, Хенрик те, Гүлайхан да бұл 

92
өркенді шаруаны қуана қолдайтынын білдірді. Ал ең басты-
сы  асығыстыққа  жол  бермей,  латын  қарпіне  көшкен  өзге 
елдердің тəжірибелерін мықтап ескеру керек. 
Поляк  жеріне  қазақтардың  ілім-білім  алу  үшін  ат  ізін 
салуы  өткен  ғасырдың  алғашқы  жиырма  жылдығында-
ақ  басталғаны  белгілі.  Өзінің  бастауында  А.Янушкевич 
секілді  азаматтар  болған  қазақ-поляк  ынтымақтастығы 
бүгінгі таңда нығайып, дамып келеді. Оның нақты бір мы-
салына  мына  бір  деректер  анық  көз  жеткізеді.  Айталық, 
ХХ ғасырдың басында оқу-тоқу іздеген жас қазақ өрендер 
Польшаның  жоғары  оқу  орындарына  аттанады.  Олар, 
негізінен,  Варшава  университетінің  заң  факультетіне, 
сондай-ақ  осы қаладағы ветеринарлық институтқа оқуға 
түседі.  Мəселен,  қолдағы  бар  мəліметтерге  жүгінсек, 
К.Боранбаев  (Алматы),  А.Күшіков  (Семей),  Ж.Сұлтанаев 
(Жетісу),  А.Тұнғаншин  (Торғай),  Уəлиев,  А.Шалымбеков 
(Семей) аталған оқу орындарында білім алып, 1914 жылы  
атамекенге  қайтып  оралған.  Қазақстан  өз  Тəуелсіздігін 
жариялағаннан  бергі  уақытта  осы  дəстүр  жаңа  сапалық 
деңгейге көтерілді. 
Қазір  Польшаның  біраз  жоғары  оқу  орындарын-
да  көптеген    қазақстандықтар    өздерінің  аталары  салған 
дəстүрді  жалғастыра  отырып,  білім  алып  жатыр, 
тəжірибеден  өтіп  жүр.  Мынандай  бір  нақты  деректерді 
келтіруге болады. Соңғы мəліметтерге қарағанда, Польшада 
500-ге тарта қазақстандық студент оқиды, ал Познаньдағы 
Адам  Мицкевич  атындағы  университеттің  қазақ  тілі  мен 
əдебиеті  кафедрасында 50-ге  тарта  поляк  студенті  білім 
алуда. 
Бізге  сəт-сапар  тілер  сəтте  филология  ғылымдарының 
докторы, профессор Хенрик Янковски: 
–  Əлем  əдебиетімен,  мəдени  құндылықтарымен  тұта-
сады.  Адамның  адамға  бауыр  екенін  ілкідегі  тарихи 
шығармалардан, эпостар мен дастандардан бастап, бүгінге 
дейінгі  рухани  дүниелерден  анық  байқауға  болады. 
Түптеп келгенде, адамзаттың тарихы да, тағдыры да ортақ.  

93
Сондықтан  да  біз  үнемі  əр  елдің  тарихы  мен  əдебиетінен, 
тілінен,  наным-сенімінен  ұқсастықтарды  жиі  байқаймыз.  
Əлемдік  ақпарат  тасқынымен  бірлікте,  əр  елдің  басылым-
дары мен телеарналары, интернет ресурстары  жедел  даму 
үстінде.  Өз  басым    қазақ  əдебиетін,  ғаламторын,  ақпарат  
көздерін  бақылап отырамын. Əрқашан бақтарыңыз үстем, 
бағыттарыңыз айқын болғай! – деді.    
Бұл  сөзін  ол  бізбен  бірге  сапарлас  болған  белгілі 
көсемсөзші, қазақ баспасөзі қайраткерлерінің бірі Сапарбай 
Парманқұловқа қарата айтқан еді.  Сəкең оны таспаға жазып 
алып, өзі қол қойып отырған «Дала мен қаланың» бірінші 
бетіне Янковскидің суретімен қоса жариялап жіберді.
 
Томаш Тадеуштің тектілігі
«Қазақ  газеттері»  ЖШС-ның    Польшадағы  өкілі 
Жетпісбай  Бекболатұлы  өткен  жылы  қараша  айын-
да  Алматыға  «Еуропа XXI ғасырда»  деп  аталатын 
халықаралық  конференция  болатыны  туралы  ақпараттар 
тасқынын  тоғыта  бастады.  Бізді  қызықтырғаны  осынау 
алқалы  басқосудың  Познань  қаласындағы  Адам  Мицке-
вич  атындағы  мемлекеттік  университеттің  саясаттану 
жəне  журналистика  факультеті  ұйымдастыратындығы 
болды.  Конференция  дəл  алдын  ала  белгіленген  уақытта 
басталып,  оған  жиылған  қауымның  зор  қызығушылығын 
туғызды.  Атап  айтар  болсақ,  мұнда  əлемдегі  саяси  жəне 
экономикалық  дағдарыспен  қоса,  əсіресе,  Еуропаны 
шарпыған  қаржы  дағдарысының  жай-күйі  əңгіме  өзегіне 
айналды. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың посткеңестік ел-
дермен ынтымақтастық мəселелеріне де ерекше назар ауда-
рылды. 
Конференцияға  Қазақстаннан  саясаттану  жəне  журна-
листика  мəселелерімен  айналысып  жүрген  Кəкен  Хамзин, 
Гүлмира  Сұлтанбаева  секілді  профессорлар  өз  пікірлерін 
ортаға  салып,  ой  бөлісті.  Біз  қатысқан  сессияда  сөз  алған 
Олег Михайловтың (Ресей),  Владимир Емельяновтың  (Укра-

94
ина)  баяндамалары  мазмұндылығымен  конференцияға 
қатысушылар тарапынан лайықты бағаланды. 
Осынау алқалы мəслихатты өткізу бар да, оны нысаналы 
жерге жеткізіп түйіндеу тағы бар ғой. Бұл тұрғыдан алғанда 
конференция  тізгінін  ұстаған  саясаттану  жəне  журнали-
стика факультетінің деканы Томаш Тадеуштің іскерлігіне, 
жалпы адами инабаттылығына, тектілігіне риза болыстық. 
Конференция өтіп болысымен ол келесі күні қазақстандық 
делегацияны  өзі  басқарып  отырған  факультетте  арнайы 
қабылдады. Болашақ саясаткерлер мен журналистерді дай-
ындау  орталығының  бүгінгі  жай-күйімен  таныстырып, 
баяғы  бір  ескі  таныстарымыздай  құшақ  жая  қарсы  алып, 
қолтықтай  жүріп,  əңгіме  шертісті.  Біздің  бір  білгеніміз, 
журналистика  факультеті  бүгінгі  таңдағы  ғылым  мен 
техниканың ең жаңа соңғы жетістіктерімен жабдықталған 
екен. 
Сөз  ыңғайы  келгенде  біз  кешегі  үркіншілік  жыл-
дары  поляктарға  баспана  беріп,  қамқорлық  құшағына 
алғанымызды айтып едік, Тадеуш мырза:
–  Қазақтардың  қамқорлығын  біз  ұмытпаймыз,  ұрпақ-
тан  ұрпаққа  айта беретін  боламыз.  Екі  ел   арасындағы 
мəдени-рухани байланыстың жылдан-жылға нығайып келе 
жатқаны соның дəлелі ғой, – деді.
  Біз  де  ана  бір  ғасырларда  тағдырдың  тəлкегімен  қазақ 
топырағынан  пана  тауып,  оның  кеңқолтық    халқының 
құрметіне  бөленген  Адольф  Янушкевич  пен  Густаф 
Зелинскидің,  бертінгі  Александр  Затаевичтің  еліміздің 
руханиятына  сіңірген  еңбегін  ұдайы  бағалайтынымызды 
баса  айттық.  Сондықтан  да  біз  бұл  жолы  шақырылған 
конференцияда «Адольф Янушкевич – Қазақ жəне Еуропа 
мəдениеттері  арасындағы  алтын  көпір»  деген  тақырыпта 
баяндама жасаған едік. Бұ да болса, біздің бабалар салған 
достық көпіріне деген риясыз құрметіміздің бір белгісі бо-
лар деп ойлаймыз. Осы ойымызды тарқата баяндағанда То-
маш Тадеуш мырза текті кісінің тұрпатымен құшағын жая 
бізге ұмтылды.

95
Арын алау, жанын жалау еткен
Бұл  жолғы  сапар  менің  Германияға  екінші  рет  келуім. 
1998  жылы    «Қазақ  əдебиеті»  газетінің  Бас  редакторы 
едім.  Қазақ  мəдениеті  мен  өнерінің  күндері  өтетін  болып, 
Мемлекеттік  хатшы    Əбіш  Кекілбаев  басқарған  делегация 
құрамында біздің де  табанымыз  сол жылы осы жерге ти-
ген.  Ол  жолы    қазақ – герман  арасындағы  мəдени-рухани 
байланыстар  бағытына  орай  түзілген  бағдарлама  шартта-
рынан əрі аса алмап едік. «Шіркін, Трептев паркінде, Рейх-
стагта болғанда ғой» деген ой іште кеткен еді.  
Енді,  міне,  бұл  сапарда  соның  есесін  қайтарудың  сəті 
түсті. Сапардың сəтінің түсуіне себепші болған Польшадағы 
Қазақстан  Елшілігінің  жауапты  қызметкері  Асқар 
Абдрахмановқа  айрықша  ризашылығымызды  білдіреміз. 
Өйткені біздің негізгі шаруамыз Польша Республикасында 
өтетін халықаралық конференцияға байланысты болды да, 
арада уақыт тауып, Берлин қайдасың деп тартып кеткеніміз 
рас.  
Міне,  Рейхстаг.  Мұнда  оны  аралап  көрем  деушілерге 
арнайы  қызмет  ұйымдастырылған  екен.  Біздің  мұнда 
кіруіміз ымырт жабылып, қас қарайған сəтпен тұстас келді. 
Рейхстагтың бақылау пунктінен өткен сəттен бастап басы 
жұмыр пенде сан-қилы сезімнің шырмауында болары сөзсіз. 
Біреулер  мұнда  осы  алып  ғимараттың  сəулет  өнеріндегі 
ерекшелігін өз көзімен көргісі келіп ат ізін салады. Біреулер 
жай əншейін ғана қызығушылық ойдың жетегімен келеді. 
Ал  енді  бір  топ  кешегі  Ұлы  Отан  соғысының  тұтануына 
себепші болған  ғаламдық  қайғы мен қасіреттің мекенінің 
бүгінгі  мəн-жайын  білсем  деген  ниетпен  жол  тартады.  Біз 
өзімізді осы топтың соңғыларының қатарына жатқызамыз. 
Мен – майдангердің  баласымын.  Əкеміз  жарықтық 
Омар сол қанкешу жылдары бар болғаны он алты жасында 
толарсақтан саз кешіп, оқ пен өрттің ортасынан туған жерге 
оралды.  Еліне  қалтқысыз  қызмет  етіп,  ұрпақ  өсірді.  Ерте-
ректе,  менің  бала  кезімде  өзінің  маршал  Рокоссовскийдің 

96
қолбасшылығындағы 
екінші 
Беларусь 
майданында 
болғанын  суыртпақтай  «сараңдықпен»  айтып  отыратын. 
Сараңдықпен  дейтінім,  ол  кісі  сол  алапат  күндерді  еске 
түсіруге  зауқы  жоқ  еді.  Там-тұмдап  қана  ауызға  алатын. 
Бұл тақырып оның жанды жеріне тиетінін, жүрегін ауырта-
тынын біз бəріміз де іштей сезетінбіз. 
Кейінірек,  жылдар  өте  ауыл-елдің  əр  шаңырағына 
«көк  жəшік»  келіп,  халық  айшылық  алыс  жерлермен 
тіл  табысқандай  дəрежеге  жетті.  Сапырылысқан  бағ-
дарламалардың бірінен кешегі отты жылдардың көріністері 
де көрсетіліп жататын. Зеңбіректің зіркілімен отқа оранған 
фашистердің  бас  ғимараты  Рейхстагты  көргенде  əкеміз: 
«Осыған  ту  тігемін  деп  талай  боздақ  мерт  болды  ғой... 
Шіркін,  Рақымжан  Қошқарбаевтың  ерлігі  ерлігі-ақ  еді. 
Əттең, бағаланбағаны өкінішті»  деп əңгімені қайыратын.
Міне,  мен  көкемнің  əңгімесіне  өзек  болған  Рақымжан 
Қошқарбаев  Жеңіс  туын  тіккен  Рейхстагтың  дəл  қасында 
тұрмын.  Біз  ауызекі  əңгімеде  Рейхстаг,  Рейхстаг  деп 
айта  жөнелеміз  де,  оның  əргі-бергі  тарихына  терең  үңіле 
бермейтініміз тағы шындық.
Рейхстагтың  оқиғалар  желісіндегі  алар  саяси  орны  бір 
басқа да, оның сəулет өнерінің өзіндік бір туындысы екендігі 
тағы бар. Деректерге  қарағанда 1871 жылы тарих сахнасы-
на Герман империясы келгенімен Рейхстаг құрылысы 1894 
жылы  ғана  басталып,  ол 10 жылға  созылған. 1882 жылы 
Рейхстаг ғимаратын салу үшін бəйге жарияланады да, оған 
189 сəулетші қатысқан екен. Осынау аламан бəйгеде Пауль 
Ванноның  жұлдызы  жанып,  соның  жобасы  мақұлданады.  
Əйнек пен темір материалдарынан құрастырылған күмбез 
сол кезең үшін үздік сəулеткерлік шешім болып табылған 
еді. 
1918 жылы 9-ыншы қарашада Филипп Шейдеман Рейх-
стаг  балкондарының  бірінен  республика  құрылғанын 
жариялағаны  мəлім.  Сөйтіп,  Веймар  Республикасының 
парламенті 1919 -1933 жылға  дейін  осы  Рейхстагта  өзінің 
мəжілісін  тұрақты  түрде  өткізіп  тұрған.  Алайда  ол    1933 

97
жылы  өрт  жалынына  оранып,  бұл  оқиға  фашистердің 
түпкі мақсатын жүзеге асыруына түрткі болды. Деректерге 
қарағанда, голланд коммунисі Мариунс Вандер Любе осы 
оқиғаға кінəлі деп табылып, соңынан өлім жазасына кесілген. 
Бұдан соң  ұлтшыл социалистер Берлинді «сатқындардан» 
тазартуды қолға алып, Германия коммунистік партиясының 
жұмысына тыйым салған. 
Ғимарат  өткен  ғасырдың  жетпісінші  жылдарына  дейін 
жартылай  қираған  қалпында  болып,  кейін  оны  қайта 
жаңғырту  жұмыстары  қолға  алынды. 90 жылдары  батыс 
жəне шығыс неміс мемлекеттерінің бірігуінен кейін əлемге 
əйгілі  сəулетші  Норман  Фостердің  басшылығымен  қайта 
жаңғырту  жұмыстары  жүргізілді.  Осы  жұмыс 1999 жылы 
аяқталып,  қазір  мұнда  неміс  парламенті  Бундестаг  өз 
мəжілістерін өткізіп келеді. 
Қайта жаңғыртудан өткен Рейхстаг ғимаратының əр қабатын 
күмбез  шеңберімен  айналып  өткен  сайын  санамызда  осы  та-
рихи  деректер  бірінен  соң  бірі  тізбектеліп  кино  лентасындай 
сырғып  өтіп  жатқаны  шындық  еді.  Ғимараттың  қабырғасын 
жағалай  өте  бергенде  көкем  жарықтықтың: «Қаншама  жас 
қыршын кетті...» дегеніне  пəленбай жыл өтсе де, дəл осы қазір 
көкжелкемнен  жаңғырғып  естілгендей  болды. 
– Рақымжан ағамыздың ту тіккен жері осы тұс болар, ə? 
– деп Сапарбай мен Асқар,  оған ілесе  Жетпісбай  жарыса 
үн қатты.  Солайы солай шығар.  Жеңіс туын кім тіккені, 
оқиғаның  қалай  болғаны  ақпарат  құралдарында  пəленбай 
рет  жазылды.  Киноленталарда  естеліктер  қалды.  Біздің 
білетініміз, біз дəл осы іргесінде тұрған Рейхстагқа ту тігу 
үшін 300 метр жерді жеті сағат бойына жер бауырлай жыл-
жып,  сол  азапты  сағаттарда  о  дүниеге  барып  келумен  тең 
болған  сəттерді  бастан кешкен Қазақ батырының ғажайып 
ерлігі ғасырдан-ғасырға əлі талай айтыла берілетіндігі. Бұл 
оқиға арын алау, жанын жалау еткен ағамыздың ұрпақтан-
ұрпаққа ұран болып айтылар ерен ерлігі!
Мемлекетіміздің жаңа елордасы   өзінің сəнімен, салта-
натымен  əлем  саясаткерлерінің  аузында  жүргені  белгілі. 

98
Мұндағы əрбір ғимараттың, ескерткіштің  мəні мен маңызы, 
шертер сыры зор. Солардың қатарынан көзі тірісінде-ақ аты 
аңызға  айналған  Рақымжан  Қошқарбаев  ағамыздың  зор 
тұлғасы – ескерткіші    алыстан  мен  мұңдалап  тұрса  деген 
ойы бар көпшіліктің.  
      Алматы- Варшава – Познань-Берлин
2013ж.
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚАЙРАТ 
КӨРСЕТІП ОТЫР
Ал бірақ оған тізгін тарт деп аяқтан 
шалушылар да жоқ емес...
Қазақ  баспасөзі  қоғамдық  дамудың  қай  кезеңінде  де 
ұлт мүддесі жолындағы күрестің алдыңғы сапынан көріне 
білген.  Елдікке  бастайтын  ерен  істерге  қалың  бұқараны 
жұмылдырып,  алқалы  сөз  айтқан.  Өйткені,  өз  сөзінің 
Алаш  жұртының  түкпір-түкпіріне  жетіп,  көкірегі  ояу, 
көңілі  сергек  азаматтарға  ой  саларына  сенген.  Сондықтан 
да, қазақтың небір жайсаңдары мен жақсылары баспасөзді 
ұлық  сөз  айтудың  мінбері  деп  түсініп,  оған  қызмет  етуге 
арсынбаған жəне ерінбеген. Бұл біз ашып отырған жаңалық 
емес. Ұлт баспасөзінің тар жол тайғақ кешулі кешегісі мен 
бүгінгісін  ақыл-парасатқа  салған  жан  осы  ақиқаттың  ал-
дында еріксіз бас иер еді! 
Ұлт  баспасөзін  шығарушылар  газет  сөзінің  қалың 
елге  көп  тарауы  үшін  жанталасқан,  сөйтіп,  олар 
оқырмандарының  жылдан-жылға  көп  болуына  мүдделік 
танытқан. Сондықтан да, олар баспасөзге жазылу мəселесін 
газет-журнал ісіндегі бұқаралық жұмыстың ең бір толғаулы 
арнасы  деп  білген.  Мысал  келтірейік.  Айталық, «Абай» 
журналы  шыққанда    Ғайса  Тоқтарбеков  дейтін  мұғалім 
қалың қазақ оқырмандарына  былай деп үн қатты: «Құдай 

99
«Абайдың»  жолын  қылып  зарыққан  өмір,  жабыққан 
көңілді ашып, атына шыққан журнал ғылыммен толы бо-
лып,  шөлдеген  жұрттың  сусынын    қандырғай  да. «Абай» 
журналының жылдық бағасы он үш сом екен.  Сол он үш 
сом түгілі,  Абайды сүйетін əрбір қазақ баласына тағы он 
үш  сом  көп  емес.  Адамға    мүлік  жолдас  емес.  Істеген  ісі 
мен  білген  ғылымы  жолдас.  Дүниені  қызғанып,  ғылым-
білімнен  құр  қалып  жүрмелік,  замандас  бауырлар!  Мен 
өзім  «Абай»  журналының  жылдық  бағасы  болған  он  үш 
сомға  жəрдем қосып, сүйікті атам, əулие, ұлтшыл марқұм 
Абайға бағыштадым. Абайға əркім осыны істесе, Россияда 
бірінші  журнал  қылып  шығарар  еді. «Абай»  журналына 
қазақ  оқығандары,  əсіресе,  ұлтшыл  мұғалімдер  жазысып 
тұруға міндетті болса керек.
Журналда: тарих, əдебиет, оқу, оқыту, тұрмыс, қазақтың 
қалпы мен салты, ғұрып, əдеті, мінезі мен бұрынғы істері 
һəм  осы  күнгі  істеп  жүрген  істері  мен  енді  істейтін  істері 
жайынан толық мағлұмат беріп тұрса бізге онан артық не 
керек?  Терең  ғылым  мен  зор  саясат  істерін  «Қазақ»  пен 
«Сарыарқадан»  күтіп,  тапқанымыздың  бір  бөлімін  ғылым 
жолына салып, газет, журналды алып, оқуды үзбей, ішетін 
тамақ  пен  газет,  журналды  бірдей  көрсе,  яғни  тамақты 
қандай керек қылсақ, газет-журналды сондай керек көрсек, 
надандықтың бізде ақысы бар ма?» («Абай» журналы №1, 
1918 ж. 4 февраль, 55-бет).
Байқасаңыз,  оқырман  мұғалім  сөзінен  екі  мəселені 
аңғаруға  болады.  Біріншіден,  ол  қалың  оқырманға 
журналға жазылу туралы ой тастаса, екіншіден «Абайды» 
шығарушыларға  да  міндет  арта  үн  қатады.  Басылымның 
ұлт  руханиятына  қатысты  нендей  мəселелерді  қозғау 
керектігіне  назар  аударады.  Бұл – шын  жанашырлықтың 
белгісі.
Осы дəстүрден бүгінгі қазақ баспасөзі де көп алшақтап 
кете қойған жоқ. Оған күні кеше ғана мəреге жетіп, ентігін 
енді ғана басқан баспасөзге жазылу науқанының қат-қабат 
шаруалары  дəлел.  Енді  осы  бір  шаруаның  жай-жапсарын 

100
бұтарлай  талдайтын болсақ, оның түп қазығы барып мем-
лекеттік  саясатқа  тіреледі.  Ол – ақиқатында  солай!  Ата-
мыз  А.Байтұрсынов  айтқандай: «Газет – халықтың  көзі, 
құлағы һəм тілі» болса, сол газетті халыққа жеткізудің сан 
түрлі айла-тəсілі, саяси амалдар арқылы жүзеге аспағанда 
қайтеді? Баспасөз идеологиялық жұмыстың күретамырына 
айналғалы бері де  талай заман өтті емес пе? Бұған «Абай» 
журналына  хат  жазған  Ғайса  Тоқтарбекованың  ойы-ақ 
дəлел ғой.
Ақиқатын  айту  керек,  жергілікті  билік  органдарына, 
еліміздің түкпір-түкпіріне жазылған хаттардың басым көп-
шілігінен  нəтиже  болғаны  да  рас.  Жоғары  оқу  орындары 
мен  қарапайым  оқырманды  əлеуметтік  жағынан  қолдауға 
тиісті  мекемелер  ізгі  ниет-тілектерімен  үндестік  білдірді. 
Бөріктінің  намысы  бір  демекші,  биылғы  науқан  кезінде 
республикамыздың ақпарат құралдары бірін-бірі қолдаудың, 
демеудің  үлгілерін  көрсетті.  Осы  ретте  «Қазақстан» 
Ұлттық  телеарнасының, «Хабар»  агенттігінің, «Алматы» 
телеарнасының ұжымдарына ризашылық білдіруді жөн көріп 
отырмын. Осындай ізгі ниетті Қазақстан Республикасының 
Білім жəне ғылым министрлігіне, оған қарасты жоғары жəне  
арнаулы,  орта  білім  ордалары  мен  мекеме  басшыларына  да 
білдіреміз. Оған дəн ризамыз. Сонымен қатар биылғы жылы 
баспасөзге жазылу науқаны  мен оны бөлшек сауда арқылы 
тарату кезінде небір «алақұйын» ойындарды да көрдік. 
Шынын  айтқанда  сырғытпа  жауап  пен  сылтау  іздеген 
хаттардың  талайын  оқып  көріп  едік.  Ал  бірақ  «Қазақстан 
темір  жолы»  акционерлік  қоғамының  басшыларынан 
алынған  дұғай  сəлемді  оқығанда  жағамызды  ұстадық. 
Ұлт руханиятының темірқазықтарының бірінен саналатын 
«Ана тілі» газетіне байланысты қол қойған вице-президент 
А.Акчурин  былай  деп  жауап  жазады: «Қазақстан  темір 
жолы» АҚ құрылымдық бөлімшелері мен еңбеккерлердің ба-
сылымдарды жаздыртуға профильдік сала болмағандықтан 
рұқсат  етілмейді»  деп  шорт  қайырады.  Осылайша  ұлт  ру-
ханиятына  азық  болып  келе  жатқан  басылымдар  туралы 

101
келте  ойлап,  мəселеге  үстірт  қарайтын  басшыларды  да 
кездестіріп отырмыз. 
Осыдан кейін ана тілінің келешегі, ұлттық сана, намыс 
деген  толғаулы  мəселелер  темір  жол  тұтқасында  отырған 
азаматтарды толғандырмай ма екен деген пікір түйесіз. Ал  
шындығына келсек, ана тіліміздің шешуін күткен толғаулы 
мəселелері теміржол саласында шаш етектен екені көрініп-
ақ  тұр.  Жолаушыларға  қызмет  көрсетудегі  қайран  ана 
тіліміздің  теперіш    көруінен  бастап  оның  жарнамалық-
ақпараттық бағытындағы жұмыстары сын көтермейтіндігі 
екінің біріне мəлім.
А.Акчурин  мырза  хатының  соңына  қарай  былай 
деп  ақыл  айтады: «Қазақ  газеттері»  тобына  кіретін 
басылым-дардың  электронды  нұсқасын  оқып  танысуға 
мүмкіндігі  бар».  Мұны  өзіміз  де  білеміз.  Бүгінгі  таңда 
бүкіл  ғаламмен  байланысудың  көзіне  айналған  газет-
журналдың электронды нұсқасы «Қазақ газеттері» ЖШС-
на  қарасты  басылымдардың  барлығында  да  мүлтіксіз 
жұмыс  істеп  тұр.  Ал  олардың  сайттарына  дүние  жүзінің 
көптеген  елдерінен  оқырмандар  кіреді.  Əсіресе,  Ресей, 
Қытай,  Түркия,  АҚШ,  Финляндия,  Əзірбайжан,  Польша, 
Моңғолия, Германия мемлекеттеріндегі оқырмандарымыз 
біздің газеттеріміздің сайттары арқылы Қазақстан өмірін 
жіті  қадағалап  отырады.  Бұл,  əрине,  қуанышты  жайт. 
Ал  бірақ  қағазға  басылған  газет  өнімдерін  пайдалануға 
ешкім  шек  қойған  жоқ  қой.  Өркениет  қарқынмен  дамы-
ды  деген  əлгінде  ғана  тілге  тиек  еткен  алпауыт  елдердің 
өзінде  пəленбай  мың  тиражбен  газет-журналдар  үздіксіз 
басылып жатыр. Оларға деген сұраныс та көп. Демек, га-
зет-журнал уақыт қажетін мүлтіксіз өтеп отыр деген сөз.   
Акчурин  айтқандай  мəселенің  шешімін  оңайлату  үшін  
салмақты басылымдардың электронды нұсқаларына ауда-
ра салуға болмайды.
Бүгінгі таңда еліміздегі БАҚ-тың сенімді əріптестерінің 
бірі  пошта  жəне  байланыс  саласы  мекемелері  болуға  тиіс 
деп  білеміз.  Алайда  байланыс  қызметінің  бұл  саласының 

102
əлі  де  болса  ширата  түсер  тұстары  жоқ  емес.  Енді  нақты  
мəселелерге тоқталайық.
Республикамыздың  кейбір  аймақтарындағы  елді  ме-
кендерге  газет-журналдарды  жеткізу  артық  материалдық 
шығынға əкеледі деген  сылтаумен бірқатар байланыс пошта 
қызметтерінің  жабылып  жатқанынан  жұрт  хабардар.  Бұл 
туралы республикамыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» 
Павлодар  облысының  Баянауыл  ауданында,  Атырау 
облысының  Махамбет  ауданында  орын  алған  жағдайды 
дабыл  қағып  жазды.  Айталық,  Махамбет  ауданының 
Жалғансай,  Ақтоғай  ауылдарында  жоғарыдағыдай  себеп-
пен пошта үйлері жабылып қалған. Осындай жағдайларды 
республикамыздың өзге де өңірлерінен кездестіруге болады 
деп есептейміз.
Бұл  қарапайым  оқырман  тұтынушының  құқын  көзбе-
көз  шектеу  деп  білеміз.  Екіншіден,  газет-журналдардың 
жазылым  бағалары  жыл  сайын  нарықтық  экономиканың 
заңы осы екен деп еренсіз ұлғайтыла береді. Ал жыл сай-
ын  бағасы  үстемеленіп  өскен  газеттер  мен  журналдардың 
оқырмандар саны күрт азаятыны сөзсіз. Мұның өзі газет-
тер  мен  журналдардың  қаржылық  мүмкіндігін  шектеуге 
əкеп  соғады.  Үшіншіден,  газеттер  мен  журналдардың  по-
шта  тарапынан  тиісті  адресатқа  уақтылы  жеткізілмеуінен 
оқырмандар тарапынан ұдайы реніш тудырып келе жатқаны 
тағы  рас.  Уақтылы  газет,  журнал  қолына  тимеген  кісінің 
баспасөзге жазылу науқанында керенаулық тартатынының 
бір себебі, міне, осы.
Мынандай  бір  нақты  ұсыныс  айтқымыз  келеді. 
Республикамыздың  ірі-ірі  мегаполистерінде,  облыс  орта-
лықтарында  мемлекет мүдделілік танытып, «Қазпоштаның» 
дүңгіршектерін  ашу  керек.  Сөйтіп,  ана  тіліміздегі  газеттер 
мен  журналдардың  бөлшек  саудаға  еркін  шығарылуына 
мүмкіндік  жасау  қажет.  Ал  қазіргі  жағдайда  осындай 
мүмкіндік  қазақ  басылымдары  үшін  болмай  тұр.  Мəселен, 
Алматыдағы  «Дауыс», «КазПресс»  дүңгіршектері  моно-
полист сауда орындарына айналған. Олардың  жұмыс əдіс-

103
тəсіліне  тек  қана  менің  айтқаным  болады  деген  пиғыл 
орныққан. Мəселен, «Дауыс» басшылары  газет-журналдың 
ел  ішінде  өтімділігіне  орай  əріптестік  байланыс  орнату 
орнына  «менің  ғана  айтқаным  болады»  деген  пиғылдан 
ауытқымай-ақ  қойды.  Соның  салдарынан  Алматыдағы 
бірқатар  газет-журнал  дүңгіршектерге  түсуден  қалды. 
Басылымдардың  тасымалы  үшін  қаражатты  газет-журнал 
редакцияларынан  алдын  ала  сыпырып  алады  да,  ал  оның 
өткізілуіне  мүдделілік  көрсетпейді.  Аздап  та  болса  со-
дан  редакция  нəпақа  көруіне  көз  жұма  қарайды...  Осыны  
қаланың құзырлы мекемелеріне  айтсаң ондағы атқамінерлер 
«нарықтың заңы ғой» деп күмілжиді.  Мəселенің өзектілігі 
Алматы  қалалық  əкімшілігінде  өткен  бірқатар  бұқаралық 
ақпарат құралдары өкілдерімен өткен жиналыста да қаралды. 
Бірақ  баяғы  жартас – бір    жартас.  Оу,  ақыл-ой  үшін  күрес, 
наным-сенім  үшін  күрес,  ежелден  саяси  идеологиялық 
қамтудың аясындағы шаруа емес пе еді?! 
Астанадағы қазақ басылымдарына жанашыр болып келе 
жатқан «Алты Алаш» дүңгіршектерінің жыры да бір романға 
жетерліктей-ақ  болған  шығар.  Дүңгіршек  иесі  Мейрамгүл 
Кемелжанқызының көрген қысастығы, жергілікті билік тара-
пынан көмек іздеген жанайқайы талай рет газет-журналдарға 
жазылды. Құзырлы мекемелердің кеңселерінде айтылды. Ал 
бірақ  Мейрамгүлдің басынан энергетиктер, қалалық сəулет 
жəне  құрылыс  департаменті,  Алматы  аудандық  əкімшілігі 
көрсеткен теперіш əлі азаяр емес...
Тəуелсіздікке  тірек  болып  отырған  қазақ  басылым-
дарының  тағдырын  еріккенің  ермегіне  айналдыруға  бол-
майды! Қоғамдағы орны пұлмен,  есеп-қисаптар талабымен 
өлшенбейтін  құндылықтар  болады.Сол  құндылықтардың 
бірі, əрі бірегейі газет-журнал шығару ісі болып табылады. 
Миллиондардың мінбері ұлт басылымдары Қазақ қоғамы 
үшін қабырғалы жұмыс атқарып отыр. Əлі де атқара береді. 
Осыны есте ұстайық! 
2014 ж.

104

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет