Тақырып 11. Табиғатты пайдалану төлемдері
1. Табиғат ресурстарын пайдаланған үшін төлемдер түрі
2. Атмосфераны ластағаны үшін төлемдер
3. Жер ресурстарын, суды ластағаны үшін төлемдер
1. Табиғат ресурстарын пайдаланған үшін төлемдер түрі
Табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың ең басты шарты оларды ақылы пайдалану екенін аңғардық. Өйткені табиғат ресурстарын пайдалану тегін болса, оларды үнемдеп, ұтымды пайдалануға, табиғатты қорғауға, қорын молайтуға жұмылдыратын экономикалық механизм тудырмайды, мүдде арқылы ынталандырмайды. Ол табиғат ресурстарының ысырабына әкеп соғады.
Табиғат пайдалану төлемдері негізінен табиғат қорғау, тиімді пайдалану мақсатында экономикалық ынталандыру үшін қолданылатын басқару тетігі болып табылады. Олар табиғат қорғау заңдарының іске асырылуын қамтамасыз етеді және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмегін тигізеді. Ал ең негізгі қызметі табиғат қорғау, тиімді пайдалану шараларына ынталандыру, жауапкершілікті арттыру болып табылады.
Табиғат ресурстарының түріне байланысты әмбебап пайдаланатын, арнайы пайдаланатын ресурстарға төлемдер ерекшеленеді. Әмбебап пайдаланатын ресурстарға жер, су, ауа, т.б. ресурстар жатады. Арнайы пайдаланатындар - орман, биоресурстар, минералдық шикізаттар.
Экономикалық мағынасына, атқаратын қызметіне карап төлемдерді:
1.табиғат ресурстарын пайдалану құқығы;
2.табиғат ресурстарын пайдалану;
3.табиғат ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, жаңғырту, өсіру;
4.табиғат ресурстарын пайдалануды шектегені үшін;
5.табиғи ортаны қорғау;
6.табиғат қорғау заңдарын бұзғаны үшін төлемдер деп сұрыптауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |