Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
СӨЖ
Тақырыбы: Жобалай оқыту технологиясы.
Тобы :ҚТӘ-202
Орындаған: Жақсыбек А.Ж.
Қабылдаған: Жусанбаева С.Б.
Алматы 2023
Оқу әрекетінің тиімділігін арттыру үшін оқушыны білім алу процесіндегі белсенді әрекет ететін субьектіге айналдыру керек деген идеялар көтерілгелі көп болды. Осындай идеялардан туындаған технологиялардың бірі – жобалап оқыту технологиясы.
Жобалап оқыту технологиясының негізін салушы Карл Фрей өзінің “Жобалау әдісі” атты кітабында (Бельц қаласы, Германия, 1977 ж.) жобалау әдісі туралы былай түсіндіреді:
Оқушылардан болсын немесе оқытушы тарапынан болсын практикалық маңызы бар бір жоба (проект) ұсынылуы тиіс.
Жобаға қатысушылар оқыту түрі, міндеттерді атқару туралы өзара келіседі. Оқушылар алған білімдерін танымдық және практикалық міндеттерді шешуге пайдаланады. Жеткіліксіз білімді әртүрлі ақпарат көздерінен өз бетінше оқып үйренеді.
Оқушылар ұжымда жұмыс істеп үйренеді. Зерттеу біліктерін (проблеманы анықтау, ақпарат жинау, бақылау, тәжірибе жүргізу, талдау, жорамал жасау, қорытындылау) меңгереді. Оқушылардың жүйелі ойлауы дамиды.
Жобаны зерттеуді кластан тыс сабақтарда өткізген тиімді болады. Жобалау әдісі – оқушылардың зерттеу жұмыстары әдісі болып табылады.
Жобаны орындау мынадай кезеңдерден тұрады:
І –кезең. Жобалық тапсырманы, тақырыбын құрастыру. Жобаның тақырыбын жіктеп бөліп, оларды оқушылар арасында бөлу
ІІ –кезең. Шығармашылық топтар құру, топтағы оқушылар өзара үйлесімді жұмыс істеуі үшін олармен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу
ІІІ –кезең. Зерттеу жұмысына материалдар дайындау. Жауап берілуі тиіс сұрақтарды тұжырымдау, командаларға тапсырмалар, қажетті әдебиеттерді таңдау.
ІҮ –кезең. Оқушылардың жобаны орындауы. Мұғалім оқушылар жұмысын үйлестіреді, кеңес береді, олардың іс-әрекетін көтермелеп отырады. Оқушылар іздеу, тану жұмыстарын орындайды.
Ү –кезең. Нәтижелерді шығару, нәтижелерге нақтылы жағдайға сәйкес ішінара түзетулер жасау.
ҮІ –кезең. Жұмыстар қортындысымен жұртшылықты таныстыру (презентация). Мұғалім экспертизалық жұмысты ұйымдастырады. Мысалы эксперт ретінде жоғары сынып оқушыларын немесе ата-аналарды шақыруға болады.
ҮІІ –кезең. Орындалған жұмысты талдау, бағалау (рефлексия). Мұғалім балалардың іс-әрекетін педагогикалық тұрғыда бағалайды, балалардың ынтасын ескереді.
Бұл технологияда жобаға оқушылардың қызығушылығын туғызу басты қиындық болып табылады. Сондықтан жобаның маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек болады.
Педагогикалық технология – дара тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық ықпалдарды ұйымдастыру қажеттілігінен туындаған өзара байланысты процестер Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік жоспары, ұлттық үлгісі қалыптасуда. Осыған орай, оқушының тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологиялары пайда болуда. Бүгінде елімізде білім беру ошақтарында 50-ден астам педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми қолданбалы бағыт тұрғысынан жазылған зерттеулерді арқауы етіп, оларды оқыту үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен отандық ғалымдар: Д.М.Жүсіпбалиева, Б.Ә.Әбдікәрімұлы, М.С.Мәлібекова, Г.Қ.Нұрғалиева, Қ.Қабдықайырұлы, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева т.б. өз зерттеулерінде қарастырған, педагогикалық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін нақтылау қажеттілігін айқындай түсуде.
Осындай жаңа технологиялардың бірі – жобалап оқыту технологиясы. Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді. Жобалау технологиясы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында АҚШ ауылшаруашылығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған психолог, педагог, философ Джон Дьюи. Дьюидің ілімін жалғастырушы профессор Уильям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау – бұл технологияның негізі. "Өзіне көйлек тігіп киген бойжеткенді мысалға алайық. Егер ол кейін өзі киетін көйлегі үшін жанын аямай, ерінбей, аса қызығушылықпен көйлек үлгісін өзі ойлап тауып, өз бетімен өлшеп, пішіп, тігіп кисе – бұл мысал жобалау технологиясының нағыз типтік үлгісі" – деп тұжырымдайды Хилпатрик [2, 50]. Сонымен қатар танымдық прагматизм философиясының өкілі Девей жобалық жұмыстың ғылыми және саяси концепциясының іргетасын қаласа, оның әріптесі Килпатрак жобалау әдісін ауқымды мағынасына қарай тәрбиеге қатысты философия ретінде бағалады. Осыған байланысты Килпатрак жобаны «әлеуметтік ортада өткізілетін жүректен шыққан мақсатты әрекет» ретінде қарастырады [1, 11]. Рейхвейн (1951) теория мен тәжірибенің байланысын жоба десе, Б.Отто жалпы сабақтардың концепциясында басты рөлді сұхбат алады дегенді айтады. Кершенштайнер (1968) еңбек мектебінен жобалау идеяларын немесе осы бағытта дамуды байқауға болатынын тұжырымдады [2, 52].
1965 жылдан бері қарай жобалау әдісі халықаралық деңгейде қолданыла бастады. Бұл әдіске қайта оралудың басты себебін ғалымдар «мәселені оның дамуында қарастыруға мүмкіндік беретіндігімен» байланыстырады, яғни білім алушылар нақты мәселені шешу үшін әрекет үстінде бірнеше рет теорияға үңіледі, соның нәтижесінде өз ісінің қалай орындалғанын бағалай алады, өз қолдарымен жасалған іс оларға қанағаттанарлық, өзіне сенімділік әкеледі. Ғалымдар бұл технологияның осы артықшылықтарына үлкен мән берген. В.Килпатриктің ойынша, оқу әрекеттері оқытушының қатысуынсыз орындалуы тиіс. Сонда оқушы өз әрекетінің нәтижесін көріп, өзінің қабілетін бағалай алады десе, ал Д.Дьюи оқушының әрекеті мұғаліммен бірлескен әрекет болуын талап етті. Өйткені оқушының әрекетті аяғына дейін орындауына толық білімі жетпеуі мүмкін, ол үшін мұғалім әрекетті орындаудың алдында оқушының барлық ойлау әрекеті сатысынан өтуін қамтамасыз етуі тиіс деген пікір айтады [1, 13-15]. Демек, жобалау идеясы, жобалау әдісі ең алдымен жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі оқытуға қарсы бағытталған бағдарлама ретінде қарастырылды. Жоғарыда айтылғандай, жобалау әдісі Еуропада ХХ ғасырдың басында басталғанымен, Қазақстанда білім беру салалары кредиттік жүйеге енгелі қазақ тілі әдістемесінде соңғы жылдары ғана қолданыла бастады.
Жобалап оқыту технологиясы ТМД елдерінің оқыту жүйесінде де кең өріс алып жатқаны белгілі. Жобалап оқыту технологиясының теориялық алғаш негіздеген Ресей ғалымдарынан В.П.Беспалько, В.В.Давыдов, В.К.Дьяченко, Л.В.Занков, П.Я.Гальперин,
Н.В. Кузьмина т.б. ғалымдардың теориялық зерттеулерінің нәтижесінде, сонымен қоса Е.Н.Ильина, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов т.с.с. әдіскерлердің практикалық тәжірибелерінің негізінде қарастырылған.
Қазақ тілін оқыту үдерісінде оқыту технологияларын жаңа қырынан қарастырған, оларды таңдап, талғап қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін арнайы зерттеген жұмыстар қатарында Ф.Оразбаеваның коммуникативтік технологиясын, М.Жанпейісованың модульдік технологиясын, Қ.Қадашеваның жаңғырта оқыту технологиясын, Р.Шаханованың мамандыққа бейімдеп оқыту технологиясын, З.Бейсембаева мен К.Жақсылықованың модульдік технологияларын, Н.Құрманованың дамыта оқыту технологиясын, Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясын, белсенді оқыту әдістерін зерттеген Ж.Сүлейменова мен Ә.Әлметованың сұхбаттық оқыту технологиясын, А.Жапбаровтың, А.Қыдыршаевтың, Ж.Дәулетбекованың сөз мәдениетін меңгертумен, шешендікті қалыптастырумен байланысты жаңа технологияларға қатысты қағидалары көрсетілген еңбектерін атауға болады Әйтсе де, бұл зерттеулерде жобалау технологиясы туралы пікірлердің тым аз қамтылғаны, кейде үстірт қана аталып кеткені байқалады.
Жобалап оқыту технологиясы – кредиттік оқу жүйесінің талабына сай, қазақ тілін үйренуге қазіргі заман тұрғысынан қойылып отырған міндеттерге жауап бере алатын, бүгінгі күн үдерісін толық ақтай алатын оқыту жүйесі [4, 39]. Яғни, жобалап оқыту технологиясының негізгі тірегі – өз бетімен белсенді істер атқаратын студенттің өзіндік ізденісіне, олардың өзін-өзі танытуына, танымдық-практикалық қабілеттерін жүзеге асыруына қажетті мүмкіндіктер.
Ш.Д.Абдиева: "жобалау әдісі – студент пен оқытушының бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады" – десе, ғалым А.А.Сатбекова: "жобалау әдісі арқылы қазақ тілін оқыту – студенттердің репродуктивтік оқу әрекеттерін біртіндеп имитациялық әрекеттерге көтеру арқылы қазақ тілінің заңдылықтарын және қазақ тілінің бай қорында жинақталған ұлттық мәдени мол мұраны студенттің ішкі құндылықтар жүйесіне енгізудің тиімді жолы"– деп тұжырымдаған [5, 49]. Яғни, жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру жəне сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта əр түрлі жағдаяттарда, əр түрлі қоғамдық ортада өзін өзі көрсете білуге бейімдеу.
Қазіргі таңда Қазақстан мектептері бірнеше технологиялармен жұмыс істеп келеді Жобалап оқыту технологиясы оқушының жеке тұлғасына көзқарасты өзгертеді. Жобалау технологиясы - оқушылардың жоспарлау жəне күрделене беретін тапсырмаларды орындау арқылы меңгеретін білім. Жобалау технологиясы 19 ғасырдың 2-ші жартысында АҚШ ауылшаруашлығы мектептерінде пайда болған. Оның негізін қалаған - Джон Дьюи атты психолог жəне педагог , философ. Дьюидің ілімін жалғастырушы- Колумбия университетінің жанындағы мұғалімдер колледжінің профессоры Ульям Херд Килпатриктің ойынша, балаларды өз жұмысының жемісін көруге ынталандыру арқылы үлкен өмірге дайындау - бұл технологияның негізі. Ол оқушыны оқу үдерісін ұстазбен бірге тең дәрежеде жүзеге асырушы ретінде қарастырады, оның жас және жеке ерекшеліктерін ескеріп отырады. Мұғалім мен оқушы қарым-қатынасы психологиясын қайта құру, қайта қарау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірінші кезекте оқушыға субъект ретінде қарау керек. Оқытудың мазмұны мен түрі толыға түседі, яғни әдістемелік жүйе адамгершілік тұрғыдан байи түседі.Жобалап оқыту технологиясының қолжетімділігімен, қабылдау шапшаңдығын арттыруымен, барлық мұғалімнің қолдануына тиімді екендігімен ерекшеленетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Одан басқа, технология кез-келген сыныпта, кез-келген пән бойынша қолданыла береді, оның жан-жақтылығы осында.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Қисымова Ә.Қ., Увалиева Т.Ж. Оқыту технологиялары. – Алматы. 2007, 204 б.
Пахомава Н.Ю. Проектное обучение – что это?// Методист. №1, 2004, 50-54сс.
Э.Тұрдалиева, Ақынова Ж.Жобалау технологиясын қолдану әдістері //Қазақ тілі мен әдебиеті. №5, 2006, 36-40бб.
Абдиева Ш.Д. Жобалау әдісін қолдану арқылы студенттердің тіл үйренуге деген белсенділігі мен қызығушылығын арттыру // Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, 2010, 39-43бб.
Сатбекова А.А. Қазақ тілін жобалау әдісі арқылы оқыту жүйесінің дидактикалық ұстанымдары // Білім – Образование. №3 (27), 2006, 48-52бб.
Әбдікәрім Т.М.Магистранттарға қазақ тілін жобалай оқыту технологиясының әдістемелік негізі // ЕҰУ Хабаршысы. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. №3 (88), 2012, 63-66бб.