Жоңғар Алатауының жалғыз жортары Ақжол «банды»



Дата06.06.2023
өлшемі36,29 Kb.
#99009
Байланысты:
Жоңғар Алатауының жалғыз жортары - Ақжол «банды»


Жоңғар Алатауының жалғыз жортары - Ақжол «банды»

Есімдері аңызға арқау болатын кейбір адамдардың баз бір өлкелерде жиі ұшырасатыны кездейсоқтық емес. Сондай айтулы азаматтардың қатарына тарихқа «Ақжол асулары» деген атпен белгілі болған, Жоңғар Алатауының адам аяғы баспаған қиян асуларынан Қытайға өтетін қаншама сүрлеу жол салған әйгілі Ақжол Мейірмановты жатқызуға болатыны анық. Оның аңызға айналған аты мен алысқа кеткен атағы бүгінгі Сарқан мен бұрынғы Бөрлітөбе өңірінің тұрғындарына, әсіресе оның кеңес дәуірінде өскен ұрпақтарына етене таныс. Бала кезімізде ауыл ақсақалдары Ақжол жайлы шытырман оқиғаларға толы қызық әңгімелерін бастаса, бәріміз бір демде тынышталып құлағымызды түріп елең ете қалушы едік.


Әңгімеші қиялының деңгейіне қарай, Ақжол образы әр айтылған сайын қырық құбылып, тоқсан түрленетін, біресе ол халық мұңына ортақтасып, елін аштықтан аман алып қалған ержүрек жолбастаушы болса, екіншісі оны барып тұрған барымташыға теңейтін, үшіншілері Жоңғар Алатауының тау-тасы мен қиян құздарын мекендейтін жеке батырға айналдыратын. Енді бірі оны Кеңес өкіметіне қасқайып қарсы шыққан «банды» атандырса, кейбіреулері арғы бет Қытайдан бір түнде әйел алып қашып әкеп беретін, жүрген жері той-думан серіге телитін.
Осылайша сан-саққа жүгіртілген Ақжол бейнесі ел есінен кетпей, күні бүгінге дейін ауыл арасындағы бірде шын, бірде жалған әңгімелердің өзегіне айналуда. Бұл тұрғыдан алғанда «Ақжол кереметінің» тарих үшін ақиқат болып ашылатын уақыты келген секілді. Осы бір жасаған қайырымдылық істері мен жүрген жерлері аңыз бен қиял ғажайыпқа, шым-шытырық уақиғаларға, қарама-қайшылықтар мен шырылдаған шындыққа толы жұмбақ жан жайлы артында қалған ұрпақтарынан, көкірегі қазына қариялардан сұхбат алып, мәлімет жинадық. Қолдағы аздаған деректермен бөлісіп, қызығушылығы бар оқырман қауымға қысқаша мәлімет беруді жөн санадық.
Жетісуға белгілі журналист, қоғам қайраткері Жомарт Игіман 2018 жылдың 3 тамызында аудандық «Sarqan» газетіне жариялаған «Ақжол асулары» жұрт жадында ма?» атты деректі әңгімесінде: «Ең алдымен жұрт оның сол бір қилы кезеңде, зұлмат заманда ағайынның ауыртпалығын жеңілдету үшін басын бәйгеге тіккенін білуі тиіс. Елді соңынан ертетіндей білімі болмағанымен, жүрегінің түгі бар Ақжол ер ақ орыстан да, қызыл орыстан да қағажу көрген жерлестері дағдарған тұста бірде мал тауып беріпті, бірде жол тауып беріпті. Ашық келген ажалдан құтқарыпты. Осы жайтты қәзір өкінішке орай, білетіндерден гөрі, білмейтіндер көп» деп ақиқатын жазған.
Қарағайдай қалың Найманның Садырына жататын Зергер руынан тарайтын Ақжол ақсақал 1877 жылы қазіргі Сарқан ауданындағы Қарабөгет ауылының аумағында орналасқан Қаражырық деген жерде өмірге келеді. Саналы ғұмырын атақты Черкасская оборона колхозында өткізіп, 1962 жылы 85 жасында осы жерде бақилық болған. Ақжолдың өз кіндігінен Бұқари, Әбдіқари, Қыстаубай атты ұлдары мен Жамаш атты қызы өрбіген. Құдай қосқан қосағы Оқшабайқызы Дінәш - Бақалы ауылынан болса керек.
Ақжол Мейірмановтың 1890 жылғы туған жалғыз кенже інісі Қайдалы атамыз бұрынғы Бөрлітөбе ауданындағы Көктерек ауылында өмір сүріп, кезінде әйгілі Алаш қозғалысын қолдаған саяси көзқарасы үшін түрмеге отырып шыққаны тарихтан белгілі. Жерлестері оны күні бүгінге дейін мақтан тұтып, кеудесі тарихқа тұнған ақсақалдардың ол кісі жайлы айтқан әртүрлі қызықты хикаяларын бала кезімізден құлаққа құйып, тыңдап өстік.
Атағы алпыс атанға жүк болар Ақжол Мейірманұлының немересі Әбдіқариұлы Жәнібек аға: «Ақжол атам абыройлы, өте ақкөңіл де жайдары адам болатын, маңайындағыларын қалжыңымен күлкіге көміп жүретін. Ел құрметіне бөленген оны жерлестері жиі қонаққа шақырып, қиын-қыстау кезеңде басынан өткендері жайлы әңгіме айтқызудан шаршамайтын. Жасы жетпістен асқан шағының өзінде, жетпіс килограмм тартатын бидайы бар мөшектерді жалғыз өзі биік шанаққа көтеріп сала беретін өте қайратты жан еді» деп естелік айтады.
XIX ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясы Қазақстанның, оның ішінде Жетісудың шұрайлы жерлерін отарлауды белсенді түрде жүзеге асырып, қара шекпенділерді Лепсинск уезінің маңайына көптеп қоныс аудара бастады. Кеңес өкіметі орнаған кезден бастап коммунистер Қазақстанда қызыл террор ұйымдастырды. Одан кейінгі жиырма жыл бойы қолдан жасалған ашаршылық пен жаппай қырып-жою, шетелге босып көшу, саяси қуғын-сүргін мен репрессиядан миллиондаған қазақтардың шыбындай қырылғаны белгілі.
Біздің кейіпкеріміз Ақжолдың жастық шағы мен есею кезеңі дәл осындай әділетсіз тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келіп, ол халықтың басына түскен ауыртпашылық пен қанды қырғындарды көзімен көріп, көңіліне түйіп өсті. Ел басына күн туып ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен кезде тарих сахнасына шыққан Ақжол аштықтан қырылып бара жатқан ағайынына азық болар мал, арғы беттегі Қытайға босып адасқандарына жол тауып беріп, қаншама елді өз басын бәйгеге тігіп жүріп құтқарғаны жөнінде аңыз әңгімелер жетерлік.
Сондықтан болар, Кеңес өкіметінің тыңшылары Ақжолды «банды» атандырып соңына шырақ алып түскен жылдары өзім өліп кетсем де, артымда қалған ұрпағыма зияны тимесін деді ме екен, ұлы Бұқари мен қызы Жамашты интернатқа басқа фамилиямен өткізіп жіберсе керек. Ал, Әбдіқариды тау ішіндегі Шатырбай жақтағы туыстары Малқар ағайындарына паналатқан. Өзі жылдар бойы жалғыз бауыры Қайдалымен бірге құз-шыңдарды мекен етті. Қар жастанып, мұз төсеніп, тау жамылады.
Сол бір аласапыран заманда, туған жерінен пана таппай конфискацияға ұшырап, шекара асып арғы бетке өтуге бел байлаған қазақ көштеріне аты әйгілі Ақжол жолбасшы әрі көшбасшы бола білді. Оларды тау арасындағы қысылтаяң адам аяғы баспаған, өзі ғана білетін соқпақтармен құз шыңдар мен асулар арқылы мұзды тайғақ жерлерінен құрым киіздерді төсеп, аман-есен Қытайға өткізіп отырады.
Ол жақтың байларынан жылқы барымталап, ашаршылықтан қырылайын деп жатқан Қарғалы, Соколовка, Қарабөгет, Бақалы ауылдарының халқына тегін таратып береді екен. Антоновка ауылының төмен жағында орналасқан сол кездегі мектеп-интернаттың директоры Сәулебай ақсақал: «Қайран Ақжол ердің ел үшін жасаған жақсылығын қалай ұмытуға болады? Интернаттың ашыққан балаларына тамақ болсын деп бір түнде он екі бас жылқыны айдап әкеліп, сойып бергенін өлсем ұмытамын ба?» деп қайырымды жанның жақсылықтарын есіне алып, елге өнеге ретінде жиі айтып жүретін. Мынандай жомарттығы, мәрт қылығы мен әрекетіне қарап оны құдды бір ортағасырлық ағылшын балладаларының кейіпкері, Ноттингемнің маңайындағы Шервуд тоғайларын мекендеген, байлардың барын тартып алып кедей-кепшікті жарылқаған мейірімді Робин Гуд дерсің...
Ақжол Мейірманұлы жайлы бар анық мәліметті білетін оның төл немересі Әбдіқариұлы Жәнібек аға әңгіме ауанын былайша өрбітеді: «Әрине, бүгінгі күні атамның көзін көрген адамдардың бәрі өмірден өтіп кетті. Біз Садырдың ішіндегі Зергер руынан тараймыз, ал Зергерлер болса, Малқарлармен жақын туысады. Сарқан ауданындағы Шатырбай ауылын жайлаған «тау малқар» мен Бақалы маңайын мекендейтін «ой малқарлар» біздің Зергер руымен етене жақын араласып, туыс болған соң жаз жайлау мен қыс қыстауда бірге көшіп-қонып жүреді екен. Жас кезімде жұмыс барысымен осы жерлерді көп араладым. Сонда менің Ақжолдың туған немересі екенімді естігенде талай сыйлы ақсақалдардың өзі орындарынан атып тұрып, бауырына алып құшақтап, үйіп-төгіп ақ баталарын беретіндігі әлі есімде. Ақжол атама деген елдің ықыласының ыстық әрі сүйіспеншілігінің керемет екендігін содан байқайтынмын.
Жалпы, Ақжол мен Қайдалы атам он үш құрсақтан қалған екеу болатын. Олар жас кезінде бұрынғы М-Горький совхозы мен Саратовка ауылдарының арасындағы 51 шақырым деген жерді мекендеген. Ең бір қызығы екеуі бірге туып, аласапыран қиын қыстау заманда бірге жүрген емшектес ағайын болғанымен, олардың саяси көзқарастары бір-біріне мүлде қарама қайшы болатын. Ақжол атам қара шекпенділерді ұнатпаса да, амалсыздан ел мүддесі үшін қызылдарға сеніп, коммунистерді қолдауға мәжбүр болса, Қайдалы атам Алаш қозғалысы мен алашордашыларды жақтап, сол үшін он жыл түрмеге қамалып келген. Ағайынды екі адамның өзін де, сенімін де екі бөлген жалған сұм заман-ай, десеңізші?!
Ақжол атам араға отыз жылдай уақыт салып, 1951 жылдары Сарқан ауданындағы «Черкасская оборона» колхозына көшіп кетіп, сол жақта малшылықпен айналысады. Бұл 1918-1919 жылдағы Азамат соғысы кезінде қызыл әскер мен ақ гвардияшылардың арасында болған қиян-кескі шайқасы арқылы «Черкасск қорғанысы» атағын иеленген бүкіл Совет Одағына белгілі елді мекен еді. Бәлки, атамның бұлайша қоныс аударуы - өзі жас кезінде еркін сайрандаған тау мен тасына жақын болайын деген шығар, кім білсін? Ал, інісі Қайдалы болса, сол қалпы Көктерек ауылында тұрақтап қалады. Ағасының артынан бірге барайын десе, оны Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жібермейді. Қайдалы атам Совет өкіметін мойындамай, оған қарсы шыққан сенімсіз элемент болғандықтан, ол кісіге Қытаймен жақын шекарада тұруға рұқсат берілмейтін».
Тұңғиық ойға кетіп, кеудесін кере терең күрсініп алған Жәнібек ақсақал әңгімесін одан ары қарай сабақтады: «Ол бір ел іші қатты даурыққан үркіншілік заман болатын. Жаңа орнаған үкіметтен қайыр болмай, жағдайы бар байлар шекара асып, арғы бетке үдере қашып жатқан кез. Төңірек толы жан сауғалаған халық.
Бірде Ақжол атам ақтабан торы атымен тау үшінде жортып келе жатып, тура қанды қасап қырғынның үстінен түседі. Алыстан гүрс-гүрс атылған мылтықтың даусын естіп жасырын тақап келсе, ақ гвардияшылар Қытайға қашып бара жатқан бір рулы елді қалың қарағайдың төмен жағындағы қара топырақты сайға қамап алған. Өздері үрей құшағындағы қазақтарды үйіріп, жағалай қоршап тұр. Айнала аспан айналып жерге түскендей, маңайдың бәрі азан-қазан, түйе боздап, жылқы кісінеп жер тарпиды. Қоршаудың ортасында бақырып жылаған жас бала, уылжыған нәресте, еңіреген қыз-келіншек, ақжаулығы көз жасына шыланып аңыраған аналар. Әр жерде бір қыршынынан қиылып жатқан боздақтар. Барлық мал-мүліктерін тартып алған соң, еркектеріне жер қазғызып, сол шұңқырдың шетіне қойып әлгі сорлыларды жендеттер біртіндеп атып, орға құлатып жатыр екен. Қанішер сұмырайлар өздерінің істеген айуандықтарына айыздары қанып, бейшара қазақтарды мазақтап қарқ-қарқ күледі. Ауыздарынан арақтың күлімсі иісі аңқиды.
Мына адам жаны жантүршігерлік жағдайға шыдамай, ашуға булыққан Ақжол жалғыз өзі атын ойқастата ортаға кіріп, бесатар «сарыауызымен» бес атып, ақтың бесеуін атынан ұшырып түсіреді. Аспаннан түсті ме, әлде жер астынан шықты ма, аяқ астынан сап ете түскен көлденең көк аттының мына көзсіз ерлігінен рухтанған қазақтар жалаңаш қолдарымен ақтарға тарпа бас салып, сол жерде кескілескен қырғын шайқас басталады. Көшпелілер жағынан шығын көп болғанға ұқсайды, соған қарамастан олар барлық жендеттердің жандарын жаһаннамға аттандырыпты. Аман қалған жерлестеріне көшбасшы болып жол көрсеткен атам өзі ғана білетін қиян құз асу арқылы оларды арғы бетке өткізіп жіберіпті».
Ел арасында айтылатын әңгіме желісі бойынша, шекарасын сан мәрте бұзып байларының малдарын барымталап маза бермеген соң қытай әскерлері Ақжолды тірідей ұстауға бекінеді. Оны түрмеге тоғытып, жазалау үшін соңынан қуғын ұйымдастырады. Күні бойы сынаптай сырғып тау арасындағы сай-сала, жықпылдармен қашып ұстатпай қойған Ақжолды әлгілер кешқұрым әупірімдеп жүріп биік бір жартас құздың етегіндегі аумағы кішігірім қорадай тұйық жерге әкеліп қамайды. Тарпа бас салып ұстағанға қолында бес атар мылтығы бар әккі «баукеспеден» қаймыққан, әр күні бойғы қуғыннан шаршаған олар Ақжолды таңертең асықпай байлап алуды ойлап, сол жерге жағалай күзет қояды. Әні-міне дегенше, әп сәтте тау ішін қою қараңғылық басады. Таңертең күн шыққан кезде қытай әскерлері тек жайрап жатқан аттың ғана үстінен түседі. Ақжол болса, қалжыраған қытайлардың көзі ілінгендерін аңдып отырып астындағы атын жалғыз өзі жымын білдірмей жылдам сояды. Атының терісін түнде мұздап тұрған тастарға паршалап жабыстырып, сол арқылы таймай өрмелеп, құз асып жаяу құтылып кетіпті. Керемет тапқырлық пен асқан айла деп, осыны айтсаңызшы?!
Ақжолдың немересі Жақсылық ағамыз: «біздің елде құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан атамыз, кейін көп жылдар бойы өзі ұстаған бесатар «сарыауыз» мылтығын Ешкіөлместің сайындағы бір дәу алма ағаштың түбіне әбден майлап, құрым киізге орап тығып тастаған. Себебі, құжаты жоқ қару ұстау өте қауіпті болатын. Жасырған жердің нобайын ұлдарына айтып кеткен. Мал бағып жүріп әкем Әбдіқари сол маңайды мөлшерлеп қанша іздеп, қазғанымен мылтықты таба алмады» деп өкінішпен еске алады.
Артында қалған ұрпақтарының айтуына қарағанда және оны көзі көрген замандастарының естелігіне сүйенсек, Ақжол керемет қарулы, бұлшық еттері ойнаған, ұзын бойлы, шымыр денелі, жүректі азамат болғанға ұқсайды.
Тағы бірде Ақжол тау ішінде қасындағы екі досымен бірге жоғалған мал іздеп жүреді. Күні бойы ат соғып әбден шаршаған олар бір бұлақтың басына келіп түстенеді. Жүректерін жалғап алған соң, ойларына алдарындағы төбе астындағы алаңқайда самсап тұрған тәтті қой бүлдіргеннің бар екендігі түседі.
Әлгіге аңсарлары ауып, жаяу тартып кетіп қарындары әбден тойғанша уылжып піскен бүлдіргенді теріп жейді. Қайтар жолда қалың аршаның арасындағы соқпақ жолмен келе жатқанда Ақжолдың тура алдынан бір үлкен аю шыға келеді. Қысылтаяңда аю аузын аша ақырып бұған тұра ұмтылады. Ақжол көз ілеспес шапшаңдықпен қолындағы кептірілген қайың таяқпен алдыңғы екі аяғынан аямай ұрып, аюды етпетінен түсіреді. Жалма жан аюдың үстіне қарғып мініп, қос құлағынан бас салып жерге тұқыртып ұстап тұрады. Сол кезде екінші досы лезде аюдың ту сыртынан айналып өтіп, кездігін оның тура жүрегіне қадаған көрінеді. Міне, осы эпизодтың өзі Ақжолдың ерен күштің иесі болғандығын байқатады.
Арғы беттен мал алардағы Ақжолдың тағы бір айласы, жылқы ауылға жақын келіп кептірілген қойдың қарнын үрлеп, иттерге көрсетіп дөңнен төмен қарай домалатып жібереді екен. Иттер әлгі қарынның соңына түсіп, әуреленіп таласа - тармаса жеп жатқанда, қорадағы жылқыны шығарып қуа жөнелетін көрінеді. Жарлы-жақыбайлардың қамын ойлап, тағы бір осындай барымтаға інісі Қайдалыны ертіп барғанда аңдып отырған қытайлар бұларға оқ жаудырады, атыса жүріп артқа қашқанда Ақжол аяғынан жараланады. «Кейін аман-есен елге жеткен соң, Ақжол тау арасындағы емдік қасиеті бар бұлақтың басына күрке құрып жатып, әртүрлі шөптермен ем-дом жасап құлан-таза жазылып кетті ғой» деп отырады екен жұбайы Дінәш апай.
Азамат соғысы жылдары Лепсинск уезінде атаман Анненковтың штабы орналасқаны тарихтан белгілі. Билік басына бірде ақтар, бірде қызылдар келген аумалы-төкпелі заманда Ақжол атамыз бауыры Қайдалымен бірге Шұбарағаш-Ойжайлаудың адам аяғы баспайтын бір тауында қарағайдан кішкене бір бөлмелі үй тұрғызып, сонда мекен етіп жүріпті. Бұл уақытта Ақжолдың Совет өкіметін мойындап, соларға қол үшін бере бастаған кезі болса керек. Мұны аңғарған ақтар оның көзін жоймақшы болып, таудағы жасырынып жүрген жерін жансыздары арқылы анықтап, соңынан аңду ұйымдастырған. Бір жамандықтың боларын сезгендей, Ақжол қашанда қолынан қаруын тастамай, күндіз-түні сауысқандай сақ жүреді екен.
Күндердің күнінде Ақжол өзін ұстау үшін Лепсинскіден жиырма қаралы ақ әскерлерінің жасырын шыққаны жөнінде жақын туыстарынан суыт хабар алады. Алдағы болар шайқаста жалғыз бауыры Қайдалы өзімен бірге мерт болса, тұқымдары тұздай құритынын сезген ол інісіне ақылын айтып көндіріп, ешкім білмейтін асу арқылы оны Қытай асырып жібереді. Өзі үйдің ішіндегі заттарын тұрған орнынан қозғамай, әдейі от жағып ылғи сыртқа түтінін түтетіп қояды. Оқшантайын оққа толтырып, үйдің жоғары жағындағы қалың аршаның арасына барып жасырынады. Атына ер салып, арт жағындағы ну қарағайдың ішіне көрсетпей байлап қояды. Үйдің есігін әдейі шалқасынан айқара ашық тастайды.
Төмен жақтан бұқпантайлап тығылып келіп, үйді қоршап қаздай тізіліп винтовкаларын кезеп тұра қалған әскердің алдына шыққан бурыл сақалды ақтың кексе офицері: «Акжол, быстро выходи, сдавайся! У тебя нет шансов остаться живым» деп кекесінмен айқай салады.
Әлгі офицердің дәл жүрегінен көздеп бірінші оғын жіберген Ақжол, шалт қимылдап қалған төрт оқпен оның қасында тұрған төртеуін бірінен соң бірін қалпақтай ұшырады. Офицерлерінен айырылып сасқалақтаған әрі оқтың қай жақтан жауып жатқанын аңдамаған қалғандары қорыққандарынан құлдилап төмен қарай қаша жөнеледі. Атына қарғып мініп, таудың төсін дүбірлете қуғын салған Ақжол он шақты жендетті жер жастандырған екен. Сонда атамның керемет мергендігі мен көзсіз батырлығын білетін қаншама әскердің оған қарсы шапқанға жүрегі дауаламаған ғой».
Жетісуда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ақжол атамызды шекарадағы застава командирлері арнайы шақыртып одан ақыл-кеңес, қолынан келер көмек сұрайды. Соған сай ол кісі Лепсі уезіне қарайтын Шұбарағаш-Ойжайлау маңайы, Жоңғар Алатауы мен Барлық тауы арасындағы үркіншілік заманда өзі емін-еркін өтіп жүрген он төрт асуды көрсетіп, картаға түсіруге қол ұшын берген. Қапал маңайындағы Қытайға өтетін бірнеше асу шекарашылардың әскери картасында «Ақжол асулары» деген атпен белгіленген дейді.
Ақжол Мейірмановтың әскери қызметкерлерге көрсеткен мұндай жәрдемі ескерілмей қалмаған, кезінде осы өлкенің шекара басшысы болған Исаев деген офицер 1980 жылы «Часовой Родины» газетіне «Перевал Акжола» атты естелік мақала жариялап, оның шекара қызметіне және Жоңғар Алатауындағы белгісіз асуларды ашудағы сіңген еңбегін жоғары бағалағанын бүгінгі ұрпағы мақтаныш етеді.
Исаевтың айтуы бойынша, Ақжол атамыз «Ағыны қатты» өзенінен өткел таппай қиналған шекарашыларды екінші бетке өткізу амалын ойлап тапқан, буырқанып аққан долы судың екпінін бәсеңдету үшін, бір қора сиырды өзенге қиғаштай салып, соның ығымен атты қызыл әскерлерді алып өткен. Одан өте алмағандарын суда жақсы жүзетін өгіздер арқылы өзі тасымалдаған.
Осылайша, Қытайға асу үшін тау ішін сағалап қашып бара жатқан атаман Борис Анненковтың жазалаушы отрядының алдынан шығып, Ақжол көрсеткен қысылтаяң жерден шеп құрып тосқауыл қойған Исаев бастаған қызыл әскерлер ақ гвардияшыларға сойқан салып, ірі жеңіске қол жеткізеді. Бұдан басқа да жасаған көптеген жақсылықтарын ескерген офицер Исаев ендігі жерде Ақжолдың Кеңес өкіметі тарапынан қудалануын тоқтатуға жәрдем беріп, аракөмекке келіп ақтап алады, онымен жақсы «тамыр» досқа айналады. Әскер қатарынан зейнеткерлікке шыққан соң, Қаскелеңнің маңайында тұрған полковник Исаевпен ескі досы Ақжол қанша мәрте қарым-қатынас орнатуға тырысқанымен, әртүрлі жағдайларға байланысты артынан іздеп бара алмаған.
Ақжолдың шөбересі Еламанның айтуы бойынша: «Ұлы Отан соғысы жылдары майдан қажеттілігі үшін мініс аттар жиналады. Ақжолдың аяқ артып жүрген жалғыз аты да солардың қатарына ілігіп, эшелонмен Ресейге жіберілетін болып Ақсу ауданының орталығына жеткізіледі. Ақжол қысылтаяңда сенімді серігіне айналған атын қимай, қорада қамауда тұрған жерінен қарауылға жымын білдірмей шығарып алып, ауылына жайдақ мініп кетеді. Колхоздағы шолақ белсенділер әлгі жылқыны қайыра әкетеміз деп қоқаңдап келгенде Ақжол оның шашасының астына білдірмей түйрегіш қадап қойып, ақсаған ат майданға жарамайды деп айла жасап аман алып қалған екен».
Дана халқымыз «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтпаса керек, Ақжолдың ұлы Әбдіқари да кешегі Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсетіп, көптеген жауынгерлік орден және медальдармен марапатталып, өзінің тау тұлғасын танытқан ардагер еді.
Аты аңызға айналған Ақжол жайлы «Талдықорған» газетінің алғашқы бас редакторы, қарымды қаламгер Тұрлыхан Кәрім де қалам тербеуге ниеттеніп оның ұрпақтарымен кездескені мәлім.
Туған жеріміздің тарихында осындай жанкешті істерімен есте қалған Ақжол секілді тұлғаларды еске алып, келер ұрпаққа үлгі ету - өткенге салауат, қайырымды істерге құрмет, ерлікке тағзым, жастардың мейірімділік жасап еріктілер қатарынан көптеп табыларына сеп болары сөзсіз.
Іңкәрбаев Есенай - тарихшы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси ғылымдарының кандидаты

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет