Технократиялық (аралық) парадигма
Бұл парадигма ғылыми-техникалық революция құбылыстары мен деректерін қадағалау мен олардың салдарынан туындады. Оның негізінде ғылыми дәлелденген, тәжірибемен сынақтан өткен шындық туралы түсініктер жатыр.
Технократтық парадигманың негізгі мақсаты – дәл ғылыми білімдер. «Білім - күш» адамды бағалау, оның білімі, мүмкіндіктерімен анықталады. Адамның қасиеті оның білімі, тәртібі және оны тасымалдаушы ретінде танылады.
Технократиялық парадигмадағы мұғалім ұраны: «Күш - білімде!».
Мұнда шынайылық өлшемі тәжірибе болып табылады. Бұл жағдайда білім нәтижесі «иә-жоқ», «біледі-білмейді», «меңгерген-меңгермеген» деп есепке алынады. Әрдайым белгілі бір эталон, үлгі, норматив болады да, білім деңгейі сонымен өлшенеді. Адамның сапасы белгілі бір әлеуметтік функцияларды орындауға дайындығын бағалау арқылы анықталады. Қажетті білім, тиісті құлық туралы түсінік мемлекеттік деңгейде анықталып, бекітіледі. Философиялық сана деңгейінде ғылым мен білімге деген «сүйіспеншілік» болады, бірақ балаға деген шынайы сүйіспеншілік артық нәрсе ретінде алынып тасталып, оның орнына талап пен құрмет назарға алынады.
Ресми түрде Кеңестер Одағында 1958 жылы ендірілді. Оқулықтардан Конституция, Психология, Логика алынып тасталды. Орнына техникалық қызмет көрсету, әскери дайындық пәндері енгізілді. Қазіргі еңбек практикасы - сол парадигманың жаңғырығы.
Бихевиористік парадигма
Бихевиористік парадигма негізінде психологиялық бағдарлану жатыр. Бихевиоризм – мінез-құлықты адамның сыртқы ортаның әсеріне реакциясы ретінде қарастыратын мінез-құлықтың психологиялық теориясы. Мұнда ішкі көңіл-күйге емес, сыртқы стимулға көбірек назар аударылады.
Бұл үлгіде мектеп балалардың мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында білім игеру жолы ретінде қарастырылады. Мектеп мақсаты: оқушыларды ортаға, белгілі бір ситуацияларға бейімделген мінез-құлық қалыптастыру және әлеуметтік нормаларға, мәдени талаптарға сай келетін белгілі бір әрекеттер жиынтығын беру. Құлық ұғымымен адамға тән (ойлар, сезімдер, әрекеттер сияқты) барлық реакция түрлері белгіленеді. «Әлеуметтік инженерия» терминін американ психологі Скиннер енгізген. Мұның бәрі нақты бір дағдылар мен реакцияларды қалыптастыруға бағытталады. Бұл парадигма Австралияда, Бельгияда, АҚШ-та қолданылған.
Гуманистік (Феноменологиялық) парадигма
Басты назарда – оқушының дамуы, оның жеке мұқтаждықтары, тұлғааралық қарым-қатынастар. Түйіні: ізгілікті амал, тұлғалық өсуге көмек беру, өмірге дайындығына назар аудару.
Бұл амалдың негізінде даму, өзіндік даму, өзін-өзі көрсету, шфғармашылық жатыр. Даму – оқушының берілген тапсырманы шешуде белсенділік пен дербестіктің жоғары деңгейіне өтуі. Выгодскийдің айтуынша, даму балаға берілетін көмек шамасымен анықталады. Выгодский бойынша, дамудың екі аймағы бар:
Өзекті даму аймағы, яғни БИД (білім, икем, дағды) меңгеріп, оны өздігінен пайдалану аймағы. Жақын даму аймағы, яғни білім игеру үшін баланың ересектер көмегін пайдалану аймағы.
Сонымен бірге, жалпы даму (әмбебап қабілеттер), арнайы даму (салалық қабілеттер, дарындылық), мәдени даму салалары бар.
Дамудың ең жоғары деңгейі – өзіндік даму.
Бастысы: таным жолын әркімнің өздігінен табуы.
Ұраны: «Таным – күш!».
Педагогикалық процесс диалог немесе полилог бойынша жүзеге асады және импровизацияға толы, біржақты шындық болмайды. Негізгі ұстанымы: әркімнің дүниені тану құқығын шектемей балалар мен ересектердің құндылық-бағдарлы теңдігі.
Бұл бағыт субъект-субъектілік қарым-қатынасты қалыптастырады.
Мұғалім мен оқушылар іс-әрекеттің мақсатын, оның мазмұнын бірлесе жасап, оны ұйымдастыру мен бағалау формаларын ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, таңдайды.
Негізгі өкілдері: Сократ; Коменский; Песталоцци; Руссо; Дьюи және тағы басқалар.
Феноменологиялық немесе гуманистік парадигмада жеке тұлғаның ішкі дүниесін дамыту, оны ерікті, рухани жеке адам ретінде тану және адамдармен тіл табысуында ерекшелену қабілеттерін жетілдіру қарастырылады. Білімнің гуманитарлық парадигмасының діңгегі - оқушы емес, дайын білімді меңгерудегі ақиқатты түсінуші адам. Мұнда оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас:ынтымақтастық, өзара жауапкершілік, өз позициясын еркін таңдау жағдайында диалогтік ұстанымда өрбиді
Олардың көзқарастары бағыттас болғанымен, пікірлері бірдей бола бермейді. Парадигма аясында білім берудің алуан түрлі үлгі, нобайлары қатар жүзеге асырылуда. Бірақ олардың бір бағыттас екендігін балаға деген құндылық қатынас пен баланың дамуы мектептің басты мақсаты екендігін мойындауы көрсетеді. Парадигма 1991 жылы әр жерде мұғалімдер бастамасымен енгізілді. Осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ. Кейбіреулер бұл парадигманың уақытша құбылыс екенін, кейін менталитетке сай келетін білімдік парадигмаға қайта оралатынын айтады.
Әрбір парадигма «не үшін тәрбиелеу керек, оқушыларды қандай мақсатқа дайындау керек, не үшін өмір сүреміз» деген сұрақтарға жауап береді.
Мәселен, дәстүрлі білімдік парадигмада білім берудің басты мақсаты: «Білім, білім, қандай жағдайда да тек білім». Мұнда өркениет пен мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу негізгі мақсат болып саналады.
Рационалдық парадигмаға оқушыға білімнің түрлі тәсілдерінің тиімді жақтарын, ортаға бейімделу, оның ойы, сезімі және іс-әрекеттерімен санасу, оларды меңгерту жатады.Мұндағы басты қағида: «мектеп – бұл фабрика, ал оқушы – оның шикізаты». Бұлай оқытудың негізгі әдістері – тренинг, тестік бақылау, жекелеп оқыту және мәтінді түзету. Ғылымды тәртіп тіліне аударған Америка педагогы Р.Мейджер «Мұның бәрі оқушыны да, мұғалімді де дамытады.
Эзотерикалық парадигма – оқушының табиғи күші. И.Колесниковтың пікірінше, адамның қоршаған әлеммен іс-әрекетінің жоғары деңгейі басым көрсетіледі. Мұнда адамныңақиқатқа мәңгілік өзгермейтін қатынгасы көрінуі тиіс. Бұл жерде оқушының дамуындағы мұғалімнің адамгершілік, психологиялық, физикалық функциялары ерекше ұғым болып табылады.
Елбасымыз өз халқына жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет»деп атап көрсетті. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми педагогикалық негіздерін меңгеруі – маңызды мәселе. Бала жанының бағбаны, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалім ары таза, әдепті, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, ұстамды, өз ойын шәкіртіне анық, дәл жеткізетін болуы тиіс. Ол үнемі ізденіп, білімін толықтырып отырса, оның өмірлік ұстанымы тұрақты, күш-қуаты, көңілі әрдайым жоғары, сабақ беру сапасы арта түсіп, еңбегі еленеді.Білім берудегі жаңалық пен қоғамдағы жаңалық бір мақсатты көздейді, олар даму мен прогрестің қабілетін арттыруы қажет.
Білім беруді жетілдірудің жаңа парадигмаларына модульдік сабақ жатады. Ол мынадай артықшылықтарымен ерекшеленеді. Біріншіден, оқушыларға мұғалім алдын-ала дайындалған сабақтың жүру жоспарын таратып береді.Онда сабақтың әрбір элементінің нақты мақсаты көрсетіледі. Сондықтан оқушы өзінің не істеу керектігін, яғни сабақ соңында нені біліп шығуы керектігі жөнінде мағлұмат алады. Екіншіден, ұжым болып жұмыс істеу дағдысы қалыптасады. Онда оқушы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп, қателігін мойындап және жолдасының пікірінің дұрыстығын көрсетіп, ұжымдық шешім қабылдауға үйренеді. Ол өз білімін өзі бағалай алады. Үшіншіден, жеке басының қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеріп, үлкен көлемдегі жазба жұмыстарын жасауды жоапарлайды. Төртіншіден, әр оқушының білім дәрежесіне қарай тапсырманы да түрлі деңгейде алуға болады
Қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе – білім беру мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру және оларды жүзеге асыратын болашақ мамандарды даярлау. Қазіргі педагогиканың негізгі мақсаты – білімді сапалы ету, оқушының толыққан жеке тұлға болып қалыптасуына негіз қалау. Жалпы білімнің 3 міндеті бар, олар – баланың өзіндік жалпы дамуы, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету, оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты: жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін стратегиялық даму жоспарының басымдықтары негізінде көп деңгейлі білім берудің ұлттық жүйесін жақсартуды көздейді. Бұл бағдарламаның негізгі міндеттері – сапалы білімге қол жеткізу, білім берудің ұлттық жүйесінің жұмыс істеу бағамын жетілдіру, қазақстандық ұлтжандылыққа, төзімшілдікке, биік мәдениетке, мемлекеттік тілді басым дамытуға бағытталған отандық дәстүрлерді әлемдік тәжірибе мен тұрақты даму қағидалары негізінде білім берудің мазмұнын жаңарту.
Жаңа қоғамға жаңа адам керек. Мұндай адамды қалыптастыру – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет. Мұғалім еңбегінің бүгінгі нәтижесі қандай болса, елдің, қоғамның ертеңі, болашағы сондай болмақ. Демек, Елбасының «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген қағидасына сүйенсек, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі білім-ілімсіз әсте мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз.
Дауылпаз ақын М.Дулатов ағамыз айтқандай «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда... Надан жұрттың күні – қараң, келешегі - тұман» дегендей, ендеше, егемен еліміздің ертеңіне үлес қосатын тәуелсіз мемлекеттің саналы, білімді ұрпағы саналатын шәкірт тәрбиелеу – біздің ұлы мұратымыз.
Қазақтың ұлы ағартушысы Ы.Алтынсаринның «Мұғалімнің жұмысы – балалар. Ендеше балалар түсінбейтін болса, онда оқытушы олардың көкейіне қондыра алмағаны. Ол өзін-өзі кінәлауы тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлеп, шыдамдылық көрсетуі тиіс, мәнерсіз сөз, орынсыз терминдер пайдаланбау керек» деуінде мән-мағына жатыр. Бұл, сөз жоқ, қазіргі мұғалім бойынан табылмағы ләзім.
Достарыңызбен бөлісу: |