Жолжазбалар мен очерктер жолжазба очеркі



Дата12.05.2023
өлшемі42,1 Kb.
#92234
Байланысты:
Америка әскерлері


Жолжазбалар мен очерктер
ЖОЛЖАЗБА ОЧЕРКІ
Биылғы жылы февраль ортасынан марттың ортасына дейін мен Америка
сапарында болып қайттым. Айға жуық аралаған Америкадай мемлекет жөнінде
көрген мен білгенді, аңдаған мен алған әсерді, жалпы басқа келген кейбір ауықауық ойларды да өзіміздің оқушыға өзімше айтып беруді міндет санаймын.
Тек осы жайға кірісуден бұрын үш түрлі жайдан өзіміздің ардақты оқушылар
алдынан өтініп алу мақұл деп білдім.
Мен өзім жазатын сөздерімде өзіміздің оқушының білгендеріне, сезіп-танып
жүргендеріне аз да болса қосымша боларлық жөн-жосықтар баяндай түспекпін.
Америкаға барып-көріп білген оқушы сол өз көргеніне менің көргенсезгендерімді қоса түссін. Америка жайын оқып білген кей достар оқыған мен
танығанына менің де тоқып-танығанымды жалғай түссін, Американы ғылымдық
жолмен зерттеп біліп жүрген кейбір мемлекеттік, қоғамдық, шаруашылық
жайларды, өнер, мәдениет күйлерін ғылым жолымен зерттеп біліп жүрсе, біздің
кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз
деректеріне тіркей түссін. Міне, Америка әсерлерін жазудағы ең бірінші еске
салар, оқушыдан өтініп өтер жайымның бірі осы.
Екінші жай: менің бұл жазатыным тек көргеннен, көзбен көргеннен алған
тікелей әсерлер ғана. Ең әуелі мен саяхатшы емеспін. Жазатыным саяхатнама да
емес. Ол аса жауапты талаптар қоятын жайлар болар еді. Себебі саяхатшы
(путешественник) деп аталатын қауым бір өлке, не бір мемлекет, не бір халық
ішіне ұзақ заманға барып, жан-жақты барлық болмыс жайларды сан саладан көп
ғылымдар құралымен, баппен ізерлеп танып шығушылар болар еді. Олар
жазатын еңбек те саяхатнама болғанда, оқушының білімін байытатын көп сала
ғылымдардан көп тың жаңа табыстар тауып, жалпы мәдениет тарихын кеңейте,
байыта түсетін еңбек болар еді. Саяхат деп сондай жүрісті, саяхатнама деп
сондай жүрістен туған еңбекті айтса керек еді. Ал менің жазарым ол емес деп
оқушыдан өтінетін үшінші тағы бір себебім бар: ол — Америка Құрама
Штаттарының өз ерекшелігінен туатын жай.
Ең әуелі бұл аса зор ұлы мемлекет. Оның мәдениеті кем қойғанда, тек бергі
америкалық дәуірін санағанда, екі жүз жылдан астам тарихы бар мәдениет.
Ондағы тарихтық, мемлекеттік, қоғамдық аса шебер техникалық өндірісті
мәдениет, ғылым, көркемөнер -бәр-бәрінің ұзақ өскелең алуан-алуан
ерекшеліктері, қайшылықтары, даму-өрлеу заңдары қым-қуыт қиын дүниелер.
Американың қалалары мен көп штат өлкелерінің бүгінгі құрылыс барысқалыптарының өзін алғанда да аз аралаған жолаушыға оңай таныла қоймайтын
қат-қабаттар, қатпар-қатпар бар.
Сол себепті жиыны бір ай ғана жүріп, біраз ғана көріп өткен күрделі, көбеген
дүниені білгір кісі болып сөйлемек те емеспін. Бұл жөнінде қысқа айтатын
зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы боп та
жазбаймын. Қолдан келгенше соның бәрінің орнына көзбен көргенді, құлақпен
естігенді, тікелей сезіп, төтелей ойлаған ойларды (көргеннен, естігеннен туған,
төтелей туған ойларды) жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін.
Бұл әңгімелерден оқушы нақтылы дерекпен мен сезгендей сезім, әсер
аларлық дәрежеде жаза алсам, әзірге мақсат та сол дер ем. Енді осымен,
құрметті оқушы, қадамымызды Америка жағасына қарай басайық.
Вашингтон
Атлантика мұхитынан ұшып өтіп, Америка жағасына жеткен соң біздің ең
алғаш қонған жеріміз Нью-Йорктің халықаралық қатынастар аэропорты АйдлУайл болды. Нью-Йорк қаласынан бір сағаттық жолда жырақтау орналасқан
аэропорт бар мемлекеттердегі аэропорттардан көп өзгешелігі бар өзінше бөлек,
ерек бір көрініс аңғартты.
Америка Құрама Штаттарын еске алып, ондағы Нью-Йорк қаласын атағанда,
жырақтан көп жайы оқшау, өзгеше сезілетін кесек бір келісім осы аэропорттың
өзінен аңғарылғандай. Шын-ақ Нью-Йорктің халықаралық қатынастай мекенжайының өзі дерлік. Мұнда бір емес, жиырмаға жуық аэропорттар бар.
Әрқайсысы әрбір үлкен компанияға тиісті. Сол көп компанияның бірі — бізді
Америкаға апарған Скандинавия компаниясы — "САС" компаниясы. Сол
сияқты Француз компаниясы, Голландия, тағы басқалардың халықаралық
қатынастар түзеген әуе жолдарының ірі компаниялары осы Айдл-Уайлда өз
аэропорттарын салған. Американың өз ішіндегі әлденеше компанияларының
аэропорттары, әрине, және осында. Сөйтіп, әр бөлек қоғамдар салдырған көп
аэропорттар кең-байтақ бір өлкеге орналасқанда жалпысына ортақ өзінше
архитектуралық бірыңғайлау дерлік ұқсастық бар. Әр аэропортта екі-үш
этаждың бәрінің қатарында автомобильдер жүріп жатады. Әрқайсысында
шынылы, жарығы мол ұзын-ұзын залдар, холлдар, әр тарапта, көп мүйістерде
мол-мол магазиндер, көп кісілік ресторандар және әсем, көркем жиналған
кабинеттер көп.
Автомобиль жолдары терезелер алдынан, бірінші этаждағы тәрізді, екіншіүшінші этаждағы залдардың терезелері алдынан да жүйткіп өтіп, жосып жүр.
Кейін осы аэропорттан Калифорнияға қарай ұшқанымызда байқаған тағы бір
өзгеше жайды атай кетейін.
Бізді шығарып салған жұртпен жақсы сәнді бір кабинетте ұшар мезгілді
тосып отырғанымызда, бізге келіп, енді жүруге болады деген хабар айтысты. Біз
отырған кабинеттің едені қызғылт түсті кілемдер еді. Сол кілемдерді басқан
бойда ауыз бөлмеге шығып, сондай кілемдер үстімен коридормен жүре беріп,
енді бір сәтте бізді Калифорнияға алып ұшатын лайнердің ішіне кіріп, соның
кілемін басып келе жатқанымызды бір-ақ аңдадық. Оны да алдымызда
киімдерімізді алғалы тұрған екі стюардесса қыздың үстіндегі формасына қарап
қана таныдық. Байқасақ, кейбір қымбат самолеттерге мінетін пассажирлерді
аяғын жерге тигізбей, далаға шығармай, көркем зал, кабинеттерден самолет
орнына бір-ақ апарып кіргізетін жағдайлар болады екен. Оны осы АйдлУайлдың екінші бір аэропортынан көрген едік.
Біз, тегі, бұл жолы Нью-Йоркке соқпақ емеспіз, тек құр ғана самолет
ауыстырып, Вашингтоннан шықпақпызды. Сондықтан сол аэропорттың өзінде
екінші бір компанияның аэропортына бардық та, Вашингтонға баратын
самолетке міндік. Осы самолеттің ұшуға әзірленген, ұшып көтерілген шағына
шейін Айдл-Уайлдың жалпы кең қондыру, ұшыру майданын көрдік. Байқасақ,
сан самолеттер келіп қонып жатып, сол минуттардың, секундтардың ішінде
әлденеше самолеттер көтеріліп ұшып жатады екен. Тек бізбен бірге сол біз ғана
ұшатын аэропорттың өзінің алаңдарында он шақты самолет іркес-тіркес ұшып
жатты.
Самолеттердің бірі үлкен, бірі кіші. Араларында жетпістен аса адам алып
ұшатын біздің ТУ, ИЛ-18 тәрізді лайнердің өзі аз емес. Самолеттер ұшатын
жолдарымен біреуі баяулап, біреуі ағызып жүріп жатады. Кейбіреулер қалықтап,
жаяулап барып-барып біраз шаққа қалтиып, қозғалыссыз тұрып қалады. Содан
кейін ағыза-зырлай, оқтай зулай жөнеледі. Бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр
алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбінің өзгеше айуанаттары
тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп,
кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып, енді бірде үнсіз
ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшыпқонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын,
барлық болмысын аңдатады.
Осындай ұшу-қонулар жоғары атаған бір Айдл-Уайлдың жиырма шамалы
аэропортының бәр-бәрінің тұстарында айқыш-ұйқыш, ерсілі-қарсылы өтіп
жатыр.
Айдл-Уайлдың аты да қазақ құлағына өзінше ойда жоқта қызық естіледі. Сөз
мәнісі үйлеспесе де, сыртқы дыбыс бойынша естілу қалпында Айдл-Уайл —
айдын ауыл тәрізді естіледі. Ал сөздің мәніне қарағанда, бұл бір есіз алаң деген
ғана жер аты екен. Ал халықаралық қатынастың үлкен елінің бірі Америка
Құрама Штаты болып, оның ең үлкен қаласы, әлем жүзіндегі ең үлкен қала —
атырабымен санағанда 14 миллион халқы бар Нью-Йорк болғанда, солардың
осы жағаға жаңа келген, өзге материктерден келетін жолаушы атаулыны алғаш
қабылдайтын бір майданы — Айдл-Уайл болғанда, "айтарлықтай", "өзгеше
дерліктей" мынау Америка атына лайық қатынас жайы екен демеске болмайды.
XX ғасыр ортасындағы өнерленген адамзаттың машиналы-техникалы
цивилизациясы осындайды жасаған десе дерліктей. Айдл-Уайлдан ұшқан соң
келесі сағатта біз Вашингтонға жеттік. Вашингтонның алғашқы кештері мен ең
алғашқы бірлі-жарым күні ресми ұшырасулармен өтті. Алғашқы кеште біз
өзімізден бұрын Американы аралап, енді қайтуға айналған жолдас Полянский
бастаған советтік үкімет өкілдерін шақырған қонақта бірге болыстық. Ол (қонақ
қабылдаған үй. — ред.) Вашингтонның жұртшылығына мәлім ескі едәуір
естегілермен байланысты қадірлі үй саналады екен. Оның үстіне, біздің
делегацияның бастығы Одақ көлеміндегі атақты ақынымыз Степан Петрович
Щипачев — сезімді сыршыл ақын, осы кештен, осы үйден өзіне бөлек қымбат
бір жайды әсіресе біліп бағалап шықты.
Америка ақындарының ішінде Щипачевтің ең қадірлеп сүйетіні ұлы ақын
Уолт Уитмен болатын. Сол Уитмен жас шағында осы үйде санитар боп қызмет
істеген шақтары болған екен. Сөйтіп кеп, қонақтар арасында біз жүрген
бөлмелер, залдар, неше алуан кіріс-шығыс жолдар — бәрі де бүгінгі қонақ
ақынға бұрын болып өткен ұлы ұстаз ақынның жылы ізін сездіргендей болды.
Келер күні біздің Вашингтондағы елшілік Америка қонақтарын сол елшілік
сарайында қабылдап, жолдас Полянский тобы енді Америка қонақтарын өздері
қабылдап қарсы алысты. Америка адамдарымен біздің алғашқы ұшырасуымыз
осы кештерден басталғанды. Күндіз біз өз еркімізге тиген бір айды қай
қалаларда, қандай кездесу, танысу, арнаулы ұшырасулар түрінде өткізбекпіз,
соның дағдылы календары, сапар кезеңі нақтылы анықталып, бекілетін болды.
Бізді жазушылар делегациясы етіп шақырған америкалық ағарту советі қоғамы
болатын. Ол қоғам өзінің барлық істерін Госдепартамент басшылығымен
келісіп, сүйенісіп істейді екен. Төрт жазушы біздің өз аударушымыз болса да,
ағарту советі бізге үш адам қосып беретін болды. Бұлардың бәрі де орысша
білетін, Совет Одағы жөнінде жалпы мәліметтері мол адамдар еді.
Бір ай бойында біз аралайтын қалалар мен штаттар жөнінде біз едәуір
ойланып, ақылдаса отырып талғау-таңдау жасадық. Бізге ұсынған жол
жоспарында, Чикаго қаласына бару сияқты, кейбір үлкен өндіріс орындарын
аралау межесі бар екен. Біз ақылдасқанда Чикаго, Детройт сияқты үлкен, атақты
зәулім өндірістер орталығын араламасақ та болар дестік. Ондағы бір ой — тілсіз
цехтар, станоктар, агрегаттар жанындағы үнсіз жұмыскерлерді құр көзбен қарап,
көріп өткен болмаса, олармен сөйлесу, мәмілеге келісу мүмкін болмайды. Одан
да әрбір кездесу үстінде әңгімелесуге, ерсілі-қарсылы ой-пікір алмасуға, танысбіліс аңдасуға боларлық қоғамдар, шаруалар, орталар атаулыны аралай түсейік
дедік. Және Құрама Штаттың Нью-Йорк, Вашингтон, Бостон сияқты қалаларын,
өлкелерін тану-білуден басқа, жағрафиялық көлемі кең мемлекеттің екінші бір
жырақ жағалауы — Тынық мұхит жағасы, Калифорния өлкесі сияқты бір шетін
көрсек дестік. Содан кейін бұрын шөлістан болып саналған штаттардың бірі
және өзінде Американың баяғы, байырғы тұрғындары — индеецтердің
резервация аталатын байлаулы мекен-жайлары болғандықтан, соларды да
көрейік дестік. Осымен біздің ай бойында көргендерімізді қала, өлке бойында
санасақ, Вашингтон (мұнда екі рет болдық), Нью-Йорк (онда да жиыны тоғыз
күндей, екі рет болдық), содан кейін Калифорнияда, Лос-Анджелес және сол
штатта Фреско графство, одан әрі кезегімен штат Аризона, оның орталығы
Феникс қаласы. Осыдан қайта оралғанда Вашингтонға кеп, содан Бостан
шаһарында бірнеше күн болып, аяғы қайтысқа бет алғанда Нью-Йоркке келіп,
тағы күн тұрып, жаңағы аталған Айдл-Уайлдың аэропортынан Америка жағасын
артта қалдырып, Европа жағасына қарай қайта сапар тарттық.
Әзірше мен қайда болғанды ғана қысқа желі тартып, үстірт атап өттім. Ал
енді қайда, не көрдік, неге, кімге кездестік, нелер есіттік, нелер айтыстық және
сол көрген, естіген, айтысқан жайлардан не аңғарып, не түйдік, соның жайын
баяндауға әуелі Вашингтонда көргеннің, естігеннің, сезгеннің өзінен бастауға
ауысайық.
1/VII - 1960 ж.
Вашингтондағы арнаулы ұшырасудың бір түрі дағдылы прессконференциядан басталды. Бізбен сөйлескелі Вашингтон газеттерінен он бес
шамалы журналист келген еді. Кейін газетте басылған хабар қорытындыларына
қарағанда және жалпы сұрақ-жауаптар мән-мазмұндарын еске алғанда, бұл
пресс-конференция әдебиеттік күрделі, не кең, не терең жайларға соққан жоқ.
Сонымен қатар сұрақтарда кейбір ерекше, жекеше мәселе болмаса, совет
әдебиеті өкілдеріне арналған қырыс-теріс қабақты қас-қияс көңіл де біліне
қойған жоқ деуге болады.
Мұндағы совет әдебиеті ретінен Америка жұртшылығы соңғы жылдары
ауызға көп алып жүрген бірер адамның ғана жай-жөнін сұрасты.
Біздің делегацияда бас-аяғы төрт жазушы болғанымызда, соның екеуі орыс
совет әдебиетінің ірі өкілдері Леонид Леонов және өзі ақын, өзі делегация
басшысы Степан Щипачев болатын. Делегацияның ендігі бір мүшесі Украина
жазушылар ұйымының бастығы, белгілі роман жазушы Олесь Гончар және мен
болатынмын.
Әдебиет жөніндегі нақтылы сұрақ орыс совет әдебиетінің фактілері туралы
болғандықтан, жауапты Леонов пен Щипачев берісті. Осы ұшырасуда американ
жазушыларының қайсылары Совет Одағында көбірек оқылып, көбірек мәлім
екенін сұрасқан еді. Оған біздің тараптан айтар, келтірер дәл деректер мол еді.
Бір ғана орыс тілі емес, Одақтағы көп туысқан елдеріміздің көптен көбінің
тілдеріне Американың Марк Твендер бастаған классиктерінен бері қарай бүгінгі
Хемингуэй, Митчел Уилсон, бүгінгі қарт ақындар Роберт Форст, Карл Сэндберг,
негр ақын Ленгстон Хьюз, бүгінгі Америка драматургтері Лилиан Хельман,
Артур Миллер сияқты көп адамдарды советтің елдері, оқушылары бір орыс тілі
емес, өздерінің ана тілдерінде де оқи білетіндері айтылды.
Бізбен әңгімелескен бүгінгі журналистер аңғартқан бір жай болды. Ол —
Америка оқушы көпшілігі совет әдебиеті дейтін көп ұлтты, көп тілді туыстас
әдебиеттер қатары мол екенін біле қоймайтын тәрізді. Сонымен қатар және орыс
совет әдебиетінің де бірен-саран өкілі болмаса, көпшілік жазушыны, көп ірі
шығармаларды білмейтіні байқалды.
Біз оның себебін де кейін көре-жүре, кездесе, кеңесе жүре анықтап білгендей
болдық. Кейбір журналистер біздің әдебиеттің тарихындағы ең соңғы жылдарда
болған бірлі-жарым жеке жазушы жөніндегі оқшау, оқыс күй болса, сол
жөніндегі сұрақты қайталап тықпалай береді. Осы бір жай бүгін кездескен
журналистер ғана сұрауы емес, өзге алдағы талай әңгіме, кездесу, ұшырасу,
дискуссиялар тұстарында да қайталай берген еді. Бұл жөнінде жолдас
Полянскийдің бір топ американ адамдарына берген бір жауабында әр кезде
көңіл ашар, тапқыр жайлар еске түсе жүрді. Оның тобына, өзіне де Америкада
жүргенде Венгрия мәселесін, оқиғасын қайта-қайта атап, тың сұрау етіп
алдарына көлденең тарта беріпті. Соған бірнеше жауап бере жүріп, ақыры бір
кезекте жолдас Полянский:
— Сіздер Венгрия оқиғасы турасындағы сұрақты біздің Отаннан келген
адамдарға жылдар бойында қайта-қайта бере бересіздер. Кімдерден неше рет
сұрамадыңыздар осыны? Ал енді осы сұрақтың тозатын кезі жетпеді ме? Жоқ
әлде бұл сіздердің шайнап жүретін резинка сағыздарыңыз ба? Шайнай-шайнай
жүргенде не жұтып та қоймайсыздар, не түкіріп тастауға мұршаларыңыз
болмайды. Венгрия мәселесі де сіздер үшін соған айналған деп білемін, — деген
екен.
Біздің жоғарыда атаған әдебиеттік бірер фактіміз жөнінде соны айтуға
мейлінше боларлық. Бұл конференция соңынан Американың үлкен газеттерінің
бірі "Вашингтон пост" ұстамды, қысқалау ғана тұжырымды ақпар берді. Осыдан
соң Вашингтонда біз көбінше астана қаланың өзгеше орындарын аралаумен
болдық.
Сол қатарда Америка Құрама Штаттарының үкімет үйі Капитолийде болдық.
Мұнда Американың конгресі — сенаты мекен етеді. Сенаттың мәжіліс залында
болған шағымызда Құрама Штаттардың оңтүстік штаттары атынан бір сенатор
сөйлеп тұр екен. Соңғы кезде терістік штаттар мен үкімет басшылығы оңтүстік
штаттары негрлердің праволарын кеңейтуді мақұлдайтын жаңа заң жобасын —
"Билль" енгізген. Негрлердің теңсіздігі әлі де орасан күйде Құрама Штаттардың
оңтүстік штаттарында мол орын алады. Сол заңға сөйлеп тұрған сенатор
оңтүстік штаттары атынан қарсы сөйлеп тұр.
Мәселеде, тартыста сырт көзге елеулі, оқшау көрінгенмен, залда отырған
сенаторлар қатары өте сирек. Спикер (бастық) болса іші пысып, қажыған адам
қалпында зорға төзіп отырғандай. Бірақ тыңдаушы ажарына қарап тұрған
сенатор жоқ, ол өзінің қарсы пікір жобасын мол қағазға жазып алған қалпында
саспай, баппен баяулап оқып, мәлімдеп тұр.
Сенат залының қонақтар отыратын жоғарғы орындарында әр тұста, әр топ
адам байқалады. Ол — жай халық. Бұлардың арасында негрлер, индеецтер бары
байқалады. Солармен қатар католик дінінің ресми қара киімдерін, ақ астарлы
қара жаулықтарын жамылған екі сопы әйел де отыр. Капитолийдің ішінде
конгресс залын да көрдік. Ол алдыңғы сенат залынан сонағұрлым көркем дерлік.
Жалпы Капитолий сұлу үйдің бірі деуге болады. Қазір оның төбесіне жаңғырта
түзету әрекеті істеліп жатыр екен.
Бір кезек біз Вашингтон қаласын араладық. Вашингтонда толып жатқан
министрліктер үйлері бірінен-бірі басымдай түскен әр алуан архитектурамен
жасалған. Бір көшелер тегіс, тұтас шетелдер елшіліктерінің ғана көшесі.
Америка президенті тұратын "Ақ үй" айналасындағы паркімен оқшауланып тұр.
Бұл үй-ымараттардың бәрінен биік шаншыла біткен ақ обелиск — президент,
ертеде болған, осы астана соның атымен аталған. Американың атақты
президенті Вашингтонға арналған ескерткіш. Вашингтонда үйлер көбінше төртбес этаждан артық емес. Үйлер арасында дуал, бөлік, жік жоқ. Бір үйге бір үй
өзіне бөлек қайталамайтын қызық іздену бойынша қалыптасқан стилі,
архитектура өрнегімен қатарласа, жалғаса тұра беріседі.
Вашингтонда ағаш та, көк те мол. Ағашының дені зәулім биік, мол бұтақты,
тармақты, алып платан ағаштары тәрізді. Сырт шолып, қаланы аралап танысуда
біз Вашингтон Нью-Йорктен мүлде бөлек екенін аңғардық. Бұл және өзінше өте
сұлу қаланың бірі. Ал Нью-Йорк екеуін ешбір жағынан салғастырып,
қатарластыруға келмейді. Және екеуі де мүлде екі бөлек-бөлек, басқаша
мемлекеттердің бірінен-бірі аулақ, алабөтен екі астанасы тәрізді.
Вашингтонда мұсылман елдерінің елшіліктері көп болғандықтан, мұсылман
мешіті де бар екен. Жұма намазына 17-18 мемлекет елшілері, елшілік
қызметкерлері осы мешітке келеді екен. Вашингтонның өзінде де шамасы 500-
дей ұдайы тұрғын мұсылмандар бар десті. Мешіттің имамы Мысырдың арабы
екен. Мен мұнаралы мешіт болғандықтан, мұның мәзіні азанды қалай шақырады
екен деп сұрағанымда, мешіт адамы күлді де: ол жөнінде қазіргі радиотехниканы пайдаланамыз, — деді. Азанды запасқа шақыртып, пластинкаға
түсіріп алады екен де, бес уақыт намаздың азанын Вашингтон мешітінің
мұнарасынан радиорепродуктор арқылы қышқыртып шақыртып алады екен.
Вашингтонды аралау үстінде мұндағы мәдениет ескерткішінің ең зоры дерлік
екі жайда болдық. Біреуі — Конгресс кітапханасы, екіншісі — Шекспир
кітапханасы. Конгресс кітапханасының аты болмаса, іс-заты жағынан Америка
конгресіне байланысы жоқ кәдімгі мемлекеттік кітапхана. Бірақ дүниедегі ең
бай кітапхананың бірі деседі. Мұнда он бір миллион кітап бар екен. Ішінде 21
оқу залы бар. Жалпы құрылыс жағынан Англиядағы атақты Британский музей
үлгісінше қалыптасқан. Сұраған кітапты ең ұзағанда 20 минут ішінде әзір етеді.
Мұнда славян бөлімі деген бөлім бар. Ол өзіне бөлек мол ымарат.
Кітапхананың үлкен үйінен славян бөліміне жер асты көркем туннельмен
қатысады. Бұл бөлімдегі орысша кітаптың саны екі жүз мың десті. Осы күндерде
жылына сегіз мыңдай кітапты Совет Одағынан алдырып тұрады екен. Сол
қатарда Украинадан жылына бес жүздей, Қазақстаннан, қазақ кітабынан
жылына елу шамасын алдырып тұрады екен. Кезектескен кітап ауысу әрекетінде
Тбилисимен байланысымыз айрықша мол деседі.
Осы кітапхана ішінде төрт жазушы біздің төртеумізге де өз кітаптарымыздың
Конгресс кітапханасындағы бар тізімнен каталог жинап берісті. Менің кітабым
орыс, ағылшын тілінде болумен қатар, сол менің еңбегім туралы жазылған
Кедрина, Айқын Нұрқатов еңбектері де бар.
Вашингтондағы екінші бір ерекше мәдениет орны дегеніміз — Шекспир
кітапханасы, Шекспир заманы мен еңбектеріне арналған кітапханалар ішіндегі
дүниежүзіндегі ең бай кітапхана осы десті. Бұған дүниежүзінің шартарабынан
Шекспирді зерттеушілер көп келеді екен. Көбінше сол келгендердің жол
қаражаттарын да бұл кітапхана өзі төлейтін дәстүр бар екен. Мұнда жалпы
Британия тарихының XVI—XVII ғасырларынан да көп деректер бар.
Кітапхананың ішінде тап ортада атақты Шекспир театрының өзін де қазқалпында орнатып, музей етіп қойған. Бұл театрда сахна екі этажды.
Шымылдығы да екеу. Әрине, мұндағы айырмасы - Шекспирдің өз театрында
төбесі ашық, шатыр болмаған болса, мұнда төбесі жабық, шатырлы. Осы
кітапхана мен театр да түгел бір ғана адамның — Фоулджер деген кісінің жеке
бас өз қаражатына салынған. Қазіргі салт дәстүрі бойынша Шекспир
кітапханасы баяғы ІІІекспирдің өзі заманынан бастап бүгінге дейін қай жерде
Шекспир спектакльдері қойылса, қай тілге аударылып, қай мемлекетте ойналса,
соның бәрінен суреттер, документтер, деректер жинап отыруға құмар екен.
Мен "Асауға тұсауды" қазақ сахнасында қою үстінде Шәкен Аймановтай
СССР халық артисінің, Хадиша Бөкеевадай Қазақ ССР халық артисткасының
үлкен даңққа не болғанын айтып ем, кітапхана директоры "Асауға тұсау" туралы
менің көп мәлімет суреттер жіберуімді талап етіп қалды.
Бұл кітапханада Шекспирдің өз мұраларынан басқа Шекспир заманында
белгілі болған атақты жазушы, ғалымдар еңбектері мол. Шекспир оқыған
кітаптар тобы бір бөлек болса, оның оқуына мүмкін деген кітаптар да бөлек
жиналған. Және Шекспир трагедияларына, комедияларына себеп, сілтеу
саналатын тарихтық, архивтік, әдебиеттік көптен-көп деректері мол жиналған.
Сол қатарда Англияның Елизавета королевасының, король Яковтың дәуір
документтері, Мария Стюарт уақытының документтері, философ Бэконның
еңбектері, Макиавелли аудармасы немесе 1616 жылғы карталар бар.
Тағы бір ерекше жай — Шекспир театрында болған суфлер пайдаланған
пьесалар нұсқалары және де көп жиналған.
Вашингтондағы мақтаулы өнер орны — ұлттық галерея. Біз онда тек жаңа
сурет-живопись бөлімін толық қараған едік. Америка мүмкіншілігі бұл галерея
қолына ескінің де, жаңаның да көп қызықты, елеулі үлгілерін мол жиған.
Сондықтан жаңа сурет өнерінің шеберлері деп саналатын Сезанн, Ренуар, Моне,
Яманэ, Поль Гоген бәрі бар. Мұнда өзгеше бір үлгіні танытады деп санашылдық
жолдағы Мексиканың күшті шебер суретшісі Сальвадор Дали салған "Тайная
вечеря" діншілдік нанымның бір сәтін баяндайды. Мұнда Ғайсаның екінші
тірілуінің символы буалдыр-бұлдыр қалыпта бейнеленген, Америка буржуаздық
эстетикасы ұнататын суреттің тағы бір алуаны осындай мистикалық ізденгіштік
болса керек. Бай галереяда, әрине, Пикассо да бар. Атақты француз шебері Жан
Люрса кездеседі.
Сол қатарда Матисс, Маркс, Андре Дерен тәрізді көп, бір арадан қатарымен
сирек ұшырайтын көп суретшілер еңбектерін көрдік.
Вашингтонда кешкі бір шақта үлкен орталық көшесінің біріндегі киноға
барып ек, онда "Джек-Потрошитель" — "Қырғын Жак" суретін көрдік. Қырғын
десе дегендей, бұл тек қана қантөгістің сұмдық бір сорақы қылықтары. Бір адам
бір әйелден соң бір әйелді пышақтап өлтіреді. Әрқайсысын бейуақ шақтарда
қараңғы, қалтарыс, адам жоқ шолақ орамдарда кездестіреді. Әр құрбандығын
белгілі бір пышақпен жүрекке сұққан жалғыз жарамен құртып, жойып отырады.
Суретте терең, қиын оқиға, өзгеше мән-мағына да жоқ. Бірақ барлық "қызығы"
дерлігі қанжар, қан, өлтіру, жою, өлу-өшу жөнінде болуында.
Америка өнері дейтін өнердің қалың ел, мол қауымға, кәрі-жасқа түгел
тарайтын бір саласы кино мен телевизор болғанда, олардың ең мол ақша табар
тартымды үлгілері осындай қантөгіс сұмдықтарға толы оқиғаларда, суреттерде,
кино әңгімелерде болады екен. Соның басын осы суретпен бастап, біз
Вашингтонның орталық көшесіндегі жақсы жайғасқан кинотеатрының біреуінен
көре бастадық. Мұндай көркемөнер, болмыстар — бүгінгі Американың әрі
шындығы, әрі соры. Мол соры, сұмдығы. Бұл жайларды келесі қалаларда және
де еске ала отырармыз.
Вашингтонда көрген, естіген, түйген жайларды әзірше осымен аяқтай
отырып, енді Нью-Йоркке аттанайық.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет