§ жоспарлау қызметі;
§ ұйымдастыру-бақылау қызметі;
§ насихаттау қызметі.
2.2 Сөз сапасы
Сөз сапасы дегеніміз – сөзді грамматикалық тұлғаларды, сөз тіркестері мен сөйлемді тілдегі мағынасына, айтатын ойына сай қолдану.
Сөз сапасы тілдік және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторлар болып бөлінеді.
Сөз сапасының тілдік емес факторы жұртты аузына қарата білетін шешен, әрине, сенімді, жаңа деректерге, логикалылыққа сүйенеді. Ол сөзін жұртқа таныс, қарапайым мәселеден бастамайды. Сөйлейтін сөзіне, жазатын мәселесіне немқұрайлы қарамай, сөзін кімге арнап отырғанына мән беру – сөз сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды жайттардың бірі. Небір мазмұны жақсы сөздер тыңдаушысын таппаса, сөз далаға кеткендей болып, сөйлеуші мен тыңдаушы арасында тілдік қарым-қатынас үзіле береді. Сондықтан сөйлеуші әрқашан тыңдаушыларының әлеуметтік бейнесін назарға алып сөйлейді. Қарапайым шаруа адамдары ма, білімді, дайындығы жоғары мамандар ма, ауыл тұрғындары ма, қала тұрғындары ма, ресми орта ма, бейресми орта ма, бастық па, бағынышты ма, т.б. осындай ерекшеліктеріне көңіл бөлуі керек. Яғни тыңдаушыға қарай сөйлеушінің сөз таңдауы, тілдік амал-тәсілдерді талғап қолдануы тілдік қарым-қатынастың үзілмеуінің, ойдағыдай жалғаса беруінің бірден-бір шарты болып табылады.
Сөздің коммуникативтік сапасы ойлау мәдениетімен де байланысты. Өзгенің сөзін немесе оқығаныңды есте сақтау арқылы ғана сөйлеу, мазмұнын қайталап айтып беру сөз «жұтаңдығын» білдіреді. Ал естіген, оқыған, көрген нәрсеңді терең игеріп, терең сезіне отырып қорытқанда, «өз дүниеңе» айналады. Ойға ой қосылады, ой байлығы сөз байлығына айналады.
Сөз сапасына әсер ететін тілдік факторлар сөздің қарым-қатынастық сапасының жоғары болуы, сөзді әдеби тілдің нормасына сай қолдану, талғап, саралап қолдану, сөз арасын бөтен сөзбен шұбарламау, т.б. сөз сапасына тән тілдік шарттардың негізгілері. Мұндай талаптар сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы тілдік қарым-қатынастың үзілмеуін қамтамасыз етеді.
Сөйлеуші сөзі тыңдаушысын, сондай-ақ қағаз бетіне түскен сөз оқырманға ықпал етіп, сөз сапасының жоғары екенін көрсетеді. Кейде өзара әңгімеде сөзін «селт етпей тыңдадық», «ұйып тыңдадық», «бас көтермей оқып шықтық» деп мақтайды. Мұндай пікір – сөз сапасына берілген. Бұл субъективті баға, яғни сезім арқылы берілген баға. Қазіргі кезде сөз мәдениеті ғылымы сөз сапасын ғылыми негізде дұрыстық, тазалық, байлық, дәлдік, логикалылық, бедерлілік, түсініктілік, әсерлілік сөздің коммуникативті сапасын көрсететін белгілер болып табылады.
Сөз мәдениеті ілімінің негізгі теориялық ұғымы саналатын сөздің коммуникативтік сапалары дегеніміз – сөздің, сөйлеудің коммуникативтік жетілгендік дәрежесін анықтайтын белгілері.
Сөз қызметі – белгілі бір мазмұнды құрастыру және жеткізу. Мазмұн дегеніміз – ақиқат, шындық көрінісінің және сана жұмысының нәтижесі.
Сөз – жүйелі құбылыс, онда барлық сапалар өзара байланысты болады. Мысалы, дұрыс сөз тілдік бірліктерді жүйе мен нормаға сай етіп дұрыс құрастырып, жеткізетіндіктен, дәл болады, ал дәл құрастырылған сөз адресат үшін түсінуге жеңіл болады. Бұған қарсы бағытта алсақ – сөз құрылымындағы ауытқулар, яғни дұрыс еместік дәлсіздікке себеп болады. Ал сөз дәлсіздігі адресат үшін түсініксіз, анық емес болады.
Адам баласы табиғатында темірдей төзімді, гүлдей нәзік. Бір ауыз сөзбен кісіні ренжіту де, қуанту да оңай. Сөйлеу этикетін әдеппен қолданып, мүмкіндігін аша білсек, ізеттілікке бастайтын жақсы жақтарын жетілдіре берсек, адамдар арасындағы қарым-қатынас адамгершілік пен ынтымаққа бастау алары сөзсіз.