III ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
(И.А. КРЫЛОВТАН АУДАРҒАН МЫСАЛ ӨЛЕҢДЕРІ)
Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын шартты түрде көшірме-аударма және сарындас аударма деп екі топқа бөлуге болады. Белинский Крылов мысалдарын өлеңдік өрнегіне, шеберлік сипатына қарай: а) өсиет (мораль), ақыл-кеңес айтуға, ә) өсиет аралас ақындық шабытпен жазылған, шынайы көркем туындылар деп бөлсе, Абай өсиетшіл мысалдарға көп көңіл бөлмеген. Оның басты себебі, бұл мысалдардың қазақ өміріне тақырып, мазмұн жағынан неғұрлым жақынырақ тұрғандығы болса керек. Мысалы, «Есек пен бұлбұл» мысалында Крылов әңгімені бірден есек пен бұлбұлдың кездесуінен бастаса, Абай түпнұсқада жоқ:
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы,
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Қаңғырып өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы…» -деген жаңа шумақпен бастайды.
Алдымен есектің тойып, көңілі тасып, өзіне-өзі риза болып, ерекше бір мамыржай күйде ерігіп келе жатқанын білдіру арқылы оның сұлу ән, ғажайып әсем үн тыңдау үшін емес, әшейін ермек үшін сөз бастағанына көз жеткізіп алады. «Қарға мен түлкі» – Абайдың 1898 жылы И.А. Крыловтан аударған мысал өлеңі. Мысал көлемі түпнұсқада 26, аудармада 47 жол. Ақын мысал мазмұнын толық сақтап, буын санын азайтып, жыр үлгісімен тәржімалаған. Мысалдың алғашқы жолдарындағы айтылар ойдың түп қазығын қазақ оқырмандарына ұғымды етіп, оп-оңай жеткізеді.
Түпнсұқада ірімшік тауып алған қарға таңертеңгі асын жеуге қамданды десе, аудармада қарғаның «қарны аштығы» айтылады. «Бір жеп алып, шүкірлік қылайын деп аллаға» деген ұғынықты жолдарды ақын өз жанынан қосқан. Ал түлкінің қарғаны алдаптүсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен. Крылов, Абай мысалдары – өмір шындығының айнасы. ХІХ ғасыр әдебиетіндегі адамгершілік, халықтық, демократиялық идеяның үлгісі. Адамның мінез-құлқын тәрбиелеуде мәңгі маңызын жоймайтын мұра. Абай Крылов мысалдарын аударып, орыс малшысының есімін қазақ халқына таныстырып қана қойған жоқ, надандық пен зорлық-зомбылыққа, адам мінезіндегі жат қылықтарға қарсы күресте қуатты құрал ретінде пайдалана отырып, оны жетілдіре, байыта, ұштай түсті. Көп ретте орыс мысалшысының шығармаларымен сарындас аударма жасап, төл туынды дерлік өлеңді дүниеге әкелді. Данышпан Абай ұлы орыс халқының ХІХ ғасырдағы классикалық әдебиеті мен қазақ әдебиетінің тағдырын байланыстырып, келешегін айқындап кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |